• Мәдениет
  • 10 Қазан, 2018

Жаңа театрдың жаңалығы көп

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының кіші залында КСРО-ның Халық артисі, ҚР Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің шәкірттерінен құрылған театрдың тұсаукесер рәсімі өтті. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сы, «Театр өнері» факультеті, Асанәлі Әшімов шеберханасында 2014-2018 жылдары білім алған биылғы 36 жас түлек өнер ұжымына айналды.

Олар өз қойылымдарын «Қарагөз» трагедиясымен ашып, түпнұсқа мәтін­нің көркемдігін, тереңдігін сақтай отырып, жаңаша көзқараспен ұсынды. Клас­си­калық туындыға батыл қадам жасай білген жастардың бірінші ұстазы – Асанәлі Әшімов, екіншісі – режиссер Талғат ­Кубеков. – «Қарагөздің» өзі екі-үш актілі болады, соны жинақтап беруге тырыстық. Актер сахнаға шыққан сайын, көбірек дайындық жасаған сайын шыңдалады, өседі. Бұл үлкен жұмыс деп ойлаймын. Бір группаны бір труппаға айналдырдық. Актер болу оңай емес, оның жолы өте ауыр. Бұл жастар соны біліп, түсініп, сезініп келіп отыр, – деген Асанәлі Әшімов жаңа театрдың осы жылы тек тұсауы кесілгенін атап өтті. Ал ашылуы келер жылға жоспарланыпты. Елбасы Жолдауында 2019 жылды ­«Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. «Келесі жылды жастар жылы деп жариялап, іс-шаралар өткізу керек, оған біздің тәжірибеміз бар. Біздің жастарымызды, Қазақстанның болашағын әр салада қолдауымыз керек» деген еді Елбасы. Осы орайда Әшімов шәкірттері театры­ның тұсауы кесілуіне жағдай жасаған М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры­ның ұжымы жас мамандарға жарқын болашақ тіледі. – Мықты актер, режиссер­лердің ­шеберханасынан шыққан талантты жастарды қолдап, бүгін әкемтеатрда тұсауын кесіп отырмыз. Жастарға қанат­тарың талмасын дейміз. Кеше диплом­дық жұмысына дайындаған бүгінгі қойылымдарын сіздерге дипломы бар жас та кәсіби маман ретінде ұсынып отыр. Асанәлі ағамыздың бойындағы тереңдік осы жастарға тән болса деймін. «Өнердің жаны – іңкәрлік, жалыны – іштарлық» деп Асанәлі ағамыз үнемі айтып жүреді. Осы жастар өнерге іңкәр болса екен дейміз, – деді М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров. Сонымен қатар аталған жас ұжым «Арыстандар патшалығы» («Король Лев», аударған С.Өтешов, музыкалық драмасы И.Миччи) және «Соңғы қоңырау» поэтикалық драмасын ұсынды. Әртүрлі жанрдағы үш қойылымның да режиссері – Асанәлі Әшімов пен Талғат Кубеков, балетмейстер – Гюльназ ­Бахарова. Естеріңізге сала кетейік, А.Әшімов­тің жеке курсындағы үшінші түлектері ұстазымен бірге ел аралап, спектакльдер қойған болатын. Академия басшылығы қазақ кино өнерінің әлемдік деңгейде дамуына ерекше үлес қосқан театр май­тал­­манының 80 жылдығы аясында өз шәкірттерімен бірге ел аралауына зор мүм­кіндік жасаған. Бұл сапар Тараз қаласы­нан басталып, Шымкент, Түркістан шаһарына дейін жалғасты.

Бота ҚУАТ

1657 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы