• Басты мақалалар
  • 20 Наурыз, 2019

МӘРТЕБЕҢ ҚАЛАЙ,МҰҒАЛІМ?

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА «Ана тілі»

Жақында «Қазақстан» телеарна­сының «Қарекет» бағдарламасынан «100 есім» жобасының жеңімпазы, ақын Мақпал Мысаның ұстазы, «Білім беру ісінің үздігі» Гүлшат Базарбекованы көріп, еріксіз риза болдық. Талай шәкірттің арманына қанат бітіріп, самғатып ұшырған. Сөзі де, өзін ұстауы да бөлек, тумысынан ұстаз боп жаратылған ол біздің оқушы кезімізді, білім алған мектебімізді, дәріс берген ұстаздарды көз алдымызға әкелді. Мұғалімнің мәртебесін, қадірін осындай ұстаздар көтереді. Олардың еңбегін елге көрсетіп, дәріптеу – бүгінгі қоғамға аса қажет. Мұғалім мәртебесін сөз еткенде, ең алдымен біз еліміздегі білім беру жүйесінің мақсат-мүддесіне тереңірек үңілуіміз керек. Біз осы мақсат-мүддеден қаншалықты шыға алып отырмыз.

Тәуелсіздік алған жылдардан бергі білім беру саласындағы сан алуан өзгерістер ата-ананы да, мұғалімді де, оқушыны да сарсаңға түсірді. Жалақының аздығы, жүктеменің шектен тыс көптігі, қағазбастылық, т.б. көзбояушылық әрекеттер жүйкеге салмақ түсіріп, білікті мамандарды өз саласынан алыстатты. Күнкөріс қамымен жеке басын күйттеп кеткендердің ішінде жоғары білімді мықты кадрлар да бар. Олардың орнын сауатсыз мамандар басты. Мектеп ұжымы мен ата-ананың арасы алшақтап, қарым-қатынас алыстап кетті. Ата-аналардың арасында «ата-аналар жиналысы ақша жинау үшін болады» деген пікір қалыптасып, ата-ана мүлдем мектепке бас сұқпайтын болды. Мұғалімдер тарапынан айтылатын аздаған сын-ескертпелерге оқушы да қадала қарайтынды шығарды. Реті келсе, мұғалімді кінәлап, әшкерелеуге ұмтылды. «Тәйт» дейтін ата-ананың өзі мектепке баса-көктеп еніп, қоқан-лоқы көрсететін жағдайға жетті. Тіпті ұстаздардың соққыға жығылған сәттері де аз емес... Мұғалімді қағазбастылықтан арылту мақсатында «Күнделік кз» қолданысқа енгізілді. Өкінішке қарай, бұл да мұғалімге қолбайлау болып отыр. Мұғалімдер ертеңгі сабаққа дайын­далатын уақытының барлығын осы электронды күнделікті толтыруға жұмсайтынын, қала берді жоспар толтыру секілді бітпейтін қағазбастылық әлі сол мызғымаған күйінде тұрғанын айтады. Бір кездері мұғалім мәртебелі мамандық иесі болса, бүгінде мұғалім болғысы келетіндердің қатары тым сирек. Оның салқыны мектепке де тиюде. Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2016-2017 оқу жылында 11704 мұғалім білім беру жүйесін тастап кеткен. 2018 оқу жылында 12154 мұғалім мектептен кеткен («Информбюро.кз», 12.06.2018). 2017 жылы Қарағанды облысында мұғалім жетпей, зейнетке шыққан 300 мұғалімді қайтадан жұмысқа шақырып алған. Осындай деректерге қарап отырып, жүрегің шым ете түседі. Бүкіл қауым құрмет тұтатын мұғалімнің қадірі неге осыншалықты төмендеді? Былтыр Елбасы Жолдауында бұл мәселеге тоқталып, «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірлеу қажеттігін айтқан. «Ол заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыруы керек. Жүктемені қысқартып, қызметтен тыс тексерістерден арылту керек. Тыңдаңыздар, мұғалімдерге бүгінгі таңда барлық жұмыс жүктеле береді. Сайлауды өткізетін – мұғалімдер, үгіт-насихатты жүргізетін – мұғалімдер, бір шаруаны атқару керек болса – мұғалімдер… Ол үшін ешкім де оларға ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бұл жүктемеден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уақытында жұмыс істеуі керек. Тынымсыз тексерістер де бітпейді. Міне, заң осыларды тоқтату үшін керек» деген болатын Мемлекет басшысы. Қазір Парламентте «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы қаралып жатыр. Онда мұғалімдердің жалақысын өсіру, зейнетке ерте шығу, баспанамен қамту, балабақшадан кезектен тыс орын беру, ауыл мұғалімдері үшін жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерін бөлу және т.б. ұсыныстар бар. Заң жобасын әзірлеу барысында сегіз мыңнан астам ұсыныс түскен. Мұғалімдердің жалақысы 30 пайыз, ал жоғары біліктілігін жаңар­тылған оқыту технологияларын меңгеру арқылы іс жүзінде дәлелдеген ұстаздың еңбегі 50 пайыз көтерілетіні құптарлық. Бейресми дерек көзіне сенсек, елу пайыз жалақы 60 мың ұстазға ғана төленеді. «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы талқыланып жатқан тұста, мұғалімдердің пікірін білдік. Педагог-ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова жалақының өсуі – халықтың өмір сапасын арттырудың тетігі екенін айтып, аттестациялау шарттарынан портфолионы алып тастауды ұсынды. Оның айтуынша, портфолио құру, біріншіден, мұғалімді педагогикалық тәжірибеден аулақтатып, көп уақытын алады. Екіншіден, оны қағазбастылыққа душар етеді. Үшіншіден, бюрократтық көрсеткіштен құтқарады. «Егер атқару билігі аттестациялау шарттарынан портфолионы алып тастаса, бүкіл ұстаздың алғысын алар еді. Мұғалім еңбегінің көрсеткіші портфолио емес, оқушылардың білімділігі, құзіреттілігі, оның оқушымен және ата-анамен оқу-тәрбие ынтымақтастығында. Сонымен қатар талқыланып жатқан Заң жобасында ата-ана туралы бірауыз сөз жоқ. Ұстаз мәртебесін қалыптастыруда ата-ана факторы өте маңызды. Педагог мәртебесін арттырамыз десек, педагогикалық жұмыстың отбасылық тәрбиемен ынтымақтастығы аясында ата-ананың міндетін нақтылап көрсету өте қажет» дейді педагог-ұстаз.

Қоғамның  арқа тірегі – ұстаз!

Сайраш ӘБІШЕВА,  журналист-педагог, Қазақстан Журналистер  одағы сыйлығының екі мәрте иегері,  Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

– «Қазақстан мектебі» журналында 28 жыл қызмет істеп, оның ішінде 25 жыл сол журналдың бас редакторы болдым. Бүкіл Қазақстанды араладым. Барған жерімде ең алдымен, мұғалімдермен кездесемін. Сонда байқағаным, ұсынысын айтып жүретін белсенді мұғалімдер жергілікті өкілеттікті, жергілікті билікті күшейту мақсатында заң шығып, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау мектеп директорына міндеттелгеннен бастап, «үндемейтін», «ауыз ашпайтын» болды. Себебі мұғалім сын-пікір, ұсыныс айтып жатса ол аудандық білім басқармасына, аудандық білім басқармасынан облыстық білім басқармасына, облыстық білім басқармасынан облыстың әкімшілігіне жетеді, олар «мұғалімдер өзінің жұмысын атқармай, не істеп отыр?» деп директорды қысады. Директор мұғалімді қысады. Міне, осындай жағдай мұғалімдердің белсенділігін тежеді. Ал мұғалім мәртебесі – мұғалімнің белсен­ділігіне тікелей байланысты. Мен еңбек жолымды мұғалімдіктен бастап, мұғалімдіктен өстім. Мұғалімнің білімі мен белсенділігі ең бірінші орында тұруы керек. Өмірлік тәжірибеме сүйенсем, мұғалімді қызметке қабылдауды, келісімшартқа қол қоюды директордан алып, бұрынғыдай аудандық білім басқармасына немесе облыстық білім басқармасына беру керек. Диплом алған жас маман «мені жұмысқа алыңыз» деп қай мектепке барып, қай директорға кіріп жүреді. Мектеп директорына кіру үшін адам іздейді. Біз кеңестік дәуірдегі білім жүйесінің жақсы тәжірибелерінен қашпауымыз керек. Бұрын бүкіл облыстан, Қазақстанның түкпір-түкпірінен қандай маман, мұғалім керек сол бөлімшеге сұраныс түсетін. Сол сұранысқа байланысты бізді жолдамамен жіберетін. Қостанай ма, Торғай ма, қай жерге барсаңыз да, екі жыл еңбек етіп барып, дипломыңызды аласыз. Ал қазір бір жерде мұғалім жетпесе, енді бір жерде мұғалімге жұмыс жоқ. Сондықтан мұғалім мәртебесі туралы заңда мұғалімді жұмысқа орналастыру міндетін аудандық білім басқармасына қайтадан жүктеу керек деп санаймын. Мұғалімнің қадір-қасиеті тікелей мұғалімнің өзіне байланысты. Жұмысына жүрдім-бардым қарап, 45 минутты өткізіп, жалақы үшін жүретіндерді оқушы сезеді. Ұстаз өз елінің, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің жанашыры болып, біліміне, ұстаздық қабілетіне сеніп, жастарға білім беретін ұстазбын деген ой-арман, мақсатын толық сезінгенде ғана одан жақсы ұстаз шығады. Сондықтан мұғалімнің өзінің патриоттық тәрбиеге бейімділігін, көзқарасын анықтап алу үшін педагогикалық оқу орнына құжат тапсырған талапкерден қабылдау сынағын алуды ұсынар едім. Оның түк қиындығы жоқ. Мәселен, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты екі еңбегінен 5-6 сұрақ дайындап, талапкер соған жауап берсін. Ол ойланады. Бұл болашақ мұғалімді патриоттық тәрбиеге бұрудың басы. Әрине, жоғары оқу орындарына талапкер керек. Ол бала емтиханнан жақсы өтіп, балы сәйкес келсе қабылдансын. Дей тұрғанмен, қабылдау сынағы болашақ маманды отаншылдыққа жетелейтіні айқын. Біздің білім саласында ұрандату көп. Ағылшын тілін оқиық, үйренейік. Бірақ биология, химия, физиканы ағылшын тілінде оқытуға көшіру үшін алдымен кадр дайындауымыз керек. Жақында өзім танитын бір мұғалімді кездестірдім. Ағылшын курсында оқып жүр екен. «3-4 ай оқып, физика, биологияны ағылшын тілінде қалай түсіндіресіңдер?» десем, күледі. «Апай, ағылшын тілі курсын оқыған адамға 30 пайыз жалақы қосылып жатыр, солардан қалмайын деп оқып жүрмін. Әйтпесе ағылшынша оқыта алмаймыз ғой» дейді. Қарасаңыз, мұғалім шала ағылшынша, оқушы шала ағылшынша, сонда ол қандай білім болады? Неге асығамыз? Ағылшын тілін еркін меңгерген, химия, биология, физиканы қазақ тілімен қатар сол тілде аударып түсіндіре білетін мұғалімдерді дайындап алып, содан кейін неге кіріспейміз? Білім саласы «айтты бітті, қолма-қол орындаймыз» дегенге келе ме? Менің естуімше, Семейдің Шәкәрім атындағы университетінде қазақ тілінің негізінде ағылшын тілін оқытудың факультеті ашылыпты. Міне, сондай факультеттерде ана тілдің негізінде ағылшын тілін меңгертіп, мұғалімдерді 3-4 жылдың ішінде дайын­дап барып, іске кірісу керек. Білім саласындағы асығыстық жақсылыққа апармайды. Қазір мектептерде ата-анамен ынтымақтастық мәселесі әлсіреп кетті. Ата-ана мен мектептің ұжымының арасында жік пайда болды. Осы жікті жою керек. Ата-ананың мақсаты – баласының жақсы оқуы, мектептің мақсаты – балаға жақсы білім беру. Сондықтан осы жерде бізге дәл қазір психолог мамандар қажет. Психолог маман мектеп оқушысымен ғана емес, ата-анамен ынтымақтастықты қалыптастыру жұмысын ұйымдастырушы, басқарушы міндетін алу керек. Тіпті қажет болған жағдайда 6-10, 10-13, 13-16 жастағы балалардың психологиялық мәселелерін жеке-жеке қарастыру керек. Мақсат – ата-ананың педагогикалық-психологиялық білімін көтеру. Бұрын сондай тәжірибе болған. Сөздің түйінін айқанда, мектептің психологы ата-анамен педагогикалық, психологиялық мәселелерді жүргізуде, ата-ананың педагогикалық білімін көтеру мәселесінде жетекші болғаны дұрыс. Мәселен, мұғалімнің сабағына қатысу үшін оның рұқсатын алу керек. Ол – мұғалімге деген құрмет. Мұғалімнің негізгі міндетін атқаруына қалай болса солай араласып, кез келген уақытта барып сабағына қатысу дұрыс емес. Жүйкесін жұқартуға негіз болуы мүмкін. Сондықтан мұғалімнің қызметін құрметтеу мәселесін де заңда қарастыру керек. Мұғалімге зейнетке ерте шығу мүмкіндігі берілсе. Бұрынғы тәжірибеде бұл бар. Бұл жастарды мұғалімдік мамандыққа қызықтырып, мұғалім болуға жетелейді. Еңбек өтіліне байланысты ерте зейнетке шығу мүмкіндігі Заң жүзінде бекітілгені жөн. Мұғалімдердің шығармашылық жұмыспен шұғылдануына айрықша көңіл бөлген дұрыс. Ылғи беске оқиды, ылғи төртке оқиды деген ол мұғалімнің еңбегінің көрсеткіші бола алмайды. Мұғалімнің өзінің шығармашылық жұмысқа бейімділігі, оқушыларды шығармашылық жұмыстарға жетелей білуі ерекше маңызды. Мәселен, түрлі жобалар, ғылыми жобалар, біліктік жобалар, түрлі сайыстар, мектепішілік, ауданішілік, облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстардың жеңімпаздары, халықаралық сайыстың жүлдегерлері сол шығармашылық ізденіске бейім оқушылардан шығады. Сондықтан оқушының тек оқу үлгерімін емес, қабілет-қарымына қарай бағалау маңызды. Айтпаса болмайтын тағы бір мәселе – мұғалімдердің баспасөзбен, педагогикалық баспасөзбен байланысының төмендеуі. Мәселен, бұрын республика деңгейінде өз тәжірибесімен бөлісіп, «Қазақстан мектебі» журналына келген материалды біз сыйғыза алмай, «бұл жолы қазақ әдебиетін бердік, келесіде тарихты берейік» деп іріктеп отыратынбыз. Қазір қарап отырсаңыз, педагогикалық баспасөздің кез келгенінде мұғалімдердің мақалалары жұтаң. Педагогикалық баспасөз – мұғалімдердің жұмысының айнасы. Сондықтан да заңның бір тұсында, педагогикалық байланыс пен ата-ананың ынтымақтастық мәселесін қарау керек деген сияқты, педагогикалық баспасөзге қолдау жасайтындай көңіл бөлінсе құба-құп. Сосын қазақстандық мектеп жүйесінде оқыған бала мемлекеттік тілді меңгеріп шығуы тиіс. Қараңыз, орыстілді мектептердің 70-80 пайызы қазақтың балалары. ЖОО-дағы орыстілді факультеттерде жүрген балалардың 50-60 пайызы­ қазақтар. Сонда олар орыс тілінде оқып жүрміз деп, ана тілінен безіп кетуі керек пе? Ана тілінен оларды ысырып тастауымыз керек пе? Сондықтан қазір ана тілі мәселесінде мемлекеттік тіл ретінде көп көңіл бөлуіміз керек. Мемлекеттік тіл мәселесінде мұғалімдердің шетте қалмауын қарастыру керек».

Бір кездері мұғалім мәртебелі мамандық иесі болса, бүгінде мұғалім болғысы келетіндердің қатары тым сирек. Оның салқыны мектепке де тиюде. Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2016-2017 оқу жылында 11704 мұғалім білім беру жүйесін тастап кеткен. 2018 оқу жылында 12154 мұғалім мектептен кеткен («Информбюро.кз», 12.06.2018). 2017 жылы Қарағанды облысында мұғалім жетпей, зейнетке шыққан 300 мұғалімді қайтадан жұмысқа шақырып алған. Осындай деректерге қарап отырып, жүрегің шым ете түседі. Бүкіл қауым құрмет тұтатын мұғалімнің қадірі неге осыншалықты төмендеді?

Жаңа тағайындалған ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиноваға ел көп үміт артып отыр. Қазаққа жаны жақын министр Үкімет отырысында «Көздеген мақсатымыз, тілегіміз бір. Ол – балалардың бақытты болуы және жақсы білім алуы» деп, алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды. Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру жалғасатынын, биыл психологтар мен сынып жетекшілерінің біліктілігін көтеру ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Қазір мектептерде 7 мың психолог бар екен, болашақта 143 мың маман арнайы курста оқытылады. Өзімізде қалыптасқан классикалық дүниелерді сақтай отырып, жаңа дүниені де мектепке енгізу қажеттігін, қай заманда болсын білім бағдарламалары жетілдіріліп отыратынын атап өтті. «Ең алдымен, білім беру саласындағы төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысы диференциалдау тәсілімен 30%-ға көтеріледі. Атап айтқанда: еден жуушы, электрик, күзетшілер. Бұл тізімге педагог қызметкерлердің тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, психолог, әлеуметтік педагог секілді бірқатар санаттары да кіреді. Педагог қызметкерлердің жалақысын көтеру 2010 жылдан бері тұрақты түрде, біртіндеп жүргізіліп келеді. Соңғы рет жалақы 2018 жылы, мұғалімдердің біліктілік аттестациясы нәтижесінде көтерілді. Ол кезде алған санатына байланысты 30-50% аралығында артқан еді» дей келе, 2010 жылдан бері педагогтардың жалақысы біртіндеп көтеріліп келе жатқанын меңзеді. Экс-министр бастаған мұғалімдерге ағылшын тілін үйрету курстары да тоқтатылатын болды. «Қазақ, орыс, ағылшын тілі мектептерде оқытылады. 11 мың мұғалім 8-11 айлық курстан өткен. Яғни 3 айлық курстан өткен мұғалімдерді кейіннен 8 ай оқытқан. Соның есебінде қазіргі таңда химия, физика, биология, информатика пәндерінен сабақ беріп жүрген мұғалімдердің 11 мыңы оқытылды» дей келе, келесі жылдан бас­тап айлық курстар өткізуге арналған қаржы педагогикалық ұйымдарға жұмсалатынын айтты. Сонымен қатар халықпен кез­де­суінде «Әліппенің» оқу жүйе­сіне қайта енетіні белгілі болды.

Еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептеріне бас сұқсаңыз, ондағы білім беру жүйе­сінің ерекшелігіне бірден көз түседі. Оқушылар еркін. Күн­делікті мектептегідей емес, басқа әлемге енесіз. Өзгесін айтпағанда, оқушылардың әр жыл мезгіліне киімі, спорттық киім жиынтығы, тамағы тегін. Сабағын үздік оқығандар шетелге шығуға мүмкіндік бар. Әр сыныпқа ноутбук қойылған. Физика кабинетіне кірсеңіз, ноутбукты пайдаланып, сол жерде қайтадан кері орнына қойып кетесіз. Келесі сабаққа көтеріп апарып, әуре болмайсыз. Келесі сабақ химия ма, химия кабинеті де сәл солай жабдықталған. Дәлізде көкорай шалғын, емін-еркін аяғыңды жайып­ жіберіп отырамын десеңіз де өз еркіңіз. Шығармашылықпен айналысып, бейнелеу өнері, сурет саламын десеңіз арнайы құрал-жабдықпен жабдықталған үстелді таңдайсыз. Рас, еліміздегі өзге мектептерде мұның бірі де жоқ. Ал біздің білім жүйесінің негізгі көздеген мақсаты да осы емес пе? Барлық мектептер осы үлгіде білім беруі тиіс деген мақсат барын да білеміз... Ендеше, еліміздің өзге мектептерін де осы үлгіде қамтыса деген үміт басым. Басты назарға алатын мәселе, оқушы санын азайту үшін мектепті көбейту қажет. Қазір әр сыныпта 25-30, тіпті 40 балаға дейін оқитын сыныптар бар. Мектептің көбеюі оқушының сөмкесін сүйретіп, алысқа бармай-ақ, үйінің іргесіндегі мектепте оқуына мүмкіндік берер еді. Мектеп формасы, тегін тамақ, тіпті оқушыларды арнайы автобуспен тасымалдау да артық етпейді. Ал осы оқушыларды білім нәрімен сусындатып, білгенін үйретуден жалықпайтын ұстаз бұдан екі есе қамқорлыққа зәру. Қалай болғанда да, мұғалімнің жүріс-тұрысы, қыл аяғы киген киімі де оның әлеуметтік жағдайымен астасып жатуы заңдылық. Тіпті мектеп мұғалімдеріне арнайы мектепке киетін киім үлгісін ұсынып, оны үкімет өз мойнына алса да жарасады. Мұғалімнің мәртебесін арттырамыз десек, алдыңғы кезекте осы әлеуметтік жағдайдың шешілуіне мән беруіміз керек. Жалақыны өсіру, баспанамен қамту, жарықтың, судың, т.б. жергілікті жерде төленетін төлемақыларға жеңілдік жасау, шетелге тәжірибе алмасуға жіберу секілді мәселелер шешілгенде ғана ұстаздың еңсесі көтеріліп, мәртебесі артады. Ал қадірі артқан мұғалімді оқушы да құрметтейді, демек, көз алдыңда мұғалімнің беделі артып шыға келеді. Заңда ата-ананың міндеті де қарастырылуы керек. Қоғам болып, ата-ана, мұғалім, оқушы үндестігін жетілдіретін уақыт жетті. Қанша дегенмен, мұғалім – мектептің айнасы. Мұғалімің қандай, мектебің, қоғамың сондай. Сондықтан мұғалім мәртебесі кезек күттірмейтін шешімді талап етеді.

2404 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы