• Тіл
  • 22 Қазан, 2018

Астрономия ғылым тілін Әлихан Бөкейхан қалайша сөйлеткен?

ХХ ғасырдың басында астрономия, география, физика салалары бойынша ұлттық ғылым тілін қалыптастыруда сүбелі үлес қосқан ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның төте жазумен жазылған 5 еңбегі бар:

Авторы Кітаптың атауы Жылы, баспасы Еңбектің сипаты
1. Қыр баласы Астрономия әліп-биі (К.Фламмарионнан аударған) Мәскеу, Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасы, 1924. –225 бет. Аударма оқулық
2. Қыр баласы «Қанды жауын» (К.Фламмарионнан аударған) Қызылорда, «Жаңа мектеп» журналы, № 7-8, 1926 жыл. Мақала
3. Қыр баласы Дүниенің құрылысы (Д.Граведен аударған) Мәскеу: Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасы, 1926. –101 бет. Аударма кітап
4. Қыр баласы Жердің қысқаша тарихы (Т.Тутковскийден аударған) Мәскеу, Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасы, 1926. –102 бет. Аударма оқулық
5. Қыр баласы Мұғалімдерге хат: Пыланеттер Ж.М., 1926. №14-15. –21-25-бб. Мақала

Сана жаңғыру – тілдік жаңғыру – рухани жаңғыру – ұлттық жаңғыру бір-бірімен сабақтастықта қаралатын ұғымдар. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» деп ұлттық жаңғырудың мәніне терең бойлайды. «Жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп атап көрсеткеніндей, ана тіліміз арқылы ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалады. Терминдер – тілдің бір қабаты.

«Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» дегеніндей Ә.Бөкейханның астрономия саласында қолданған терминдерін бүгінгі күнде де осы аталған ғылым саласында қолдануға болады.

Бұл аударма таза аудармадан тұрмайды, яғни еркін аудармаға ұқсайды. Бұнда «қыр баласының» өзіндік дүниетанымы мен қазақ халқының дүниетанымына тән түсініктерді баяндайтын жерлері ұшырасады. Сол кезеңдегі қазақ оқырмандарының аялық білімін ескере отырып, қазақ дүниетанымына жақын ұғым, түсініктермен беруге тырысқан. Сол үшін күнделікті өмірден, айнала қоршаған ортадан мысалдар алып ұғынықты етіп сипаттаған. Мысалы: «Бұлыт жоқ ашық түнде жазық далаға шығыб аспанды қарастырсақ, тозған қараша үйдің жыртығындай күн жарық жұлдыздарды көреміз. Осылардың ішіндегі ең жарығы қашан қарасаңда бір орыннан көшбеген сықылды көрінеді. Ең жарық, ең сұлыу жұлдыздар қозғалсада матаулы түйедей матауын жазбайды. Осындай матаулы жұлдызды, жұлдызшылар ұйалы жұлдыз дейді. Ұйалы жұлдыздар аспан кеңдігінде шашыб тастаған асықтай, шашылыб жатыр». Осы мәтіндегі қараша үйдің жыртығындай, матаулы түйедей матауын жазбай, шашыб тастаған асықтай деген сөз тіркестері қазақтың қай баласына да түсінікті еді әрі көзге елестетуге де оңай болады.

Автор жер өз осінен өзі айналады деген түсінікті беру үшін  «жер өзінен өзі ұршықтай айналады» немесе «жер күннен дөңгелек жолымен, арқандағы аттай айналады» деп қазаққа етене жақын таныс, күнде үй тіршілігінде көріп жүрген ұршық атауы мен арқандаулы атпен салыстырады. Бұл оқырмандардың құбылысты ұғынықты, оңай, әрі тез қабылдап алуына тиімді әдіс еді.

Бұрын-соңды апельсинді жеп көрмек түгілі, көрмеген қыр қазағының қара баласына «апельсинді» алғаш рет таныстырғанда да қазақ таныма тән сөздерді қолданған: «үлкендігі сақа айғырдың тезегіндей, алманың ағайыны».

Сол секілді Еуропадағы христиан дін өкілдерінің Рим шіркеуіндегі католиктерді, папа, монарх секілді діни атақ, лауазымдарын  өмірінде көзбен көрмеген мұсылман қазақ балалары үшін сол кезеңде «католік молдалары, полек молдасы» деп берген түсінікті болатын еді.

«Қыр баласы» астрономиялық атауларды бергенде сол зат қазақ тұрмысында болмағандықтан сипаттамалы, түсіндірмелі әдістерді пайдалана отырып және оның қазақша баламасын да беруге ұмтылыс жасайды. Біздіңше, бұл ұмтылысы сәтті шыққан. Мысалы: «Пыланеттердің көбінің ерткен қошшысы бар. Пыланеттер  күннен айналғанда қосшы жолдастары көлеңкедей еріб пыланеттерден айналады да жүреді. Біздің жердің қосшы жолдасы айдың қылғаны да осы». «Жұлдызды бақылаб-бағыб зерттеуге осы күні өзгеше үй салады. Бұл үйдің орыс тілінде аты обсербаторыие. Латын тілінде обсербы – қараймын, бақылаймын, бағамын деген сөз. Олай болған соң, бұл үйдің қазақша аты қарауыл үй болады ғой».

«Астырономшылардың асбабы, қырағы түтік – телескоб. Жұлдызшы бір түтікке қараб сүуретін салатұн аспанның аймағына телескобты бұрмалайды. Екінші түтікте сұурет салыб алатұн асбаб бар».

«Күнмен ғана жарық болады, пыланеттер аспан кеңдігінде дөңгелек сызық жолмен күнді, қазықтан айналған арқандағы аттай айналады, сонымен пыланеттердің бұ жолын, орыс, латын тілінде дөңгелек – орбыйта дейді».

Жұлдыздардың кейбір атауы қазақ тілінде бұрыннан бар екендігі белгілі (Темірқазық, Жетіқарақшы, Шолпан, Кемпірқосақ т.б.). Сол себепті автор қазақы ұғымдағы Шолпан жұлдызын батыс біліміндегі Венера жұлдызымен сәтті салыстырады. Мысалы 23-бетте: «Күннен санағанда екінші, меркүрдің сыртында күнді айналған пыланет, ром елі сұлыулықтың құдайының атын қойған, бенере. Бұ біздің Шолпан. Мұны мен күннің арасы 7-де тағыда он бөліктің 2-і (7,2) болады. Аспанда Шолпаннан сұлыу жұлдыз жоқ, күнге еріб жүріб батыста жарқыраб жанады. Күнді бастаб жүріб шығыста, күн батса келе жатыр деб тұрады. Шолпанның жарығы сондай күшті, жерде тас, ағаш, айыуан Шолпаннан да көлеңке тастайды». «Жер жазуында (автор географияны айтып отыр – Г.К.) жердің сабының екі ұшын пөліс (полюс – Г.К.) дейді. Темір қазыққа қара қарсы пөлісті терістік, түстікке қара қарсы пөлісті түстік дейді» немесе «Күннің жарығы жаңбырдың бұлыттағы сұуынан өтіб аспандағы кемпір қосақты тігеді». «Ұршықты, зырылдауықты ійіріб тақтайға тастай берсе, ұршықта, зырылдауықта сабынан тык тұрб айналмайды, жамбастаб, теңге алатұн жігіттей, жантайа айналады. Жердің де айналатұн сабы (жерде шынында түк саб жоқ, жердің сабы дегенде ой жорыған сабты айтады) жантайыңғы болады. Жердің сабының екі ұшы (бұда ой жорыған ұш) 23інші сұуретте (№) терістік, (S) түстік қарыбтермен таңбаланған. Жер күннен жыл он екі айда айналғанда сабының терістік (№) ұшын жазбай, аспан кеңдігінде бір бетке қойыб айналады. О бет – темір қазық».

Ал астрономия ғылым саласын автор былайша түсіндіреді: «Аспан кеңдігін жайлаған жарық – шырақтарды бақылаб, бағыб тексерген білім бетін – білімді астыроном білімі дейді. Бұ білімге бұл атты гірек елі таққан. Ол елдің тілінде жұлдыз – астер, номос – қалыб, заң болады. Осы екі сөзден астыроном білімінің аты шыққан. Ал астыроном білімін өрге сүиіреген жұлдыз, өзге жарық сәулелі шырақтардың жүрісін зерттеген адам астырономшы аталады».

«Дүниенің құрылысы» еңбегі астрономиялық сипаттағы еңбек болғандықтан, бұнда сол ғылым саласына тән терминдер мен атаулар кездесетіні анық. Мысалы: жер, күн, жұлдыз, ай, шырақ, аспан кеңдігі, әуесіз аспан кеңдігі, аспандағы доб, небтін (нептун), ұран (уран), сатырын (сатурн), ійупітер (юпитер), орбыйта (орбита), меркүр (меркурий), марыс (марс), мердіиен, жеті қарақшы, темір қазық, кемпір қосақ, шолпан, пыланет, қолтықтағы пыланеттер, жұлдызшы, ұйалы жұлдыз, егіз жұлдыз ұйасы, он екі ұйалы жұлдыз, құйрықты жұлдыздар, көшбейтүн жұлдыздар, жұлдыз жауыны, тобтанған жұлдыз, ақ жұлдыздар, сары жұлдыздар, қызыл жұлдыздар, дүнійелік тартыу, пызыкеші, майетнік, дөңгелек жолымен айналады, жер добы, жердің сабы, терістік, түстік, күн мен түн теңелетүн, тең уақыт, геугырапыйе, пөліс, күннің жарық сәулесі, бысокос жыл, қалыбты жыл, иыулыйен календары, гірігорійен календері, астырономыйа, жаңа календер, потоспере, кыймыйе, қыромо–спере, күннің ұрасы непіротұубереніс, күн тұтылыб, күннің тажы, гырадыс, әуе, сұу, бұлыт, тыман, айдың сұрғылт сәулесі, ай мен күннің тұтылыуы, тұтылыс, екілібтік, сарос, уақыт кесігі, күннің күміс дөңгелегі, күннің әппақ дөңгелегі, жомарт, ақ шелек күн, күннің жарық сәулесі, күннің бетіндегі секбіл, елійпіс, геркүлес, лыйра, комете, ұзын құйрықты үлкен кометелер, комете құйрығы, соқба комете, комете жермен сүзіседі, газ, елібіс, қатерлі пыланет, жылылық, үстіңгі әуе, ұшқыш, дүнійенің тозаңы, метеуір, метеуір темірі, болмыс, жаңа уақыттық жұлдыз, тыман-бұлыттар, жер аударған, жарығы төмендеу, жұлдыз жарығы айнымалы, егізденіб көріну, маталған жұлдыздар, іспектір сыны, күннің іспектірі, қырлы шыны, әмбілійтыуда, шамдал, сатырынның білезік – шеңбері, йінкібізетсійе, електір, магініт, електір-магініт күші, електырон, терістік сәулесі.

Сонымен қатар Ә.Бөкейхан жаңа атау, терминдердің қазақша атауын, баламасын берген.

Геуметірійе  (геометрия) жер өлшеу білімі
Гергырапыйе (география) жер жазыуы
Обсербаторыие (обсерватория) қарауыл үй
Микроскоп қырағы түтік
Телескоп телескоп
Компас құбыланама
Бенере (Венера) шолпан
Комете құйрықты жұлдыз
Күн мен пыланеттер күн қотаны
 Күн, ай, жұлдыз аспан кеңдігіндегі шырақтар
жанартау от құсқыш тау

Сол кезеңдегі қазақтың төл сөздерінің де, жаңа терминдерінің де орфограммасы үндестік заңында жазылды. Мысалы: кітеб, жұуан, сұлыулық, сұурет, тартыу, жаныуар, тартыб, ұстаб, балыуан, кемій, көтеріу, дүнійелік тартыу, сұу, бұу, сұуық, шаңарағы, тұуғызады, ырас, жаратыушы, батса (патша), жанұуарда, ұуаделестік, сійрек т.б.

Н.Төреқұловтың «Қазақ тіліне кіретін жат сөз болса, қазақтың тымағын киіп, жалпақ қазақ сөзі болып кірсін» дегеніндей, ХХ ғ. басында кірме сөздерді қабылдауда үндестік заңын сақтап жазу басты қағидат болып алынғаны мәлім. Бұл еңбекте де сол ұстаным басшылыққа алынған: мүлійен (миллион), келеметір, сыпыр (цифр), март, ыйұн (июнь), ійүн (июнь), сентебір, декебір, пебірел, октебір / өктәбір, менүт, секүнт, нөл, геугырапыйе (география), телегыраб, телепон, от арба, тырамбай, пойыз т.б.

Халық, ел атауларының берілуі: полек (поляк), католык (католик), інгіліз / ынгылыз / аңглез (ағылшын), францұз, гірек, шыбет (швед), пын (фин), естон, пырансыз, ыиталыиелык, Аңгылыйе, Ыскандынебійе, Апіріке, Түстік Америке, терістік Әміріке, Кіндік Түстік Франсия, Ең-Мұрт, Ақ теңіз қабағы, Еурупа.

Жалқы есімдердің берілуі де үндестік заңына сай жазылған: Копернык ұлы Ныиколай, Ром қаласы, Бетыр мен Пабыл (Петр, Павел), Жордан Быр Ыунон, Гамылтон тауы, Мысыр, Гершел, Леберыие, Адамс, Боде, Ныйыутон, Пырансұз Пүуко, Парыж, Пырансыйе, Йіулій Сезер, Кырыгорый ХІІІ, Айса, Менделейұлы, Үнді мұқыйты, Пілійпін аралдары, Герменійе, Іресей, Ауропа, Ыстамбұл, Рыга қаласы, Пын түбегі, Бөргі қаласы, Ыйталыйа, Пізе қаласы, Галылей, Қам қаласы.

ХХ ғасыр басындағы қазақ тілінің ғылыми стилінің қалыптасуына назар аударатын болсақ  ғылыми фразеологизмдердің, ғылыми тіркестердің мәні халықтың танымымен байланысты дамығанын көреміз.

Ғылыми фразеологизмдер: білім тезіне салып тексерелік – талдау; білім аты шаппай тұрғанда – ілім, ғылым дамымай тұрғанда; білім иелері – білімпаздар; химия тезіне салып жіберсе – химиялық талдау жасалынса; дәлелді тежейік те әңгіменің іргесіне тоқтайық – дәлелді тоқтата тұрып, негізгі бөлімге тоқталайық; ерлік ұрығы – сперма; білім тексере келе – зерттей келе, өсімдік баққан ел – егін шарушылығымен айналысатын ел, білім тезіне салып сынаған білім иесі – ғылыми зерттеу жасаған ғалым; жұқпалы ауруға ұя болады – жұқпалы аурудың ошағы болады  т.б.

Метеорология сөзінің анықтамасын былайша анықтап береді: «Ыстық-суық, жел, тыныштық, ашық-жарық күн райын бағатын білім – метеорология»

Қорыта келе айтарымыз, Әлихан Бөкейханның астрономия бойынша аударып жазған еңбектері қазақтың ұлттық ғылым тілін дамытуға үлес қосты және астрономиялық терминдерге балама тауып, жаңа жолдарды іздестіруге, зерттеуге септігі тиер деген ойдамыз.

Гүлжиһан Көбденова

«Ана тілі» газетінің штаттан тыс тілшісі

13659 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы