• Мәдениет
  • 18 Қазан, 2018

Мәңгүрттік – қасірет

Бағдагүл Балаубаева «Ана тілі»

«Тандыры кепкен өзектер мен тақыр жыралардан қу құлқынға талғау табу үшін зор шыдам керек. Біресе ін қазғыш мақұлықтың шиыр-шимай шалағай ізін кесіп, біресе саршұнақтың інін апыл-ғұпыл қазып, енді бірде жыраның тұмсығына тығылып қалған атжалман алаңқайға секіріп шықса мүлт жібермей бас салмақшы болып зарыға аңдып, кәкір-шүкір аулап ақсиған аш түлкі бүлкіл жортақпен алыстан көрінген теміржолға қасара жақындап келе жатты. 

Даланы қақ жарып, ұзыннан-ұзақ бозамықтана жонданып жатқан шойын жол аш түлкіні әрі ынтықтырып, әрі үрейлендіргендей. Жерге жел ықтырған ащы кермек түтінін будақтатып, әудем жерді дүрсілдетіп, дүр сілкіндіріп иә шығысқа, иә батысқа қарай пойыздар ­зулап өтіп жатыр». Есіңізде ме, Шыңғыс Айтматов­тың алғашқы романы «Ғасырдан да ұзақ күн» осылай басталады. Биыл түркі әлемінің дүлдүлі Ш.Айтматовтың туғанына – 90 жыл. Осыған орай Мұхтар Әуезов атын­дағы Қазақ мемлекеттік ака­демия­лық драма театрының 93-ші маусымының алғашқы премьерасы Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасымен ашылды. Оны қазақша сөйлеткен – Шерхан Мұртаза. Қойылым әдеттегідей театрдың үлкен не кіші залында емес, сахна шы­мыл­дығының арғы бетінде көрсетілді. Айнала көрерменге орындық қойылып, дәл ортасында көріністің таңғажайып үлгісіне куә болдық. Режиссердің ізденісіне риза болғанымызбен, бір әттеген-айы артқы қатарда отырған жалпақ жұрт көріністерді анық көре алмай, орнынан тұрып тамашалауға мәжбүр болды. Бұл бізде әлі де болса көрермен үшін жұмыс істеу жет­кіліксіз екенін көрсетсе керек. Сахнаның безендірілуі жиналған жұртты бірден елең еткізді. Бір мезет өзіңді өткен ғасырда өмір сүргендей сезінесің. Өткен ғасырдың боямасыз көріністері дәл бүгінгі кейіпті суреттегендей әсер береді. Шығарманың «Ғасырдан да ұзақ күн» деп аталуының өзі бекер емес. Бір күнде болған жайтты арқау ету арқылы соғыстан кейінгі өмір сипатталып, кейіпкерлер арқы­лы адамның басындағы бар ауырт­палық, қиын кезең бейнеленеді. Теміржол бойындағы қым-қуыт тіршілік. Қырық жылдан астам уа­қыт осы теміржолда еңбек еткен Қа­занғаптың өлімі. Ол кісінің өлер алдындағы аманатын орындау барысында Едігенің алдынан шыққан кедергілер. Найман ананың басынан кешкендері. Мәңгүрт ұлдың бейнесі. Ғарыш айлағы... Адамзат баласының басындағы ауыртпалық, қайғы-қасірет тұңғиыққа жетелеп, терең күрсіндіреді. Тоқ етерін айтқанда, қарапайым теміржолшы Едіге өмірдің ащы-тұщысын бірге өткізген қарт досы Қазанғапты оның аманаты бойынша «Ана бейітке» жерлемекші. Аса жауапты да имани бұл сапарында ол жеке адамдардан бастап тұтас бір мем­лекеттік жүйенің қарсылығына тап келеді. Ата-баба сүйегі жатқан киелі жер бүгінде ғарыш айлағына тиесілі, онда өтуге рұқсат жоқ екен. Тарихи жа­дысынан айырылған жеке адам да, жүйе де мәңгүртке айналады. Ал оларға қарсы жасампаз күш – қандай қиын­дықта да адамдығын жоғалтпаған, ата-баба дәстүріне, тіліне, діліне адал Едіге. Иә, Едігелер – өмірдің тірегі. Ш.Айтматов өз шығармасында Едіге арқылы сол заманның бейнесін ашып көрсеткен.

Қойылымдағы Найман ана бей­несі еріксіз көзге жас үйірді. Қа­зақ­станның еңбек сіңірген артисі Данагүл Темірсұлтанова сомдаған Найман ана баласын тауып, үйіне қайтарғысы келгенімен, өзінің кім екенінен хабарсыз, есінен айрылған ұлы Мәңгүрт ақыр аяғында анасын өлтіріп тынады. Мәңгүрттің рөлін шебер бейнелеген «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Аян Өтепберген жас та болса, алар асуы биік екенін көрсетіп, көрерменнің жан дүниесін бірден өзіне баурап алды. Дәл осы ана мен бала арасындағы байланыс бүгінгі күннің тыныс-тіршілігінің көшірмесіндей. Біздің қоғамда да ділінен, тілінен, діні­нен мақұрым, салт-дәстүрінен ескі­лік­тің сарқыншағын іздейтін «мәң­гүрт­терге» бұл қойылым сабақ болса игі. Қойылым жайлы көрерменнің пі­кірін білмекке ұмтылдық. Түр­кия­ның Нийде Өмер Халисдемир уни­верситетінің ректоры Мухсин Кард Қазақ мемлекеттік Қыздар педаго­гикалық университетінің ұйымдасты­руы­мен Халықаралық Түркі әлемі зерттеулеріне арналған симпозиумге келгенін, осы жиынға келген ғалымдар театрдың тыныс-тіршілігімен танысуға арнайы уақыт бөліп, жаңа қойылымды зейін қоя көргенін тілге тиек етті. «Бауырлас түркі жұртында ор­тақ дүние көп. Тегіміз бен тіліміз бір, дініміз бен діліміз бір, әде­биетіміз бен мәдениетіміз тамырлас, саясатымыз бен тарихымыз ортақ. Сондықтан бүгінгідей ал­мағайып заманда, ағайын елдер «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» мүдделі. Бүгінгі күннің тәртібінде ұлттық-рухани дүниені қалыптастыруға көмектесетін ұлт­тық идеологияны жаңғырту қа­жет­тілігі туындап отыр. Енді басты мәселе – жастарды тәрбиелеу барысында ұлт­тық және мемлекетшіл сананы қалай қалып­тастырамыз деген сауал аса өзекті. Бұл тұрғыда ұлттық сананы әдебиет ар­қылы қалыптастыру маңызды деп ойлай­мын. Өйткені ұлттың жаны мен өзегі – әдебиетінде. Біз бүгін түркі дүниесіне ортақ тұлға, қарымды қалам­гер Шыңғыс Айт­матовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» қойы­лымы­ның премьерасына куә бол­дық. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мем­ле­кеттік академиялық драма театрында сахна­ланған заңғар жазу­шының туынды­сын қазақ халқының ұлы қаламгері Шерхан Мұртаза қазақ тіліне тәржімалаған екен. Артистердің жан тебіренісі, сомдаған рөліне деген үлкен жауапкершілігі біздің таң­данысымызды тудырғанын атап өткім ке­леді. Әсіресе театрға жастардың көптеп келуі бізді тәнті етті. Бұл – жақсы құбылыс. Қа­зақ театр өнеріне табыс тілеймін» деді ол. Қойылымның қоюшы режис­сері әрі музыкамен көркемдеген – Д.Жұмабаева, сахналық нұсқа – Ә.Мәмбетовтікі, хореограф – Ш.Мұстафина. Едігенің рөлін «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Ер­кебұлан Дайыров, Еділбайды – Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­рат­кері Азат Сейтметов, Бұғы-ананы – Мәдина ­Келгенбай сомдады.

2063 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы