• Тарих
  • 24 Қараша, 2010

Ноғайлы

d0bdd0bed0b3d0b0d0b9Әнес САРАЙ

Көшпенді не жартылай отырықшылы қауым­дардың қоныстарын анықтауда отырықшы мемле­кеттердің өлшемімен келуге әсте болмайды. Орыс ғалымдарының бұл орайдағы еңбектерінен ештеңе түсініп болмайды, өздері де шатысып, оқырманды шатыстырғаннан басқа берері шамалы. Өйткені жағырафиялық жағынан көшпелі – бір күн ойда, бір күн қырда, үнемі қозғалыс, тербеліс үстіндегі қауым. Оның үстіне Ноғайлы Қырым, Астрахань, Қазан, Сібір, Қазақ хандықтарының нақ ортасында орналасқандықтан, төрт тараппен тығыз қарым-қатынаста болды. Кейбір жылдары Ноғайлы жұртының Қазан хандығы жерінде немесе қазақ арасында отырғанын көру – көшпелілер үшін дағдылы жағдай. Соған қарап Ноғайлының шекарасы туралы пікір тұжырымдау асығыстық болмақ.

Ноғайлының жері мен елі

Мәселен, А.И-М.Сикалиевтің XIV-XVI ғасырларда ноғайлардың жайлаған жері Мананнан (Дунайдан) Ертіске дейінгі деп көрсетуі сын көтермейді (Сикалиев А.И-М. Но­гайский героический эпос. Черкесск, 1994, 78-б.). Иә, Ноғайлы ыды­рап, бет-бетіне бытыраған кезде қайсыбір жекеленген топтары атал­ған өлкелерде болғаны рас. Бі­рақ ол Ноғайлының шекара межесі бола алмайды. Ал Шоқан Уәлиханов­тың: «Ноғайлар осы шамада (Мо­ғол ханы Тұғлық Темір кезінде) Сырдария мен Шуда, Ыстықкөл мен Жетісуда болды» деп (Валиханов Ч. Собр. сочинения. І том. Алма-Ата, 1961, 358-359-бб.), ешбір дереккөзге иек артпай, халық жадына сүйеніп жазғанындағы «Ыстықкөл» бір қарағанда күдікті көрінгенмен, Но­ғай шежірелеріндегі «Қырғыз Ала­тауында» болғандары туралы мә­ліметпен қабысады. Муин ад-дин Натанзи олардың қонысын «Ұлытау, Сеңгірағаш, Қаратал, Жент, Баршын кент» деп, ноғайлының осы тарапта жасаған бір кезеңінен хабар береді (Трепавлов В.В., 56-б.). Бұл орайда сан-саққа салған әңгіме жеткілікті. Ноғайлы шекарасы әр кезде әртүрлі болған: бірде кеңіп, бірде тарылып отырған. Олардың өзгермеген тиянақты аш өзек, алтын діңгегі – Жайық өзенінің ұзына бойы. Жан-жақтан жау тықсырған қиын-қыстауда осында топталып, күш жиып, сап түзеп, қайтадан аттаныстарға шы­ғып отырған. Сондықтан Ноғайлының шекарасы мен қоныстарын Жайықтан бас­тап сыртқары тараптарға кеңей­тіп отырсақ, қателеспейміз. Орда­ның іргесі қаланған Едіге заманында батыс шекара Еділге, шығыс шекара Жемге тірелді. Ал оңтүстік Кас­пий теңізінің түстік жағалауымен көмкеріліп, терістік Бұлғар мен Камаға дейін жетті. Татардың «Идегей» жырында Нұрадын өкпелеп Хорезмге кетіп қалған әкесіне сәлем айтқанда, Ноғайлының кіндік қаны тамған топырақтарды атап-атап көрсетеді: «Еділ, Жайық, Бұлғар, Сарай, Нұраның Қара құмы, Ойыл, Қыйыл, Елек, Қарғалы» (Идигей. Татарский народный эпос. Казан, 1990, 121-б.). Азды-кемді таласты тұстар болғанымен, алғашқы жылдардағы Ноғайлының жер аумағы осы шамада. Б.-А.Б.Кочекаев Ноғай Орда­сы­ның Қазан хандығында, Баш­құртта, Сібір хандығында «ноғай жұрты» деп аталатын қоныс­тары болып, олардан салық жиналып тұрғанынан хабар береді (Коче­каев Б.-А.Б. Ногайско-русские отноше­ния в XV-XVIII вв. М., 1981, 98-б.). Ғалым Башқұрттағы «ноғай жұртын» Үфә өзенінің бойындағы естектер, ал Сібір хандығындағы қонысы Төмен төңірегі екеніне деректер келтіреді. Шамалауымызша, Қазан хан­дығындағы «ноғай жұрты» – Бұл­ғар-Самар аралығы. Сондай-ақ өзге дереккөздерден білетініміз – Дағыстандағы Терек өзені бо­йындағы «қара ноғайлар». Ол Нұрадынның әу бастан-ақ енші жұрты болған. Жоғарыда Нұра­дынның әкесіне жолдаған сә­леміндегі «Нұраның қара құмы» дегенге көңіл аудармай және болмай- ды. Ілгеріде Муин ад-дин Натанзи­дің ноғайлардың алғашқы қоныс- тары қатарында Ұлытауды атағаны­на дерек келтіргенбіз. Ұлытаудың бір сеңгірі Едігетау атанып, Едігенің осында жерленуі жайдан-жай емес, асылында. Левшин Нұра бойында­ғы Татағайды Ноғайлының қаласы деп бағалағанын ескерсек, ендеше, Нұра өңірі Ноғайлының қазақ арасындағы бір иелігі болғанын аңғарғандаймыз. Мұса, Жаңбыршы бидің кезін­де Ноғайлының шығыс шекарасы төменгі Сыр, Қаратауға жеткені белгілі. Мұса Сыр бойын жайлап, қыстап, Орта Азиядағы әулеттік тартыстардың бел ортасында болды. Осы шамада Ноғайлының шеті Тобыл мен төменгі Есілге жетіп, Сібір хандығымен қоян-қолтық астасты. Шоқан Ноғайлының шығу тегі мен қоныстарына ерекше мән берген. Бірде: «Қазақтар Есіл даласында адасып қалған ноғайлардан шыққан деген әңгіме бар. Олар мұсылман дінінде жоқ чеген деген халықтан әйел алып, сол аралас қаннан қа­зақ пайда болған» (Уәлиханов Ш., І том,107-б.) десе, еңбегінің екінші бір тұсында қазақ даласында ескі қала мен мешіттердің орны көп екенін, олардың ноғайлардан қал­ғанын еске салады (Сонда, 212-б.). Миллердің деректеріне сүйеніп, Мерзлый городок, Тұраш, Малогород, Бузюков болыстары (Чан көлінің төңірегі), Тунус қаласы (Көшімнің шекаралық бекеті), Барабыдағы, Оба көліндегі болыстар: Шаңғұл, Лугуй, Келема және басқалар 1594 жылы ноғайлы Әлей мырзаға салық төлеп тұрды деп (Сонда, 209-б.) Ноғайлының солтүстік-шығыс шекараларынан хабар береді. Ал Ноғайлы елі дегенде оның құрамына енген ұлыстар мен тайпаларды және Ноғайлы халқының саны сияқты мәселелерді аттап өте алмаймыз. Ноғайлы жұртына алғашқы тиянақты ғылыми барлау жасаған М.Г.Сафаргалиев оның ұйытқы тобы деп 18 тайпаны атаған. Олар: алшын, ас, байғұр, борган, борлақ, гублақ, канглы, кенегес, керей, қыпшақ, қытай, қият, колгин, қоңырат, маңғыт, найман, тайджут, тангучин, түрікмен (Сафаргалиев, 1960, 230-б.). Ноғайлы тарихшысы Кочекаев та осы тұжырымға иек артады. Р.Х.Керейтов Ноғайлының ұйытқы тобына бай, қаңлы, қатаған, керейт, қыпшақ, қоңырат, мажар, маңғыт, найман, тама, сильжджгут, үйсін тайпаларын жатқызады (Керейтов Р.Х. Ногайская Орда и вопросы ее этнического состава// ИГАРНО, 19-28-бб.). Ірге көтеріп, дәуірлеген XV ғасырда Ноғайлы 64 тайпадан құралып, ал XVI-XVII ғасырларда олар өздерін «140 таңбалы ноғай» атаған (Трепавлов В.В., 440-б.). Түрік саяхатшысы Эвил Челеби де «140 рулы ноғай жұрты» деп көрсетеді. Біртұтас Ноғайлыда ыдырау­шы­лықтың алғашқы нышандары шаң бергенде-ақ Ұлы Ноғай, Кіші Ноғай, Едисан, Едишкөл, Тоғыз, Жем­бойлық, Буджак ұлыс­тары көрініс тапты. Бұл қыс қыстау, жаз жайлауларына қарай, қандастық жағынан жақын, тарих бел-белестерінде бір-бірінен көз жазбай, қатарлас, қанаттас жүрген тайпалық қауымдастықтар еді. Ал­ғашқы кезеңде етекті кеңге жайып, далиып бара жатқан Ноғайлыны басқаруға септігі тиді, көші-қон, жер-су, ұлыс ішіндегі дау-дамайлар жергілікті жерде шешілді, оның ләшкер құрамаларын жасақтарға, соғыс жағдайында тез әрекеттеуге көмегі аз болмады, алайда келе-тұра ұлыстық құрылымдар күш алып, өзара қырқыс басталғанда Ноғайлының бөлшектеніп, бытырауына әкеп соқтырды. Әңгіме барысында аталмыш қауымдардың пайда болуы мен жоғалуына арнайы тоқта­латын­дықтан, қазір олардың тірлік-тыныс, ішкі құрылымдары мен Но­ғайлы ішіндегі оң-теріс әрекет­теріне кідіріп жатпаймыз. Қандай мемлекеттік құрылым болмасын оның айбар-қуаты хал­қының санымен өлшенеді. Еуропа саяхатшылары Еуразия кеңіс­тігіндегі жері кең, халқы көп бірден-бір құрылым Ноғайлы жұрты деп білді. Бірақ саны қанша екенін кесіп-пішіп атамайды. Бұл орайда Ноғайлы жырларында «теңіздей толқыған Ноғайлы», «теңіздің құмындай сансыз Но­ғайлы», «он сан», «отыз сан», «қы­рық сан» тіркестері жиі кезігеді. Бірақ бұл меңзеулерден халық мөлшерін шамалағанмен, анықтау мүмкін емес. Ноғай зерттеушісі А.И-М.Сикалиев Ноғайлының са­нын 2 миллионға жеткізеді. Ал А.А.Тортика, В.К.Михеев, Р.Н.Кортиевтер Еділ мен Есіл, Кама мен Сырдария аралығында 1 млн. 700 мың халық тұрды, ал Но­ғайлының атақонысы Еділ, Жем, төменгі Сырдарияда 750 мың деп көрсетіп, Ноғайлының санын осы мөлшермен шектейді. Бұл орайда пікір білдіргендер көп. Оның дені қисындау болғандықтан, тоқталып, босқа уақыт алудың қажеті шамалы. Ноғайлы жеке шаңырақ кө­терерде Дешті-Қыпшақта болып, Едіге туралы құнды деректер қалдырған Клавихо Едігенің ләш­кері 200 мың деп көрсеткен. Ал «Қазан жылнамасы» Едігенің ұлдарының әрқайсысында 10 мың жасақ барын атаған. Ендеше, Ибн Арабшахтың Едігенің 20 ұлы туралы мәліметі шындық десек, Ноғайлы ләшкерінің саны 400 мыңнан кем болмаған. Ал ләшкерді жалпы халықтың төрттен бірі деп есептесек, Ноғайлы өтеніндегі халық саны 1 млн. 600 мың боп шығады. 1551 жылы Жүсіп бидің IV Иванға жолдаған хаты да бұл тақырыптағы әңгімеге дәйек бола алады. «Менің тізімдегі ләш­керімнің саны – 300 мың. Ал се­гіз ұлымның әрқайсысында 10 мыңнан жасақ бар» (Трепавлов В.В., 497-б.). Бұл Ноғайлы мен Русь арасы шиеленіскенде IV Иванды ықтырмақ болған қоқан-лоқы хат еді. Асылы, Жүсіп ләшкерінің санын асырып көрсетсе керек. Өйткені ол 1552 жылы орысқа қарсы жасақ жиғанда ләшкері 120 мыңнан аспай қалды. Соңғы дерек – Ноғайлыдағы орыс елшісінің нақты мәліметі. Олай болу себебі: Ноғайлының 480 мыңға жуық халқы бар Ысмайыл, Арслан мырзалар бастаған оң қанат жорықтан үзілді-кесілді бас тартты. Оған қоса Сейідахмет ұлысы Мауреннахрға ұзап, Алшағыр ұры­ғы да Ноғайлыдан тысқа кетке­нін қосыңыз. Сонда Ноғайлының халқы 1200-1400 мың шамасынан аспаған сыңайда. Соңғы өлшем келеге келетін сияқты. Қасым хан тұсында Қазақ хандығының ләшкері 300 мыңға (Бабыр мәліметінше), халқының саны 1 млн.-ға (Мұхаммед Хайдар мәліметінше) жеткенде, Еуропа жиһанкездерінің «аталмыш кеңістіктегі ең іргелі мемлекет» деп Ноғайлыны атауы – осындай тиянаққа иек артуға итермелейді.

Ноғайлының басқару жүйесі

Ноғайлы өзінің ішкі құрылым, басқару жүйесі тұрғысынан көшпе­лі мемлекеттердің классикалық үл­гісіндегі орта, оң, сол болып түзілді. Шындығында, осы тәртіппен қо­ныстану – ләшкери шеппен бара-бар еді. Жау бір қанаттан киліксе, алдынан екі лек тосқауыл кезігетін. Ал ортадан киліксе, екі қанат­пен қаусырып қоршап алуға өте қолайлы еді. Орналасу тәртібімен көшпелі өмірде әбден сыналған тәжірибеге иек артса, ал өздерінің ішкі құрылымдары мен басқару жүйелерін қалыптауда бұрын бол- маған сонылық танытты. Мәселен, би, нұрадын, кейқуат, тайбұға, қа-ра-дуан, тоқа-дуан – мұндай атаулар ғұнда да, түркіде де, моңғолда да, тіпті өздері аралас-құралас, ірге сыбай көрші отырған Алтын Ордада да болған емес. Бұл орайда Ноғайлы тың, төлтума үрдіспен ерекшелене білді. Ноғайлы Ордасының бас­шы­сы – би деп аталды. Оған ха­лық құрылтайында сайлану ар­қылы қол жеткізді. Бидің билік жүргізу мерзімі уақыт жағынан шек­тел­меген сияқты. Билер тақтан өліп не қуылып қана кеткен. Әдетте, би сайлаушылар рулар мен ұлыс басшылары деп түсініп келдік. Ноғайлы Ордасының кейінгі кезеңін қамтитын дереккөздер басқа аужай аңғартады. Дінахмет би өліп, орнына 1578 жылы Орыс сайланарда «барлық ұлыстың мыр­залары және қосбасылары мен қара халық жиналды» деп жазған (Рос­сийский государственный архив древних веков. ННКС, д. 8., 211 //Тре­павлов В.В., 545-б.). Демек, құ­рыл­тайға бүкіл халық жиналғаны – шы­найы демократиялық үрдістің көрініс бергені. Әлбетте, ұлысбасы мырзалардың халыққа ықпалы күшті болғаны, сайып келгенде, со­лардың дегендері жүзеге асқаны белгілі. Би Сарайшық қаласында тұрып, тек жазғы күндері жайлауға шық­ты. Бидің құқы күшті болғанмен, шектеусіз болған жоқ. Маңызды мәселелер туралы мырзалармен кеңесіп барып шешім қабылдады. «Биге кәрі мырзалар ағасындай, жас мырзалар әкесіндей бағынды» (Кочекаев Б.-А.Б., 39-б.). Орданың лауазым жөнінен екінші тұлғасы – нұрадын, нұрадын мырза деп аталды. Бұл атаудың шығу тегі Едігенің ұлы Нұрадынмен байланысты екені даусыз. Оның міндеті оң қанатты, яки Қырым бетті жаудан қорғау болды. Нұрадын жасағымен Еділдің жайылма сулы, оты шүйгін әрі жайпақ сол қанатын ұзына бойына жайлап жатты. Но­ғайлы Қырыммен бәсеке боп, үргін-сүргінді ғұмыр кешті. «Би өлген жағдайда үлкен ұлы әке орнына би сайланып, екінші ұл – нұрадын лауазымын иеленді» (Перетяткович Г. Поволжье в XV и XVI вв., 140-б.). Ноғайлы би­леушілерінің алғашқы бунағы – Едіге мен оның ұлдарына қа­тыстыра айтылған бұл пікір біршама нақтылауды қажет етеді. Ноғайлының алғашқы билеушілері кезінде билік жоралары әлі бір ізге түсіп жүйелене қойған жоқ-ты. Ноғайлы тізгіні Нұрадын ұлы Уақас қолына көшкеннен бастап, бұл іске анықтық енді. Уақас өлгенде билік оның інісі Аббасқа тиді, Аббас үлкейген соң, тізгінді ағасы Уақастың баласы Мұсаға, Мұса інісі Жаңбыршыға берді. Бұдан кейін Мұса ұлдары ағалық-інілік жолмен кезегімен биледі. Ноғайлының билік жүйесінде тә­жірибе қалыптастырған жол-жо­ралғы негізінде: билік ағадан ініге ауысты, ол жүйе сарқылып біткен­де келесі буынның үлкеніне, яки үлкен ағаның үлкен ұлына ауысты деп тұжырымдауға дәлел жеткілікті. Жол-жоралғы осылай болғанмен, құрылтайда бас қосқан халық таңдауы бұл жоралғыны өзгертіп жіберген кездері аз болмаған. Ноғайлының айнала төңіректегі мемлекеттік құрылымдардан басты айырмашылығы – билік жүйесін­де Шыңғыс тұқымы қатыспа­ған, жергілікті халықтың өзі құрып, өзі билеген саяси жаралым болғандығында және оның тыныс-тірлігінде дала демократиясының озық үлгілері көрініс тапты. Ордадағы үшінші лауазым иесі – кейқуат. Оның міндеті сол қанатты жаудан қорғау болды, геосаяси нақты жағдайда Ноғайлы иеліктерін Қазақ хандығынан қалқалап тұрды. Төртінші лауазым иесі – тайбұға. Орыс құжаттарында осы лауазым иесі үнемі төртінші болып аталады. 1626 жылы ақ патша Михаил Федорович Ноғайлыға атаулы сыйлық жібергенде, биге – 54 рубль, нұрадынға – 36, кейқуатқа – 34, тайбұғаға – 28 рубль деп көрсеткен (ЦГАДА, 127. Ногайские дела за 1626 г. Кн. I., л. 440). Орыс мұрағатында жинақталған қатынас қағаздары да, оны сараптап, ғылыми айналымға енгізген та­рих­шылар да бұл лауазымды ата­ғандары болмаса, анық-қанық пікір айтпайды. «Тайбұға» – Сібір хан­дығына шайбандар үстемдік еткенге дейінгі Керей хандарының әулеттік есімі. Демек, тайбұға Сібір хандығымен байланысқа жауапты лауазым болған.

(Жалғасы бар)

Дайындаған Ғарифолла ӘНЕС

5440 рет

көрсетілді

129

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы