• Тарих
  • 10 Қараша, 2010

АРҚАЙЫМ, НОҒАЙЛЫ, АЛАШ – ҚАЗАҚ ӨРКЕНИЕТІНІҢ ҮШ ҰСТЫНЫ

d0b5d0b4d0b8d0b3d0b5Мерзімді қазақ баспасөзіне жазылу науқаны қыза бастады. Осы кез – әрбір қазақ басылымы үшін басты сынақ, қылкөпір. Одан ондаған жылдық ғұмыры бар ата газет те, кеше ғана тұсауы кесілген, көкірегі аяққаптай бала газет те қашып құтыла алмайды. «Келер жылғы бар болу не жоқ болу» – осы науқанның орағына байланысты. Жиырма жылдан астам ана тілінің абыройын арқалап келе жатқан «Ана тілі» де алдағы жылдан үлкен үмітті: оқырманын жоғалтпай, қайта жанашырларын көбейтсек деген ойда. Осындай үміт пен күдік алмағайыбында біз бүгін «тарих тұңғиығындағы таңбалы сыр» атты жаңа айдарымыздың тұсауын кесіп отырмыз. Әрине, бұл айдардың аясындағы әңгіме көрігін қыздырар ойжарыс, пікірсайыс келер жылдың еншісінде. Сондықтан да биылғы Барыс жылы «Ана тіліне» жіп таққан көзіқарақты оқырман, ана тілі мен ата тарих жанашырлары келер Қоян жылы да газетімізді қадірлі қонағындай төріне шығарып, әр апта сайын дидарғайып болып қауышар деген сенімдеміз. Ана тілінің абыройы үшін, «тарих тұңғиығындағы таңбалы сыр» құпиясына қанығу үшін «Ана тіліне» жаппай жазылуға асығайық, ағайын!

Мәселенің мәнісі: оқулық пен мектеп жайы. Қоғамдағы қордаланған проб­лемалардың көбесі сөгіліп, ой бөлісер алаңы баспасөз десек, қазақ БАҚ-ның «сүйікті» тақырыптарының бірі – оқулық жайы. «Олай екен де, былай екен», «Қате өріп жүр», «Сөйлемдерін бала түгіл үлкен түсінбейді» дегендерден көз қарайып, құлақ тұнады. Елімізде бүгінгідей жүйелі оқу жүйесі 1930 жылдардың басында қалыптасты дегеннің өзінде 70-80 жыл бойы қаншама бала партаға отырып, қатарға қосылып, қазақ мектептері­нен қазақша оқып шықты, олардың маң­да­й­алдылары академик болып жатыр емес пе?!. Оқулықтың жамандығынан (қазіргі оқулық бұрынғының ширегіне де татымай ма, сонда?!) көштен қалған, қатарға қосыла алмаған кім бар? Қолымызды кеудемізге қойып, шындыққа тура қарар болсақ, бұл жерде бір тырнағын ішіне бүгіп тұрып, біле тұра білмегенсіп айтқан, арасында аттанға айқай айтылатын пікірлер де баршылық. Ешкім де өзге тілді мектеп оқулықтарына қарсы тасборан атып жатқан жоқ, бар мәселе қазақтілді оқулықтарда болып тұр. Бұл жерде қазақ мектебі кө­бейіп кетпесін, жұрттың бәрі балаларын (әсіресе, таңдау жолы көп қала қазақтары) қазақ мектептеріне беріп қоймасын деген мысықтілеудің бір емес, қос құлағы бірдей қылтиып тұр. Жә, мәселенің бәрі оқулықтың сапасыздығында ма?.. Оқулықты құрал десек, мәселенің мәнісі – мектепте емес пе екен? Еліміз тәуелсіздік алғалы реформаланбаған, тү­бегейлі өзгермеген сала бар ма? Біздің мектептерімізде, ұлттық орта білім беру жүйесінде қандай реформа жүрді? Ке­зіндегі онжылдықты он бір жыл жасадық, енді он екі жылдық жүйеге көшпекпіз. Бар өзгерісіміз осы ғана ма? Қазақстан халқы Ассамблеясы жиылыстарында, ұлтаралық достық туралы сөз айтылғанда ұйғыр, өзбек, тәжік, т.б. аз санды ұлт тілдеріндегі мектептер саны, жексенбілік мектептер, курстар, т.б. тілге тиек етіледі. Ал шын мәнінде, ана тіліміздің қан тамырларын қаңсытып, айналысқа түсірмей тұрған, буын-буын, түйін-түйін басты мәселе – мектебіміздің қазақ, аралас, орыс мектептері болып үшке бөлініп, үш жаққа тартып тұрғаны мүлде ауызға алынбайды. Құдайға мың шүкір, тәуелсіздіктің арқасында шекара асып, талай ел-жұрттың дәмін татып, танысуға нәсіп етті. Визасыз-ақ ұшаққа отырып бара салатын Түркия, болмаса Иран, Египет, Испания, Италия, Германия... Сол елдердің қай-қайсысында болсын, мектептерің қай тілде деп білгің келіп сұрасаң, саған жауап бере алмайды, өйткені әлемнің ешбір өркениетті елінде мұндай мәселе жоқ.. Болмаса Ресейдің бір мектебінің маңдайшасынан «русская школа» деген жазуды тауып беріңізші. Қытай мен Өзбекстандағы самсаған қа­зақ мектептерінен бүгінде саусақпен санар­лық­тай қалғаны қалай? Сұрақ көп, жауап жоқ. Негізгі әңгімеге – өз топырағымыздағы мектептерімізге оралсақ, оның тарихы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап бір жүйеге түсе бастағанын байқаймыз (Осы орайда ертеректе Орынбордың бас архивінде отырып, ең бай, ең жүйелі құжаттардың Қазақ Даласындағы оқу ісіне қатысты екеніне көзіміз жетіп еді). Бұл кездегі мектептер қалай аталушы еді? Білмесеңіз біліп қойыңыз – «русско-киргизская туземная школа». Қазіргі біз­дің «аралас мектеп» деп жүргеніміз – осылардың бала-немересі, заңды жалғасы. Ал біздің «орыс мектептеріміз» неге аз санды ұлттар мектебіне жатпайды? Әлде оның жартысын, тіпті одан да көбін қаймана қазақ балалары толтырып отырғандықтан ба?.. Сөздің тоқетері, біздің орта білім беру жүйеміз толық реформалануы керек. Ол үш басы үш жаққа қараған «қазақ», «аралас», «орыс» мектебі емес, «мектеп», «Қазақстан мектебі» боларға керек! Барлық дамыған, өркениетті елдердің стандартына сай болатын мектеп боларға керек! Шашының түсі мен көзінің қиығына қарап бөлмейтін ортақ ұлттық, қазақстандық мектеп боларға керек!.. Ал осы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті және қазақ тарихы, Қазақстан тарихы қалай оқытылады, олардың оқулығы қан­дай болмақ десек, ол – басқа әңгіме. Мәселенің мәнісі: ғылым мен білім жайы. Қазақ ғылымы, оның ішінде қо­ғамдық ғылым, оның іргелі (фундаменталды) зерттеулер саласы тоқырып, қожырап тұр деп айтуға ауыз бармайды. Академиямыз жойылып кеткенімен академиялық ғылымымыз тоқталған емес. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­титуты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология институты, Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, Философия және саясаттану институты және басқа ғылыми-зерттеу ұжымдары – өз салаларында төбеби ғана емес, толымды еңбек иелері. Олардың қол жеткізе алмай отырғаны не десек, баяғы ескі әңгіме – «ғылыми жетістіктер өндіріске енбей отыр», яки қарапайым тілмен айтсақ, ғылым – білімге айналмай отыр. Қашан да «өнер – өнер үшін емес» дегендей, «ғылым – ғылым үшін емес». Оның игілігін халық, қалың бұқара көрерге керек, ғылым жетістіктері Қазақстан халқын біртұтастандыруға, қазақ халқының өткеніне мақтанып, болашағына сеніммен қарауға қызмет істерге керек. Азат елдің азат қоғамдық ғылымы тек азаттық жолындағы азапты күресті сипаттап қана қоймай, «өркениеттер парадына» Қазақ өркениетінің де тең құқықты қатыса алатындығын, әлем халықтары тұтынып отырған тірнек Һәм көрнек өнерінің игіліктерінің арасында қазақ топырағынан тамырын тартқан материалдық және рухани құндылықтардың аз еместігін, ең бастысы – ұлан-ғайыр атажұртымыздың барлығы, осы атамекенде бес мың жыл бойы үзілмеген тарихымыз болғандығы, миллиондаған ата-бабамыз тірлік кешіп, мыңдаған хан-патшалар басқарған жүз­деген мемлекеттердің дәурен сүргені әрбір Қазақстан азаматының қанына сіңіп, көкейіне қонарға керек. Сол үшін де өзге елде сұлтан болмай, өз еліне ұлтан боларға, ұлтарақтай жер үшін шыбын жанын пида етерге керек. Ол шындық тарих, мақсат-мүдде, идея-арман әуелі ғылымның шыңырауынан суыртпақталып, сұрыпталып алынып білімге айналарға, ал ол білім аясын кеңітіп, түсінікті ұғым-түсініктермен мектеп оқулықтарына хатталғанда ғана көптің көкірегіне құйылып, жадына жатталмақ. Мәселенің мәнісі: ұлт Һәм тарихқа көз­қарас жайы. Ұлттың ұйысуы, мемлекеттің өміршеңдігі, мәдениет пен өркениеттің түп-тамырлары, кімнен-кім не алды, не берді деген мәселелер туралы қаншама дау-дамай, бірін-бірі жоққа шығарған теория-қисындар, дәлел-дәйектер бар десеңізші. Оларды талдап, саралаудың өзі бір емес, бірнеше кітапқа жүк болары сөзсіз. Бүгінгі күн тұрғысынан сол дау-дамайдың қаншалықты құн-бәсі, пәтуасы бар? Кімнің кім екенін, ненің не екенін бәріміз де қолымызбен ұстап, көзімізбен көріп отырғанымыз жоқ па? Басқасын айтпағанда, туыстас, қандас түркі жұртының өзі тарих тегершігінің біресе олай, біресе бұлай аунап, бір кездегі алып мемлекет, ұлы империялардың жұрнақтарының бү­гінде құрақ көрпедей әлем-жәлем болып тұрғанына куә емес пе?!. Қашанда мәдени өресі жоғары болып келген татар ағайындардың тарих қыспағында, замана құрсауында осы қалғаны – қалған ба? Саха мен шуаш, туба мен хакас сияқты аз санды, діні бөлек жұрттардың болашақ келбет-кескіні қандай болмақ? Ең жақын туыстарымыз ноғай мен қарақалпақ ше? Бірі ғасырлар бойы қынадай қырылып, миллионнан астам ауыр жұрты жүз мыңға да жете алмай, оның өзі беске бөлініп, ең болмағанда аудан деңгейінде аумақтық билікке қол жеткізе алмай отырса, екіншісі табиғат зұлматына – Арал қасіретіне ұшырады. Шеттегі қазақтан титімдей айырымы жоқ ата балалары біздің кең қолтығымызға келіп тығылмаса аз жылда өзгеге жұтылып, күндердің күнінде ата жау болып кетпесіне кім кепіл?.. Мың өліп, мың тірілген, тілінің тұ­тастығымен, діні мен ділінің ортақ­тығымен бүгінге жеткен Алаш жұрты тарихи тамыры тереңде болмаса, басынан сан алуан мемлекеттік құрылыс, империяларды өткермесе тарих шаңына жұтылып, атаусыз, жоқтаусыз қалмас па еді? Біздің бүгінгі барлығымыз – өткендегі нарлығымыз шығар, сірә... Жалпы, өткенді аңсау, оны сағына жоқтау, өз қиялында ұшпаққа ұшырып, әсірелеу барша адам баласына тән қасиет дейді психолог-ғалымдар. Десекте, бүгінсіз ертең болмайтыны секілді, өткен шақсыз осы шақ та, келер шақ та болмасы бір хақиқат. Мәселенің мәнісі: ғылыми (тарихи) жетістіктерді бұқаралық білімге айналдыру туралы. Көрнек өнерінің бір құдіреті – адамды тәрбиелеу, қалыптау болғандықтан ақын-жазушы, журналист, киногер, суретші, мүсінші және басқаларды ғылым жетістігінің, жылт еткен жақсылықтың жаршысы, жаюшысы, популизатор десек болады. Сол тұрғыдан да ұлы Абайды ойшыл, философ, М.Әуезовті қазақ қоғамының кең полотносын сызған суреткер, І.Есенберлин, Ә.Кекілбай, М.Мағауиндерді арғы тарихты бері әкеліп, алақанға салған сөз зергерлері дейміз. Қазан аузы жоғары, әлі талай ұлығ кітаптар жазылар. Біз әзірше үш ерекше кітап туралы сөз қозғап, олармен қалың көпшілікті таныстырып өтпекпіз. Қазақ өркениетінің (оны жоқ деушілер де аз емес екенін ескеріңіз) үш ұстыны іспетті үш дәуір, үш белесті тарихи кезеңнің мән-жайын ашатын бұл үш кітаппен танысу – қазақ тарихының шаңға көмілген (тура және ауыс мағынасында да) беттерін қайта бір парақтап, пайымдай түсуге септігі тиері сөзсіз. 1. АРҚАЙЫМ. Күні кеше, 1987 жылы Ресейдің Челябинск мемлекеттік университетінің археология экспедициясын басқарған Г.Зданович осы аймақтан (біздің Қостанай облысы, Жітіқара ауданымен шектес) Үлкен Қараған, Өтеген және Сынтас өзендері арасынан әлемде теңдесі жоқ қала жұртын тауып, оған жақын маңдағы Арқайым тауының атымен «Арқайым» деген ат қойып, сенсациялық жаңалық жасады. Кейін қаза келе, зерттей келе ондай қала жұртын 22-ге жеткізіп, оған «Қалалар елі» («Страна городов») деген ат берді. Бұл қалалардың ерекшелігі сол – оның бес мың жылдық (!) тарихы бар. Ғылымда орныққан Андронов мәдениеті б.з.д. ІІ-І ғасырларды меңзесе, «арқайым-сынтас мәдениеті» деген жаңа атауға ие болған жаңалық б.з.д. ІV-ІІ ғасырларды қамтып, тек Оңтүстік Орал мен Қазақстанның қола дәуірінің тарихы ғана емес, күллі Тұранның өткені туралы мүлдем жаңа көзқарас қалыптастыруға алып келді. Әйгілі сақ ескерткіштерінің («Алтын адам») алдында да үлкен өркениеттің болғаны, темірдің (металдың) дүниежүзінде ең алғаш осы жерде қорытылғаны, алғашқы қару-жарақтың, арбаның, дөңгелектің, басқа да құрал-саймандардың осы жерде шығарылғаны, әлемде алғашқы қаланың осы жерде пайда болғаны ғылыми тұрғыдан дәлелденіп отыр. Астана қаласында қарапайым бір зейнеткер апамыз тұрып жатыр. Аты-жөні – Амангелді Қасымқызы Нарым­баева. Қостанайдың Меңдіғара ауданының Ба­лықты ауылында 1944 жылы дүниеге келген. Қостанай мемлекеттік университетінің тарих факультетін (орыс бөлімін) бітіріп, Меңдіғара педучилищесінде (1971-73), Арқалық медучилищесінде (1979-2000), Астанаға қоныс аударған соң осындағы медучилищеде (2000-05) жұмыс істеген. Әрине, бастысы бұл емес, 2007 жылы Алматыдан «Аркаим – очаг мировой цивилизации, созданный прототюрками» атты 476 беттен тұратын сүбелі ғылыми-танымдық еңбегі жарық көрген (таралымы – 2000 дана). Былтыр осы еңбегін толықтырып (688 бет), «Туран – колыбель древних цивилизации» деген атпен (1000 дана) тағы да Алматыда бастырып шығарды. Апамызбен кездесіп сөйлескенімізде: «Аз-мұз ғана жөндеп, қосарым бар. Болдым, қолымнан келгенді істедім», – деп отыр. Әрине, «келдім, көрдім, жеңдім» дегендей, автор сенсациялық жаңалық туралы сенсациялық кітап жазып шықты. Оны білмей, танымай, насихаттамай жатсақ – кінә бізден. Ең бастысы, ғалымдар тарапынан айтылып жүрген, әбден орныққан: «Түркі жұрты (қазақ та) б.з.-дың VІ ғасырында Алтайдан тарады, сақ та, «Алтын адам» да үндіеуропалық, иран тілді» деген түсінік-қағиданы біржолата жоққа шығарған кітапты тезірек қазақ тіліне аударып, оқырман қолына тигізуге тырысып жатқан жайымыз бар. Онымен алғы кезекте «Ана тілі» оқырмандары қауышатын болады. 2. НОҒАЙЛЫ. Тарихтың бел-бе­лес­терінде халық жадында жойқын же­ңістері мен алапат жеңілістері мәңгі таңбаланып қалатыны белгілі. Қазақтың дәуленіп, дәуірленген заманы – Ноғайлы. Сол се­бепті де Шоқан бабамыз: «Ноғайлы – қазақтың алтын ғасыры, Асан Қайғы – Даланың ұлы ойшылы» деген болатын. Ноғайлы жырлары бесігімізден қанға сіңіп, санамызда аздап сәулеленгенімен, қолға ұстар темірқазығымыз жоқтай көрінетін. Бестомдық академиялық «Тарихымызда» о бастан-ақ Ноғайлы дәуірі біршама екшеліп, жүйеленгенімен, жо­ғарыда айтқанымыздай, ғылыми жа­ңалық оңайлықпен көпке жете қой­майтындығынан ба, болмаса сол тарауды жеке кітапша қылып, көп тиражбен басып шығару ешкімнің ойына келмегендіктен бе, күні кешегі Ноғайлы заманы біз үшін сонау Көктүріктер заманындағы ата тарихтай тым бұлдыр, солғын елестейтін (мұны бүгінгі нарық заманында, сенсациялық тақырыптың құны қасқалдақтың қанындай болып тұрған кезде Ноғайлыға қатыс­ты бірде-бір қазақ киносы, телефильмі түсірілмеуінен де байқауға болады). Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Әнес Сарай соңғы он­жылдықтарда тарихи тақырыптың хас шеберіне айналды. Исатай мен Махамбет туралы «Екі тарлан» танымдық кітабы, «Көнеліктер» атты зерттеуі үлкен сұранысқа ие болса, ал мына «Ноғайлы» (Алматы, «Арыс», 2009, 480 бет) атты соңғы кітабы, біздіңше, егер қазақта «Жыл кітабы» атты бір әділ бәйге болса, соны шаппай алар туынды. Сол себепті де «Арыс» баспасы бұл кітапты жеделдетіп орыс және түрік тілдеріне аудартып жатқан жайымыз бар. Бір сөзбен айтқанда, кітап құндылы­ғы неде, оның басты идея, концепциясы қандай? Қазақ халқының өзгеден артықшылығы, өзгеше феномені – ауыз әдебиетінің байлығы, әсіресе, көлемді батырлық жырларының (эпос; роман десек болады) көптігі. Міне, «Ноғайлы» кітабында осы халық аузында сақталған жыр кейіпкерлерінің барлығы өздері өмір сүрген дәуірдегі көрші елдердің жазба құжаттарымен (қытай, араб-парсы, орыс, моңғол, еуропалық жазбалар) дәйектеледі. Көбінің жырдағы жорықтары да тарихи факт ретінде қарастырылады. Сонда дейміз-ау, революцияға дейін бір романымыз болған жоқ деп жүрміз – жырларымыздың романнан (еуропалық түсініктегі) несі кем, хатқа түскен тарихымыз жоқ деп жүрміз – жырларымыздың құжат, документтен несі кем (Оларды герменивтика тұрғысынан қарастырған марқұм С.Қондыбай да кесек-кесек жаңалықтар ашып еді ғой, біле-білгенге). Қазіргі таңда қазақ кітаптарының тиражы өте мардымсыз, ауыл түгіл, аудан орталықтарында кітап дүкені жоқ. Сол себепті де Ә.Сарайдың «Ноғайлы» кітабының ең сүбелі тұстарымен «Ана тілі­нің» қалың оқырмандары алғашқылардың бірі болып қауышқалы отыр. 3. АЛАШ. 1988 жылдың ең соңғы күн­дерінде халқымыз ел-жұрт тарихының соңғы 50-60 жылында аттары аталмай, еңбектері еленбей, көзі тірі мен кәмелетті аттағанға «құбыжық» болған Алаш зиялыларын танып-біліп еді. Енді, міне, сол темір тыйым, Кеңес цензурасының өзі тарихи сағымға айнала бастады. Қазақстанда бүгінде Алаштану атты үлкен ғылым саласы пайда болды. Академик Кеңес Нұрпейісовтен бастап архивист Бейсенбай Байғалиев, журналист Армиял Тасымбеков, сондай-ақ проф. М.Қойгелдиев, Д.Аманжолова, Д.Қамзабекұлы және басқа сала ғалымдары Алаш тақырыбын аз жылда үлкен деңгейге көтерді. Осы еңбектердің бас-аяғы түгенделіп, жүйеленіп, «Арыс» қорынан «Алаш. Алашорда. Энциклопедия» (Алматы, «Арыс», 2009, 544 бет) атты жинақ жарық көрді. Әрине, Алаш тақырыбы ең алдымен орыстілді қа­уым үшін өте-мөте актуальды, көп мәлімет бір жерден табылатын әмбебап кітап олардың бірінің атын естісе, бірін естімеген қауым үшін тым қажет-ақ. Сондықтан да оның орысша нұсқасы да дайындалу үстінде. Ал «Ашылмаған аралдар» айдарымен жарық көрер материалдарда Алаш қайраткерлерінің ХХ ғасыр басында қазақ халқын өрге, өркениетке сүйреген зиялы тобының қажыр-қайраты, саяси көзқарастар эволюциясы, жалпы, Алаш идеясының концептуалды мәселелері сөз болмақ. Сонымен газетіміздің келесі санында осыдан 5 мың жыл бұрын бағзы бабаларымыздың қолымен тұрғызылған жұмбақ қала – Арқайым туралы кеңірек әңгіме қозғамақпыз. Ғарифолла ӘНЕС

4481 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы