• Әдебиет
  • 07 Қараша, 2018

Таңғы шықтай тазалық

(Белгілі азамат Жәнібек Орынбасарұлы Елікбаев жайлы мөлтек сыр)

Осынау шын көңілден айтылған (бір-екі ауыз) әңгімені таяуда көрнекті публицист-жазушы, белгілі журналист Көлбай Адырбекұлынан естідім. Не өзін, не өзгені дәріптеу үшін емес, жәй көңіл ауанын білдіру үшін баяндалған жәй-түйді естідім де, ойға қалдым. Ай, мынау есеппен жүріп, есеппен тұратындарға ғаламат сабақ, қарапайым жұртшылық үшін таптырмас ғибрат, өнеге, адам деген атқа лайық таңғы шықтай тазалық көрінісі ғой деп, оқырман назарына ұсынуды құп көрдім. Әрине, Көлбай осыны жазыңыз деп қолқа салған жоқ, ойына да келмегені екібастан. 

Тек өзімде соңғы жылдарда жұрттан еститін үлгілі үрдістерді «пә­лен­шенің, түгеншенің айтқаны» деп қағазға түртіп жүретін ғадет болушы еді, сол орайдан. Оның үстіне, Көлбай үстіміздегі ғасырдың бастапқы жылдарында Мәскеуде жолықтырып, бір-ақ рет көрсе де, риясыз кісілігіне тәнті болған Жәнібек есімді ғылым-білімнің барлық саласынан хабардар, әсіресе тарих, өнер, әдебиет, мәдениетке іңкәрлігі шексіз осынау жігітпен мен де бір-ақ рет ұшырасып, ерекше ұлтжанды, талапты, табанды, өнерлі, әнші, табиғи адамгершілігіне пәлі деп жүретінім бар-тын. Сондықтан, Көлбайдың әңгімесіне құлағым бірден елең етіп, іштей риза болғанымды несіне жасырайын. Ендеше, сіз де тыңдаңыз, қадірлі дос, Жәнібектің есімін не үшін ауызға алғанымызды сонда зерделейтін боласыз. Сөйтіп... – Үш жылдан бері зейнеткер екенімді білесіз, – деді әріптес інім Көлбай. – Осыдан біршама бұрын Шымкентте тұратын жақын ағайым қиын жағдайға душар боп, тездетіп жетіп бардым. Барғанымды қайтейін, онда да, менде де қол қысқа, қалта жұқа. Аздаған қаржы керек боп, сонда тұратын тұрмысы тәуірлеу бір жамағайын інімізден (қарызға, әрине) сұрап едім, өйдеп-бүйдеп бере қоймады. Онан соң Алматыға келіп, әрекеттендім. Қанша қаржы дейсіз ғой? 500 доллар. Шамасы, қайтармайды деп ойлады-ау деймін, сұраған адамдарымның бәрі ауыздарын қу шөппен сүртіп, маңайларына жолатпады. Не істеу керек? Шымкенттегі ағайым екі күннің бірінде хабарласып, «қайтсең де бірдеңе ет» деп зар илейді. Түсінемін, басқа сүйенері жоқ, қайтсін. Кенет... Иә, кенет... Үстіміздегі ғасырдың басында... Мәскеуге журналистік іссапармен барғанда танысқан жігіт есіме түсе кетсін. Жігіт болғанда қандай! Сонда қызмет істеп, өзі қазақ мәдени орталығын басқарады екен. Елімізден шығатын ана тіліміздегі барша газет-журналдарды, кітап­тарды алдырып, өнер, мәдениет, әдебиет қайраткерлерімен байланысын үзбегені көрініп тұрды. Әншілігі өзінше екенін айттым, кеткенше бірге жүрдік. Әне, арадан он, он бес жыл өтіп, аздап қиындық түскенде сол жігіт – Жәнібек ойыма оралды. «Аға, қан­дай жағдайда да қысылып-қым­тырылмай, хабарласып тұрыңыз, қашанда қызметіңізге әзірмін» деген сөздері жадымда жаңғырды. Абырой болғанда, өз қолымен жазып берген телефон нөмірі сақталыпты. Сәл именсем де, тәуекелге басып, Жәнібекке қоңырау соқтым. Сол замат жауап берді. «Солай да солай» деп, кім екенімді, бұйымтайымды айттым. Ол: «Аға қайдан телефон шалып тұрсыз?» деп сұрады. «Алматыдан». Ол: «Мен бір аптадан бері отбасыммен Мәскеуден келіп, «Сарыағаш» шипажайында демалып жатырмын. Сарыағашта сенімді танысыңыз болса, сізге қажетті қаражатты қазір-ақ берер едім» деді. Көңілге қуаныш ұялады. Мен шипажайдың түбінде Дарқан ауылы барын, сонда Сейітбек деген інішегімнің тұратынын айттым. Жәнібек: «Ініңіз ішкілікке қалай еді?» деп тіке сұрақ қойды. Мен: «Бар болса тартынбайды» деп ағымнан жарылдым. Ол: «Аға, онда сенуге болмайды екен» деді. Үміт үзіліп мен үнсіз қалдым. Ол ілкім сәттен соң сөзін қайта жалғады. «Аға, Шымкентте танысыңыз бар ма?» деді. Мен мектепте бірге оқыған достарымның сонда тұратынын айттым да, олардың шаруа бастылықпен Сарыағашқа бара алмайтынын жеткіздім. Ол: «Аға, ол жағын маған қалдырыңыз. Сізбен екі сағаттан соң Шымкенттен хабарласамын» деді. Мен: «Жәнібек-ау, Сарыағаш қайда, Шымкент қайда?! Екі араға барып-қайту 300 шақырымды құрайды. Өзің шипажайға аз ғана уақытқа келіп, ем қабылдап жатырсың. Шымкентке барам деп әуре болмай-ақ қойшы. Көңіліңе ризамын. Қаражаттың бір сыпырасын осы Алматыдан да табармын» дедім. Ол: «Аға, олай деп тартынбаңыз. Мен сізбен Шымкенттен хабарласамын» деп байланысты үзді. Жәнібек айтқан уақытында Шымкенттен телефон шалды. Өзі тұрған көше қиылысын айтып, кластас досымды күтетінін жеткізді. Досым ересек ұлын жұмсады. Ол қаржыны соған бергенін ескерткен кезде мен: «Жәнібек, жанашыр пейіліңе рақмет! Қарызды ұзатпай міндетті түрде қайтарамын» дедім тағы да ағымнан жарылып. Жәнібек: «Аға, мен мұны сізге қарыз ретінде беріп тұрғаным жоқ. Сіз халықаралық «Түркістан» газетіне ел үшін жанын да аянбаған ұлтымыздың тарихи тұлғалары туралы жазып жүрсіз. Мәскеуде болсам да интернет желісі арқылы оқып тұрамын. Әлі олар туралы тағы да жазатыныңызға сенімім мол. Бұл менің сол еңбектеріңізге қосқаным болсын. Қарызға алдым деп ойламаңыз» деді ашық-жарқын үнмен. Елде қарақан басының пайдасын ғана ой­лайтын кәсіпкерлер аз ба? Ал солардың елдікті, ұлттың ұлы тұлғаларын дәріптеп жүрген Жәнібектей жайсаңы да көп болса, шіркін! Мәскеуде танысқанымызда ол Бауыржан Момышұлы­ның ауылы Жуалыданмын деген. Сол жолы Жәнібектің Баукеңнің шапағатын көрмесе де ұлаға­тын бойына сіңіргенін байқадым. – Дұрыс түсініп отырсыз ғой, – деді Көлбай маған. – Гәп Жәнібектің бергені, менің алғанымда емес, адами қасиет, кісілік, ірілікте, көке. Ішіме сыймай жүруші еді, сізге ғана айтып отырмын. Айтпақшы, сіз ол жігітті білуші ме едіңіз? Қазір Астанада тұрады екен. – Жәнібекті ме? Бір рет көргенмін. Әдебиетті жақсы көретін, әнші екенінен хабарым бар. Өмірден ерте өткен қытайлық жазушы Төлеубек Жақыпбайұлы мен өзбекстандық Мекембай Омаровтың кітаптарын шығаруға демеу­шілік жасаған­дай ізгі істеріне куәлердің бірімін, – дедім. Көлбайға риза болдым, әрине. Жақсы­лықты бағалай білгеніне. Баға­ла­майтындар қаншама, о, жалған-ай!..

Зәкір АСАБАЕВ

1397 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы