• Әдебиет
  • 11 Сәуір, 2019

БЕРІК ДОСТЫҚ ҮЛГІСІ

Жол. Көз алдымда көлбеп жатқан ұзақ жол. Осы жолдың бір үзігі менің туған жерім Қосағаштан басталып, Шаған ауылына келіп тіреледі. Бір үзік жол, бір үзік өмір. Осы жолмен 35 жыл бойы бір-біріне үздіксіз қатысып отырған екі адам бар. Олар – менің әкем Асхат және оның майдандас досы Абубакар Имадаев. Олардың достығы – қан майданнан ұласып, күні бүгінге дейін үзілмей жеткен ұлы достық. Иә, достықтың сан алуан түрі бар-ау. Бала кезден тай-қозыдай тебісіп бірге өскен бала достық, мектеп табалдырығынан шығып, студент шақтағы бозбала достық немесе жанұя құрып, отбасы болып сыйласып, араласатын жегжат-жұрат. Ал бұл достық – мәні де, мағынасы да өзгеше, өнегелі, алтыннан қымбат, қасиетті достық. Жастықтың жалыны лапылдап тұрған 18 жасында қан майданның ортасынан шыққан әкем мен оның досын мақтан ете отырып, оларды бүгінгі әңгімеме өзек еттім.

Киелі мекен Күреңбелдің тумасы, әкем Асхат Ауғанұлы Қоғалы ауылында дүниеге келген. Балалық шағы жазиралы Жаркенттің Айдарлы ауылында өткен ол Ақтаудың ақ құмында жалаң аяқ қоян қуып, қасиетті Іленің балығын аулап, сексеуілдің томарынан от жағып, сол оттың жалынына жылынып өскен. 1981 жылдың сәуір айында әскер қатарына шақырылып, ел қатарлы кеңес өкіметінің бір бұрышында отандық борышын өткерудің орнына Ауғанстан жерінен бірақ шыққан әкемнің ойында «Ауғанстан» деген атау жатталып қалған. Өйткені туған ағасы сол ауған жерінде әскери қызметін атқарып жатқан-ды. Ұшақтан түсіп, жат жерге қадам басқан жас бозбала ағасын іздестіреді. Алайда тағдыр ағалы-інілі екеуді жолықтырмапты. Бірнеше айдан соң ағасының әскери борышын дін аман өтеп, туған жерге оралғанын хат арқылы біледі. Сол арада күнделік жазған әкем басынан өткен оқиғаларды қағазға түсіруде әдетке айналдырыпты. Күнделіктің бір бетіне: «1982 жылдың ақпан айы. Кезекші шабуылға шықтық. Мұнарланған биік тау. Қасымда 5-6 жауынгер бар, душманды бетке алып қуып келеміз. Бірде олар, бірде біз оқ жаудырамыз. Кенеттен бір душман қолындағы автоматын тастай салып, қаша жөнелгені бар емес па?! Мен де ойлана қалдым. Мұны тірідей қолға түсіру керек. Ол ойлы-шұқырлы жермен жүгіре жөнелді. Мен артынан қуа жөнелдім де, кілт тоқтай қалдым. Менің құлағыма «тоқта» деген анамның дауысы естілгендей болды. Бірақ өте кеш болатын. Ол мені мина қойылған алаңға алып келген екен. Көз алдымда душман минаға жарылып кетті. Мен шетке секірдім, әттең, ары қарай не болғанын білмеймін. Көзім қарауытып, бір тұңғиыққа батып бара жатырмын. Есімнен танып қалыппын. Бар білетінім – көз алдыма әкем мен анамның елестей бергені» деп жазыпты. Сөйтіп, әкем минаға түсіп, оң аяқтан айырылады. Алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, аэропортқа жеткізген қарулас дос­тары құжаттарын реттеп, ұшаққа салмақшы болады. Маңайының бәрі жаралы солдат. Жүруге шамасы келгендер ұшаққа отырып жатады. Зембілде қозғалыссыз жатқан әкем өздігінен әуе көлігіне міне алмайды. Дәл сол арада ауыр жаралы жауынгерді көтеруге көмектескен жолдастары оны кейінге қалдырады. Осылайша ұшаққа сыймай қалған әкемнің татар дәмі таусылмапты. Өйткені аспанға көтерілген дәрігерлік ұшақты душмандар атып түсіреді. Келесі ұшақпен Ташкентке жеткізілген әкем госпитальда үш ай жатып, Москва-Подольск қаласына жөнелтіледі. Ал әкемнің құжаттары опат болған ұшақпен бірге жанып кетіпті. Сол күннен бастап өлілер қатарында жатқызылған әкем есімінің қайта жаңғырғанын көрді. 1999 жылдың мамыр айы болатын. Қосағаш ауылындағы үйімізге көршілес Шұбар ауылында тұратын жасы 40-қа жетіп қалған кісі келді. Шай үстінде әлгі кісі: «Асхат аға, осы Талдықорған облысында сізден басқа Касенов Асхат Ауганович деген адам бар екен. Соғыста қаза тауыпты. 9 мамырда парадта болдық, сонда өлгендерді еске түсіріп, салют атты. Сол кезде дәл осы есім айтылды» деді. Таңырқап қалған әкем: «Аттас адамдар көп қой» деп қоя салды. Күндер өтіп жатты. Бірақ әкемді бір ой мазалап жүрсе керек. Бір күні: «Облыстық әскери комиссариатқа барып, әлгі адамды білейікші» деді. Барып, сұрап, өлген адамның әкем екенін білдік. Құжатта: «Касенов ­Асхат Ауганович, 1963 год. рож. 11 марта. Гвардейский р\н с. Когалы» деп жазылып тұр. Сол жағдай әкемнің жүйке-жүйесіне қатты әсер етті. Өзін-өзі ұстай алмаған оны түсінген ешкім болмады. 2005 жылғы сәуір айында Астанаға шақырылған әкемнің кеудесіне «Ордена ищут своих героев» деген жоба аясында Ресей президенті Путин қол қойған екі «Қызыл жұлдыз» орденін тақты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Тонның ішкі бауындай болып кеткен әкемнің досы Абубакар Имадаевтың жанашырлығын айтқым келеді. Біздің апамыздың туған баласындай болып кеткен ағаны ел-жұрт «Алик» деп кеткен. Әкеміздің анасы, 2010 жылы дүниеден өтті. Қырғызстаннан көңіл айтып келген нағашылары әкемнің жанында тұрған Алик ағаны көріп: «Біздің мұндай жиеніміз жоқ еді» деп таңырқай сұрапты. Ел тарқап, тынышталғанда қабір алдында екеуі қалды. Алик ағаның анасы сонау Кавказда. Жылына бір рет екі дос Кавказға барып қайтады. Қазіргідей техника дамыған заманда Кавказдан аналары үнемі телефонмен жағдай сұрап: «Достықтарың ажырамасын!» деген тілегін айтып отырады. Он сегіз жасынан соғыстың отын көрген әкем II дәрежелі Айбын орденімен марапатталған. Сол марапаттан соң әкемнің абыройы өсіп, Көксу ауылдық округінің мемлекеттік орман шаруашылығына қызметке алынды. Содан бері табиғаттың тыныштығын күзеткен әкем: «Біз, ауғандықтар, достарымызды ешқашан ұмытпаймыз, біз тірі кезде олар біздің жүрегімізде...» деген сөзді жиі айтады. Сол арқылы өз қатарластарын, қарулас достарын жиі еске алады, іздейді, телефон соғады. Жүректерді табыстырған ұлы достық осындай болады екен.

Айым АСХАТҚЫЗЫ Алматы облысы

756 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы