• Әдебиет
  • 01 Мамыр, 2019

Оспанханның күлкісі

Халқын кәусар күлкіге кенелтіп, өмірдегі келеңсіздікке қарсы қаламымен күресіп өткен қазақ сатирасының тарихындағы қайталанбас сирек талант Оспанхан Әубәкіров (1934-1986) әдебиетімізге өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында қосылып, өмірінің ақырына дейін өнімді шығармашылық еңбек етті, уытты сатирасымен кеңінен танымал болып, оқырмандарының ықыласына бөленді. Ол сатираның поэ­зия саласында да, проза мен драматургияда да көптеген туындылар берді, балаларға арнап бірнеше жинақтар шығарды, әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Суреткердің қай шығармасын алсақ та қазақы мінез-болмыспен көмкерілген күлкінің ұлттық сипатын танимыз. Оқиғаның мәні мен себеп-салдары, ситуациялық жағдайлар, кейіпкердің бітім-болмысы, ісі мен сөзі, мінезі – баршасы қазақы өрнекпен айшықталып, шынайы ұлттық қалпымен алдымыздан шығады. Жазушының өмірді көп зерттеуінің, адамдардың жан дүниесіне зер салып, көркем қиялдау мен аналитикалық ойлауды ұштастыруының нәтижесінде өнерге әкелінетін кейіпкердің сөз саптаулары – сатира мен юмордағы негізгі комизм көздерінің бірі.

Тегінде, сөзді қадірлеген халықтың тамаша қасиеті – шешендіктен, тілдің қадір-қасиетін бағалап, оның қалтарыс-тылсым тереңіне бойлап, сөзді саралап, ойды құбылтып, күлкіні ұштай білген тапқырлық-айтқыштықтан тамыр тартпаған жерде әзіл – әрсіз, сықақ – сиықсыз. Ондайда күлкі әшейін күлдіру үшін ғана айтыла салатын арзанқол анекдот деңгейінен аса алмайды. Бір сәттік күлкі туғызғанмен, сол заматта ұмытылатын, ойы жоқ, тағылымы жоқ мұндай күлкінің ғұмыры қысқа. Ал тұла бойына ұлттық ұғымға тән түсініктерді жинақтап, көп нәрсені астарлы оймен ұқтыратын, ұлттық психологияға негізделген, ­шешен тіл, шебер қалыппен сомдалған күлкі ғана өміршең. Оспанхан күлкісі осындай қасиетімен күшті, тартымды, ғұмырлы. Ұлттық әдеби мұра мен әлемдік озық сатира дәстүрлерінен үлгі-өнеге алып, оны шығармашылықпен дамыта білген Оспанхан Әубәкіров сатирада қайталанбас қолтаңбасымен өз дәстүрін қалдырды. Ешкімге ұқсамайтын өзіндік мәнер-машы­ғымен қазақтың әдебиеттегі күлкісіне жаңа өрнек әкелген сатириктің әзіл әлемі өзінше ажарлы, өзгеше дүние. Өз заманының ізгі ниетті зия­лы азаматы ретінде О.Әубәкіров жағымпаздық пен екіжүзділік, ойсыздық пен мылжыңдық, пасықтық пен дүниеқоңыздық, суайттық, қулық пен сұмдыққа бейімділік секілді қасиетсіздіктерді жек көрді. Айналасындағы адамдардың бойынан осындай жағымсыз қылық, жат әдеттерді көріп, жанымен күйзелді. Оған қарсы күресте адуынды айғай мен бетке айтып, дүрсе қоя беретін ащы сарказм тиімді құрал бола алмайтын. Ұялта отырып ұғындырамын дейтін ақылгөй әңгіменің де көп жағдайда дәрменсіз болары түсінікті еді. Өскелең ойлы, сауатты мен мәдениетті қауымға өз мініне өзін күлдірте отырып ой салу, парасатқа шақыру – жазушының негізгі шығармашылық ұстанымы ретінде айқындалды. Оспанханның әзіл-сықақтары оқырманын ерекше бір әлемге алып келеді. Ақын көпшілікке таныс, әлеуметтік ортаға белгілі кемшіліктерді сықақтаса да, оларды жаңа бір қырынан, көп адам байқай бермейтін, жайшылықта мән берілмейтін түйткілді тұсынан іліп әкетіп, ешкім жазбаған жағынан өткірлікпен өзінше өрнектейді. Қарапайым нәрсенің өзінен күлкінің көзін тауып, ситуацияны тапқырлықпен ойната білуі, одан өнеге ұсынар ой түюі – сықақшы ақынның елеулі ерекшелігі. Оспанхан – әдебиеттегі әзілдің кілтін тапқан, күлкінің құпиясын меңгерген қаламгер. Ол тірліктегі түрлі түйткілдерді айрықша жағдайда, тосын тәсілмен, қызықты қырларымен өзінше өрнектейді. Сөйтіп, оқырманның жадын жаңғыртып, жанын жадыратады. Сатиралық кейіпкердің сыртқы түрі мен ішкі психологиясын, мінез-құлқын кескіндеуде тілдің өткірлігі мен уыттылығы көздеген нысанасын дәл түйреп жатады. Автор, әсіресе күлкі етілер жайды баяндауда қарапайым сөздердің өзін ұтымды қолданады. Оның теңеулері тосындығымен, өткір де ойнақылығымен, суреттілігімен тәнті етеді. Ол құбылысты бірте-бірте күшейте суреттеп, образды үстемелете ашып отыруға шебер. Суреттеп отырған құбылыстың кесірлі жақтарын неғұрлым тереңірек көрсетіп, күлкіні өткірлеу үшін бейнелі сөз түйдектерін үдете, үстемелете қолданып отырады. Мұндай тәсіл шығарманың сатиралық мақсатына лайық образдың болмысын бірте-бірте аша түсуге кең мүмкіндік береді. Оспанхан – халық тілін шебер меңгерген қаламгер. Ол шығарманың шырайын келтіремін деп сұлу сөздерді іздеп әуре болып жатпайды. Асылы, Оспанхан – құбылысты сөз арқылы ойнатудың, кез келген ситуацияны сыни-күлкілік мақсатта келістіре (ұшындыра, қағындыра) әңгімелеп (суреттеп, сипаттап) берудің асқан шебері. Қарапайым халық тіліндегі сөздер мен тіркестерді, мақал-мәтелдерді қолдана отырып, айтпақ ойын ақтарып, оқырманын күлкіге кенелтеді. Қаламгер шығармаларының тілі оның негізгі материалына, ой түйініне қарай көрініп отырады, шығармадағы сатиралық образдың болмысына, ортасына, психологиясы мен дүниетанымына, тұрмыс-тіршілігі мен ой-санасына орай қалыптасады. Сықақшы шығармаларының тілі өзінің жеңіл оқылып, тез ұғынылатын қарапайымдылығымен, өмір құбылыстарын күлкілі де әсерлі жеткізетін бейнелілігімен, астарлы-ауыспалы мағыналылығымен, ойлы-оспақты ойнақылығымен ерекше­ленеді. Қай шығармасынан болсын, жазушының өзіне тән ой өрнегі мен тіл кестесі айқын аңғарылады, сатираның сандаған тәсілдерімен астарлап отырып, айтайын дегенін жайып салады. Оспанханның күлкісі – қоғамдағы қойыртпақтар мен мінездегі міндерді күлкінің күшімен безбендегенде оның байыбына бойлатып, астарлы ишарамен болмысына үңілтетін ойлы күлкі, парасатты пайымның күлкісі. Оған бос әңгімешілдік, дидактикаға бой ұрып құрғақ ақыл айту, әсіре қаралау мен даттау, «ойбайшылдық» пен «айғайшылдық» жат. Сатира үшін ең бастысы – құбылысты күлкі тілімен айшықтап көрсетіп, оқырманға ой салу. Сатира серкесі оқырманын қалайда күлдіртуді емес, күле отырып, сол сықақтағы жайлардың мәнін түсінуін, сөйтіп, одан аулақ болуын мақсат етеді. «Ауызбайдың ауызы» әңгімесіндегі кейіпкер портретіне зер салайықшы. Теңеулер, метафоралар, салыстырулар арқылы карикатуралық-шарждық суреттемені үдетпелі леппен үстемелете шебер қиюластырады: «Ауызбай бір кезде екі беті таразының табағындай, жардай жігіт еді. Қазір қинасаң тарының қауызына сыйып кететін сіріңкенің күйген талындай имек-имек инелік болды да қалды. Сирағы сіңір-сіңір. Жүрсе сықыр-сықыр. Қабырғалары қасқырға құрған аңқау аңшының қақпанындай мен мұндалап далаға шығып тұр. Арқасы «Белі бүкір, алысқа түкір» дейтін жұмбақтың ­жауабындай. Бұл жұмбақтың жауабы «мылтық» еді ғой, ал Ауызбайдың арқасының жауабы «мыртық». Көз көз емес, жұртта қалған бөз. Кірпігі кірпік емес, қылпық. Беті бет емес, қармаққа шаншылған ет. Мұрны мұрын емес, мұрнының орнында қалған ырым. Иегі иек емес, ит мүжіп кеткен сүйек. Ал ауызы ауыз емес, бір антұрған адам басып кеткен дәу із...». Сатирик сөзге «еркіндік» береді. Сөздер мен тіркестердің бойындағы жайшылықта байқала бермейтін мағыналық реңк-өң айқындалып, ұғым-түсінік берерлік мүмкіндіктері ашыла түседі. Сол арқылы берілетін юморлық калорит пен экспрессия Оспанханның өзіндік стилін танытып отырады: «...Тәйтік тәйкесінен түсті» (Ауыз тағдыры»), «...ферма бастығы өз ыдысындағы пікірін айтты» («Милау сиыр»), «Бөкеңнің де есі екеу, түсі төртеу» («Жарықтық»), «Пәштуан осында отырған әйелдердің қолын алып, білегін сүйіп, саусағынан иіскеп, мәдениет таратып жатыр екен» («Ептілер есебі»), «Транспорт тұқымын түгел мініп қалжырап келген Бөден роддомды «қалжалап», қатты ұйықтап жатқан» («Бір қап ұн»), «Қасындағы уксустың шишасындай жіңішке арықты танымадым. Ол Салпаңның амандасқанын ортақ санап, «сол жарар» дегендей ләм деп леп шығарған жоқ» («Ей, құрысын, кетсінші!»). Оспанханның сөйлемдері өлең секілді ұйқасқа құрылып, ырғақ-екпінімен үйлесіп отырады. Сөз дыбыстарының үндесіп келетін аллитерациялық-ассонанстық сипаты ой салмағын арттырып, өткірлей түседі. Халық тіліндегі шешендік-тапқырлық сөздердің мағыналық-құрылымдық жүйесіне негізделгендіктен олар жылы қабылданып, оқушы санасына жағымды әсер етіп отырады. Мысалы: «Менімен бірге оқығандардың бірі өрге домалап дөңге шықты, бірі қисын іздеп қияға шықты. Шыңғырып жүріп шыңға шыққандары да бар. Сандалып жүріп сайда қалған жалғыз мен...», «Қабандай шляпімді қолыма ұстап, еппен есік ашқанымда, екі келіншек есі кетіп етік өлшеп жатыр екен, елең еткен жоқ...», «...Ауылда балабақшаның бақылдап жатқан балалары мен отыз күн оразаның тақылдап отырған шалдарынан басқа тірі жан жоқ...», ­«Ойымыз төсекте болғасын өсекте ісіміз ­болмады...». О.Әубәкіров мақал-мәтелдерді өте өнімді әрі шебер қолданады. Олардың үлгілік-ғибраттық мағынасын авторлық баяндау мен жағымды персонаж сөздеріне арқау етсе, астарлы-кекесінді мағынадағы мақал-мәтелдерді шығар­мадағы күлкілілікті ұштау, сыни тұ­жырымдарды өткірлеу мақсатында қолданады. Кейде мақалдарды өзгертіп, сатиралық мақсатқа бағыштайды: «Қолда мал бар, мал барда не қам бар?», «Болар бала бірдеңесінен белгілі», «Ойнаса баласы жеңеді, шындаса әкесі жеңеді», т.б. Ақын шығармаларында мақал-мәтел сияқты ойлы-оспақты ұтырлы ұйқастар, уытты тіркестер жиі кездеседі: «Танысы бар есік іздейді, Танысы жоқ несін іздейді», «Әйелге әйел қоссаң, Әйгіге әйгі қосқаның, Қайғыға қайғы қосқаның», «Ақшаның сәні – жүздік, Тамақтың сәні – тұздық», «Өлгенде маза болсын десең, Тірлігің таза болсын», «Біреудің ажалы атақтан, Біреудің азабы шатақтан», т. б. Оспанхан шығармаларынан төлтума мақал-мәтел тектес тіркестерді молынан ұшыратамыз. «Жан жолдас жоқ, қалта жолдас көп», «Сөйлеген сөз серттей, қараған көз өрттей болу керек», «Қайсысының сөзінде мән болса, сонысының басында дән болғаны», «Арақпен дос болған итпен құда болғанмен бірдей», «Арақты бөсу үшін ішпейді, өсу үшін ішеді», «Мәселе диплом деген қағазда емес, демеп жіберетін сабазда», «Талабы жоқ адам – шалбарының балағы жоқ адам», «Өрден келер адамға мөрден келер бөгет жоқ», «Қарында хал болмаса, аяқта әл болмайды», т.б. мақал іспетті жолдар жазушының ізденісінен туған, құбылыстар мен кейіпкерлерге қатысты бағалау-бейнелеу барысында қаламына іліккен ойлы-оспақты тұжырымдар. Сөз жоқ, бұлар да – тапқырлықтың нәтижесі. Мұндай ырғақты-ұйқасты әрі мазмұнды күлкілілікпен дәл тұжырымдайтын сөз оралымдары – жазушының поэти­­калық стихиясына етене жақын өрнектер. Оспанханның қара сөзбен жазылған шығармаларының өзі ұйқасқа құрылып, ырғақпен оқылуының бір сыры осында жатыр. Адам портреттерін беруде жазушы ұқсату, салыстыруларды пайдаланып, гиперболалық-гротескілік бейнелеу тәсілдеріне жиі барады: «...Осы күнге дейін бастығымның басының географиясын білмейді екенмін. Күнгей жағы сайтан тайып жығылғандай жап-жалтыр екен де, теріскей жағы дәп бір соғыс зардабын көрген окопты, траншейді елестеткендей ойлы-қырлы, тыртық-тыраулы болып келеді екен...» («Бастығымның бас терісі»). Кейде жазушы адам портреттерін күлкілі түрде гиперболалық суреттеумен ишаралап қана өтеді: «Әкесі деп отырғанымыз – Мимырт. Жасы қырықтың қызығын көріп, елуге беттеп барады. Бет әлпетін суреттеуге фотоаппаратты пайдаланбаса, құр қалам мен қара сөз қаңғып кетеді. Болмаса, анау бір қайнатып түсіріп алған секілді бет-ауыз сөзбен айтып жеткізуге бой бермес. Тек күйген тері секілді деп қана тұспал айтуға болады» («Қатиматика»). Оспанхан сатирасы мен юморы тапқырлықпен өрілген ой-пікір, сөз бен сурет, ситуацияларға өте бай. Тапқырлықтың төрт құбыласы түгел болып, шығармалары «тас бұлақтың суындай» келісім-өрнегімен күлкінің көрігін қыздырып отырады. Сатирадағы ой-пікір мен сөз тап­қыр­лығы – шешендік тапқырлықпен төркіндес, ішкі терең де астарлы мағынасы мен сыртқы түр-пішін, ырғақ-үйлесімі жымдасып жататын хас таланттың даралық ерекшелігі. Мұнда күлкінің күшімен бұлқыныс танытатын, келісіммен өрілген шымырқанған шындық жатады. Ой-пікір тапқырлығы алдымен жазушының бейнелейтін құбылысына орай ұсынатын ойынан, моральдық позициясынан көрінеді. Оқиға-құбылыс, мінез-болмысқа қатысты ой-пікірді кейде ашық, кейде жанама түрде ­орайын тауып, оспақтап жеткізеді. «Қант» әңгімесіндегі мына бір жолдарға назар аударайық: «Ертедегі ертегілерде жаны тәтті мыстандар жанын қобдишаға салып, оны оққа жеткізбес құландардың ішіне бекітіп қойып, өзі отқа салса күймей, суға салса батпай әбден адамның нервісіне тиюші еді. Бұл күнде де көп адамның жаны өзінде емес. Біреудің жаны қатынында ­болса, енді біреулердің жаны биік жүрген біреулердің қалтасында. Сол биік жүргендердің біреуі құласа, төмен жүргеннің қырық-елуі қирайтыны содан...» Автор «көкелеріне» сүйенген қулардың қылығын мысқылдау үшін қызықты аналогияларға барады. Әңгіме олар туралы болмаса да ұтырлы тұста «ұрып» түседі. Көркем шығарманың жаны – сөз бен сурет. Ал күлкілі шығармада көркемдікпен бірге тілдің өткірлігімен өрнектелген, күлкі тудырар тыныс керек. «Байлаулы бала» әңгімесінде «тұтқындағы» телефонды: «...Тиянақ құндақтап жатқан кезде қабырғасы жабысқан сәбидей шырқырап-шырқырап кетті...», «...Жапан түзде суалып бара жатқан жалғыз көлдің бақасы секілді сонау жер шеті қияннан қиналғандай құрып естіледі» деп суреттесе, Бошалақтың «боздатып» арақ ішуін: «...Қымғуыттың қағынған қымбат арағына қырғидай тиді. Шашау шығармай қырып салды. «Осы жетер, көп ішпейді бұл кісі» деп әкелген жұлдызы қалың бір коньяк ә дегенде-ақ «оққа ұшып» кетті. «Осының садақ тартысы мықты деп жүр ғой, «жаудың» бетін осы қайтарар» деп екі шиша «Экстраны» ашты, олардың да найзасының сабы сынып, тегіс тыраң асты...» деп бейнелейді. Оспанханның күлкі қуатының бір қыры оның тіл құнарында жатыр. «Әр сөздің өзінше астары бар» деп білетін жазушы «жұмбақтап жұмып, оспақтап орағытып» отырып әр сөйлем, әр абзацымен күлкіге кенелте түседі. Қандай көріністі алса да әзілмен әрлеп, сықақпен сырлап, әсерлі етіп жеткізеді: «Төр алдында түйістіріп қойған екі үстелдің үстінде қызыл-жасыл, сары ала боп самсап тұрған баршылық. Қылшығы шығып қирап жатқан балық. Сайдың тасындай аунап жатқан алма. Ұр да жықтардың ұл мен қыздары түгел тұр. Тек еті тірі, титықтамайтын қомағайлау ауыз керек...» «...Қарбыздың қақ ортасындай қып-қызыл ондықтар, баклажан шырайлас жиырма бестіктер басым көрінеді. Қысқалау жеңгейдің де, Әусектің де көздері «аузынан» суы құрып, сол ақшаның маңында қаңғып жүр...» «...Бөртпе орамал тартқан шырайлы шампан, сары омырау сыра, алакөз арақ, жатыпатар шарап, жылқының мойнындай коньяк бүгін кісі баласына жол беретін емес. Миллиондаған бө­телке дүкеннен шыға тіке «үйді-үйіне» тартып барады. Демобилизация!..» «...Құлайды да көп ұзамай қор ете түседі. Осы қорылмен кедір-бұдырдан шығып мидай жазыққа түседі. Разгон алған соң Мікең демін мұрнымен тартып, аузынан шығарады да, м-буфф, м-буфф, м-буфф дегізіп желіп отырады.» Оспанхан шығармаларында қайталаулар, бірыңғай мүшелерді пайдалану, әсіресе қос сөздерді түйдектете қолдану жиі ұшырасады. Мұндай қол­даныстар градациялық екпінмен айтылып, ойды әсірелеуге ықпалдасып отырады: «...Қулық деген құрттап жатыр. Дөдей қулық ойлағанда қол-аяғы, аузы-басы, қасы-шашы, етек-жеңі, ең аяғы қалтарыста жатқан қалтасына дейін бірге ойласып, жыбырласып тұратын секілді...» «...Міне, сол жөргегімде бұзыл­ған жүгермектің қосылған, шо­шын­ған, айырылысқан, қайта қайырылысқан, ептескен, қайта кектескен адамдарының басын қосса, бір колхоздың жұртындай болар еді...» «…Мұздаған-сыздаған, домбық­қан-сомбыққан кезінде Тәнтібай әйеліне күні түспей, ұяға қос саусағын салып жіберіп, тұрмысын тырп еткізбей түзеп алатын болды». «... – Диетпін-сүйекпін, арықпын-тұрықпын, жақпайды-батпай­ды, қойғанмын-тойғанмын, – деп тырнақ­тап құйып, тығылып ішетіндер жоқ...». Іс-әрекет, қимыл-қозғалыстарды бейнелеуде күрделі етістіктер – автор тапқырлығын танытатын тиімді тілдік-стильдік конструкциялар. Бұндай оралымдар қарапайым сөздердің мәнін келтірінді мағынада кестелеп, күлкі шақырады: «...Тәйтік тәйкесінен түсті», «...Бір тапал тымпың қағып ұрып келеді», «...көзіңді көгертіп он бес сөткемен ұшықтатып аламыз», «...әзілімен де, әкіреңімен де нығарлап, Бөденнің бөтекесін түсірді», «Кешеден қалған, бүгіннен қалған тағамдардың басын қосып жасаған дастарқанды Сөди сөйлеп отырып сөресіне жеткізді», т.б. О.Әубәкіровтің әңгімелерінде мәтін мазмұнына қатысты сөздердің мағыналарын ауыстырып қолданып, күлкі объектісіне тән мінез-болмыстың салмағын жеке сөздерге түсіру арқылы баяндау да кездеседі. Мысалы, Сөдидің тамақ жегендегі ерекшелігін баса айту үшін кісі атын етістікке айналдырып жібереді: «...Сөди ұрты томпайып сөдилетіп отыр». Ал түсінде жылқы болып, кісінеп оянған кейіпкердің түсін талқылайтын тұста: «...Шынымды айтпасқа шара жоқ, өйткені қасымдағы екі бірдей куә «кісінегелі тұр» деп жазады. «Мен қалай өстім» әңгімесінде «аллегро» деген музыкалық терминді арақ ішіп алған адамдардың сөз екпіндерімен байланыстырады. Сосын оны сол екпінді тудырып отырған араққа қатысты қолданады: «...Біраз шишаның жанын алса керек, сөздерінде ентелеген екпін бар. Музыка тілінде мұны «аллегро» дейді. Сол аллегродан маған да құйып берді...». Сықақшы кейде кең танымал ән-жырлардан үзінділерді де келтірінді мағынада пайдаланып, күлкі қызметіне жұмсайды. Көпшілікке жақсы таныс мұндай жолдарды юморлық тексте кездестіргенде оқырманның көз алдына күлкілі бейне оралып, мысқылдың мәні ашыла түседі. Мысалы: «...Екеуі еңбектеп, бірінен-бірі озбай есікке қарай аяңдады... Екі ғашық қол ұстасып» еңбектеп жүріп залға жеткенде асүйдегі антұрған ықшамдап қана жөтелді де бері қарай жүрді...» («Қант»), «...Мынау бет-ауыз сүртетін орамалың, мынау тек мұрынның жеке басына ұстайтын орамал. Шатастырып «бір төбенің шаңын бір төбеге қосып» жүрме...» («Өскің келсе, мұрныңды сүрт»). Жазушы күлкі туғызу, келекелеу мақсатымен мәтіндегі қисындық байланыстарды әдейі бұрмалап көрсететін стилистикалық тәсілдерге де бой ұрады. Логикалық жағынан қайшылықты нәрселерді тізбектеп, қисынсыздықты қиыстыра келтіруі осындай тілдік алогизм туғызады: «...Елдің еркегі самолеттен түсіп кемеге, кемеден түсіп поезға, поездан түсіп таксиге, таксиден түсіп ресторанға міндік деп, адам естімеген бір бәлені айтып жатады...» («Еркек арманы»), «...Тас пісетін уақыт қой, еттің еті бір бөлек, сүйегі бір бөлек, сорпасы бір бөлек боп әбден есеңгіреп пісіпті...» («Адам болу теориясы»). Ерекше салыстырулар – ассоциациялар, аналогиялар арқылы жазушы өз баяндауларына эмоциялық бояу үстеп, қосымша өмірлік материалдармен байытып отырады: «Иманды болғыр марқұм ағатайымыз Алдар Көсе көзінің тірісінде адам түгіл сайтан алдаған деседі. Ол кезде адам аз болып, сайтан көп болды ма, әлде Алдар көп болып, сайтан аз болды ма, енді, міне, екеуі де жоқ. Құдайға шүкір, бұ күнде де жерге қарап қаңтарылып отырған жағдайымыз жоқ. Сайтан түгіл, сайтанның сапалағын алдап жіберетін арбаушы ер-азаматтар бар, бірақ сайтан жоқ. Бәрін Алдар ағатайымыз құртып кетсе керек. Ал Алдардың жолын ұстап жүрген біздің қулар, сайтан болмағандықтан ба, «барымен базар» деп қатындарын алдайды. «Мешел» қалған осы салада болашағынан зор үміт күттірер айлалы әзәзіл ағалар өсіп келеді. Солардың бірі – Пәштуан» («Ептілер есебі»). Оспанхан жазба әдебиетімізде қазақ тілінің байлығын, күші мен оралымдылығын сатирик-юморист ретінде жаңа бір қырынан көрсетіп берді. Шынын айту керек, оған дейін өмір шындығын күлкілі түрде көркемдікпен бейнелеуде ана тіліміздің шексіз мүмкіндігін ешкім де мұншалықты деңгейде көрсете алған жоқ. Бұлай дегенде біз оның қазақ тілінің сатиралық-юморлық шығарма туғызудағы кең тынысы мен кемел болмысына тереңірек бойлағанын айтпақпыз. Өзі ізденіспен ілгерілей отырып, әзіл әдебиетті көркемдік-стильдік тұрғыдан дамытуда қарымдылық танытты. Ол сатира тілі, юмор тілі дегеннің жалпы көркем әдебиет тілі бола тұра, өзіндік қолданыс-қарымымен, оралым-орайы­мен ерекшеленетіндігін көрсетті. Оспанхан тілі – жас сатириктер мен юмористер үшін үлкен мектеп. Оспанхан шығармаларының халықтың төл туындысындай боп, есімінің ел ішінде «әзіл-оспақ, сын-сықақтың» баламасына айналып кеткелі қашан!? Әйгілі сықақшының сынық салғандай сипалап отырып сылқ еткізетін әдемі әзіл-сықақтары бұл күнде дүйім қазақтың жүрегіне жол тапқан. «Оспанхан айтпақшы», «Оспанхан осылай деуші еді ғой» деп сөзін тұздықтап отырғандарды қазір қазақтың қай ауылынан да күнде кездестіреміз. Оспанханның әдеби-поэтикалық мұрасы – өмір-тұрмыстағы міндерді көркем бейнелеп, әзіл-сықақ объек­тісіне айналдыру тәжірибесінің баға жетпес қазынасы. Ол қазіргі әдебиеттегі әзіл мен эстетикалық ой-танымды дамытуға серпін беретін, үйретері мол, үлгі етері жеткілікті мектеп. Өзінің сатириктік талантының арқасында, бойындағы адамгершілік қасиетін ту етіп, халқымен бірге жасайтын өлмес туындыларымен Оспанхан қазақ әдебиетінде сатираның бұрын-соңды болмаған биікке көтерілуіне мол үлес қосты.

Әділет Қабылов, филология ғылымының кандидаты, доцент

1426 рет

көрсетілді

98

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы