• Әдебиет
  • 03 Сәуір, 2019

Ауылды ойлап көз ілдім

Талғат Тілеулесов

Талғат Тілеулесов  Қызылорда облысы Арал ауданы Қаратерең ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын, сазгер. «Сағындым сені», «Жыр – Ғұмыр», «Жүрек сыры» кітаптарының авторы. «Бегім ана», «Жанқожа батыр» жырларын жазған. «Бегім ана» жыры Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің тапсырмасы бойынша «Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында «Халық жыры» кітабына енді. Өлеңдері республикалық, облыстық басылымдарға жарияланып тұрады. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың қызметкері. 

Алтын ұям — ауылым

О, туған жер, сенсің менің аңсарым! Көңілімді алса мұң, саған барып келіп жүр-ау демалғым, тас қаладан шаршадым.

Сағынғанда алып ұшып келемін, түсінесің себебін. Тағдырымнан таяқ жеген кезімде, қолтығымнан демедің.

Түн ауғанда өзіңменен тілдесем, Оятасың күнде сен. Арман қуып кетпегенде мүмкін мен, қадіріңді білмес ем.

Қара балаң қалаға жүр асығып, бар жарағын асынып. Ертең мендей сағынатын шығар-ау, көз моншағын жасырып.

Көзіменен көріп қайтсын қаланы, ұстамаңдар баланы. Жүректегі махаббаты оянып, сағынады даланы.

Мен де бір кез кетерімде жырақтап, Қол бұлғадың жылап қап. Өмір бәрін үйретеді екен-ау, қалып қойдым тұрақтап.

Демеу болған ауылымсың жаныма, жыр жазамын тағы да. Жұдырықтай жүрегімді сағынтқан, ризамын барыңа.

Қаратерең

Жүректе іңкәр сағыныш — Бір жүрген досқа, бауырға. Дәл қазір мені алып ұш, Кіндігім кескен ауылға.

Болса да қала мекенім, Ауылды ойлап көз ілдім. Туған жер ыстық екенін Кеткенде елден сезіндім.

Көктемде барам, жазда да, Ауылым қандай екен деп?! Қарама, достым, наздана: «Сөздерің жалған, бекер» деп.

Бар ондай аға-інілер, Ат ізін әлі салмаған. Кіл мықты «мінсіз», «ірілер», Селт етер сезім қалмаған.

Топырақ шашпан көпке мен, Бірлікті жаным қалады. Кім болсын, мейлі, жек көрем Ауылын сағынбағанды.

Құдірет күшке елеңдей, Жанғанда сезім шырағы. «Қайдасың, балам?» дегендей, Бір дауыс келіп тұрады.

Әжемнің өстім қолында, Айтушы ем: «Өссем — бағам!» деп. Сүюші ед: «Сенің жолыңда Жүрейін, сары балам» деп. Жүргесін білем жырақта: Кетіп ем бір кез келем деп. Айыпты болдым, бірақ та Күдеріңді үзбе менен тек.

Іркіліп көзге жасым да, Білсем де шала Құранды. Бас иіп бейіт басында, Оқимын іштей дұғамды.

Тірлікте көңіл алаңдар, Өмірдің кілті — Хақта, шын. Пендеде қандай амал бар, Ертерек ашса қақпасын.

Мәңгілік өшпес жадымда: Өмірге мені әкелген, Ер жеттім деген шағымда, Айырылып қалдым әкемнен.

Көңіл жоқ жүрген марқайып, Бәрі де жақсы десем де. Бұл күнде қалған қартайып, Өзімді туған шешем де.

Сағынып келсең алыстан, Өзгерген бәрі, таңғалма. Ақ шатыр үймен ауысқан Баяғы тоқал тамдар да.

Телміртіп сөзін теретін Отырып кешкі шақтарда, Бас иіп сәлем беретін Азайып кеткен қарттар да.

Сырымды шертем, әрине, Өткеннен қалған із барда. Ана боп отыр әр үйде Көз салған сұлу қыздар да.

Асқандай шаршап көп қырдан, Сөйлейді бұл күн ақталып. Достарым да жүр доп қуған, Әкелік міндет атқарып.

Жасамап па едің, қылық, а? Келдің ғой енді бетпе-бет. Қоясың кейіп ұлыңа: «Алыстап үйден кетпе!» деп.

Ұл-қызға өскен не дейік: Өмірден алсын есесін. Балаларымызға берейік Біз жүрген жастық көшесін.

Тербетіп туған даланы Құлаққа ыстық таныс үн. Шырқатып балаң барады Қаратереңнің вальсін.

Өмір кезеңі

Көктем — менің бала кезім Таңмен алғаш танысқан. Ақыл-ойға шала кезім Желмен құстай жарысқан.

Жазым — менің жігіт кезім, Жалын кеуде мұздар ма? Тұнық кезім, үміт кезім, Сөз салатын қыздарға. Күзім — менің үйленген кез, Үйдің қамын ойлайтын. Бір әйелге үйренген кез, Уақыт жоқ тойлайтын.

Ал қысым ше, қатулы екен, Не десе де көнеміз. Ақ бас шалың ашулы екен, Уақытында көреміз.

Жарыма

«Осылайша үнемі жүремісің, Сен жалғыз емессің ғой, білемісің?» деп бір күні масайрап отырған ем, Жайып салды жолдасым ренішін.

«Ылғи ғана қыздарға өлеңдерің, Үйде жүрген мен ешбір еленбедім. Ертай ақын арнайды Күләйына, Әлде одан бар ма еді төмен жерім?!»

Бүкпе сырын ақтарды, жасырмады, «Сүйген жарын ұмытқан қасындағы Түсіну де қиын ғой ақын жанын» деп қояды сабырмен, ашынбады.

Ақ Шынарым, қалаймын білгеніңді, Еске алшы балауса күндеріңді. Сезбейсің бе, сүйіктім, ғашықтарды Табыстырып өлеңмен жүргенімді.

Жастық шақ

Сонау бала кездеріміз есімде, Жүруші едік арман ойдың көшінде. Ұстаздардан жасырынып кешқұрым, Барушы едік қыздарменен «вешірге».

Бәріміз де күннен-күнге гүлдедік, Кешке қарай шығатынбыз түрленіп. Қырға шығып қайтатынбыз ән салып, Ол кездері махаббатты білмедік.

Өмір жүгін артпаған кез арқаға, Қызға жазған хат тұратын қалтада. «Сүйем» деген сөзді айтуға батпаймыз, Есімдерін жазып жүрдік партаға.

Бір болсын деп әрқашан да әніміз, Қыздарға арнап өлең жаздық бәріміз. Бір өлеңді мың қайтара түзейміз. Соныменен атушы еді таңымыз.

Кеш батқасын қыз үйіне барасың, Сездірместен терезесін қағасың. Ұнау үшін қызға жақын етене, Амалсыздан жақсы көрдік ағасын.

«Жігіттер» деп ағалар да құптайтын, Көңілдерін жас өркеннің жықпайтын. Күткен қызың керек болса, ал енді, Ел аузына түсемін деп шықпайтын. Көңілсіздің көлеңкесін төндіріп, Ұлығандай ішіңде бір бөлтірік. Күткен қызың кеткенінше ұйқыға, Қайттық талай жарықтарын сөндіріп.

Қыз дегенде арман қанат қағатын, Кез ғой, шіркін, үміт отын жағатын. Ауыл шағын болғасын ба, кім білсін, Ертеңіне бәрі біліп қалатын.

Өткен күннің білдік пе екен бағасын?! Сағынышпен қазір еске аласың. Бұл күндері үйлі болдық, балалы, Жастық шақты іздеп қайдан табасың?!

Жылдар жылжып, қалыппыз ғой сүрленіп, Өмір солай өтерін де білмедік, Қайран жастық, есімдесің мәңгілік, Сенен қалған осы өлеңім — күнделік.

Түс

Арал келді баяғы кемеріне, Жамылуда жап-жасыл желегіне.

Шуына да теңіздің құлақ түрдім, Көп жылғы сағыныш па, жылап тұрмын.

Тоқтатылды айырылар көш бүгінгі, О, бауырлар, басыңдар өксігіңді.

Бір керемет орнаған далама шын, Қара, қара шарқ ұрған шағаласын.

Қозады мұндай кезде делебең де, Жүзіп жүр құмда қалған кемелер де.

Сонау бір қимастықпен көшкендер де Оралуда қайтадан өскен жерге.

Таңмен бірге тұратын қарттарым да Ақ тілегін алғысын ақтаруда.

Әму мен Сыр ағады сылаң қағып, Ару қызды көргендей тұрам бағып.

Туған жерге өзіңнен жақын бар ма, Айналды Арал жыр болып ақындарға.

Арал толмас деп жүрген бақсыларға, Тартып-тартып алар ма еді, қамшы бар ма?

Бұрын-соңды қарасын көрсетпеген, Жер-Ананы тілімдеп бөлшектеген.

Білді ме екен Аралдың бағасын да, Бәрі-бәрі теңіздің жағасында.

Тілекшімін, жақсы іске үндемедім, Кім ойлаған Аралдың гүлденерін.

Мұң-қасірет төндірген қабағымды, Жаспен жуып жібердім жанарымды.

Жыр оқыдым өзгеше пішінменен, Оянып кетсем, бәрі түсім екен.

Мен осындай түс көрдім бір кешімде, Сағынып туған жерді жүргесін бе?!

Ақтөбе

2822 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы