• Білім және ғылым
  • 11 Сәуір, 2019

Ғарыштағы «пәтер»

Әлемдегі тұңғыш «Мир» ғарыш станциясы ХХ ғасырда жасалып, ХХІ ғасыр басталған бетте 2001 жылы 23 наурыз күні Тынық мұхитына құлады. Анығында мұхиттың кемелер жүзбейтін Перу мен Жаңа Зеландия арасындағы ресми емес  тілде ғарыш кемелерінің «қабіріне» айналған аумаққа құлатылды. Басында бес жылға ұшуға жоспарланған станция әуелі КСРО-ға, одан кейін алып империяның мұрагері – Ресейге 15 жыл қызмет атқарыпты.

Бәрі КСРО мен АҚШ-тың «қырғи-қа­бақ соғысынан» басталған. Жерде атом қаруымен, ғарышта космос кемелерімен теке­тірес басталғалы бірталай уақыт өткен. Бәйге, бәсеке ғарышқа шығып алған. Әлем екі державаның сойқан қаруларынан ішін тартып, үреймен ұйықтап, қорқынышпен оянатын. АҚШ Шаттл ғарыш кемелерінің бірін ұшырып, екіншісін қондырып жатқан кез. Яғни ғарыш кемесі бұрын орбитаны айнала ұшып, космонавтар мен астронавтар тапсырма орындаған соң капсуламен Жерге қонып жататын. Бит терісінен биялай тігетін бизнес билеген АҚШ артық шығынға бара ма? Ғарыш саласының ғалымдары енді космос кемелерін мұхитқа батырмай жерге қондырып, оны қайыра жамап-жасқап ұшырып,шығындарын шақтаған сияқты. КСРО-да қала ма? «Боран» бағдарла­масын жасап, ұшырып көрді.Бір-ақ рет. Сол «Боран» ғарыш музейінде тұру керек. Ғарышта космос станциясын өз үйіндей пайдалану идеясы өткен ғасырдың 60-шы жылдарының соңы 70-шы жылдардың басында КСРО ғалымдарының ұшқыр қия­лынан 80-ші жылдары жүзеге асты. КСРО жетісіп тұрмаған. Экономикасы АҚШ-пен жарыста болдыруға айналған. Билік басына М.Горбачев келіп, тұралаған КСРО-ны одан әрі титықтатқан шақ. Космос кемелерін жасап, ұшырып-қондыратын ғалымдар екі жарылады. Бірі – АҚШ сияқты «Боран» бағдарламасын, екінші жағы – ғарыш станциясын жасауды ұсынады. Сол кездегі СОКП Орталық Комитетінің осы саланы өргізіп, жаятын хатшысы, Саяси Бюро мүшесі Г.Романовқа ғайыптан тайып, ғарыш станциясы туралы ұсыныс жетеді. Алдында Ленинград обкомын басқарған ол бар беделін салып «Мир» станциясын жасауға «батасын» береді. Не керек, СОКП XXVII cъезіне шейін жоба жасалып, көкте ұшып жүруге тиіс. Партия айтты – бітті. Орындалады. КСРО-ның 20 министрлігі мен ве­домствосы жабылып, он-он бес жылдың мұғдарында станцияның негізгі сүйегі – базалық блогы 1986 жылы 20 ақпанда орбитаға шығарылады. Өзіміздің Байқоңыр космодромынан «Протон» ракетасы арқылы жеті қат көкке жол тартады. Станция отсектерімен, модуль­дерімен толық құрастырылып біткенде салмағы 124 тонна, ұзындығы 19 метр, ені 31 метр, адамдар тұра алатын космос «пәтерлері» 376 текше метр болған. КСРО-ны (Ресей) қосқанда 12 мемлекеттің 104 космонавты мен астронавты «Мир» станциясында түнеп, тәжі­рибе өткізіп, ұшып барып қайтқан. Бәрі дін аман оралған. Тұңғыш ұшып барып, ғарыш «пәтерінің» қызығын көрген – Л.Кизим мен В.Соловьев. В.Соловьев осы станцияны құ­рас­­тырып, жасаушы үлкен ғалымдардың бірі. 1991 жылға қарай КСРО-ның басынан бақ тайып, алып мемлекеттің экономикасы да, саясаты да қаусауға шақ қалған. Қазір 15 мемлекет болып отырған одақтас республикалар орталықтан енші сұрап, ер-тоқымын мойнына алып тулап жатқан киын кез. Дәл осы сәтті өте ұтымды пайдаланған Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаев ғарышқа қазақты ұшыру мәселесін шешеді. Бұған космодромның Байқоңырда салынуы таразы басын бізге аударып, қазаққа қырын қарайтын М.Горбачев амалсыз келісімін берген тәрізді. Сонымен, қазақтың маңдайына Алла жазған Кеңес Одағының Батыры, әлемдегі теңдесіз он сынақшы-ұшқыштың (ас) АҚШ-тағы тізімінде үшінші болып жазылған Тоқтар Әубәкіровтің «Мир» станциясына ұшып барып қайтуы шешілген. Тоқтар ағамызға дейін бұл станцияға 12 экспедиция барып қайтқан. Рет саны – 13. Еуропа, Ресей және басқа елдердің халықтары жақсы ырымға баламайтын 13-ші экспедициямен Т.Әубәкіров, А.Волков, австриялық Ф.Фибек 1991 жылы 2 қазанда жер тартылысын жеңіп, ғарыштағы «Мир» станциясына аман-есен жеткенін тікелей эфирде көргенбіз. Тоқтар ағамыз жай турист болып бармай, Арал теңізін ғарыштан бақылап, экологиялық апат­тың аз-ақ алдында тұрғанын зерттеп, басқа да тәжірибелер өткізіп қайтқаны белгілі. КСРО-ның космонавттарды наградтауда өз рәсімі болған. Ғарышқа неше рет ұшса, сонша рет Кеңес Одағының Батыры атағын берген. Мұндай космонавт 34 екен. Ал бұрын Батыр атағы болса, ұшып келгенде тағы осы жоғары марапат берілген. Екі мәрте алған Г.Береговой екен. Ол соғыстан Батыр жұлдызын алып қайтқан. Тоқтар Әубәкіров те ғарышқа ұшпай тұрып, сынақшы-ұшқыш кезінде Кеңес Одағының Батыры атанған (1988 жыл). М.Горбачев осы дәстүрді бұзып, Тоқтар ағамызға Октябрь Революциясы орденін беріп, Желтоқсан көтерілісін кешпеген. Сөйтіп, рет саны бойынша КСРО-ның 72-космонавты Тоқтар ағамыз бен қазақ халқының назасы оқтай тиген болу керек. Екі айдан кейін КСРО тарап, қазақ елі Тәуелсіздігін жариялады. Қазір ғарышқа адамның ұшуы Америка құрлығына сапарлап қайту сияқты етіміз үйренген шаруа болып қалды. Ал, шын мәнінде, «Мир» станциясы – адамзат баласының ғарышты игерудегі үлкен белесі. Бұл екі бүктеліп жатып, орбитада Жер планетасын айналып келу емес. Осы үйдегідей өмір сүріп, кәдімгідей зерттеу жұмыстарын жасау мүмкіндігі бар. Станцияда ұзақ тұрып қайтқан, қысқа қайырым сапарлап келген ғарышкерлер «Мир» станциясын екінші үйіне балайды. Станцияға бес рет барып қайтқан В.Соловьев немесе ең ұзақ 437 тәулік мекендеген В.Поляков, өзіміздің Т.Әубәкіров пен Т.Мұсабаев, басқаларының бәрі станцияны ғарыштағы өз «пәтерлеріне» теңейді. Т.Мұсабаев бір сұхбатында станцияда шағын ғана моншаға шейін барын, бір ғарышкердің өзімен бірге шабынатын сыпырғышқа дейін алып барғанын айтқан. 1995 жылға қарай Ресей, тәуелсіздік алған жас мемлекеттер ғарыштағы станция түгілі, жердегі күнкөріске қиналып қалған. Содан КСРО тарағанша құпия болып келген станцияға шетелдіктерді ұшыру басталады (1995 ж.). Франция, Жапония, Канада, Австриямен қатар Сирия, Ауғанстан сияқты мемлекеттердің де азаматтары осы станция арқылы ғарышқа барып қайтқан. Қаржы тығырығынан «Энергия» корпорациясы осы шетелдіктерді ұшыру арқылы шығып отырған. Әрине, бұның ішінде біздің Байқоңыр космодромының да үлесі бар. 17 коммерциялық экспедиция бір миллиард долларға жуық қаржы тапса, ғарыш станция­сында тауарларды жарнамалау екі миллион долларға жуық ақша құйған. Ақауланған станцияны мұхитқа құлатар алдында осы күйінде сатып алуға Иран ұсыныс жасайды. Иран прези­денті М.Хатами стан­цияны қан­шаға бағалағаны белгісіз. Ресей «Мирді» сатпайды. Бәлкім, «Иран әскери мақсат­қа пайдаланады» деп қауіптенген шығар. Сонымен, «Мир» станциясын мұхитқа құлатар алдында қарсы шыққандар да аз болмаған. Ғарышкерлердің өзі Б.Ельцинге хат жазып, станцияны алып қалуды сұрайды. Т.Әубәкіров те сол хатқа қол қойғанын бір сұхбатында еске алғанын естідім. Ақыры «Мир» И.Тургеневтің «Муму» әңгімесіндегі Муму сияқты суға батырылды. Әдеби кейіпкер «Герасимнің қолымен». *** «Мирдің» орнын Халықаралық космос станциясы басты. Ғарышкерлер жеті қат көктегі «пәтерлеріне» барып қайтады. Менің ақылым жетпейтіні – жұмыр жерде бір-біріне санкция жариялап, дүрдараз болып қалған Ресей мен АҚШ ғарышта тіл табысады. Ғарышкерлері бір үйдің бірге туған бауырларындай айлап, жылдап тату өмір сүреді. Мүмкін бір Жаратушыға жақындағаннан ба?!

Мағауия СЕМБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

5085 рет

көрсетілді

108

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы