• Тарих
  • 06 Желтоқсан, 2018

ҰЛЫ ДАЛА ТАРИХЫ – ҰЛТ ТАРИХЫ

Қазақстан Республикасы жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Қазіргі заманның бір ерекшелігі – жаһандану үдерісінің белсенді қарқын алуы. Бұл – ширек ғасыр бойында өз алдына дербес ел болған мемлекетіміз үшін аса жауапты шақ екені  даусыз. Жаһандану үдерісіне Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылғандай «...өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз». Осы орайда Қазақ­стан қоғамында рухани жаңғыру бағ­дарламасы аясында кешенді түрде ауқымды шаралар назарға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев ағымдағы жылдың 21 қарашасында тарихи сананы одан әрі жетілдірудің заманауи үлгісін ұсынып, «Ұлы даланың жеті қыры» атты еліміздің болашаққа бой сермей­тін, бағдарын айқындайтын, халықтың сенімділігін арттырып тарихи санасын жаң­ғыртуға жаңаша жол ашатын тың бас­тамалар негізіндегі мақаласын жариялады. Бұл мақала «Қазақстан – 2050», «Мәдени мұра», «Мәңгілік Ел», «Халық тарих тол­қынында» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегияларымен үндесетін тарихи-мәдени серпілістің айқын көрінісі, отандық патриотизмді, ұлттық сананы жандандыратын, халқымызға рух беретін құжат деуімізге болады. Елімізде қоғамдық-саяси жаңғыру өз кезегінде рухани қайта түлеу не­гізінде жалғасын тапқан сәтте, тәуелсіз еліміздегі азаматтардың тарихи санасын қалыптастыра отырып, Ұлы дала тарихының қазыналарын толық­тыру және егемен еліміздің жаһандық тарихтағы өзіндік орнын айқындау мемлекеттік саясат­тың басым бағытының негізгі көрсет­кішіне айналды. Елбасының аталған бағдарламалық мақаласында айтылған ұлы даланың жеті қыры және тарихи сананы қалыптастыру жолындағы игі бастамалары тарихшылар үшін жылдар бойы қалыптасқан бағыт-бағдарына жаңа серпін бере ­отырып, абыройлы міндет те жүктеп отыр. Рас, ұлтымыздың тарихы бір-екі ғасырлық тарихи оқиғалардан тұрмайды. Сақ, ғұн, түркі дәуірі мен моңғол шапқын­шы­лығы тұсындағы тарихи оқиғалар қазақ жерімен тығыз байланысты. Осындай сан ғасырлық тарихи үдеріс­тер барысындағы өткен оқиға­лар­дың желісі мен мағынасы – бүгінгі ұрпақ үшін үлкен сабақ, тарихи тағылым. Ұлы Дала жерін түрлі тарихи кезеңде мекен еткен тайпалар мен олардың құрған мемлекеттері қазақ тарихының ажырамас бөлшегі болып табылады. Көшпелілікті өмір салты етіп таңдап алған ата-бабаларымыз ұзақ ғасырлар бойына өзіндік ерекшелік пен бірегейлікке құрылған мәдениеттің негізін қалап, өркениеттілікке қол жеткізе алды. Алайда бабаларымыздың бұл жетістіктері ескерусіз қалып, тіпті мойындала да қойған жоқ. Өркениет пен мәдениеттің бас­тауын Еуропадан іздеген еуроцентристтік зерттеушілер көшпелі қоғамды жабайы қоғам ретінде елестетіп, өркениеттен гөрі тағылыққа жақын деп санады. Бұл бір жақты пікірдің шындыққа жақын емес екендігін кәсіби тарихшылар терең түсінгенімен, еуроцентризммен санасы шырмалған қалың көпшіліктің көзқарасын толықтай өзгерту ісі әлі де болса жүйелі шешімін таппай келгендігі шындық. Сөзсіз осы тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының жарық көруі аталмыш бағыттағы жұмыс­тарды бір жүйеге келтіруі тиіс. 2014 жылы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Елбасы «Қазақтың ұлттық тарихы – теңдессіз тарих» деген болатын. Рас, ұлтымыздың тарихында бүгінгі ұрпақ қымсынып, ұялатын ешқандай оқиғалар жоқ. Керісінше, халқымыздың дүниетанымының негізі болған көшпелі бабаларымыздың қоршаған орта мен дүниеге деген көзқарасы, ұлан-ғайыр атырапты сақтап қалу жолындағы ерлікті әрекеттері, жауынгерлік рух пен адамгершіліктің бас­ты қағидаттарын ұстануы тек мақтауға лайық. Қазақстан территориясы ежелден адамзаттың мекен еткен тұрағы. Оның дәлелі бүгінгі археология саласындағы жетістіктер деп айтуға толық негіз бар. Бабаларымыз алғаш болып жылқыны қолға үйретіп, сол заманның анық мықтыларына айналды. З.Сәбитованың «Тюркский кентавр: языковые ствидетельства в русском языке» атты мақаласында сақтар, массагеттер мен сарматтар, ғұндар мен аландар жылқыны алғашқы болып әскери салада пайдаланып, б.з.д. VII ғасырдың өзінде-ақ Таяу Шығыс пен Шығыс халықтарын өздеріне бағындыра алғандығын айтады. Бес қаруын асынып, жылқы үстінде отырған бабаларымызды көрген еуропалықтар өздерінің мифологиясына кентавр, яғни адам денелі жылқы бейнесін енгізді. Ал жылқыны соғыс құралы ретінде пайдалануды үйренсе де, еуропалықтар ғұндардан жеңілуге мәжбүр болды. Оның себебін қарастырған зерттеушілер ғұн әскерінің ат әбзелдерін ұтымды пайдалануында деп тапқан екен. Нақтырақ айтқанда, ат үстіндегі сарбаздың тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, аттан құлап қалмауына жағдай жасайтын үзеңгіні пайдалануы. Демек, тек жылқы ғана емес, ­сонымен қатар көшпенділер қажеттілікке сай ат әбзелдерінің де шебер ойлап табушылары болды. Көшпенділер құрған мемлекеттердің өзіндік ерекшелігі болды. Сондықтан болар оларды толыққанды мемлекет ретінде еуроцентристтік зерттеушілер мойындай қоймайды. Бірақ мұндай ерекшеліктер тек көшпенділер ғана емес, ерте ортағасырлық барлық мемлекеттерге де тән құбылыс болды. Сондықтан тарихымыздағы осы іс­петтес артықшылықтарымыз және же­тіс­тіктеріміздің кәсіби тарихшылар ғана емес, мемлекеттік деңгейде көтерілуі ұлт тарихына деген жаңа серпін әрі қозғалыс берері сөзсіз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақала­сының жарық көруі ұлт тарихының ұлық­талған тұсы. Тарихтың түрлі кезеңдерінде ата-бабамыз жеткен жетістіктер ұрпақ санасына берік орнығып, тарихи санасының негізгі өзегіне айналуы тиіс. Ол үлкен насихат жұмыстарына арқау болуы тиіс деп ойлаймыз. ­Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрін­де емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал» деген болатын. Демек, ұлт тарихының өзекті тұстары болашақта деректі әрі көркем фильмдердің негізгі нысанына айналуы керек. Сонымен қатар балаларға арналған мультхикаялар да тарихи сананы қалыптастырудың таптырмас жолы. Рас, ұлт тарихына деген көзқарасты анықтап алмай, әрі бабаларымыздың жүріп өткен жолына деген біржақты және теріс көзқарасты жоққа шығара­тын іргелі еңбектер жазылмай ұлт тарихын ұлықтау әсте мүмкін емес. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов «Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих» деген болатын. Демек, тарихымызды бүтіндеу – өскелең ұрпақ тәрбиесінің толыққанды болуының басты кепілі болмақ. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында бүгінгі күнге дейінгі өткенімізді саралап, бүгінімізді салмақтай таразылап айтып келе жатқан ұшқыр ойлары мен тұжырымдары жинақталып, барша Қазақстан жұртшылығына ерекше үнмен қайыра жаңғырып жеткендей. Тарихымыздың мұндай міндетін бүгінгі күні университетіміздің тарихшы қауымы жеткілікті дәрежеде түсінеді. Сондықтан оқытушы-профессорлар құрамы «Ұлы дала тарихы», «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәндері бойынша әр тақырыпқа тыңғылықты дайындалып, ғылымның соңғы жаңалықтарын барынша ескеруде. Мұндағы басты мақсат – тамыры терең Отан тарихын жетік меңгерген бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Университетіміздің түлектері түрлі мамандық иесі атанып қоймай, тарихын толық меңгерген ұлтжанды азамат болып шығуы аса маңызды. Бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарлама­сының басым бағыттары мен оның заңды жалғасы болып табылатын «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы жүктелген мідеттер біздің кәсіби жұмысымыздың құрамдас бөлігіне айналды. Қазіргі таңда университеттер өзінің академиялық миссиясын білім-ғылым-тәрбие үштігі негізде атқаратынын ескерсек, бағдарламаның басым бағыттары осының үшеуінде де қамтылған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттарын жүзеге асыруда Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің ректоры Г.Алдамбергенованың басшылығымен белсенді әрі жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтсақ, қолданбалы және іргелі ғылыми, стартап жобалар, түрлі конкурстар мен зияткерлік олимпиадалар, қайырымдылық акциялары мен түрлі кездесулер, ғылыми-тәжірибелік конференция­лар ұйымдастыру, т.б. көптеген шаралар мазмұндық және тұрпаттық жағынан рухани жаңғыруға бағытталған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы студенттердің ғылыми ізденіс жұмыстарында, атап айтқанда дипломдық жұмыстар мен магистрлік диссертацияларынан көрініс тауып, студенттік клуб жұмыстарына арқау болды. Сонымен қатар рухани жаңғыру бағдарламасының басым бағыттарының бірі өскелең ұрпақ бойындағы тарихи сананың қалыптасуына үлкен мән беріліп, назарға алынған. Тарихи сананы жаңғыртуда әлеуеті зор шараның бірі білім беру бағдарламаларына арнайы пәндер енгізу деп санаймыз. Әр мамандықтың өзінің спецификалық ерекшеліктері бар жаңа пәндермен бірге, биылғы оқу жылынан бастап, университетіміздің барлық бакалавриат мамандықтарының 1 курс студенттеріне оқытылатын «Ұлы Дала тарихы» атты таңдау пәні енгізілді. Өйткені өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатын бабаларымыздың асқақ рухы Ұлы Дала жерінің баға жетпес байлығы, ұрпаққа аманат. Тәуелсіз Қазақстанның зияткерлігі жоғары әрі жаһандану заманында өзіндік нақышын жоғалтпаған ұлтты қалыптастыру саясатындағы басым бағыттарының бірі – Ұлы Дала жеріндегі тарихи оқиғалар мен құбылыстарды, халқымыздың отаншылдық рухының келбетін аша отырып, аса бай рухани тарихы бар ел ретіндегі түсінікті азаматтардың санасына берік ұялату. Ұлы Дала тарихының түрлі кезеңдері өскелең ұрпақты бір идеяға жұмылдырып қана қоймай, рухани жаңғыруына жағдай жасайтын тарихи оқиғаларға бай болғандықтан, оны жастар арасында насихаттау заман талабынан туындап отырғаны ақиқат.

Айнагүл ҚАЙЫПБАЕВА, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты

36320 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы