• Мәдениет
  • 21 Қазан, 2010

Аграрлық білімнің алтын діңгегі

d0b0d0b3d180d0b0d180

Қазақ аграрлық білімі мен ғылымының қара­шаңырағы, ауыл шаруашылығының ғылыми даму тарихының негізін салушы, ұлтымыздың аграрлық сала мамандарының ұстаханасы, өнегелі ғұмырнамасы ғибратты шежіреге толы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне сексен жыл толып отыр. Аталған университет – Қазақстан мен шетел­дерде кең көлемде танымал және жылдам дамып келе жатқан көп салалы оқу-білім кешені. Ол әлемдік үш сатылы білім беру бағдарламасы – бакалавр-магис­тратура- докторантура – бойынша қабылданған «Болон конвенциясы» талаптарына толық сай келеді. Шежірелі тарихы бар оқу ордасының болашағы зор.

Қазақ аграрлық білімі мен ғылымының қарашаңырағы, ауыл шаруашылығының ғылыми даму тарихының негізін салушы, ұлтымыздың аграрлық сала мамандарының ұстаханасы, өнегелі ғұмырнамасы ғибратты шежіреге толы Қазақ ұлттық аграрлық университеті сексеннің сеңгірін еңсеріп отыр. Мемлекетіміздің индустриалды-инновациялық даму тарихы да осы қарт оқу ордасына келіп тоғысады. Еліміздің тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малмен астасып, біте қайнасып-ақ кеткен. Қазақтың «мал-жан аман ба?» деп амандық-саулық сұрасуының сыры да сонда жатса керек. Тіпті сайын даламызда, әсіресе, оңтүстік өңірде егін шаруашылығы да кеңінен қанат жайғандығы аян. Сондықтан да Қазақ ұлттық аграрлық университеті – дәстүр сабақтастығын жалғастырушы бірден-бір оқу орны.

Университет ұжымы еліміз­дегі әлеуметтік, саяси жа­ңаруды, сондай-ақ әлемдік экономикалық кеңістікке кіруді тұр­ғындардың жоғары сапалы өмірін қамтамасыз етудің басты шарты ретінде қарастырады. Оқу орны аграрлық сектор экономикасын дамытуда ғылы­ми-техникалық прогресс табыстарын үдемелі енгізуді, әлеуметтік теңдік негізін қалыптастыруды, саяси тұрақтылық пен мәдениетті өркендетуді маңызды фактор ретінде анықтады. Білім ошағының қалыптасуы мен даму тарихы ел экономикасының дамуымен тығыз байланысты. Ауыл ша­руашылығын ұжымдастыру және Қа­зақстанда алғашқы совхоздарды құру кезеңінде ауыл шаруашылығы өндірісін ғылыми тұрғыда жетік басқара алатын кәсіби білікті мамандарға сұраныс жоға­ры болды. Осы орайда 1929 жылы Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесінің шешіміне сәйкес, Алматы зооветеринарлық институты, ал 1930 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институты құрылды. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің шешімімен аталған екі институт біріктіріліп, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті болып өзгертілді. Бұл өз кезегінде ерекше маңызы бар оқиғаға айналды. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен уни­верситеттің жоғары ғылыми әлеуеті және кәсіби білікті мамандар даярлаудағы жетістіктері ескеріліп, университетке ұлттық мәртебе берілді. Университет студенттері, магис­транттары, докторанттары және қыз­меткерлері әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде, ғылыми-зерттеу ор­талықтарында және үздік зертханаларда біліктілігін арттыруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік алды. Бір кездегі Алматы зооветеринар­лық институты бойынша С.Арғыншиев, Е.В.Байғараев, Ф.М.Мұхамедқалиев, Г.Қ.Қо­нақбаев, М.А.Ермеков, З.К.Қо­жабеков, Қ.С.Сәбденов тәрізді тұлғалар бүгінгі аграрлық университеттің іргесінің қалануына зор үлес қосты. Ал Қазақ ауыл шаруашылығы институты шаңырақ көтергенде, оның тұңғыш директоры ұлт зиялыларының бірі Ораз Жандосов болды. Қазақ тарихында есімі алтын әріп­пен жазылған Ораз Жандосовтай заңғар тұлғаларды студенттеріміз үлгі тұтады. Абыздың жасынан асып бара жатқан білім ошағымыздың ілгері жылжуына шарапаты тиген Н.Бекетов, С.Сыздықов, А.Сембаев, А.Жұматов, А.Дорофеев, Е.Тайбеков, Х.Арыстанбеков, Т.Тазабеков, Б.Шах, Е.Жұмабеков сынды азаматтар әрдайым ілтипатқа лайық. Гидротехника мамандығының іргетасын қалаған профессор Л.Е.Тәжібаевтың да еңбегі ерекше. Олар салған сүрлеу әлі талай ұрпақтың бағыт-бағдарын айқындайды, болашағына бағдаршам болады. 30-40-жылдары Ресей, Украина, Белоруссиядан келген академик С.Н.Вышелесский, профессор И.Г.Васильков, В.В.Авербург, А.Я.Лукин, Б.А.Домбровский, М.П.Калмыков, Н.Л.Караваев, В.А.Клер, В.В.Келлерман тәрізді азаматтар білім ошағының ғы­лыми әлеуетін қалады. Ұлтымыздың жарқырап шыққан жарық жұлдыздарының бірі – Кәрім Мың­баевқа бүгінгі толқын әлі күнге айрықша құрмет көрсетіп келеді. Қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы академик Нәйлә Базанованың ғылыми жолы мен еңбегі ерен екені сөзсіз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау және республиканың агроөнеркәсіп кешенінің индустриалды-инновациялық дамуы Мемлекеттік бағдарламасын Қазақ ұлттық аграрлық университеті жүзеге асыруға барынша атсалысуда. Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы Жолдауында: «Қазақстанға біз­дің ұлтымыздың әлеуетін оятуға және жүзеге асыруға жағдай жасайтын интеллектуалды төңкеріс қажет. Біздің ендігі міндет – қазақстандықтардың, бі­рінші кезекте жастардың білімділікке, интеллектіге, Отан мен халыққа қызмет етуге деген көзқарасын өзгерту. Бізге ұлттық интеллектінің діңін құру қажет, бізге халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын білімді адамдар керек. Мен бүгін барлық ғалымдарды, педагогтар мен студенттерді «Интеллектуалды ұлт» жобасын жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырамын. Біріге отырып біз алдымызға қойған барлық мақсаттарымызға қол жет­кіземіз және Қазақстанда интел­лектуал­ды ұлт құратын боламыз» деп атап өтеді. ҚазҰАУ – Қазақстан мен шетелдерде кең көлемде танымал және жылдам дамып келе жатқан көп салалы оқу-білім кешені. Ол әлемдік үш сатылы білім беру бағдарламасы – бакалавр-магистратура-док­торантура бойынша қабылданған «Болон конвенциясы» талаптарына толық сай келеді. Бакалавриаттың және жоғары білім берудің 42, магистратураның 39 және докторантура Ph.D 16 мамандығы бойынша жоғары білікті мамандар даярлайтын Қазақстандағы ең ірі аграрлық жоғары оқу орны болып табыла­ды. Университет ғалымдары аграрлық сала экономикасының жалпы әлемдік тәжірибесіне сүйене отырып, шағын және орта ауылшаруашылық құрылымдары мен кооперация ны­сандарының жұмысын ұйымдастыруға байланысты тетіктер жасақтады. Сонымен қатар Қазақстан­ның барлық облыстарында шет­елден алып келетін азық-түлік тағамдарын өндіретін, ауылшаруашылық өнімін өң­дейтін, өндірістің диверсификациясын қамтамасыз ететін салалық кластерлер құру жұмысына белсене араласуда. 80 жылдық тарихы бар оқу ордасының ғалымдары өз кезегінде түрлі кластерлер құру, оның тиімді жұмысын ұйымдасты­ру тетіктерін жасап шығарды. Сондай-ақ осы қарашаңырақта еліміздегі барлық аграрлық кәсіби мектептердің, колледж және жоғары оқу орындарының басын біріктіретін Қазақстанның аграрлық білім беру ассоциациясын құру идеясы жүзеге асырылуда. Агроөндірістік кешеннің индус­триалды-инновациялық дамуы бағдар­ла­масын жүзеге асыру мақсатын­да университет ғылыми қызметкер­лерінің, атап айтқанда, 37 академик, 610 ғылым докторлары мен кандидаттары, 415 Ph.D докторлары мен аспиранттар, магистрлер мен ізденушілердің сапалы кадрлық әлеуеті тартылған. Университет ғалымдары ҚР Ауылшаруашылық министрлігі, «Қаз­АгроИнновация» АҚ, 23 ғылыми-зерттеу институты және ҚР Білім және ғылым министрлігі 6 ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе отырып, Қазақстанның барлық аймақтарының өндіріс орындарына 80-нен астам озық ғылыми нәти­желерді енгізді. Олар аграрлық сала экономикасының жалпы әлемдік тәжірибесіне сүйеніп, шағын және орта ауылшаруашылық құрылымдары мен кооперация нысандарының жұмысын ұйымдастыру тетіктерін жасақтады. Қазіргі таңда ҚазҰАУ әлемдік ғылыми кеңістікте алдыңғы қатарлы үздік шетелдік университеттермен бірлесе отырып, климаттың өзгеріске ұшырауы, ауыл шаруашылығы жерлерінің шөлге айналуы, қоршаған ортаны қорғау, азық-түлік қауіпсіздігі, ауызсудың азаюы секілді мәселелерге қатысты халықаралық бағдарламаларды (ИКАРДА, ГЭФ, ПРООН және басқалары) жүзеге асыруға бейім ғылыми орталықтар негізінде халықаралық ықпалдастықты табысты дамытып келеді. Аграрлық ғылымның көшбас­шысы саналатын университет үздік ғалымдардың тұтас легінен тұратын ғылыми мектеп қалыптастырды. Ауылшаруашылық дәнді-дақылдары мен ағаш өсімдіктерінің 105 жаңа сор­ты, гибриді және формалары, мал және құстың онға жуық жаңа түрлері, типтері мен тізбектері, тағамдық, дәрілік және азық-түліктік диагностикумдардың 200 вакцинасы, ауылшаруашылық маши­наларының әртүрлі конструкциясы, олардың биогаздық, жел-гидро-гелио құрылғылары және басқа механизмдерді ойлап табуы – біздің ғалымдарымыздың өнертапқыш­тық жетістіктерінің жемісі. Оқу орнымыз қазақстандық агроөндіріс кешені­нің индустриалды-инновациялық үдемелі да­муының негізі санатында. Бұл күнде ел экономикасының аграрлық секторында тиімді нарықтық жүйе қалыптастыру концепциясы жасалынған. Әлбетте, ол – Қазақстан экономикасының аграрлық секторына қосылған үлкен үлес. Университет­тің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымына 6 ғылыми-зерттеу институты мен ғылыми орталығы, 6 диссертациялық кеңесі мен Қазақстан-Жапон инновациялық орта­лығы қолданбалы және фундаменталды зерт­теулер жүргізуге, ауылшаруашылық, ма­шина жасау, өндеуші және тағам өнімін өнді­рушілерге көмек көрсетуге негіз болып отыр. Қазақ ұлттық аграрлық университеті елдің академиялық элитасы, жас докто­ранттары, аспиранттары мен магистр­лерінің қатысуымен тұрақты түрде ха­лықаралық, республикалық, аймақтық ғы­лыми-техникалық конференцияларды ұйымдастыратын ірі ғылыми орталық болып табылады. Білім ошағының маңызды бағыты – студенттердің ғылыми жұмысын ұйымдастыру. Осы тұрғыдан университет қабырғасында ауыл шаруашылығы ғылымдарының Кіші ғылыми академиясы ғылыми жобалары, түрлі конкурстар, олимпиадалар, сондай-ақ конференциялар өткізіледі. Халықаралық ынтымақтастық аясында әлемнің аграрлық жоғары оқу орындарының Жаһандық консор­циумының және ТМД мемлекеттеріне қа­тысушы үздік Аграрлық жоғары оқу орын­дар кеңесінің мүшесі ретінде университет бүгінде 200-ден астам халықаралық ғылыми-зерттеу институтымен, алдыңғы қатарлы көптеген аграрлық университеттермен, агроөнеркәсіптік кешенді нысандарымен ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қоя отырып, Қазақстан­ның аграрлық ғылымының халықаралық аренадағы мәртебесін көтеруге атсалысуда. Еуропа, Америка, Азия және Тынық мұхит аймақтарындағы континенттердің ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары Қазақ ұлттық аграрлық университетімен көптеген маңызды мәселелер төңірегінде бірлесіп жұмыс жасайтындығы зор мақтаныш тудырады. Осы күні Венгрия, Польша, Голландия, Бельгия, АҚШ және Ресей университеттерімен қарым-қатынас нығаю үстінде. Әртүрлі шаруа қожалықтарының басшылары мен қызметкерлері үшін білім ошағында «Фермерлер жоғары мектебі» құрылған. Онда «Экстеншн» халықаралық моделі бойынша білім беріледі, сондай-ақ косалтингтік қызмет көрсетіледі. Тарихы тереңге кеткен оқу ордамызда халықаралық байланыс жылдан-жылға нығая түсуде. Оған Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы нақты дәлел бола алады. Ғылыми-зерттеу жұмысының мүмкіндігін арттыру үшін биотехнология, нанотехнология, цитология, ветеринарлық медицина және санитария, микробиология және вирусология, агроинженерия, биологиялық, органикалық және бейорганикалық химия, гендік-молекулярлық, стратегиялық-технологиялық басымдықтар мейлінше іске қосылып жатыр. «JEOL» және «Shimadzu» жапон кон­церндерімен меморандум негі­зінде халықаралық ғылыми-зерттеу бағдар­ламалары сәтті жүзеге асуда. Оның құрылымында «Электронды микроскоп», «Азық-түлік және экологиялық қауіпсіздік», оқу-ғылыми диагностикалық зертханалары бар. Қоршаған ортаны қорғау мәселесінің өзектілігіне байланысты университет өз тарапынан «Sherlok» (майлы қышқыл анализі негізіндегі микроағзалар сәйкестігінің жүйесі) микробиологиялық анализаторын орнатты. Басқа микробиологиялық анализатор модельдерімен салыстырғанда (мысалы, «Multi Scan») аталған жүйе ұқсас және арбитраждық қызметтерді атқаруға мүмкіндік береді әрі өз кезегінде рефе­рент­ті болып табылады. Майлы қышқылдар­дың автоматтандырылған анализі бүгінгі таңда биологиялық материалдар сәйкестігі дұрыстығының эталоны есептелетін, ДНК молекулалары тірі клеткаларының негізгі генетикалық материалдар анализінен кем түспейді (кей жағдайларда басып озады). «Sherlok» жүйесінің микробиологиялық анализаторын қоршаған ортаның күрделі сәй­кестендіретін ағзаларын сәйкестендіру мақсатында, азық-түлік сапасын анықтау үшін ветеринарлық медицина мен фитосанитария саласында кеңінен пайдалануға болады. Анализатордың мәліметтер базасын АҚШ Қарулы күштерінің жұқпа­лы аурулар ғылыми-зерттеу институты (USAMRIID) жасаған және онда 2200-ден астам микроағзалар туралы мәлі­мет жинақталған. Мұның өзі орталықтың қоғамымыз үшін маңыздылығын арттыра түспек. Биологиялық соғыс жүргізу және биотеррор актісін жасай алатын құрал ретінде пайдаланылатын патогендік микроағзалардың ерекше маңызға ие биологиялық түрлерін жедел әрі нақты сәйкестендіруге арналған «Bioterrorism Library» арнайы мәліметтер базасы қамтылған. Азық-түлік сапасын тексеру тұрғысынан мәліметтер базасында «Listeria, Bacillus», «Campylobaster», «Glostridium», «Salmonella», «Lastobacillus» түрлерінен адам үшін патогенді болып есептелетін және азық-түлік тағамдарында өсіп-өнетін организмдердің жүздеген түрлерінің мәліметтері жинақталған. Бұл – кез келген басқа бактериологиялық анализатор ұсына алатын мәліметтерден жоғары көрсеткіш. Ветеринарлық бағыт бойынша мәліметтер базасында «Campylobaster», «Pasteurella», «Haemophilus», «Brussella», «Streptococcus», «Bordetella» және мал үшін патогенді болып табылатын көптеген басқа да микроағзалар туралы мәліметтер бар. Фитопатология бойынша мәліметтер базасында фитопатогенді ағзалардың бес негізгі түрінен мәліметтер енгізілген. Сонымен бірге өсімдіктер үшін анағұрлым патогенді болып есептелетін «Xanthomonas» және «Pseudomonas» түрлерінен мәліметтер жинақталған. Басқа салалар бойынша микро­биологиялық анализаторды қолдана отырып, қоршаған ортаның жағдайын, оған патогендік мик­роағзалардың таралуын зерделеуге, топырақ құрамын талдауға, азық-түлікті зерттеуге болады. Бұл – Қазақстан-Жапон орталығында жасалып жатқан шаруалардың жартысы ғана... Қазақ ұлттық аграрлық университеті өзінің 80 жылдық тарихында абыройлы белестерді бағындырды. Жоғары білім мен ғылым жүйесін дамытудағы университет қызметкерлерінің еңбегі лайықты аталып өтті. Олардың арасында 2-ші дәрежелі «Барыс» орденінің – 1, «Парасат» орденінің – 3, «Құрмет» орденінің – 4, «Құрмет Белгісі» орденінің 1 иегері бар. 27 университет қызметкері «Білім беру ісінің еңбек сіңірген қызметкері», «ҚР Ғылымды дамытудағы үлесі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегерлері болса, 12 қызметкер «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағын иеленді. А.И.Бараев және Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлықтар университеттің 5 ғалымына берілсе, университеттің 57 ұстазы «Жылдың үздік оқытушысы» атағын иемденді. Біздің студенттер түрлі студенттік ғылыми жұмыстарға арналған байқауларда, өз мамандықтары бойынша пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленуде. Сонымен қатар университет жастары спорттан өткен халықаралық жарыстарда да жүзден жүйрік әлем чемпионы атанып, еліміздің көк байрағының әлемнің спорт ареналарында желбіреуіне өз елінің мақтаныштары ретінде атсалысып, өскелең ұрпаққа үлгі болуда. Осы жылдар аралығында университет қабырғасынан республикадағы аграрлық білім мен ғылымның, өндірістің дамуына қомақты үлес қосқан 135 мың маман түлеп ұшты. Университетті тәмамдаған түлектер арасында 3 Кеңес Одағының Батыры, 35 Социалистік Еңбек Ері, КСРО Жоғарғы Кеңесі және Қазақстан Парламентінің 80 депутаты, ҚазКСРО Ғылым академиясы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының 52 академигі, Мемлекеттік сыйлықтың 12 лауреаты бар. Сонымен қатар университет өзінің 80 жылдық тарихында өндірісті жоғары деңгейде ұйымдастыра алатын мемлекет және қоғам қайраткерлерін, министрлерді, әкімдер мен агроөндіріс кешенінің басшыларын және бүкіл Қазақстанды әлем­ге танытқан азаматтарды тәрбиелеп шы­ғарды. Мен де өз кезегімде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің түлегі екенімді мақтан тұтамын. Себебі өмірімнің маңызды кезеңдері қоғамдық, еңбек пен ғылыми жетістіктегі жемісті белестерім туған университетіммен тығыз байланыс­ты. Аграрлық саладағы жоғары білімді де білікті мамандар даярлау және Отанымыздың патриоттарын тәрбиелеу – университетіміздің болашақ миссиясының басты бағыты ретінде қала бермек. Әрине, 80 жыл кез келген жоғары оқу орнының дамуында мол тәжірибе және шежірелі тарих, бірақ, менің ойымша, біз бүгін ұлы жаңалықтар мен орасан зор өзгерістер тоғысында тұрмыз!

7433 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы