• Әдебиет
  • 07 Қараша, 2018

«Құқық» пен «құқ» хақында

Тәуелсіздікпен бірге айналымға бекем енген бірер сөзге байланысты бұдан көп уақыт бұрын айтқан пікіріме қайта оралғанды жөн көріп отырмын. Кеңес дәуірінде қазақтың күнделікті тыныс-тіршілікте пайдаланатын көптеген сөзі қолданыстан қолдап ығыстырылған болатын. Шынтуайтқа келгенде, бұл үдеріс одан да ертеде, тәуелсіздіктен айрылған, отарлық қамыт мойынға бекем ілінген патшалықтың кезеңінен басталған еді. Империя әскері басып алған жаңа жерлерді түпкілікті игеру мақсатында, қорғансыз қалған қазақ жеріне метрополияның «бесінші колоннасын» орнықтыруы, одан оны большевизмнің жаңаша сипатта өрістетуі халықтың тыныс-тіршілігімен бірге сөздік қорын да өзгеріске ұшыратты.

Кей ретте тосын да жаңа сөздермен байытқанын мойындау ләзім, әйт­кенмен, тоталитарлық билік күшейген сайын, жекелеген қазақ сөздеріне тыйым салу ашық орын алды. Тіпті кейбірін тек қана орысша нұсқада қолдану заң­дастырылды. Озбыр саясат салда­рынан бұрмаланған, қолданыстан шығарылған көптеген сөздер қоғамдық-саяси тыныс-тіршілігімізге мемлекеттік тәуелсіздікпен бірге қайта оралғаны белгілі. Қазақ тілі ұмытылып кеткен сөздермен молығып, айрықша жандануда. Осы орайда, еліміздің құқықтық мемлекет болуына орай, заң саласына қатысты сөздердің де көптеп тірілгенін айту ләзім. Заң терминдерінің қазақша айтылмақ нұсқасы қандай болмағы адамдарды бей-жай қалдырмайды, өйткені өмірде құқықты, заңды барша бастық біткеннен шын мәнінде жоғары қоятын кез тақалып келеді. Еліміздегі шынайы да нағыз билеуші, мойындауға тұратын бірден-бір диктатор – заң болуы керек. Оған қол жеткізу үшін әркімге құқықтың негізгі ұғымдарын білу ләзім және оны көңілге қонатындай етіп қазақша жасау жөн. Осы ретте кейбір заңи терминдердің мемлекеттік тілдегі атаулары мен түсіндірмелерін пысықтап қойған дұрыс. Мәселен, мен «құқық» терминін әрдайым өз орнында қолданып жүрмегенімізге сенімдімін. Кеңес дәуірінде қазақтың құқық, құқ (хұқ), қақы (хақы) сынды әрқайсының өзіндік заңнамалық ұғымы, белгілі бір қолданылатын орыны бар сөздерін ресми қолданыстан мүлдем ысырып тастадық. Қоғамдық-саяси әдебиетте, күнделікті қызмет, қарым-қатынас айналымында өздеріне тән реңкі бар сол үш сөздің (терминнің) орнына, қазақ сөз айдынына жеке-дара «право» деген термин оқшауланып шықты. Адамның еңбек ету правосы, демалу правосы, білім алу правосы, денсаулық қорғау правосы, менің оқуға правом бар, жұмыс істеуге правом бар, сенің үй алуға правоң бар, немесе ... жоқ, т.с.с. тіркестер қанымызға сіңіп кеткендей болды. Қызығы, тәуелсіздік туып, кері үдеріс басталғанда, орысша «право» сөзін қазақша «құқық» сөзі алмастырды. Әрі ол ресми айналымға бір өзі еніп, оған әр мағынада қолданылатын «правоға» тән ұғымның бәрі телінді. Біздіңше, мұнда елеулі қателік бар. Мәселен, адам құқығы немесе құқықтары деу үйреншікті жәйтке айналды (маған қолға қалам алғызып отырған да осы тіркес). Алайда олай сөйлеу арқылы біз қазақ­тың сөздік қорында бар екі тер­минді білместікпен бір терминге тоқай­ластырып, қателесуге жол беру­деміз, әрі ана тілімізді қолдан кедейлендіріп отырмыз. Ойымыз түсі­ніктірек болу үшін кеңестік кезеңде құлаққа сіңісті болып кеткен правоның және онымен байланысты кейбір өзге де терминдердің ғылыми анықтамасы қандай екеніне көз жүгіртейік: право – мемлекет белгілеген баршаға міндетті әлеуметтік нормалар жүйесі. Мұны құқық деген қазақы терминмен аудару өте орынды, бұл солай етіліп те жүр, правовое государство – бұл тіркесті құқықтық мемлекет деп өте тура тәржімалаған. Саяси-юристік теория бойынша, мынандай аса маңызды нышандары: қоғамдық өмірдің барлық саласында заңның бәрінен биік, қожайындық орында тұруы; мемлекет пен оның органдарының заңмен байланысып-байланғандығы; азаматтардың құқтарының сот жолымен қорғалуы, мемлекет пен жеке адамның өзара жауаптылығы заң жолымен қамтамасыз етілген мемлекет – құқықтық мемлекет болып табылады. Ал енді орыс тілінде право, права человека делінетін сөздермен азаматтың мемлекет бекіткен, мемлекет қорғайтын, мемлекет кепілдік ететін құқықтық қатынастары мен негізгі құқтары тұжырымдалған. Бұл жерде көрсетілген ұғымды қазақша белгілеуге құқық атауын қолдану дұрыс болмайды, бұларды бейнелеуге қазақтың құқ, хақы деген сөздері сұранып тұр. Яғни, право, права человека деген терминді құқ, адам құқтары деп аудару керек. Сонда – әркімнің еңбек етуге құқы (құқығы емес!) бар, әркім өз құқының (құқығының емес!) қорғалуын талап етуге қақылы (құқықты емес!), адам құқтарын (құқықтарын емес!) ешкім аяқасты етпеуге тиіс, т.т. осындай сөз тіркестерінде құқ пен құқық терминдерінің мәні айқын ажыратылған тәртіппен сөйлеу орынды болмақ. Осылармен бірге «әділ» деген сөзді өз орнында қолданбайтынымызды айта кетпекпін. Әділ деген сөзді правосудие деген белгілі де кең танымал терминнің қазақ­ша­сына пайдалану – заң ғылы­мында да, заңгерлік іс-дағдыда да үйреншікті әдет болып кеткен. Басбұзарлык, азаматтық, экономи­калық, әкімшілік және т.с.с. юристік істерді шешуді көздейтін мемлекеттік арнайы органдардың – соттардың қызметін орысша осылай – правосудие деп атайды. Қазақтар оны әділ сот деп аударып алған. Ал отправлять правосудие дегенді білдіру үшін, мұндағы правосудиені сәл жаңылыс казақшалап, әділ сот жүргізу, сот әділдігін жүзеге асыру, сот төрелігін жүзеге асыру деген тіркестерді қолданады. Назар аударайық: аталған ұғым мына қос сөзден құралған: право+судие, яғни оны сөзбе-сөз қазақшалағанда ол құрам: құқық+соттау болады. Ендеше, правосудие дегеніміз – құқықтық сот. Демек, жоғарыда аталған тіркесті қазақшалаудың дұрысырағын құқық нормаларын қолданып соттауды жүзеге асыру деген мағынаны жеткізе алатын сөйлемнен іздеген жөн. Қандай сот болмасын, мейлі мемлекеттік сот (яғни құқықтық сот), мейлі мемлекеттік емес сот (тараптардың өздері өкілдер бөліп жүргізетін аралық, ара-ағайындық, яғни третейлік сот, сондай-ақ жолдастық сот, офицерлік ар-намыс соты, шариғат соты, т.с.с.) – қай-қайсысы да әділдікті көздейді, яғни олардың бәрі де әділ сот жүргізуді мұрат етеді. Олай болса өзіміздің мемлекеттік сотымызды өз атымен, яғни құқыққа негізделген сот екенін айтумен шектелсек те жетіп артылады ғой деп ойлаймын. Өзіміз әділ деп дәріптегенмен, баршаға мәлім, «заң – құдды терте, тертені қайда бұрсаң – солай қарай жүреді» делінетін көнеден келе жатқан қанатты сөз, өкінішке қарай, әлі ескірген жоқ. Демек, әділ сотымыздың әзірге әлі де әділ емес шешімдер шығара беретінін есте ұстауымыз керек. Сондықтан, тағы да қайталап айтамыз: правосудие терминінің қазақша баламасы әділ сот емес, – құқықтық сот! Ал құқықтық сотты әділ жүргізу – елімізде құқықтық мемлекеттік құрылыс орнатылды деп саналатындықтан да, сотқа қойылатын басты талап. Осы ойларды ескірмегендіктен де тағы бір қайтара ортаға тастаймын...

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

936 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы