• Тарих
  • 06 Желтоқсан, 2018

МАҢҒЫСТАУ – ӘУЛИЕЛЕР МЕКЕНІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаны белгілі. Автор ел тарихына жаңаша көзқарас тұрғысынан қарап, халқымыздың ежелгі тарихын қайта зерделеу, түрлі пайымдарды қайта тұжырымдау қажет екендігіне назар аудартады. Қазақ халқының әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесін қайта саралап зерттеу жүргізуді ұсынады. Аталған жобаларды «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастыратындығын айтады. Бұл бағдарламалық мақала – осыдан бір жарым жыл бұрын жарияланып, елімізде қызу қолдау тауып, оның бағыттарын іске асыруға жұмыла кірісудің негізінде Маңғыстау облысында да атқарылған біршама шара ойға оралған еді. Баршамызға мәлім, Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Н.Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ел дамуы­ның жаңа кезеңіне арналған тарихи маңызы зор туынды. Бағдарламалық мақала­ның өзегінде ұлттық сананы дәуір сұра­ныстары мен қажеттіліктеріне орай бейім­деудің, мемлекет пен қоғам алдында тұрған міндеттерді іске асырудың нақты ба­ғыттары белгіленген болатын. 

Биылғы 2018 жыл – Маңғыстау жұрты үшін аса маңызды оқиғалардың бірі де бірегейі болған Каспий маңындағы бес мемлекет басшыларының Каспий теңізінің мәртебесін айқындап белгілеуге арналған Ақтаудағы Саммитін алдымен айтуға тиіспіз. Осынау дүниежүзілік маңызға ие ша­раны тыңғылықты дайындауға және оның тиянақты өткізілуіне тиісті органдар мен құрылымдар қызметкерлерін шебер үйлестіріп жұмылдыра білген өңір басшысы – Маңғыстау облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов үлкен іскерлік танытты. Осы саммитке қатысу үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Маңғыстау облысына келген сапарында облыс активімен кездесуінде сөйлеген сөзінде Каспий маңындағы өңірлердің бүгінгі күнгі геосаяси кеңістіктегі алатын орны мен маңызына айрықша тоқталды. Теңіз жағалауын мекендейтін халықтардың ғасырлар бойы өзара тарихи, мәдени, рухани тығыз байланыста болғанын баса айта келіп, тарихи-мәдени ескерткіштері көп, ашық аспан астындағы мұражай болып саналатын өлкенің болашақтағы өсіп-өркендеуі әр уақытта өзінің бақылауында болатындығын жеткізді. Мұнда әуе, авто, теміржол, паром және теңіз көліктерінің желісі тоғыс­қан. Каспий теңізі мәртебесінің айқын­далуымен өңір, еліміздің көлік-логистика орталығына айналады деп пайымдады. Каспий маңы мемлекеттері басшы­лары­ның Бесінші саммиті өте жоғары дең­гейде табысты өтті. Аса маңызды ха­лықаралық жиынға Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түркменстанның президенттері қатысты. Тараптар ­Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі, теңізде экономика, көлік-транзит, экология, қауіпсіздік және басқа да салалар бойынша ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылады. Бес ел басшылары ­Каспий теңізінің мәртебесін айқындап, Ақтау Конвенциясын қабылдады. Бұған бүгінгі әлемдік кеңістіктегі елдер бұ­қаралық ақпарат құралдары арқылы өз мүддесі тұрғысынан Каспий теңізі ар­қылы Маңғыстау аймағымен ынтымақ­тастық қарым-қатынас жасауға деген қызығушылығын білдіріп жатты. Бұл – еліміздің, оның ішінде Маңғыстаудың мәртебесін бұрынғыдан да биікке көтеріп, ел рухын тағы бір мәрте асқақтатты. Маңғыстау өңірі мен Ақтау қаласы еліміздің сән-салтанаты үйлесімді жарас­қан, қазына байлығының молдығы, білімі мен біліктілігі жоғары жігерлі жандардың қарымдылығының арқасында көлік-логистикалық орталығы болып табылады. Бұл – Маңғыстауда өткізілетін мәдени-ру­хани тағылымы мол, маңызды іс-шара­лар­дың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік беруде. Ералы Лұқпанұлы облысқа әкім болып келуімен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді іске асыруға ерекше ден қойылды.Бағдарламада халқымыздың ежелгі кезеңіндегі, бүгінгі кездегі және болашақта рухани-мә­дени қазынасын, оның даму бағыты айқын­далғаны белгілі. Өңір басшысының бастамашылығы мен ұйытқы болуының және осыған тиісті мемлекеттік органдар мен қоғам­дық ұйымдарды жұмылдыруының нәтиже­сін­де өңірде табысты өткізілген тарих, мәдениет, әдебиет пен өнер және спорт салаларын қамтыған көптеген мәнді де мағыналы іс-шаралар іске асырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бекітілген жобалар бойынша киелі Маңғыстау жерінде мемлекеттік бюджеттен тыс ел азаматтарының демеушілігімен 12 млрд теңгеге жуық қаражат халық игілігіне жұмсалған. 30 спорттық кешен мен алаң­дар салынып, 50 орта мектеп қажетті спорт­тық құралдармен қамтамасыз етілді. Жас мамандарға арналып 500 орындық 2 жатақхана салынды. «Жасыл мектебім, жасыл мекенім» жобасы іске асырылып, мектеп жанынан 19 жылыжай бой көтерді. Ақтау қаласының 15 шағынауданының теңіз жағалауынан қазіргі заманғы архитектуралық пішінде амфитеатр салынып, пайдалануға берілді. Мұнда ұзындығы 70 метр болатын сахнада бір мезетте мың өнерпаздың өнерін 25 мың көрермен тамашалай алады. Сахна төріндегі орталық бағана үстіне биіктігі 4 метр 20 см болатын «Суын айғыр» мүсіні орнатылған. Мұнда фестиваль, концерттер мен түрлі мәдени іс-шара ұйымдастыруға өте ыңғайлы жағдайлар қарастырылған. Қала тұрғындары мен қонақтарының және балалардың тынығуына жайлы орындықтар қойылған. Ақтау қаласының 34 шағынауданында архитектураның соңғы үлгісімен «Достық үйі» салынып, пайдалануға берілді. Бұл кең сарайға «Қоғамдық келісім» мекемесі мен өңірдегі 20 этномәдени бірлестікті біріктіретін Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, Аналар кеңесі, ғылыми-сарапшылық кеңесі және облыстық қазақ тілі қоғамы мен ақсақалдар кеңесі орналасқан. «Достық үйі» сарайында 30 және 60 орындық екі конференция залы, 420 орындық акт залы, 60 орындық салтанат залы, 90 орындық кинозал мен 90 орындық дәмхана келушілерге мінсіз қызмет көрсетуде. Осындай сәнді де зәулім ғимарат облысты мекендейтін ұлт өкілдерінің игілігіне қызмет етуде. Кино өнерінің әлемдік деңгейдегі жарық жұлдыздарының бірі, халқымыз­дың әйгілі актері, Қазақ КСР-нің халық әртісі Нұрмұхан Жантөринге өз есімімен аталатын Маңғыстау облыстық драма театрының алдында еңселі ескерткіш орнатылды. Жергілікті кәсіпкерлердің қаражатына тұрғызылған ескерткіш Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдық мерейтойы құрметіне тамаша тарту болды. Ескерткіште Нұрмұханның ой үстінде отырған сәті бейнеленген. Мүсіннің биіктігі – 2 метр 7 см. Тұғыры гранит тас­тан жасалған. Жалпы биіктігі – 4,5 метр. Авторы – жергілікті мүсінші Көшер Байғазиев. Осының бәрі бүгінгі өскелең ұрпақты, алдымен, елінің тәуелсіздігі мен халқының бостандығы жолында күрескен тарихи тұлғаларды, олардың ел алдында сіңірген еңбектерін көпшілікке танымал ету, үлгі-өнеге ету арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін ауадай қажет. Осы мақсатта Маңғыстау облысының әкімдігі мен ТҮРКСОЙ-дың бастамасымен ­Каспий жағалауы елдерінің ІІ Халықаралық ­театр фестивалі өткізілді. Фестиваль ұлттық ­театр мен кино өнерінің саңлағы Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдығына арналған фестивальдің ашылуында сөз алған облыс әкімі Ералы Тоғжанов: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл екінші рет өткізіліп отырған Каспий жағалауы елдерінің театр фестиваліне көршілес мемлекеттер театр­лары тарапынан қызығушылық өткен жылмен салыстырғанда жоғары болып отыр. Былтырғы жылы осындай өнер мерекесіне 4 елден 6 театр қатысса, биыл бес елден сегіз театр қатысып, сахналық шеберліктерін сарапқа салды. Бұл – тарихы мың жыл­дық­тардан тамыр тартатын мәдени және рухани байланыстарымызды одан әрі жалғастырып, нығайтуда мүдде-мақсаттарымыздың бірлігін меңзейді» деді. Шараның мақсаты – ұлы актердің рухына құрмет көрсете отырып, Каспий жағалауы елдері театрларының мәдени-рухани ынты­мақтастығын арттыруға ықпал ету; театр­лардың шығармашылық бастамаларын ынталандыру, көрермендер назарын заманауи шығармашылық үрдістерге ­аудару. Аталған фестивальге классикалық немесе ұлттық қойылымымен Иран, Әзербай­­жан, Ресей, Түркменстан мен ­Қа­зақ­станнан барлығы сегіз театр қатысты. Каспий теңізінің жағалауымен серуендеуге арналған «Жартасты соқпақ» жобасы қолға алынып, қысқа мерзімде қатарға қосылды. Түнгі мезгілде жарық шамдар жарқырай жанып, жартастар қызылды-жасылды түс пен реңкке бөленіп құбылады. Осынау ғажайып жобаның ауданы 6 мың шаршы метр. Жаяу жүр­гіншілер 4-ші «а» шағын ауданындағы теңіз­дің жартасты бөлігінен басталады. Теңізбен астастырылған соқпақ бойымен жарқыраған жартастар, түбек тарихынан сыр шертетін түрлі таңбалар мен бейнелер жағалау бойымен жүруге қолайлы сүрлеу жол әр адамның көңілін көтеріп, елі, жері үшін бойыңа мақтаныш сезімін құяры сөзсіз. Ұлттық руханият саласында ­халық­ара­­лық және республикалық деңгейде ұйым­дастырылған мәдениетімізді, әдебиет пен өнерді көпшілікке танымалдау бағы­тындағы шаралар да көрермендердің көңілінен шығуда. Бұл да облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен маңғыстаулықтардың, оның ішінде осы шараларды ұйымдастыруға тартылған әрі жауапты мемлекеттік мекемелердегі білікті мамандар мен жігерлі жастардың тікелей атсалысуы, қатысуының арқасында мүмкін болғанын көріп отырмыз. Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік бағдар­лама аясында мемлекеттік тілді дамыту, қолданылу аясын кеңейту бағытында біршама жұмыстарды атқаруда. ­Сондай шаралардың бірі ретінде оқушылар ­арасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының идеяларын іске асыру мақсатында байқау өткізіп келеді. Биылғы жылғы байқауда: Елбасы Н.Назарбаевтың еңбектері; Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің тағылымы; Халық жазушысы Ә.Кекілбаевтың шығармашылығы; қазақтың салт-дәстүрі деген төрт тақырып бойынша өткізілді. Конкурсқа қатысқан мектеп оқушылары мен колледж студенттері аталған тақырыптар бойынша ізденіспен кітаптарды оқып, зерделеп жазғаны қуантты. Конкурсқа облыстың барлық аудан-қалаларындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттерінен 144 жұмыс келіп түскенін, жылдан-жылға конкурсқа қатысу­шылар санының артуымен қатар, жұмыс­тар сапасының да жақсарып отырға­нына көз жеткіздік. Жиында сөз алған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Р.Сәкеев облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің жүргізіп отырған игі жұмысына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта шығарманы елімізде қолға алынып отырған латын қарпімен жаздыруды жолға қою жөнінде ұсынысын айтты. Елімізде рухани жаңғырудың негізгі өзегі – қазақ тілінің латын графикасына көшуі мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтетін факті екендігі баяндалады. Мемлекеттік тілдің дамуы мен өрісін кеңейтуде Елбасының жоғарыда аталған бағдарламалық мақаласында айтылған тұжырымдарының маңызы зор. Осындай шаралар арқылы оқушы жастарға мемлекеттік тілді меңгеруге, ұлттық санасын оятып, елдік мүдде тұрғысынан ойлауға бағыттап тәрбиелеуде тарихи ескерткіштер мен мұраларды насихаттаудың маңызы зор. Облыста осы бағытта тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, жаңғырту жөніндегі әдістемелік кеңес жұмыс істейді. Кеңестің бірнеше отырыстары өткізіліп, осы бағыттағы жұмысты жандандыру жөнінде бірқатар маңызды ұсыныстар берілген. Осыларды іске асыру нәтижесінде біршама оңды шаралар тындырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыруда «Қазақ­станның жалпыұлттық қасиетті орындары» жобасына республика бойынша 100 нысан, оның ішінде Маңғыстау облысынан 15 киелі нысан енгізілген.Олардың қатарында Шопан ата, Шақпақ ата, Масат ата, Қараман ата, Сұлтан үпі орта ғасырлық жерасты мешіттері, Бекет атаның мешіттері, Кіші жүздің батырлары, билері мен ру басылары жерленген пантеон – Сисем ата қорымы, «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешені, ЮНЕСКО-ның алдын ала есепке алу тізімінде тұрған орта ғасырлық «Қызылқала қалашығы», Форт-Шевченко қаласындағы Т.Г.Шевченконың мемориалды кешені, сондай-ақ Барақ Сатыбалдыұлы, ­Балуанияз Мүсірепұлы, Иса Тіленбайұлы және Досан Тәжіұлы секілді батырлар бар. «Қазақстанның киелі жерлерінің геог­рафиясы» жобасы аясында өңірлік киелі орындардың тізіміне Маңғыстау облысынан жергілікті маңызы бар 28 киелі нысан енгізілген. Олар: Ман ата, Қаңға баба жеріндегі Мақтым баба, Есен ата, Қошқар ата, Темір баба, Хатам (Сейіт) ишан, Күйеу там, Оғыланды ата, Есмәмбет әулие, Тобықтыдағы Бекет ата мешіті, Кенті баба, Ержан хазірет, Бейнеу ауданындағы Қыз әулие, сынықшы Қыдырша ата, Бекбаулы ата тәрізді киелі орындар. Шопан ата қорымына жақын қола дәуірінің Ұлыкіндікті діни-қабірлеу кешені, Ақбота Бектұрлыұлы Көркембай ахун мешіті, табиғи ландшафты орындар ретінде Үстірттегі Бозжыра тауы, Қаратау бөктеріндегі Шерқала тауы, ­Самал сайы және Айрақтыдағы таңбалар, Қараған түбектегі Тамшалы, ­Саура сайлары. Қашаған жырау мен Нұрым жыраулардан «Қырымның қырық батыры» жырлар желісін үйреніп, біздің заманымызға жеткізіп, қағаз бетіне түсуіне септігін тигізген ұлы жырау Мұрын-Тілеген Сеңгірбекұлының (1859-1954) тұрған үйі, ұстаханасы, тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар қатарында маңғыстаулық Құлбарақ батыр әулие (1790-1832), Маңғыстау түбегіне алғаш жерленген адай баласы Бердалы Отарұлы (1727-1770), Маңғыстау өңірінің, қалың елдің көреген көсемі, сөз ұстаған шешені атанған Айтқұлұлы Атағозы батыр (1704-1794) жерленген қорымдар да бар. «Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары» тақырыбында халықаралық кешенді экспедициясын ұйымдастыру жұмысы жүргізілуде. Биылғы жылы экспедицияның Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қаласы тұрғындары арасынан ХХ ғасырдың 20-30 ­жылдарына қатысты этнографиялық мәліметтер жинақтау, белгілі неміс этнографы Рихард Карутц жолымен, «100 жылдан соң» ғылыми бағыттары бойынша 2-туры ұйымдастырылып өткізілді. Экспедиция жұмыстарына жергілікті тарихшы-өлкетанушылармен қатар, Ресей этнографиялық музейінің Кавказ, Орта Азия, Қазақстан этнографиялық бөлімінің мамандары, тарих ғылымының кандидаттары Л.Ф.Попова, Е.Л.Кубель, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркология ғы­лыми-зерттеу институтының ­директоры, теология ғылымының докторы Д.Кенжетай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Т.Қартаева, «Архрест» ескерткіштерді қайта қалпына келтіру мекемесінің бас архитекторы, Халықаралық архитектура академиясының Мәскеу бөлімінің профессоры С.Ағытаев қатысты. Экспедицияның «Маңғыстаудағы ноғайлы кезеңі (15-17)» бағыты аясында «Қарауылкүмбет» орта ғасырлық күмбезтамына археологиялық аршу жұмыстары жүргізілді. Биылғы қыркүйек айында «Маңғыстау мен Үстірттің құдық-шыңыраулары, сак­ралды нысандары, жерасты мешіттері, эпиграфикасы, петроглифтері» ғылыми бағыттары бойынша экспедицияның 3-туры өткізіліп, қорытындысы бойынша деректі фильмдер «Ел арна», «Kazakh TV» және «Хабар 24» телеарналарында көрсетіліп, көрермендерге ұсынылды. Маңғыстау өңірінің тарихи және мәдени нысандарын, жергілікті бағалы құндылықтарды, табиғи ландшафттар негізінде қалыптасқан мұраларды, тарихи архитектуралар, ескерткіштер, кесенелерді қорғау, жаңғырту, сондай-ақ тарихи және саяси маңызы бар оқиғалар орындары туралы ақпаратты халық арасында таратып, кеңінен ­насихаттау мақсатында Интерактивті карта жобасы жасалды. Аталған жоба «Рухани жаңғыру» және «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары аясында әзірленгенін айта кетуіміз керек. Бұл –Маңғыстау облысындағы Қазақстанның 100 объектісінің ұлттық тізіміне және жергілікті маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілген жерлерді цифрландыру мақсатында жасалған. Бұған тарихи және мәдени маңызға ие нысандар мен орындарға табиғи ландшафттар мен мәдени мұралар, діни сәулет ескерткіштері, кесенелер, сондай-ақ халықтың жадында сақталған құндылықтарға ие тарихи және саяси оқиғалар болған жерлер кіргізілген. Аталған Жобаны алдағы уақытта да тарихи, мәдени және археологиялық құндылықтармен толықтырудың шаралары белгіленген. Маңғыстау өңірі, оның ішінде Ақтау қаласы Халықаралық және республикалық спорт жарыстары өткізілетін халықаралық стандарттарға сай келетін орынға айналып отырғанын да мақтанышпен айта аламыз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бекітілген жобалар бойынша киелі Маңғыстау жерінде мемлекеттік бюджеттен тыс ел азаматтарының демеушілігімен 12 млрд теңгеге жуық қаражат халық игілігіне жұмсалған. 30 спорттық кешен мен алаң­дар салынып,50 орта мектеп қажетті спорт­тық құралдармен қамтамасыз етілді. Жас мамандарға арналып 500 орындық2 жатақхана салынды. «Жасыл мектебім, жасыл мекенім» жобасы іске асырылып, мектеп жанынан 19 жылыжай бой көтерді.

Облыс, қала әкімдерінің тікелей қолдауымен дене шынықтыру мен спорт саласы серпінді дамып келеді. Тек соңғы уақыттың өзінде Ақтау қаласында әйелдер арасында шахматтан Халықаралық біріншілік пен бокстан ерлер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты секілді ірі жарыстар табысты өткізілді. Бұл – қазіргі заманға сай спорт кешендері мен спорт залдары облыстың ауылдық жерінде де салынып, халықтың, әсіресе жастар мен жасөспірімдердің спортпен және дене шынықтырумен айналысуына мол мүмкіндік жасалып отырғанын айғақтайды. Облыс спортшылары ұлттық спорт түрлерінен де жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, оның бұқаралық сипат алуына лайықты атсалысуда. Бұдан бөлек, облыстан тысқары өңірлерде өткізілген қазақ күресінен, дзюдодан, каратэден, стендтік атудан, суда жүзуден республикалық жарыс­тарда маңғыстаулық спортшылар жүлделі орындарды иеленіп, жаттықтырушылар мен жан­күйерлерін қуанышқа бөлеуде.

[caption id="attachment_50707" align="aligncenter" width="1000"]Елбасының облысқа сапары кезінде Елбасының облысқа сапары кезінде[/caption]

Енді осы мақаланы жазуымызға түрткі болған, жоғарыда айтып өткеніміздей, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын зерделей қарасақ, мақа­ланың кіріспе бөлігінде «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» дей келе, «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс» екендігіне оқырман назарын аудартып, бірінші тарауында оған рет-ретімен, яғни «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деген тарауында «Атқа міну мәдениеті»; «Ұлы даладағы ежелгі металлургия»; «Аң стилі»; «Алтын адам»; «Түркі әлемінің бесігі»; «Ұлы жібек жолы»; «Қазақтан – алма мен қызғалдақтың отаны» деген та­қырыптармен дәйектендірген. Ал «Тарихи сананы жаңғырту» деп аталатын екінші тарауында «Архив – 2025»; «Ұлы даланың ұлы есімдері»; «Түркі әлемінің генезисі»; «Ұлы даланың ежелгі өнер және тех­нологиялар музейі»; «Дала фольк­лоры мен музыкасының мың жылы»; «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деген тақырыптарымен дәлелді дәйектер келтіреді. Өткен тарихымыздың белгісіз қырларын ашу үшін осы саладағы мәселелермен айналысатын мекемелер мен кәсіпорындар жұмысының жаңаша бағыттары айқындалмақ. Ұлы дала жерінен табылып жатқан ежелгі тарихи орындар, ондағы археологиялық құндылықтар халқымыздың ежелгі дәуірдің өзінде адамзаттың материалдық және рухани игіліктеріне лайықты үлесін қосқандығын айғақтайды. Қазіргі ­за­манғы өркениеттің дамыған, ғылым мен техниканың, әсіресе электроника құдіретінің шарықтап өрлеген кезеңінде тарихшыларымызға, археологтарымызға, өлкетанушыларға және осы салаға қатыс­ты басқа да ғалымдарға, осы іске жауапты тұлғаларға тарихтың белгісіз қырларын мұқият жан-жақты зерделеп, ғылыми тұрғыдан тұжырымдауды ұсынады. Бүгінгі күнде облыста «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы бойынша екі жүзден астам жоба іске асырылуда. Енді алдымызда осы жобаларға қоса, тарихты жан-жақты зерттеу жүргізу, археологиялық қазба жұмыстарын жал­ғастыру, өңірдегі тарихи, мәдени ескерткіштердің құпия сырларын ашып, ортақ игілікке айналдыру үшін қайта жаңғыртып қалпына келтіру, ­тарихи тұжырымдарды жаңаша көзқараста қалыптастыру, еліміздегі және шет елдердегі архив қорларында сақталып қалған әр дәуірдегі қазақ халқына қатысты, оның ішінде Маңғыстау өңіріне қатысты архив материалдарын, құнды құжаттарын іздеп табу және осыларды халқымыздың ортақ игілігіне айналдыру міндеттері қойылып отыр. Елбасының рухани жаңғыру саласында ұлттық тарих, ұлттық мүдделер (оның ішінде қазақ тілін латын қарпіне көшіру) тұрғысынан алдымызға қойып отырған ауқымды міндеттерді өңірдің бүгінгі ардагер азаматтары мен электрониканың құдіретін меңгерген кәсіби жоғары, білікті де жігерлі мамандары осы саланы да цифрландыру жолымен абыроймен іске асыратындығына кәміл сенеміз.

Бектұр Төлеуғалиев, Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы

2394 рет

көрсетілді

70

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы