• Тарих
  • 06 Желтоқсан, 2018

Тарихи санамыз жадымызда жаңғырып тұр

Ақан БИЖАНОВ, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, саяси ғылым докторы

Дәл осы күндері Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи маңызы зор  бағдарламалық мақаласы бүкіл халықтың назарына ілігіп,   тарихи сананы жетілдіру мен қоғамда сілкініс тудырып,  отандық және шетелдік ғалымдар мен мамандардың қызығушылығын оятып отыр. Мақалада  Ұлы дала өркениеті мен дамуының құндылықтары арқау болған. Бұл  қазақстандық тарихи сананы жетілдіру бағытындағы «Рухани жаңғыру» атты ұлттық бағдарламаның логикалық жалғасы. Осыған орай еліміздің тарихын жаңаша зерделеп, тың көзқараспен қарау керектігін көріп отырмыз. Міне, осы тұрғыда ең алдымен гуманитарлық ғылым мен білім саласы мамандарының алдында үлкен көкжиек пен ауқымды шаралар тұр. Ең алдымен, «Біз кімбіз, қайда бара жатырмыз, нендей іс тындырдық, алдымызда қандай маңызды  шаралар тұр?» деген сауалдарға жауап іздеп, Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттерін орындау барысында  әлеуметтік-философиялық, саяси, тарихи, мәдени және ұлттық бірегейлік пен  сананы жетілдіру қажеттігі туындайды. Ұлттық тарихымыз сананы  қалыптастыратын маңызды құралдың бірі және мемлекеттің ұстанып отырған саясатын қолдау  болмақ.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тарихқа терең үңіліп, сол арқылы түп тамырымызды ­бі­луге мүмкіндік береді. Қазақстан әлем сахнасындағы жас мемлекет болғанымен, оның төл тарихы ­сонау ежелгі замандағы көне сақтардан, ғұндардан, байырғы түріктерден бастау алып, мыңдаған жылға созылады. Ұлы дала елі мәдениет пен өркениеттің бесігі, адамзаттың дамуына үлкен үлесін қосқан көптеген тарихи процестің шоғырланған орны. Біле білгенге, қазақтың тілі түркі­тектес халықтар ішіндегі ең көнесі. Біздің тіліміздегі көптеген көне сөздер өзге туыстас, тамырлас ағайындардың сөздік қорында жиі кездеседі. Әрбір сөздің байыбына барып, түп-тамырына үңілсек, түркітектес ағайындарға ортақ қаншама сөздер табылады. Сондықтан бай тіліміздің сөздік қоры орасан. Осы күндері «Философия, саясаттану және дінтану институты» өзінің алпыс жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай Алматыдағы Достық үйінде «Тарихи сананы жаңғырту ая­­сын­дағы қазіргі заманғы гумани­тарлық білім мен ғылымның жаңа көк­жиек­­тері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Институтымыздың мерейтойы қар­саңында ғалымдарымыз Мемлекет бас­шысының еліміздің бай тарихи құнды­лықтарын, бабаларымыздың ұлы жетістіктерінің рөлін, халықтың тарихи-мәдени дамуының бірегейлігін ұғыну – Қазақстанның стратегиялық бағытын іске асыру үшін берік негіз ретінде қарап отыр. ҚР БҒМ ҒК «Философия, саясаттану және дінтану институтында» жүргізілетін кешенді ғылыми зерттеулер адамның сана-сезімін, рухани жетілуі мен шығармашылық жасампаздығын, білім мен ғылым мәселелерін жан-жақты талдауға негізделген. Адами капиталды әлеуметтік-философиялық тұрғыдан зерттеуге арналған бірне­ше ұжымдық монографиялар, ғылыми мақалалар соңғы жылдары көптеп жарық көруде. Қазір елімізде латын әліпбиіне өту шарасы қызу қарқын алды. ҚР ­Пре­зидентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қазақ әліп­биін латын графикасына көші­ру жөнінде қойған міндеттерге байланыс­ты қазақ әліпбиіне көшудің тиімді жолдары талқыланып, ұсыныстар жинақтал­ды. Бұл шараға біз де белсене қатысуда­мыз. Өткен жылы бір топ ғалымдарымыз Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан елдеріне барып, тәжірибелерімен бөлісіп қайтты. Осыған орай ақпарат құралдарында көптеген ұсыныс, пікірлерімізді ортаға салдық. Кирилл әліпбиін латын графикасына көшіру арқылы қазақ тілін түбегейлі жаңғырту, оның коммуникативтік, ғылыми, технологиялық әлеуетін арттыру, қазақ тілін әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару, әліпби алмастыру арқылы рухани тәуелсіздікке қол жеткізу төңірегінде сан түрлі ұсыныстар айтылуда. Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі – ол біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру, біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Ғалымдар мен тіл мамандарының пікірінше, жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін маңызды фактор. Түркі халықтары мәдени орталы­ғының басшы мамандары қазақ тілі – барлық түркі халықтарына түсінікті тіл екенін, латын әліпбиіне көшкен кезде бүкіл түркі халықтарына ортақ әліпбиіміз болатынын айтқан еді. Сол кезде барлық түркітілдес ағайын­дар біздің толып жатқан көне мұра­ларымызды, тіпті өткен ғасырдағы қыруар еңбектерді түпнұсқадан оқи алады. Кітаптар көп кешікпей латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, тілдеріміз ұқсас туыстас ағайындармен қатар, шетелде тұратын жастарымыз да бұл құнды кітаптарды еркін оқи алатын болады. Осы тұрғыда Президент Н.Ә.Назарбаев­­­тың «Егемен Қазақстан» газетінде жария­ланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы өткенімізді сара­лап, тарихымызды түгендеп, түркі дүние­сінің жарқын беттерін зерделеу­де көптің көкейінде жүрген сүбелі ойдың мәйегін дөп басып, жан-жақты баяндаған. Біздің түп-тамырымыз түркі, мінгеніміз жылқы болғаны, халқымыз­дың өткені әрдайым жадымызда жаңғы­рып тұр, ал Тәуелсіз еліміздің бүгіні мен жарқын болашағы өскелең ұрпақтың қолында. Тарихымызға көз салсақ, айтулы тұлғаларымыз баршылық. Олардың ісі баршамызға үлгі. Ұлы тұлғаларымыз, ұлт қаһармандарының жарқын бейнесі әрдайым өнеге болуы тиіс. Қорыта айтқанда, өзінің алпыс жылдық тарихы бар институтымыздың жүріп өткен жолы осындай. Ғылым адамзат мәдениетінің маңызды бір саласы. Ол адамзат өмір сүруіндегі сан түрлі мәселелерді шешетін бір құрал. Қалыпты, үйлесімді қоғамда ғылымға да, өнерге де, философияға да, дінге де, адамзат мәдениетінің басқа да құрамдас бөліктеріне әрдайым орын табылады. Осы тұрғыда қажырлы еңбек ете береміз.

774 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы