• Тарих
  • 13 Желтоқсан, 2018

НОМАД

Жанболат АУПБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

«Комотряд!..» деді үлкендер жағы. Көріп тұрмыз, олардың екі-үшеуі аттарына қамшы басып, жарқабақтан етектегі мұзға түсе бастады. Сол сәтте Әбіш батыр түйенің қомындағы бесатарын жұлып алды да: «Әй, бізде де мылтық бар. Жан керек болса қайтыңдар» деп айғай салды. Солдаттар шамасы көштегі кісілерді құралсыз тобыр деп ойлап, елді кері қайтара айдап әкетпек болса керек. Мына дауысты естіген соң олар жағаға қарай кілт бұрылды да барлығы өзенді бойлаған күйі Іле жаққа желе жортып кете барды. Осылайша шекарадан да өттік. Алдымызда суық та сұрқай дала көсіліп жатты. Көзге қырау басқан шилер мен шоқыларда қалбаңдаған бірен-саран қарға-құзғыннан басқа ештеңе көрінбейді. Көштегі жұрт үнсіз. Әлсін-әлсін арттағы мұнарта қалып бара жатқан Қалжат қыраттарына жалтақтап қарай береді. Дариға-ай десеңізші, олардың көбі енді атажұртқа қайта оралмасын сезгендей. Міне, сол күннен бастап біздің жат жердегі өкініш пен өксікке толы өміріміз басталған еді.

— 1 —

2003 жылдың 21 маусымында ­«Известияда» жазушы-киносценарист ­Рустам Ибрагимбековтің газет тілшісімен сұхбаты жарияланды. Сонда әзербайжан қаламгері: «Дүниежүзі әлмисақтан бері гладиаторлар мен ковбойлар, самурайлар, сондай-ақ рыцарьлар туралы жақсы біледі. Енді әлемге номадтар хақында мағлұмат беретін кез жеткен жоқ па?!» деген тың ой айтты. Шынында, номадтар дегеніміз кімдер осы? Ол: «Көшпелілер!» деп айтар едік біз. Иә… иә, көшпелілер. Бұл атау кеңестік кезеңдегі тарихи оқулықтарда онша көп қолданылған жоқ. Оның орнына түземдіктер мен варварлар, яғни тағылар, жабайылар деген атауға көбірек «мән» берілді. Осы жолдардың авторы, мысалы, номад сөзін ең алғаш 1971 жылы ҚазГУ-дің ІІ курс студенті боп жүрген кезінде жазушы-ғалым Мұхтар Мағауин құрастырған «Алдаспан» жинағынан оқып білгені бар. Сөйтсек, оның мазмұны шырышы бұзылмаған арда табиғат аясындағы алаңсыз күн кешкен дала перзенттері ұғымын білдіреді екен. Ал бұл дегеніңіз көшпелілер, яғни біздің ер де өр мінезді ата-бабаларымыздың өзі емес пе?! Бір ғажабы таза номадтар, ұлы дала ұланы – нағыз нояндар кезінде өздерінің қандай жандар болғанын ірі сөзімен, кесек мінезімен дәлелдеп кеткен. Оның эталоны – ХV ғасырдағы жауынгер жырау Қазтуған мен Доспанбет. Оның образы – ХVІІ-ХVIII ғасырлардағы Жиембет пен Ақтамберді. Оның символы – ХІХ ғасырдағы қазақ даласын буырқандырып-бұрсандырған хан Кене. Ал ХХ ғасырда ше? Жоқ. Номадтарға бұл дәуір қырын келді. Оған себеп, дәл осы кезеңде олар өмір сүріп, ғұмыр кешіп келген ортаның түрлі төңкерістер сапырылысына түсіп, қоғамның сұмдық саясаттанып кетуі еді. Бұл атам заманнан бері арда табиғат аясында алаңсыз күн кешкен көшпелілерге ұнамады. Еркіндігін, бейқам тірлігін аңсап, олай бұлқынды, былай бұлқынды. Бірақ, иә, бірақ болмады... Бостандық үшін бастарын беріп тынды. Олар, мәселен, Нарындағы Құныскерей, Арқадағы Кейкі, Жетісудағы Жақыпберді сияқты арыстар-тын. Ноқтаға басы сыймаған бұл номадтардың алғашқы екеуінің есімі мерзімді басылымдардағы әр кезеңде жарық көрген мақалалардан жақсы таныс. Бұған қоса жазушы Ақан Нұрманов кезінде Кейкі батыр туралы «Құланның ажалы», қаламгер ­Марат Мәжитұлы Құныскерей жөнінде «Құмдағы із» деген романдар жазған. Ал Жетісудағы Жақыпберді мерген ше? Ол кім? Төмендегі әңгіме, міне, енді сол ­жайында болмақ.

— 2 —

Аты осы уақытқа дейін онша көп аталмай келген бұл адамның өмірі күрмеуі көп күрделі қайшылықтарға толы. Тағдыр кезінде оның ата-бабасына да сондай соқтықпалы, соқпақсыз қиын жолды ұсынған екен. Олай дейтініміз, Жақыпбердінің арғы тегі Әз Тәуке тұсында өмір сүрген Әлмерек абыздан бастау алады. Күмбезі Алматы іргесіндегі Покровка елді мекенінде тұрған осы әулиенің бел баласы Жәнібек ел аузында жалғыз жортып жау түсірген ақкөз батыр ретінде қалса, одан кейінгі ұрпақтарының бірі Пұсырман өз заманының үлкен мәмілегер адамы болыпты. Оған дәлел, Қытайда шыққан «Қазақтың қысқаша тарихы» кітабындағы: «1758 жылы қарашада Төле бидің баласы Жолан, Хангелдінің інісі Пұсырман елші болып астанаға барып, Жиянь-Лунь патшаға жолықты» (ҚХР, «Шыңжаң» баспасы, 1987 ж., 466-467-беттер) деген дерек. (Осы жерде оқырмандарға мұндағы Хангелді деп отырған кісі атақты Райымбек батырдың атасы, ал астана сөзінің Бейжің де, Жиянь-Лунь дегені Ежен хан екенін айта кеткіміз келеді – авт.). Жақыпбердінің төртінші атасы Пұсырман, міне, осындай адам болса, оның одан бергі бір бабасы Тазабек Жетісу генерал-губернаторы Г.Колпаковский әскеріне қарсы шыққан, 1871 жылы тараншылардың сатқындығы салдарынан қолға түсіп, казак-орыстардың айуандығымен атылған батыр ретінде ел аузында қалған адам. Ал одан бергі тарихқа үңілер болсақ, оның ағасы Әубәкірдің 1916 жылғы Қарқара көтерілісіндегі жанкешті ерлігі ойға оралмай қоймайды. Бұл кісінің ғаламаттығы сол, бас көтеру аяусыз басып-жаншылғаннан кейін оған жетекшілік жасаған 16 адамды Қарақол стансасының түрмесіне түн ішінде апарып атқанда, үш оқ тисе де өлмей, ­дуалдан секіріп кетіп, жасырынып тірі қалғандығы. Осы оқиға ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» романында өте шебер суреттеліп, Әубәкір аталмыш шығарманың басты кейіпкерлерінің біріне айналған. Айтпақшы, Мұхаңның Қарқара көтерілісі туралы жоғарыдағы ­туындысында өзіміз сөз етпек боп отырған Жақыпберді мергеннің де прототипі бар. Ол онда Жанпейіс деген атпен бейнеленген.

— 3 —

Осы күні баспасөз беттерінде нақты деректерге сүйенбей, «сөйткен екен», «болыпты-мыс», «солай сияқты» деген топшылауларға толы дүниелер көбейіп кетті. Біз бұл мақаламызда ондай дүдамал, сенімсіз нәрселерден бойымызды аулақ салып, нақты мәліметке сүйенетінімізді ашып айтқымыз келеді. Оған дәлел – кезінде Жақыпбердіні көзімен көрген, кейіпкеріміздің 1929-1933 жылдардағы әрекетін бала кезінде есте сақтап қалған адамды тауып, жолығып сөйлескендігіміз. Ол – мергеннің ағасы Әубәкірден туған Бәукей ақсақал. Кеңестік Қазақстандағы НЭП, кәмпеске дүрбелеңінде шекараның арғы бетіне ауып, Шыңжаңда жастық шағы өткен, есейе келе сондағы үш аймақ төңкерісі қатарында болып, Шығыс Түркістан армиясының полковнигі шенін иеленген бұл кісі қазір Алматының түбіндегі Покровка елді мекенінде Әлмерек абыз күмбезінің шырақшысы болып отыр. 81 жастағы қарияның сөзі әлі ширақ, ойы орамды. Өткен күндерін жадуалдай жатқа біледі. – Мен 1922 жылы туғанмын, – дейді ақсақал. – Қарқара өңіріндегі кәмпеске, яғни тәркілеу басталғанда 7-8 жастағы бала болатынмын. Ес біліп қалған кезім ғой. Сондықтан да ауылдағы оқиғалардың көбі күні бүгінге дейін көз алдымда. Әңгімені кәмпескеден бастап отырған себебім, Жақыпберді атамыздың елі үшін жанын шүберекке түйіп, басын тауға да, тасқа да соққан жанкешті әрекеті сол 1929-1933 жылдармен тұспа-тұс келеді. – Ал оған дейін ше? Бәукей қарияның айтуынша, алты жасында ат құлағында ойнап, мүше­лінде мерген атанған, содан соң Жеті­суға Түркістан жақтан ауып келген ауыз әдебиетінің білгірі Жүсіпбек қожа Шайхысламұлынан дәріс алған ­Жақып­берді нағыз сегіз қырлы, бір сырлы намысқой тау ноянының өзі болған. Әсіресе оның құралайды көзге атқан, оғы жерге түспеген мергендігі – өзінше бір жыр-аңыз. Оған төмендегідей мысалдар анық дәлел. – Кеген өңірінде Қасымбек ­Қашқын­баев деген ел-жұртқа сыйлы қария болды, – дейді Бәукей ақсақал. – Жасы 90-нан асып барып бақилыққа аттанған бұл кісі Николай патша заманында уез кеңсесінде писарь, Кеңес өкіметі кезінде ұзақ жыл аудандық сот қызметтерін атқарған адам еді. Міне, сол Қасекеңнің Қытайдан атамекенге қайта оралған 1956 жылы Жақыпбердінің мергендігі мен бекзат тұлғасы туралы өз көзімен көрген жайтты замандасы Әшім Досбаев ақсақалға былай деп әңгімелегені бар: «1913 жылы Қарқара жәрмеңкесінде Романовтар тұқымының патша тағына отырғанына 300 жыл толуына байланысты үлкен той өтті. Бүкіл Албан-Бұғы жиналған бұл мерекеге уездегі ұлық та келген. Бір мезетте тойдың қызығын көріп тамашалау үшін арнайы жасалған мінбеде отырған оның алдынан астында сүліктей қара жорға аты бар Жақыпберді салдыртып өте шықты. Сонда оған көзі түскен ұлық мергенді шақыртып алды да: «Сен маған мына астыңдағы сәйгүлігіңді бер. Орнына жақсы екі ат аласың» деді. Бұған Жақыпберді: «Жоқ, жоғары мәртебелім, өтінішіңізді орындай алмаймын. Өйткені осы атымның тайпалған жүрісіне тербеле отырып атқан оғым мүлт кеткен емес, нысанаға дәл тиеді» деп жауап берді. Сол мезетте олардан қашықтау жермен аттылы екі қырғыз қиыстай өтіп бара жатты. Оның біреуінің атының құйысқаны үстінде томпайып тұрған күміс қалыпты көзі шалып қалған ұлық: «Сенің айтқан сөзің шын болса, ана әшекейді атып түсірші» деді мергенге сынай қарап. Сол-ақ екен Жақыпберді тақымындағы мылтығын суырып ала сала құйысқанның қалыбын және ат үстіндегі қырғыздың басындағы қалпағын ұшырып түсірді. Қас пен көздің арасында болған мына оқиғаға қайран қалған ұлық: «Жарайды, бара бер» деп таңғалған бойда отырып қалды». Бәукей ақсақалдың сол Кеген өңі­ріндегі Тақабай қариядан естіген екінші бір дерегі де көңіл аударарлық жайт. 20-шы жылдардың аяғында біз сөз етіп отырған Қарқара аймағына атақты Ораз Жандосов бірінші хатшы боп келеді. Жақыпбердінің есіміне сырттай қанық ол кісі бір күні мергенмен танысу үшін оны өзі аң аулауға шыққан кезде түстеніп отырған ауылға шақыртады. Аман-саулық сұрасқаннан кейін: «Жұрт сізді атқан оғы жерге түспеген адам дейді. Сол өнеріңізді көрсек» деп қолқа са­лады. Сонда берденкесіне сүйеніп орны­нан көтерілген Жақыпберді Оразды далаға ертіп шығады да шырқау көкте шырылдап тұрған бозторғайды көрсетіп: «Осыны алдыңызға топ еткізсем, нендей сый-сияпат жасар едіңіз?» дейді. «Қалау өзіңізден болсын» деп жауап береді оған аупартком хатшысы. Осыны естіген мерген мылтығын көтере беріп кезенген бойда-ақ бозторғайды бұрқ еткізіп, қауырсындарын көк жүзінде қаңғалақ ойнатады. Дем арасындағы дәлдікке ерекше сүйсініп, қайран қалған Ораз сонда оған өзі аң аулауға алып шыққан 50 тал қазыналық зауыт оғын түгел сыйлаған екен. Жақыпберді туралы Кеген, Нарынқол елінің аузында күні бүгінге дейін аңыз боп жүрген үшінші бір әңгіме тіпті ғажап. Ол – мергеннің 1929 жылы Қулық тауының Айырлы асуында аэроплан атып түсіруі . Естіген адам сенер-сенбес бұл оқиға қалай болған дейсіздер ғой. Айтайық. Сол жылы Алматыға Кеген мен Шонжы, Нарынқол аймағындағы жергілікті өкімет орындарынан: «Кәмпеске мен ұжымдастыруды жұрт түсінбей жатыр. Олар ортақтасудан гөрі өздерінің бұрынғыдай жеке тіршілік етуін қалайды. Сондықтан да малдарын артельге бергісі келмей, шекараның арғы бетіне көшіп кетуде. Оларды застава мен кордондардан жасырын өткізушілер – Сырт асуындағы қырғыз Жақсылық Жантай, Нарынқолдағы Мергенбай және Кеген өңіріндегі Жақыпберді. Тау іші қазір осындай бандыларға толып кетті. Көмектесіңіздер» деген дабылдар көбейіп, бұл облыс орталығындағы тиісті органдардың қатты алаңдаушылығын туғызады. Осы мәселеге ­байланысты өткізілген жиналыста ОГПУ басшылары ақылдаса келіп, Тянь-Шань сілемдеріне ұшақ жіберіп, сол арқылы таулы аймақтың арғы бетке ел өтеді-ау деген асуларына барлау жүргізуге, қажет деп табылса бейбіт, алаңсыз кетіп бара жатқан көшті оқпен жасқап кері қайтаруға шешім қабылдайды. Осы мақсатпен Алматыдан шығысқа бет алған аэроплан Жаркент гарнизонын қоналқалық лагерь етіп, тауды үш күн шарлайды. Төртінші тәулікте елсіз аңғарды бойлай шұбап, асуға қарай көтеріліп келе жатқан бір көшті байқайды. Бұл шолақ белсенділердің шошаңдауынан әбден запы болған әрі ұжымдасуды қаламай жеке тірлік кешуді көксеген елді Қытайға бастап алып бара жатқан Жақыпбердінің кезекті сапары еді. Ұшқыштар мұнда құралайды көзге атқан атақты мергеннің барын қайдан білсін, жабайы қазақтар мына «темір қанат құстан» қорқады деген оймен көштің үстімен: «Қайт, кері қайт!» дегендей дүрілдетіп бір өтеді. Екі өтеді. Үшіншісінде тіпті тырсылдатып оқ себелеп те кетеді. Жұрт абыржиды. Сонда Жақыпберді: «Қорықпаңдар. Мен қазір мұның қазанын (бензин багын айтқаны болуы керек – авт.) қақ айырамын. Тек сендер топталмай, шоғырланбай бытырай жүріп отырыңдар!» деп айғай салады. Сөйтеді де өзі кері оралып келе жатқан аэропланның жақындауын күтеді. Байқайды, ұшақ тым еркінсіп кеткен. Әдеттегіден де төмен ұшып келеді. Тағы оқ жаудырмақ-ау шамасы. Иә... Бір мезетте жұрт тарс еткен мылтық дауысын естиді. Сол-ақ екен «темір қанат құс» шайқалақтай бастайды. Іле-шала артынан ақшыл бу сияқты сыздықтаған түтін көрінеді. Ақыры не керек, ол көштің үстінен күңірене өткен күйі бір шақырымдай жерге барып гүрс ете түседі. Бұл өзі – шын болған оқиға. Олай дейтініміз, біріншіден, Айырлыдағы аэроплан хикаясы ел есінде тегіннен-тегін қалған жоқ. Сондықтан да ол, міне, жұрт аузында жетпіс жылдан бері айтылып келеді. Екіншіден, Жақыпбердінің оғынан жер сүзе құлаған «темір қанат құс» иен ­тауда көпке дейін жатқан. Оған ұшақтың аллюминиймен құрсауланған фанер корпусының қалдықтарын қырқыншы жылдардың ортасына дейін көрдік деген аңшылардың сөздері дәлел. Үшінші, сол заманда мергенмен бірге жүріп, бірге тұрған, кейін атамекеннен ауған қазақтардың тағдыры туралы дастан жазып, Қытайда атылған Әуезхан ақынның жоғарыдағы оқиғаны жырға қосқандығы. Әңгіме иесі Бәукей ақсақалдың айтуына қарағанда, ақынның аталмыш дастанында: «Талқандап пулеметті бесатармен, Жақыпберді шын жүрек жұтқан ағам.­ ­Айырлы асуында аэропланды атып, Жалғыз оқпен оны да жыққан ағам» деген жолдар бар екен. Мұны біз өлең деп қана қарамай, дерек деп те ұғуымыз керек.

— 4 —

– Айырлы асуындағы аэроплан оқиғасынан кейін, – дейді Бәукей ақсақал, – ОГПУ қызметкерлері ­Жақып­бердінің артынан мықтап түсті. Жергілікті өкімет орындары оны енді ауыл-аймақ арасындағы бас асауы басылмаған адам деп емес, мемлекетке қарсы оқ атқан қауіпті элемент деп тапты. Сөйтті де шекара бойындағы комотрядтарға оны қайткенде де ұстап, жазалауға арнайы тапсырма берді. Осыны біліп, сезген мерген 1929 жылдан кейін атамекенге ат ізін салмай кетті. Содан тек туған елге 1930 жыл­дың наурызында ғана бой көрсетті. Бұл оның жақын-жұрағаттарын арғы бетке әкетуге келген соңғы сапары еді. Сол көш­тің ішінде 8 жастағы мен де бар болатынмын. – Ол оқиға қалай болды? Сондағы көштен есіңізде ерекше сақталып қалған жайттар деп нені айтар едіңіз? – Есімде қалғаны мергеннің әр жерде отырған бүкіл туған-туыстарын Қулық тауының үстіндегі Өмірбай қыстауына жинағандығы. Бұл – атажұрттан аттанардан бір тәулік бұрын болған оқиға. Сол күні кешке: «Біздің қайда түнеп жатқанымызды білдіріп қояды» деп ауылдағы ұлып, үріп әбден мазаны алған бүкіл итті атқызып тастағандығы. Сосын ол кісінің көш ұзап кеткенше комотрядты сай аузында бөгей тұру мақсатымен өзі бас болып тосқауылға қалғандығы. Таң ата ауыл қыстаудан қозғалып, асуға көтерілді. Міне, сол кезде етекте атыс басталды. Біраздан кейін мылтық үні басылып, түс бола бере тосқауылға қалған топ көшке аман-есен келіп қосылды. Сөйтсе, оқиға былай болған екен. Атыс басталғанда Жақыпберді ОГПУ әскерінің құрамында жүрген туысы Жолдасбай ­Берешев ­деген кісіні танып қалады. Оңтайы келген бір сәтте мерген: «Әй, Жолдасбай! Ана кәмәндіріңе айт, біз қан төгу үшін жүргеніміз жоқ. Жолымызды бөгемесін. Әрқайсымыз өз жөнімізге кетейік. Әйтпесе қиын болады» деп дауыстайды. Жолдасбай бұл сөзді орыс бастығына түсіндірген болуы керек, мылтық үні саябырсып қалады. Бірақ аздан кейін ашуланып, ызбарланған сөз естіледі де ОГПУ бастығы қорбаңдап орнынан көтеріле береді. Сол мезетте мергеннің сарт ете түскен оғынан оның басындағы фуражкасы жерге ұшып түседі. Екі арада тым-тырыс тыныштық орнайды. Біраз уақыт өткен соң тосқауылдағы жігіттер қарсы жақ адамдарының шепті тастап жылыстай кетіп бара жатқанын байқайды. Жә… Содан біздің көш жеделдете жүріп отырып бір ойпатқа түскенін білемін. Осы жерде телеграф бағаналары кездесті. Оны көрген мерген жанындағы жігіттерге бірдеңе деп бұйрық беріп жатты. Сол-ақ екен олардың біреуі қанжығасындағы қыл арқанды шешіп алып, оны әуеге қарай лақтырды да жіп ұштығын екі жағынан төмен қарай басып, зыңылдап тұрған сым темірлерді бырт-бырт үзді. Енді ойлап қарасам ол телефон байланысы жұмыс істемесін, Жаркент пен Алматы хабарсыз қалсын деген әрекет екен ғой. Келесі күні таң ағарып атқанда Қорғас шекара­сын­дағы үсті сірескен көк мұзды үлкен өзенге келдік. Шатқаяқтай тайғанаған көліктерді демеп арғы бетке өткенімізде артымыздан аттарының құйрықтары шорт кесілген оншақты адам пайда бола қалды. «Комотряд!..» деді үлкендер жағы. Көріп тұрмыз, олардың екі-үшеуі аттарына қамшы басып, жарқабақтан етектегі мұзға түсе бастады. Сол сәтте Әбіш батыр түйенің қомындағы бесатарын жұлып алды да: «Әй, бізде де мылтық бар. Жан керек болса қайтыңдар» деп айғай салды. Солдаттар шамасы көштегі кісілерді құралсыз тобыр деп ойлап, елді кері қайтара айдап әкетпек болса керек. Мына дауысты естіген соң олар жағаға қарай кілт бұрылды да барлығы өзенді бойлаған күйі Іле жаққа желе жортып кете барды. Осылайша шекарадан да өттік. Алдымызда суық та сұрқай дала көсіліп жатты. Көзге қырау басқан шилер мен шоқыларда қалбаңдаған бірен-саран қарға-құзғыннан басқа ештеңе көрінбейді. Көштегі жұрт үнсіз. Әлсін-әлсін арттағы мұнарта қалып бара жатқан Қалжат қыраттарына жалтақтап қарай береді. Дариға-ай десеңізші, олардың көбі енді атажұртқа қайта оралмасын сезгендей. Міне, сол күннен бастап біздің жат жердегі өкініш пен өксікке толы өміріміз басталған еді.

— 5 —

Аталарымыздың тағдыр тәлкегімен қиналып, қыспаққа түскен кездерінде: «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деп налитыны бар емес пе?! Міне, осы сөз тұп-тура 1929-1932 жылдары кеңестік Қазақстаннан Қытайға ауған қандастарымызға қаратып айтылған сияқты. Олай дейтініміз, қызыл террордан өлдім-талдым деп әзер құтылып, арғы бетке енді ғана тырнақ іліктірген жұртты мұнда тағы бір зобалаң күтіп тұрған еді. Ол үркіншілікке ұшыраған босқындардың жергілікті жердегі атқамінерлер тарапынан сұмдық әлеуметтік кемсітушілікке ұшырағандығы болатын. Оған мысал ретінде бір ғана жайтты, яғни Қытай жеріне Алматы облысының Қорғас, Қалжат өңірлерінен өткен қандастарымызды сібе мен дүнгендер, Нарынқол аймағынан барғандарды қалмақтар аяусыз тонап, мал-мүліктері мен киім-кешектеріне дейін тартып алғанын айтсақ та жеткілікті ғой деп ойлаймыз. Мұндай зорлық-зомбылық көрсетуден сол жердің тұрғылықты қазақтары – қызайлар да қалысқан жоқ. Олардың сондағы істегендері есі ауып, іргесін қымтай алмай жатқан босқындар ауылының малын барымталап, сондағы момын шаруа адамдарының жібі түзу әйелдеріне көзін тігу сияқты қысастықтар еді. Осындай тізе батырудан тек ­Жақып­бердінің ауылы ғана аман-тын. Қарқа­ра­дағы атақ-даңқы шекараның Қытай жақ бетіне өзінен әлденеше жыл бұрын ерте жеткен мергенге мұндағы шынжыр балақ, шұбар төстер өктемдік таныта алмады. Аруақты жанның айбатынан ығып, онымен тек «сіз» деп сөйлеуге мәжбүр болып жүрді. Көп кешікпей осыны байқаған басқа босқындар Жақыпбердіні жиі жағалайтын болды. Өйткені олар батыр ауылына келіп орын тепсе, жәбір-жападан аман қалатынын біліп-сезген еді. Өзін арқа тұтқан мұндай жандарды мерген жатсынбады. Оларды қолдап, бауырмалдық көрсетіп отырды. Сөйтіп оның ауылының іргесі кеңейе берді. Бірақ… иә, бірақ… Уақыт өте келе Қытай қазақтарының атқамінерлері мен Жақыпбердінің арасындағы бейтараптық бұзылып, мәселенің ушығуы, міне, нақ осы жерден келіп шықпасы бар ма? Кеудесін ешкімге бастырғысы келмейтін «қайдағы бір қашқынның» көз алдарында бедел алып бара жатқанын байқаған бай-манаптар оны қайткенде де тізерлетуді ойластыра бастады. Оның бірден-бір жолы жоғары жаққа «жоқты бардай, барды құдай ұрғандай» етіп, қара жерге көк аспанды төндіре көрсетіп хат жазу еді. Ақыры олар солай етті де. 1931 жылдың көктемінде тұрғылықты қазақтардың бір топ ақалақшы, зәңгілері Қытай өкіметінің Іле уәлаятын билеуші ұлығы Дутыңға: «Елде Жақыпберді деген қашқын пайда болды. Оның маңындағы 50 шамалы үйдің барлығының мылтық­тары бар. Қаруларыңды тапсыр десек, оған ешқайсысы құлақ аспайды. Ел адам­дары бұлардан қорқып, қатты үрейленуде. Сіз бізді мархабат етіп, қолымызға тамға ұстатып жұрт басқа­руға қойдыңыз. Өзіңіздің өкіліңіз сол біздерді, мәртебелі тақсыр, ол көзіне де ілгісі келмейді. Сондықтан сіз оған шара қолданып, хань жұртына адал пенде­ле­ріңізді қорғауыңызды жалбарынып сұрай­мыз» деген мазмұнда шағым түсірді. Жергілікті қазақтардан мұндай әре­кетті күтпеген мерген не істерін білмеді. Қатты күйінгені сонша: «Бүйтіп тірі жүргенше сонау 16-шы жылғы Қарқара кө­терілісінде неге өліп кетпедім екен» деп бір ойлады. Содан соң шекарадан қайта өтіп, Жаркенттегі ОГПУ-ге: «Не іс­тесеңдер де еріктерің. Міне, мен келдім. Сүйегім жат жердегі қарға-құзғынға жем болғанша, туған жерде қалсын» деп Кеңес өкіметіне өз еркімен барып берілуге де тәуекел етпек болды. Осындай әрі-сәрі күйде жүрген кезде тұрғылықты елдегі адал ниет дос-жар адамдар оған: «Қытай ұлықтарының көз алды тар да арты кең келеді. Өкіметтің қабағы жібігенше ауылыңызбен көзден таса бола тұрғаныңыз жөн. Бұған лайық жер де бар. Ол – Тянь-Шаньның меңіреу түпкіріндегі Қаңғал тауы. Соның адам аяғы жетпес Ақбұлақ сайына барып қоныстаныңыз. Сұқ көзден аулақ болсаңыз уақыт өте келе оқиғаның ізі суып, дабыр да басылар, жағдай да жақсарып қалар» деп кеңес береді. – Бізге ниеттес адамдардың айтқан Қаңғал тауы бір ғажап жер екен, – деді жоғарыдағы жайттардың бәрін баяндап келіп сәл тыныс алған Бәукей ақсақал. – Төңірек ну орман. Оған кіріп кеткен жан арнайы жолбасшысы болмаса қайдан келіп қайдан шыққанын білмей дал болары хақ. Сол қалың жыныстың қақ ортасында Аят дейтін алаң бар екен. Көш осы жерге келіп жүктерін түсірді де тірлік ету қамына кірісті. Үлкендер бөрікбас қарағайлардың діңіндегі ұсақ бұтақтарды сылып тастап, оның төңірегіне ұзын сырықтарды уық сияқты етіп тіреген күйі үстін жалбызбен жауып тастағанда, ол алты қанат үйдің көлеміндей жаппа тәрізді күрке болып шыға келді. Ауыл адамдарының барлығы алаң жиегін айналдыра осындай «үйлер» жасап алды. Осы жерде бір жарым жылдай тұрдық. Сол уақыт ішінде Жақыпберді Іле бойындағы шекара әскерлерінің бастығы Мадарын жіберген 30 шеріктің екі жорығын тас-талқан етіп, ауылға беттетпей кері қайтарды. Артынша жасақ үшінші рет келе жатыр екен деген хабар тағы естіліп қалды. Сол кезде шолғыншы жігіттер мергенге Қаңғал тауының түпкірінде өздері мекендеп отырған мына Аят алаңынан да қолайлы Ақбұлақ деген жайлаудың бар екенін айтып келді. Оның кереметтігі сол, аталмыш жердің төңірегі төбеңе қарасаң тақияң түсер құзар шыңдармен қоршалғандығы еді. Ал сайдың аузы атты адам: «Алла!» деп әрең өтер қақпатаспен тұйықталыпты. Осы қылтаға жете берер жерде адуын тау өзені арқырай ағып жатыр. Оның өткел берер тарлауыт бір тұсында небәрі екі-үш бөренеден тұратын селкілдек көпір бар болып шықты. Ол алмалы-салмалы екен. Көш өтіп кеткен соң бұл қарағайларды арқанмен қақпатасқа қарай тартып алсаң, Ақбұлаққа ешкім аяқ аттап баса алмасы анық. Көп кешікпей біз осы жерге келіп жеттік. Мұндағы өміріміз жаман болған жоқ. Бір жылдай тыныш өмір сүрдік. Ал келесі жылы… иә, келесі жылы… Оңба­дық. Оның себепшісі тағы да сол жер­гілікті өңірдегі зомагер ақалақшы, зәңгілер еді...

— 6 —

Оқиға былай болған. Ақбұлаққа барып бекінген Жақыпбердіні қолға түсіре алмасын білген Қытай өкіметі енді оған қарсы басқа бір айла-шарғы ойлап табады. Ол мергенді қаралап, шағымданып жүрген жергілікті атқамінерлердің ішінен Рақыш, Жылтыңбай, Тыныбай және Сұраншы есімді төрт зәңгіні таңдап алады да оларды батырға елшілікке жібереді. Ондағы мақсат: «Іле өлкесінің ұлығы Дутың сіздің осыған дейін істеген әрекеттеріңіздің бәрін кешіріп, бұдан былай өзіңіз бен жақтастарыңызды қудаламайтын болды. Мұны ұлық бірлік пен тыныштықты ойлағаннан туған шешімім деп отыр. Егер қаруларыңызды тастап, ел арасына оралсаңыздар, жұрт қатарлы тірлік етемін десеңіздер, Дутың ауылыңызға керекті жер де бермек, адамдарыңызды азаматтыққа да қабылдамақ» деген сөзге мергенді сендіру еді. Осыны айтқан елшілер: «Қастық ойлап, арамдық жасасақ, Құдай ұрсын, Құран ұрсын, ақбоз биенің қаны ұрсын» дейді де өздері арнайы алып келген жылқыны құрбандыққа шалып жібереді. Ант қабылдар алдындағы көне дәстүр бойынша мылтықтың аузын жалап, оқ тістеседі. Мұны көрген Жақыпберді: «Тұрғы­лықты қазақтардың ішіндегі ел тізгінін ұстаған азаматтар Қытай өкіметіне тілек айтып, Дутыңды ымыраға келтірген екен ғой. Мына кісілер – ақ сақалды адамдар. Алдай қоймас. Тәуекел, барайын. Артымнан ерген елге де обал болды. Олар да енді белін босатып, бейқуат өмір сүрсін» деп елшілерге сенеді де келісімді қабыл алатынын айтады. Соның дәлелі ретінде бірінші кезекте өзіне ең жақын төрт туысының үйін зәңгілерге қосып жібереді. Келесі жетіде қалған 40 түтінмен өзі де тау етегіне түседі. Ертесінде таңғы намазға тұрған мерген бүкіл ауылдың шеріктер қоршауында қалғанын көреді. Көреді де бармағын шайнайды. Атыс сала жүріп тосқауылдан сытылып шығып кетеді. Бірақ енді ол қайда бармақ? Туған жер болса алыста. Арқа сүйер ауылының жағдайы мынау. Тар қапас, тұтқында. Жалғыз жүріп не бітірмек? Іші қазандай қайнайды, бірақ күресерге енді дәрмен жоқ. Ақыры: «Оларға керегі ел емес, мен ғой. Ауылдағы қарттар мен бала-шағаның не жазығы бар? Елдің обалына қалғанша, өзім барып берілейін. Сөйтейін де бейкүнә жандарды өлімнен құтқарайын» деген оймен тау етегіне қайтадан түседі. Сол бойда Көксу өзенінің қабағында отырған Маманшал зәңгінің үйіне келіп, қолға түсетінін айтады. Қытай шеріктері келген кезде мерген мылтығын ортасынан бір опырып өзенге лақтырып жіберген күйі қарагер атының мойнынан құшақтап, батыстағы бұлдыраған қайран атамекен – Қарқараға мұңдана қарап тұр еді дейді білетіндер. Бұл 1933 жылдың ызғарлы көктемі болатын.

— 7 —

Халқымызда: «Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар» деген сөз бар. Сол айтқандай Жақыпберді қолға түскен соң оның ауылы панасыз қалды. Бұл жерде «панасыз қалды» деген сөз аз. Өйткені мергеннің өзін, оған қоса оның 23 жақын серіктерін іріктеп тұрып алып Күре қамалына апарып атқан Қытай өкіметі батырдың қалған жұртын жергілікті атқамінерлердің талапайына тастап кеп жіберді. Бірақ не көрмеген қашқындар ауылы бұл? Зорлық-зомбылықтан белдері бүгілгенімен, ешкімге тізерлеп жалынбады. Аштықтан арып-ашқанымен, арын жоғалтпады. Жүректері іштей тілім-тілім боп қарс айырылғанымен, көз жасын сыртқа шығармады. Осылайша келер күннен үмітін үзбей жүріп, 1944 жылғы «Үш аймақ көтерілісіне» жеткен жайы бар. Осы халық толқуы Құлжа, Үрімші, Тарбағатайда етек ала келіп, соның негізінде Шығыс Түркістан армиясы құрылғаны белгілі. Сол әскери күшке қарайтын Іле дивизиясының құрамындағы №1 Текес атты әскер полкі 1946 жылы Күре қамалына келіп кірді. Мезгіл шілде айы еді. Бір күні штаб маңында дабырласа үн қатқан үш-төрт ұйғыр ақсақалдарының даусы естілді. – Біз полк командирінің орынбасары Бәукей Әубәкірұлын іздеп жүрміз, – деді олар. – Ол – менмін. Қандай шаруала­рыңыз бар еді? – деді жорық шатырынан жай­лап шыққан подполковник шеніндегі 25-26-лардағы қазақ жігіті. – Жақыпберді мерген туысыңыз ғой. – Иә. Ол кісі – менің әкемнің туған інісі. – Оның қалай атылғанын, денесінің қай жерде жатқанын білесіз бе? – Жоқ. – Ендеше тыңдаңыз, – деді ұйғыр қарияларының ішіндегі жасы үлкен бір ақсақал. – Біз сол оқиғаны көзбен көрген адамдармыз. Соны сізге айтайық деп келдік. Ол былай болды, қарағым. 1933 жылдың көктемінде қытайлар ішінде Жақыпберді мерген бар, жалпы саны 24 адамды осы Күре қамалына айдап әкелді. Екі-үш күннен соң оларды біздің махалла жақтағы ескі қорғанға қарай алып жүрді де, әлгі бейбақтарды күшпен жиналған халықтың алдына қарсы қаратып тұрғызып қойып ата бастады. Алдымен қол-аяқтары кісендеулі 12 тұтқын оққа байланды. Содан соңғы кезек орталарында Жақыпберді бар екінші топқа келді. Оқ гүрс етіп бір дүркін атылғанда мерген оған жығылмады. «Тоқтат!» деді ол бұйрық беріп тұрған қамал басшысы шұбар бет қытайға. «Екі рет ату ешбір елдің заңында жоқ». Бірақ қараниет әскербасы оған қарамады, батырды қайтара атуға бұйрық берді. Қайран ер бұл жолы да жығылмады, бірақ үндемеді. Үшінші оқ сарт етіп тигенде: «Сенде, сенің өкіметіңде әділдік қайда?» деді де шалқасынан құлады. Жиналған ел күңіреніп кетті. Жыламаған адам қалған жоқ. Ал шұбар бет әскербасы болса шерік­те­рін сапқа тұрғызып алды да қамал ішіне кіріп бара жатып бізге: «Енді жерлей беру­ле­ріңе болады» дегендей ишара жасады. Мар­құмдарға жақындағанымызда, иә, құдауен­де, Жақыпбердінің денесі басы шүй­десімен, ал екі аяғының өкшесі жерге тірелген күйде жауырыны мен белі жерге тимей жатыр екен. Мына кереметті көрген біз бәріміз: «Бұл марқұм нағыз шейіт екен» деп Аллаға иман келтірістік. Сөйттік те бар­лығына жаназа шығарып, махалла ірге­сіндегі Жанбұлақ қорымына апарып жер­ледік». Осындай шерлі хикаяны шерткен ұйғыр ақсақалдары полк командирінің орынбасары Бәукей Әубәкірұлын мерген жерленген зиратқа қарай алып жүрді. Ол Күре қамалының солтүстігіндегі Жоңғар Алатауының Талқы асуы тұсының Сарбұлақ сайымен қанаттас атақты Лянь-Тәй-Зы көмір кені бар қыратының сілемі екен. Жанбұлақ деп аталатын осы қорымның шығыс жақ шетінде көлемі киіз үйдің орнындай екі төмпешік қарауытады. Аралары бір-бірінен бес-алты қадамдай осы қос топырақ үйіндісі Жақыпбердімен бірге атылған 24 адамның мүрдесі болып шықты. ...Әңгімемізді мына бір оқиғамен аяқтайық. 1962 жылы Тбилисидегі «Заря Востока» баспасынан грузин жазушысы Уиарагоның «Мәмлүк» атты тарихи хикаятының жарық көргені бар. Онда ХVII ғасырдың орта тұсында Грузияның ­Мегрелия аймағынан ұрланған ­10-11 жастағы Хвичо және Резо атты екі жасөспірім Ыстамбұл базарында құлдыққа сатылады. Арада 40 жыл өтеді. Бұл бүкіл Еуропаны тізе бүктірген Наполеон Бонапарттың енді Жерорта теңізін көктей өтіп, Мысыр жерін жаулап алуды бастаған кезі еді. Сондағы перғауындар Пирамидасының төскейіндегі шайқаста бірі венециандық офицер, екіншісі мәмлүктердің мыңбасы дәрежесіндегі қос сардар қару түйістіреді. Соңғысы алғашқысын қайқы қылышпен осып өте бергенде жерге құлаған венециан­дықтың аузынан: «Вай, нана!» деген ышқынған дауысты естиді. Грузин тілінде бұл: «Ой, анажан! Анашым-ай!» деген сөз еді. Оны естіген мәмлүк қолбасшысы селк ете түсіп, өңі құп-қу болып кетеді. Оның 40 жылғы түрлі шайқастар кезінде қаншама адам өлтіргені есінде жоқ болатын. Қарсы алдындағы жау әскерін жою деген мұның еті үйреніп кеткен кәсібі еді. Бірақ венециандықтың жан тапсырып бара жатып айтқан жоғарыдағы сөзі жүрегінің түбінде жатқан бір нәзік қылды шертіп жібереді де, алай-түлей сезімге беріледі. Төңірегінде қан-қасап шайқас жүріп жатыр. Құдіретті де қаһарлы қаруға ие француздар орта ғасырлық қайқы қылышпен атойлаған мәмлүктерді баудай түсіруде. Мыңбасы болса қимылсыз. Жау офицеріне үңіле қарап отыр. Құдды бір жақын адамын жоғалтқан жан ба дерсің. Ал мәмлүктер қырылған үстіне қырылуда. Осыған күйінген Мысыр әскерінің қолбасшысы мұны опасыз, сатқын деп жүрек тұсынан шашақты найзаны шаншып өте шығады. Жазушы Уиараго сол сәтті былай суреттеп, шығармасын төмендегідей сөйлем жолдарымен аяқтайды. «Вай, нана! – деп ащы дауыспен аһ ұрды да мәмлүк мыңбасы да вене­циандықтың денесі үстіне барып құлады. Зеңбіректердің дүрсілі мен мылтық­тардың тарсылы бірте-бірте саябырсып, тек қана барабан мен керней дауысы құлаққа келіп жатты. Франктер әскері Пирамида түбіне жиналып, жеңісін тойлай бастады. Майдан даласындағы сансыз өліктер арасында бірінің үстіне бірі айқаса екі дене сұлап жатыр. Олардың бірінің үстінде үлде мен бүлдеге бөленген араб киімі, ал екіншісінің үстінде венециандықтар гвардеецтерінің жасыл мундирі бар. Бұлардың біріншісі – араб емес те, ал екіншісі венециандық емес екендігі тек бір құдайға ғана аян болатын. Екеуі де сормаңдай Грузияның ұлдары еді». *** ... Жақыпберді де сол замандағы бейбақ Қазақ елінің қасіретті перзент­терінің бірі болатын. Жат жерде жан тапсырып бара жатып, не ойлады екен, жарықтық!.. Бұл енді талқаны Күреде таусылған жаужүрек номад Жақыпбердінің өзіне мәлім, ал кейінгі ұрпақ-зәузатына беймәлім һәм жұмбақ...

1363 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы