• Тарих
  • 21 Қазан, 2010

«Елім деп еңіреген қайран Қапар...»

abdigapar_janbosyn11-12 қазан күндері Торғай өңірінде осы елдің тумасы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс көсемі Әбдіғапар Жанбосынұлының 140 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар өтті. Аталған іс-шара осы аймақтағы білімнің қарашаңырағы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының мәжіліс залында «Шығыс және Батыс өркениеті кеңістігіндегі Торғай аймағы» атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстелмен басталды. Дөңгелек үстелді институт проректоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Искакова кіріспе сөз сөйлеп ашты. Дөңгелек үстелге Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Мәжитов, аталған институт директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Ерімбетова, Көкшетау мемлекеттік университетінен филология ғылымдарының докторы Р.Көшенова, көрнекті ақын С.Тұрғынбекұлы, әбдіғапартанушы, журналист М.Сүлейменов, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтынан этнограф-жазушы С.Кенжеахметұлы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент А.Қалиев, аға оқытушы А.Төлегеновалар қатысып, баяндама жасады. Сонымен бірге аталған жиынға қала басшылығы, мектеп директорлары, Әбдіғапардың ұрпақтары, институт оқытушылары мен студенттері қатысты. Дөңгелек үстелден кейін тойға келушілер Әбдіғапар жерленген Қараторғай ауылына аттанды. Қараторғай ауылында М.Мырзағалиұлы бастаған Әбдіғапар ұрпақтары тұрғызған кесененің ашылу салтанаты болып, келушілер кесенеге гүл шоқтарын қойды. Кесененің ашылу салтанатынан кейін Әбдіғапарға арналып ас беріліп, Құран оқытылды.

Торғайдағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс­тің кө­семі Әбдіғапар Жан­бо­сынұлының туғанына биыл 140 жыл толып отыр. Кешегі Кеңес заманында атын атауға тыйым салынған Әбдіғапардың есімі еліміз тәуелсіз­дік алғаннан кейін там-тұмдап айтыла бастады. Оның өзі Әбдіғапар туып-өскен Торғай аймағындағы мерзімді баспасөз беттерінде ғана. Бұл тұрғыда белгілі журналист, жазушы Мақсұтбек Сүлейменұлы­ның «Әбдіғапар хан» атты зерттеу еңбегін, көрнекті тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаевтың «Әмір Әбдіғапар» атты мақаласын ерекше атауға болады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 90 жылдығында да Әбдіғапардың есімі елеусіз қалды. Құдайға шүкір, биылғы жылы Әбдіғапардың 140 жылдығына байланысты Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қыруар жұмыстар атқарды. Торғай ақындық мектебінің көрнекті өкілі, қызыл өкіметтің қылышынан қан тамып тұрған оты­зыншы жылдардың өзінде «қазақ жеке ел болуы керек, орыстар тілің­ді, дініңді, діліңді жойып, мәңгүрт етеді» деп зарлап өткен, сол үшін өмірінің соңына дейін қудалауда болып, өлерінің алдында ғана елге оралған, өзі де зерттеушілер назарынан тыс қалып келе жатқан Файзолла қари Сатыбалдыұлы Әбдіғапар туралы әділетсіздікке шыдамай, ол туралы ақиқаттың ақ-қарасын айы­рып, «Әбдіғапар хан» дастанын жазған. Кеңестік кезеңде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы көптеген шығармалар, оның ішін­де проза, поэзия, драма жанр­ла­рындағы шығармалар жазылды. Бұл шығармалар автор­ларының арасында Торғай ақындық мектебінің өкілдері де баршылық. Атап айтқанда, Омар Шипин, Нұрхан Ахметбеков, Кү­дері Жолдыбаев, Сәт Есенбаев­тар Торғайдағы көтерілістің куәгерлері ретінде бұл тақырып­қа көбірек қалам тартты. Алайда кеңестік цензура олардың тарихи шындықтан ауытқуына әсер етпей қойған жоқ. Аталған ақындар шығармаларында Амангелді мен Әлібидің бейнесі ғана сомдалып, көтеріліс көсемі Әбдіғапар мен Оспан бейнелері жа­ғымсыз етіп көрсетіледі немесе мүл­де аталмайды. Біздің қолымызға 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тақырыбына арналған Файзолла Сатыбалдыұлының «Әбдіғапар хан» деп аталатын поэмасы тиді. Бұл поэма, біздің шамалауымызша, Файзолла Сатыбалдыұлы сотталмай тұрғанда – 20-жылдардың аяғында жазылған. Поэма негізгі төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім кіріспе, екінші бөлімде көтерілістің ұйымдасуы, үшінші бөлімде көте­рілістің шарықтау шегі – Күйік, Доғал, Татыр шайқастары туралы айтылады. Ал төртінші бөлімде қорытынды берілген. Ақынның бұл шығармасы сол кезеңде 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс тарихын бұрмалап көр­сетушілерге жауап ретінде жа­зылған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Амангелді өліміне Әбдіғапар­ды кінәлі етіп тауып, оған және Кейкі батыр Көкембайұлына жалалы қара күйе аямай жағылған болатын. Жалған жалаға шыдамаған ақын ақиқатын айту үшін қолына еріксіз қалам алған. Кіріспе бөлім негізінен оқырманға арналған. Бұл заман – байқасаңыз, жұмбақ сапар, Айламен жақсыларды болды матар. Ел ұстап, тұлпар мініп, ту көтерген, Есімнен кетпей қойды Әбдіғапар. Патшаға екі ғасыр болдық отар, Дәміміз осы болар әлі татар. Хан болған 13 болыс, үш Торғайға, Жігіттің сұлтаны еді-ау Әбдіғапар. Еске алсам елжірейді жүрек, бауыр, Дүниеге сирек келер ондай тәуір. Сабырлы ақыл иесі, білімге бай, Ерекше бір белгісі – мінезі ауыр. Кісі еді тұратұғын ішін бермей, Жұпыны жүретұғын кеуде кермей. Жан еді хан да болса, қарапайым, Күн кешкен ұсақ-түйек, жел сөзге ермей, – деп басталатын кіріспе бөлімде Әбдіғапардың жан дүниесі көр­сетіледі. Терең ойлы, кемеңгер тұлғаның қарапайымдылығы жө­нінде тарихшы ғалым М.Қозы­баев­тың «Әмір Әбдіғапар» атты мақа­ласында да айтылып, мысалдар келтірілген: «46 жастағы Әбдіғапар ағаштан түйін түйетін. Ел оны жадына халық шежіресін хаттаған, байсалды, аз сөйлеп, көп іс тындыратын, еліне елеулі, халқына қалаулы азаматы деп танитын. Ендеше, Әб­діғапардың есімі аталып, ақ киізге көтеріліп, хан сайлануының осындай негіздері де бар-ды. Әбдіғапар «хан» деген атақты Шыңғыс әулетінен шыққандарға ғана тән дәреже екенін жақсы білетін. Сондықтан да қарадан шығып хан болғанына ризашылығын білдірді де, өзін «әмір» атауды жөн көрді». Алайда қарапайым халық Әбдіғапарды «әмір» деп емес, «хан» деп атап кетті. Ақын Әбдіғапар өлгеннен кейін «кей есуастардың» шындыққа көз жеткізбей, жазықсыз күйе жағып, бекер кіналап жүргендігін айта келіп, бұл дастанда тек өз көзімен көрген ақиқатты келер ұрпаққа жазып қалдырып бара жатқанын мәлімдейді: ... Жазамын көзімменен көргенімді, Тексеріп анық сөзін, білгенімді. Ғазал ғып қалдырайын ақ қағазға, Біреулер қарар бір күн еңбегімді. Қоспаймын өтірік сөз арасына, Әр істің көшкен сауап – расына. Тарихтың тегеріші айнымалы, Қарасын кім де болсын шамасына... ... Туыс деп мен бұларға бұра алмаймын, Ақиқатты және айтпай тұра алмаймын. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам, Дәлелсіз жалған сөзге көне алмаймын. Қулықпен келген байлық – білсең арзан, Ал шындық су түбінде жатқан маржан. Көрсетті көп тарихты боямалап, Қарамай обалына Ыбырай, Әлжан. Кешер ме қос арыстың аруағы, Білінер о дүниеде кімнің ағы. Үндемей өтірік сөзді қостап кетті, Жанкүйер туысыңыз Әли-дағы. Мұндағы Ыбырай, Әлжан дегендер – Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісте мыңбасы болған, кө­теріліс тарихынан естелік, мақала, әңгімелер жазған Ыбырай Атамбеков пен Әлжан Қарабаев. Ал Әли деп отырғаны – Әліби Жангелдин. Алланың ақ жолында жүрген құранқари Файзолла ақын жалған сөз бен өтіріктің үлкен күнә екенін шариғат және хадис қағидаларымен дәлелдеп, жұртты ақиқатқа жүгінуге шақырып, кіріспе бөлімді мына шумақпен аяқтайды: ...Артқы жас кетпес үшін тегінде азып, Бірліксіз, берекесіз шілдей тозып. Көзбен көрген жайларды білгенімше, Ақ қағазға белгі ғып кеттім жазып. Екінші тарауда ақын 1916 жылғы патша жарлығы туралы, оны Торғай қазақтарының қа­лай қабылдағаны жайлы сыр шертеді. Патша жарлығынан кейін ел ішінде толқу басталады. Тор­ғайдағы жеті баулы арғын рулары – Ақташы, Тағышы, Байтәжі, Таз, Қараман, Қырықмылтық, Төлектің атқамінерлері бас қосып, тығырықтан шығудың лажын қарастырады. Мәжіліс «патшаға әскер бермейміз» деп шешім шығарады. Және де қоңсы отырған қыпшақ руларымен хабарласып, маңайдағы он үш болыс елдің бәрін жиып, тізе қосып қимылдауға бел буысады. Бұл кезде Торғайдың батыс жағындағы арғын рулары да бас қосып Оспан Шолақұлын «хан» сайлап, көтеріліске дайын отырған болатын. Жан-жаққа хабаршылар аттанып, Торғайдағы арғын, қыпшақ, найманның баскөтерер азаматтары жиналып, Жалдама өзенінің бойында жиын өткізеді. М.Қозыбаев бұл алқалы жиын туралы былай деп көрсетеді: «Патша өкіметінен түңілген халық тығырыққа тірелді. «Шешінген судан тайынбас», – деп, тәуекелге бел байлаған ел, оның басшылары құрылтай шақыруды жөн көрді. 1916 жылы қараша айының 27-сінде Жалдама өзенінің бойында 13 болыстың өкілдері жиналды. Құрылтай маусым жарлығына қарсы көтерілген халық шешімін мақұлдады. «Ел ағасыз болмайды, тон жағасыз болмайды» деп халық айтқандай, алты болыс арғын, алты болыс қыпшақ, бір болыс най­­ман елін басқаратын елбасы – хан сайлауды мақұлдады. Ел басына күн туған кезде батылдығымен, парасатымен, пайымдылығымен, әділдігімен көзге түскен, ертеден елге танымал Әбдіғапар есімі жеке-дара аталды. Құрылтай осымен қатар ата дәстүрін де бір сәт еске алды. Абылай дәуірінде қыпшақ тайпасына көсем болып, би аталған Ниязды Абылай «хан» дәрежесінде ұстаған-ды. Сондықтан да қыпшақ өңірі Ниязды хан деп атап кеткен. Әбдіғапар, міне, осы Нияз бидің – Нияз ханның ұрпағы еді. Әкесі Жанбосын елде ерте есейіп, ауылдағы ақсақалдың қарасақалды ағасы атанған жан болатын. Оның үстіне Әбдіғапар – қыпшақтардың Тілеулі атасынан өрбіген, өскен тұқым, үш мың түтінді іргелі елдің өкілі». Сонымен Жалдамада өткен құрылтай Әбдіғапарды «хан» сайлайды. Сонымен бірге осы жиын­да әскербасылар да бекітіледі. Амангелді жиналған қолдың сар­дарбегі болып жарияланады. ... Демеңіз кез болады пәле қайдан, Асынған елдің көбі қару-сайман. Арғындардың бұл жолғы жиынына, Риза болды тегіс Қыпшақ, Найман. Бастады сонда сөзді Мұхамеджан: Хан тұқымы Қапар бек болсын деп хан. Сардарлыққа ұйғардық Аман ерді, Жолдарыңа құрбандық мал менен жан. Аталған құрылтай ақ патшаға елші жіберуді де естен шығармайды. Орталарынан қаржы жиып, Төкенің Смағұлын Санкт-Петерборға патшамен жолығып, істің мән-жайын біліп келуге аттандырады. Төкенің Смағұлының атақты адвокат Пле­ваконың ұлымен тамырлығы бар, Торғайдағы көзі ашық, білімді кісілердің бірі еді. ...Кез болдық па деп тегі қазған орға, Я болмаса, айламен құрған торға. Жиналған ел жөнелтті қаржы беріп, Смағұлын Төкенің Петерборға. Айтты халық: – Смағұл, барып қайт! – деп, Жолың болса, жолығып ақ патшаға, Бір жауабын кесімді алып қайт деп. Бұл сапар қатері көп, болса да ауыр, Өтініп сұраған соң туыс-бауыр. Жолдасы Плеваконы қуат көріп, Жолға шықты, сөз айтпай ер Смағұл. Бас сардар Амангелді жиналған қолға әскери жаттығулар өткізіп, қару-жарақ дайындауға кіріседі. Әр жерден жиналған жасақтар әскер тәртібімен мыңдыққа, жүздікке бөлінеді. Негізгі мыңбасылар болып Кейкі Көкембаев, Өмен Мұсабаев, Қосжан Манабаев, Әлжан Қарабаевтар бекітіледі. Сар­ғаскер болып Ырысбайдың Әбіші, хан атасы Шымберген қажы, елбегі болып Құндызбайдың Әбжаны белгіленеді. Ақынның бұл тараудағы тағы бір сюжеті назар аударарлық. Торғайда губернатордың келуіне байланыс­ты, бір жағы патшаның «маусым» жарлығына байланысты съезд өткізіледі. ...Бір күні болады деп үлкен сиез, Торғайдың қаласына шақырды үйез. Губернатор сөзіне қарсы шығып, Көрсетті Әбдіғапар бөлек мінез. Бермейміз! – деді, – әскерге бірде-бір жас, Іс қылып отыр патша ойға қонбас. Қазақтан әскер алмау заң болатын, Анттан тайған деген бар, патша оңбас. Алмайсың бізден жігіт! – деді, – өлмей, Бұл жарлыққа халық тұр тегіс сенбей. Губернатор қылса да түлкібұлаң, Сөзіне Әбдіғапар қойды көнбей. «Есіреді, япырмай, мынау қайдан, Қорықпайтын кім еді Николайдан» Деді ішінен сол сәтте губернатор, «Орнатармын басыңа бір зор майдан!» Бейнет деген бұйырар әрбір жайдан, Шуақ кетер бұлт басса, күн мен айдан. Губернатор жіберді 700 қол, Жазалауға бұларды Қостанайдан. Қазақтың тұңғыш кинотуындысы «Амангелді» фильмі екендігі белгілі. Біз жоғарыда келтірген үзінді сол фильмдегі бір эпизодты айнытпай қайталайды. Тек қана кейіпкерлері басқа. «Амангелді» фильмінде губернаторға қарсы шығып сөйлейтін Амангелді болса, біз келтіріп отырған үзіндіде – Әбдіғапар. Тарихи шын­дық пен тарихи құжаттар бойынша соңғысы шындыққа жақын. Бұдан туындайтын тұжырым – Кеңес заманында Әбдіғапар жасаған істердің көпшілігі Амангелді мен Әлібиге телініп келген. Бұл, әсіресе, көркем әдебиетте анық байқалды. Үшінші бөлімде ақын Әбді­ғапар әскерлерінің патша әскерлерімен шайқасын суреттейді. Мұнда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің негізгі майдандарының бірі – Доғал соғысы сипатталған. Соғыстағы Әбдіғапардың көрегендігі, Аман­гелдінің қолбас­шылығы, Кейкінің құралайды көзге атқан мергендігі, Өмен, Ідіріс, Әлжан, Жағыпар батырлардың ерлік істері ақын тілімен шебер кестеленген. Мұндағы Өмен, Ідіріс, Жағыпар сияқты батырлардың азаттық үшін жан қиған сәттерін көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Соңғы бөлім – қорытынды бө­лімде ұлт-азаттық көтерілістің не­гізгі мақсаты, көтеріліс көсемі әмір Әбдіғапардың арман-мүддесі айтылады. Соныман қатар автордың негізгі айтпақ идеясы да осы бөлімде анық аңғарылады: ... Қапардың арманы еді – жеке ел болу, Орыстан қанап келген ірге бөлу. Сөзіне қазақ ермей ақырында, Дертіне таппай өтті ол да дәру. Елім деп еңіреген қайран Қапар, Әруағы бір қозғалмай қалай жатар. Өтті ғой өле-өлгенше зар еңіреп, Орысқа боласың деп мәңгі отар. Шынында отар болып қалып қойдық, Өтірік бос сөзіне әбден тойдық. Алданып арбауына ел бола алмай, Қапардай асылдардың көзін жойдық. Файзолла ақын өзі де кө­те­ріліске қатына­су­шылардың бірі, Әб­діғапардың көмекшілерінің қа­тарында болған кісі. Көзі ашық, көкірегі ояу ақын ақ патша құлап, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де өмірінің соңына дейін орыс отаршылдығының зардаптарын айтып, азаттықты аңсап өтті. Ақынның жан дүниесіне терең бойлау үшін ақынның «Әбдіғапар хан» поэмасының түйін-сөзін ұзақ та болса келтіре кеткенді жөн көрдік. Себебі сол заманда, тіпті тәуелсіздігімізді алған осы күннің өзінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің ақиқатын дәл осындай ашып айтқан шығарма жоқ. ...Бұл жырым келешекке жетер ме екен, Жоқ, әлде бір оқылмай кетер ме екен. Қазағым үн шығармай бодан болып, Бір күні әбден құрып бітер ме екен. Саясат тұрса осылай болады бұл, Қазақтың аты, заты қалады тұл. Жеріңді алып, содан соң тіліңді алып, Бір заманда бұл қызыл қылады құл. Кәпірге қатын болып кетер қызы, Жігітін әтек қылар келер кезі. Енді орыстың қалғаның табанында, Жарылқар күн тумаса Құдай өзі. Ел болмай жеке, дара мемлекет, Еш ұлтқа келмек емес һәм берекет. Орыстың еш елде жоқ зымияндығы, Ісінде толып жатыр не бәлекет. Қалайша тұра аламын жазбай мұны, Еске ұста үлкен аға, кіші іні. Ел болмай, жеке, дара, бодан болған, Еш ұлттың болған емес әммә құны. Арманы Қапар ханның – еді Теңдік, Сол үшін өлгенін де көзбен көрдік. Қазағым, айтқаныма көнбеп едің, Көргенің болмақ енді ылғи кемдік. Атқызған Қапар ханды Әліби-тін, Кетпейді көз алдымнан менің сол түн. Қапар хан шәйіт болды бостандық пен Теңдікке жеткізем деп қазақ халқын. Сондықтан оны халқым жау демеңдер, Аруағын қорлап текке, тілдемеңдер. Соғысты дербес мемлекет болу үшін, Жан еді ақылды, ойшыл, шын кемеңгер. Кеңес заманында ұзақ жылдар бойы қызыл комиссарлар Амангелді Иманов пен Әліби Жангелдиннің көтерілісі аталынып келген көтерілістің ақиқаты осындай. Жай ғана демонстрация емес, бүкіл Орталық Қазақстанды, Ақтөбе мен Сыр бойының біраз бөлі­гін қамтыған ұлт-азаттық көтерілістің ұйымдастырушысы, көсемі, еткен еңбегі мен ерлік істері өзгеге таңылып келген Әбдіғапар Жанбосынұлының тағдыры – Қазақстан тарихындағы ақ­таңдақ беттердің бірі. Қазіргі тәуелсіз еліміздің азаттыққа жетуіне әмір Әбдіғапардың да қосқан үлесі зор. Әдебиетте тарихи шындық, көр­кем шындық деген ұғымдар бар. Көркем шығармада автор әрекетті шиеленістіру үшін, оқиғаны қоюлату үшін өз қиялынан сюжеттер, штрихтар қосады. Ал Файзолла ақын, өз дас­танының кіріспесінде айтқандай, өз жанынан ештеңе қоспай, тек Әбдіғапар туралы ақиқатты айтқан. Сондықтан да бұл дастанды көркем шығарма емес, өлеңмен жазылған тарихи еңбек деп бағалаймыз. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысты жаңа көзқарас тұрғысынан қарастырушыларға Файзолла Сатыбалдыұлының «Әбдіғапар хан» поэмасындағы деректер мен дәйектердің тигізер септігі мол. Айбек Қалиев, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

7524 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы