• Тарих
  • 01 Мамыр, 2019

«АВЕСТА»

1963 жылы халыққа ғылыми-көпшілік білім тарату мақсатымен қоғамдық негіздегі Халық университеті құрылған. Дәрістер Қазақстан ҒА-ның мүше-корреспонденті, профессор Рахманқұл Бердібайдың басшылығымен М.Әуезов үйінде ұйымдастырылып отырған. Халық университетінде 1998 жылға дейін қазақ халқының көрнекті мәдени, әдеби, фольклорлық, тарихи ескерткіштері, аса ірі қайраткерлері туралы 500-ден астам дәріс өткізілді. Атап айтқанда, Ә.Марғұлан, А.Машани, археолог Қ.Ақышев, ғалым Қ.Өмірәлиевтің дәрістерімен бірге М.Мағауиннің жыраулық поэзия жайында толғамдарын көпшілік ұйып тыңдаған. Ал І.Есенберлин, С.Мұқанов, С.Бегалин, Ә.Әбішев, Ғ.Айдаров сынды тұлғалардың Халық университетінде оқыған дәрістерін аға буын әлі күнге жыр ғып айтады. Араға бірнеше жыл салып, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, белгілі ғалым Кенжехан Матыжанов Халық университеті дәрісін Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінде қайта жандандырды. Ендігі жерде айына бір рет жиналып, қордаланған түрлі мәселелерге арналатын мәжіліс-дәріс – «Рахманқұл Бердібаев атындағы Халық университетінің сабақтары» деп аталады. Бұл жолғы дәріс – адамзат дамуының бастауында жатқан «Авеста» тарихына арналды. Институт басшысының айтуынша, әдебиеттанушылардың алдында тұрған ең үлкен мәселе – қазақ әдебиетінің тарихын қайдан, қай ғасыр, қай кезеңнен бастаймыз, оның ең алғашқы тұлғалары кімдер деген сұрақ. «Авеста» тақырыбын зерттеген мамандар аз емес. Бұл тақырыпқа алғаш келген Әлкей Марғұлан екен. Ол «Ежелгі жыр-аңыздар» деген кітабында: «Авеста шығармасы көне түркілерге тікелей ортақ мұра. Бұл қасиетті кітапқа бастан-аяқ арқау болған Тұран даласының тыныс-тіршілігі. Ондағы дәуір тынысы, өмір болмысы, оқиғалар желісі қазіргі қазақ халқының дүниетанымы мен мәдениеті, дәстүр-салты, әдеп-ғұрпы сабақтасып жатқаны байқалады» деп жазған екен. Ең қызығы, экономика ғылымының докторы, профессор Рахман Алшанов бұл тақырыпты айналып өтпепті. Араға жылдар салып жалғасқан дәстүрлі дәрісті Рахман АЛШАНОВ оқыды.

– Расымен, мен экономиспін, бірақ осы тақы­рыпқа қалай келгенімді өзім де білмей қалдым. Мен Мойынқұм ауданында сексеуілдің ортасында өстім. Қазақстанның негізгі орманы – сексеуіл. Ол кезде сексеуіл биіктігі – 6 метр, үлкен діңгекті болған. Кейін ауданда 200 шақырым жол саламыз деп, сексеуілдердің жойылуына себеп болды. Содан кейін де Қазақстандағы құмның көлемі 46 пайызға жетіпті, сексеуіл өліп жатыр, бірақ құм азаймайды. Қарасам, құмның тарихы жоқ екен, сосын сахараның тарихына үңілдім. Оның артынан апаттар тарихы шықты. XVIII ғасырда ағылшын ғалымдары құмның температурасы 2000 градус болған деп зерттеген екен. Ал Қазақстандағы сахараның ені 8 шақырым, ұзындығы 4000 шамасында. Ал орыс ғалымдары «мұның бәрі «Авестада» жазылған» дейді. Апаттар тарихы дедім ғой, ең қызығы, дүниежүзіндегі апаттың бірінші тарихы «Авестада» ­жазылыпты. Қанша апат, қанша су тасқыны, қар-мұз ­басуы, аспаннан түскен метеориттердің бәрі осында жазылған. Мұның бәрі біздің жерде, негізінен Қызылорда өңірінде болған. «Авестада» бұл ғана емес, ғылымның барлық саласы қамтылған. Оның ішінде рухани дүние, дін, адамды қалай емдеу керек, қалай жерлеу керек, идеяны қалай сақтау керек, т.б. зерттейтін мыңдаған тақырып бар. Бірде неміс ғалымы маған: «Қазақтар аңқаусыңдар, тақырыптарыңды кімге беріп қой­дыңдар? Бұл сендерде жазылған дүние, сендердің тарихтарың. Осыны ашып зерттеу керек» деді. Мен осыдан кейін Қызылорда қаласының әкіміне хат жазып, осы өңірде «Авестаның» музейін ашуды ұсындым. Қарақал­пақстанда бір мешіттің ішінде «Авестаға» арналған шағын музей бар екен. Кеңес дәуірінде «Авестаның» сендерге қатысы жоқ, бұл Иранның тарихы» деп жолатпаған. Ал орыс ғалымы Стариков «Тұран болған кезде Иран болған жоқ» деп жазды. Мен кейін Мәскеуден «Авестаның» орысшасын, Лондоннан ағылшын тіліндегі нұсқасын алдырттым. Байқап отырсам, бізде «Авеста» мектебі бар, оның бастамасын жасаған Сапар Оспанов, Уахит Шәлекенов және т.б. Тарихқа үңілсек, жерді мыңдаған метеориттер соққан екен. Ең ірі метеорит – Ақтөбе облысындағы Жаманшың. Осы кратер жыл сайын тоналады, жылына миллиондаған ­турист келсе, 10 мың тоннасын жайдан-жай алып кетіп отырады. Бізде төрт кратер бар, бірақ оған қарап жатқан ешкім жоқ. Кезінде Галей Кометасы 200 млн тонна салмағымен жыл сайын жерді айналып өтеді екен. Расымен, жер, ай, күн бірігіп тұрған кезде магнит сияқты тартып, нәтижесінде метеориттер жерге түскен. «Авес­тада» айтылған, Галей Кометасы жа­қындаған кезде Сириусты (қазақша Сүмбіле) үш рет жарған екен. Ал сыңары Сириус В-ның бізге жететін жарығы 7 мың күнге бір-ақ жетеді екен. Сонда, қараңыз, қазақтың «сыңарсыз Сүмбіле» деген сөзі 6 мың жыл бұрын шыққан сөз болып отыр. «Авестада» сол Сириустың өз орбитасы бар екені жазылған, ал оның Аралға әсері бар. Қандай әсері бар? Америкалық ғалымдар 5-10 тонналық мамонттардың жарылып жеткенін жарыса жазған. Мамонттарды жарып, күлмен қатырып жіберетін қандай күш? Бұл жөнінде орыстың ғалымдары зерттеп, оны қатыру үшін температура 130 градус болу керек екенін анықтаған. Галей Кометасы мен Сириус соқтығысқан кезде, оның ұшқындары жерге түскен. Мұз қатқан кезде су бері қарай ағып, Оралға, Торғай арқылы Каспий теңізіне, одан кейін Қаратеңізге қосылған. Сонда нағыз топан су Қазақстанда болған, шамамен 4 мың текше метр. Қазір Қазақстан жерінде шамамен 1 млн текше метр су басқан. Ал «Авестада» осы «бір кезде 900 қыс өткеннен кейін су асып кетті. Бір адамның бойындай болды. Су солай көтерілгенде малдың бәрі қырылып қалды» деп жазылған. Зерттеушілер анықтағандай, сол кезде Каспий мен Аралдың жоғары жағы тасып, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында мал қырылған. Бұл жөнінде «Авестада» «арий жайлау» деп көрсетілген. Арий деген не? Құмықтар жоғары жақты «арияқ» дейді екен. Түркологтар «ариян» деген түріктің сөзі «әрі жақ» дегеннен шыққанын айтады. Сонда британдық ғалым «Арияның шыққан жері осы жер, басқа жер жоқ. Мал бағып, кең жатқан жер осы» деп жазған. Сол су басқан кезде, Арийдың бағыты қазіргі Астрахань облысынан басталған, БҚО-мен жоғары келіп, Башқұртстан, Орал арқылы қазіргі СҚО-ға, содан кейін Қырғызстан жеріне жеткен. Алтай арқылы, Есік көлі мен Талап арқылы Ауғанстанға кеткен, ары қарай Иранға жалғасқан. Мұны ДНК тарихын зерттеген орыстың ғалымы А.Клёсов дәлелдеген. Топан судан 58 мың көл қалған. Бәрі тұзды көлдер. Інген ботасынан айырылғанда боздайды, зарлайды. Ондайда Заратуштра аралап жүріп зарлайтын көрінеді. Заратуштра – иранша түйеші, меніңше – зар айтушы. «Авестаның» тарихы 4,5 мың (45 ғасыр) жыл бұрын жазылған. Арийларды тәжіктер көп зерттеп, «біздікі» деп жүр, ол бізде де бар. Ал ДНК жағынан нағыз арийлар пуштундар екен, 78 пайыз. Арийлардың көш­кен тарихы «Авестада» бар, басқа еш жерде жазылмаған. Онда Бал­қаш, Амудария, Сырдарияның тасуы, географиялық жағдайы бәрі жазылған. Жалпы «Авестаның» төңірегінде тұран­дықтар бар. Осында «Дана» деген тайпа бар. Бұлар 4,5 мың жыл бұрын пайда болған. Қазақтың данасы осыдан шыққан болу керек. Меніңше, мұның арғы тегі – скифтер. Геродот скифтің үш қасиеті барын айтқан: соғысқа барса жаудың басын кесіп әкеледі, жылқыны құрбан шалады және қымыз ішеді. Байқасаңыз, бізге қатысы көп. Бұл дәстүр тек қана біздің жерімізде. Қазір батыс өңірлеріндегі «Амал» мерекесі – «Көрісу күні» «Авестада» айтылған, сенесіз бе? «Бұл ерекше күн 12 наурыздан басталады, жылқы сойылып, ас беріледі, өмірден озған адамдардың киімдерін іліп қояды, бір-біріне кіріп амандасып шығады» делінген. Қарасаңызшы, 4,5 мың жыл бұрынғы дәстүр сол күйі сақталып келе жатыр. Аяздан кейін наурызды, көктемді бізден басқа кім күтеді? Иранда, Ауғанстанда ондай ауа райы жоқ қой... Ең маңыздысы, «Авестаның» ішінде «Ахура Мазда» деген сөз бар. Бұл сөзді Алма Қыраубаева «мазда» деген «малдың етін пісіру, ұйытып пісіру» деп аударған екен. Ауылда малды ұйытады ғой. Яғни маздап тұрған отқа ұйыту. Ақырзаман 4,5 мың жыл бұрын болған дүние. Кем дегенде 6 мың жыл бұрын. Барлық заманда айдаһар ақырып келеді, барлығы содан бас­талады. Айдаһар кезінде Сириус жарылған кезде екі жұлдыз болып көрінген екен. «Аспанда екі ай болды» дейді, «сонда келген екпін айдан ақырып келді» деп жазады, содан «айдаһар» деген сөз «айдың ақыруы» деп ойлаймын. «Авестада» қаршы, көрші елдерді «кішіуар» деп атаған. Негізі «қаршы» деген «көрші» деген мағына. «Ахромаз», «ақырмаз» деген сөздерді шетелдік ғалымдар түсініксіз дейді, ал бізге түсінікті ғой. Сонымен бірге неміс ғалымы «Авестаның» ішіндегі «Байыр ақын» дегеннің «Байырғы ақын» екенін дәлелдеген. Осы сияқты бұл кітапта қазақтың біраз сөзі бар. Бүгінде «Авеста» тілі «өліп» қалды дейді. Ол өлген жоқ, «Авеста» тілі – түркітілдері. Тек біз мұны ары қарай зерттеуіміз керек. Бұрынғы ­зо­роас­триттердің көбі қазір Иран мен Үндістанда жыр қылып айтады, біздің ғалымдар сонда барып жазып алу керек. Ислам діні енгенде мұсылмандар зороастриттерді қуған екен. Олар Үндістанға көшіп, әлі күнге сонда тұрып жатыр. Дінге байланысты көп нәрсе бар. Неандертальдықтар 1,5 жыл бұрын адаммен бірге тұрған деседі. Ол «Авестада» – Дию. Дию адаммен бірге тұрды, араласты, бірақ кейін соғысты, қырылды. Неандертальдықтардың түп тарихы «Авестада» жатыр. Осы уақытқа дейін ешкім жазбаған. Кейін мұның бәрі албасты, сорлы, сосын жынды болып алмасты. Құранның бір сүресі жынға арналған. Кезінде Омар Хайям «Құрандағы жынның сүресі «Авестадан» келгенін» айтқан. Ал Сәбетқазы Ақатаев біздің жерлеу дәстүріміз зороастризмнен келе жатқанын ортаға салды. Қазір ғалымдар ізденуде, бірақ жасанды тарих шығарып жатыр. Көбісі алғашқы ақпарат көзі ретінде Фирдаусидің «Шахнамесін» қарас­тырады. Ал «Шахнаменің» бұрын да жа­зылған үлгілері бар. «Авеста» сөзінің өзі «бастау» дегенді біл­діреді екен. «Авеста» «әу баста», «ау баста» деп «басын» білдіреді. Тарихымызда бұр­­ма­­ланып кеткен көп нәрсе бар. Енді соның орнын толтыруымыз керек. Сапар ОСПАНОВ, философия ғылымының докторы: – «Авеста» атауына тоқталайын. Ескі түркі тілінде көбіне сөз 2-3 дыбыстан аспаған. Бұны «түбір сөздер» немесе «моносиллабтар» дейді. Біздің сөздеріміздің түбірі өзгермейді, ал жалғаулықтар түбірдің ыңғайына қарай өзгереді. Бізде түбірді өзгертпеу үшін жалғаулар -лар, -лер, -дар, -дер деп келеді. Сондықтан біз тіл археологиясын қазуымыз керек. «А» деген дыбыс ертеде «шексіз», «ұзақ» деген сөз. Біз айтып отырған «Абастаның» біріншісі «А», «анооу басынан» бас­талатын нәрсе. «Бастау» деген басы. Енді «Абастаның» соңғысы «шексіз уақытқа кететін» деген мағына. Сонда «Абаста» баяғыдан жаралған, қазіргі бар нәрсе, шексіз болатын нәрсе туралы ұғым. Тәжіктер «Авеста» деп емес, «Абаста» деп айтады. Яғни мәңгіден басталып, мәңгіге жалғасуы. Міне, қасиетті кітаптың аты осы. Жалпы «Авестаның» тарихын француздар мен ағылшындар XVIII ғасырдан бастап зерттеген. Гераклит зороастризмді жақсы білген. Оқыған. Бірақ ашық айтуға батпаған. Өйткені парсылар оларды жаулап алғанымен, билігін өз адамдарына қалдырған. Ол кезде парсылардың ұстанымы: «Қасиетті империя ұзақ тұруы үшін жергілікті жердің дәстүрін бұзбай, билігін өзіне беріп, тек салық жинап отыру керек» болған. Ал бұл кезде Гераклиттің әкесі елді билеген. «Дүниенің жаралуы оттан» деген Гераклиттің философиясы еді. Ол өзінің жерлестеріне наразы болған. Өйткені олар тұрған аймақ «сауда қаласы» болғандықтан, шетелдік саудагерлер көп келген және лас тірлікпен айналысқан. Эфес қаласының бір жағында кітапхананың орны тұр, ортасында тастан алаң бар, оның қарсысында жезөкшелердің үйі болған. Оған барғандарды көрмеу үшін жер астынан жол салып қойған. Жезөкшелер үйінің төрінде құдық болған. Оған жүкті болып қалған жеңіл жүрістілердің баласын тастап отырған. Осының бәрін көріп жүрген ­Гераклит «Сендер не істеп жүрсіңдер? Ертең өртенесіңдер» деп, осындай жаман істерді көріп жылайтын болған. Оны сол үшін «жылауық Гераклит» деп атаған. Ол жерлестеріне зороастризмді ашықтан-ашық түсіндіре алмаған. Оны ешкім түсінбеген. Ол сол үшін де ел арасында «Мрачный немесе Тёмный» атанып кеткен. Гераклиттің көп образы болған, ал әр образынан зороастризм идеялары аңқып тұр. Араб елі мен Ираннан қуылған кезде зороастристердің ең үлкен тобы Бамбейді паналаған. Француз ғалымдары Бамбейге барып, ауызша айтып жүргендерін жазып алған. Бірақ оның мазмұны жағынан талдау оңай болғанымен, ішіндегі атаулар мен терминдер түсініксіз. «Ахура Мазда» дегенде, соның ішіндегі барлық қасиетті атаулар, жер атаулары, оның бәрінің терминдерін қазғанда олар немен аяқталады? Француз және ағылшын зерттеушілері индоевропалық парсылық тілдердің тұрғысынан, тіпті еврейдің ескі тілінен қарайды. Ал түркі тілінен қарамайды. Маған ескі түркі тілінің құрылымынан қарау қызық болды. Осы мақсатта мен Филология институтына барсам, «бізге ескі түркі тілін талдауға рұқсат жоқ. Оны мәскеуліктер зерттейді, біз бүгінгі грамматиканы зерттейміз» дейді. Сосын Тарих институтына барып, ескі түркі тілінің маңында зерттейтін тарихшы бар ма десем, «біз Шыңғыс ханнан бергі жағын зерттейміз. Арғы жағын Мәскеу зерттейді» дейді. Осылай біздің ғалымдардың қанатын да, қолын да, тілін де байлап тастаған. Біздің қазіргі ғалымдар, әсіресе тілге қатысы жоқтар, бүгінгі сөзді ескіге бірден апарғысы келеді. Жоқ, ол кездегі сөздердің айтылымы бірте-бірте өзгерген. Қазір біз соның соңғы сатысымыз. Ал алғашқы сатысына бару үшін алғашқы дыбысталуға қарай баруымыз керек. Алғашқы дыбысталуы саха, якуттердің тілінде бай. Э.Пекарский әрқайсы 1000 беттен тұратын үш томдық кітап жазған. XIX ғасырда оны жер аударып, жалғыз өзін бір ауылға тастаған. Ол өзі үшін сөздерді жаза бастаған. Осылайша, 3 мың беттік сөздік ХІХ ғасырда жазылған. Біз осы Э.Пекарскийді аударсақ, біздің көп нәрсе сөйлеп кетеді. Мысалы, «адам» деген сөзді ол «алғашқы жер бетіндегі жан-жануарлардың бастамасы адамнан» дейді. Ал бұл үндінің ведаларындағы «Пруша» деген алғашқы адам. «Прушада»: «Құдай әуелі алғашқы адамды жанды жаратқан» дейді. «Бірақ жерде басқа ештеңе болмаған соң, соны бөлшектеп-бөлшектеп жерге шашып жібергенде жердегі дүниелер, жануарлардың бәрі содан тараған» дейді. Бұл – табиғаттағы гармония. Бұл саха тіліндегі адам деген ұғымда бар. Ескі түркі тілі сонда жатыр. Олардың бір ерекшелігі мынадай: біздің «ж» деген дыбысты олар «с» десе, «с» деген дыбысты айтпайды. Мысалы, біз «сен» десек, олар «ен» дейді, «сегіз» десек, «егіз», «жер» десек, «сер» дейді. Осы сияқты дыбыстың бастапқы заңдылығы сақталған. Өйткені олар парсы, араб тілдерінің ықпалына ұшыраған жоқ. Осыны зерттесек, көп нәрсенің айтылымын түсіне аламыз.

«Авестада» ғылымның барлық саласы қамтылған. Оның ішінде рухани дүние, дін, адамды қалай емдеу керек, қалай жерлеу керек, идеяны қалай сақтау керек, т.б. зерттейтін мыңдаған тақырып бар. Бірде неміс ғалымы маған: «Қазақтар аңқаусыңдар, тақырыптарыңды кімге беріп қой­дыңдар? Бұл сендерде жазылған дүние, сендердің тарихтарың. Осыны ашып зерттеу керек» деді. Мен осыдан кейін Қызылорда қаласының әкіміне хат жазып, осы өңірде «Авестаның» музейін ашуды ұсындым. Қарақал­пақстанда бір мешіттің ішінде «Авестаға» арналған шағын музей бар екен. Кеңес дәуірінде «Авестаның» сендерге қатысы жоқ, бұл Иранның тарихы» деп жолатпаған.

Мен «Жаратушы әлде ­Зара­туштра?» дегенде осын­дай сөздерді салыстырып, «Авеста­дағы» шешілмеген сөздерді осы тұрғыдан тәржімаладым. Аударғанда жоқ деген нәрсенің өзі көп жерде сөйлеп кетті. Жаңағы Рахманның сөзін жандандырайын. Менің тәржімалауымда, Құдай деген сөздің түбірі «Құт ай». «Авестада» бір-біріне қарама-қарсы екі Құдай айтылған: Жаратушы және Қырушы Құдайлар. Жаратушы Құдай жерге жан бергенде Қырушы соңынан қуып келіп, от шашты дейді. Жердің бетін шашқанда оның астындағы және Тынық, Атлантика мұхиттарының астындағы магма бәрін күйдірген. Біз айтып отырған сахара соның нәтижесі. Былай қарасаңыз, сахара құмының қайдан шыққанына логикалық түсінік береді. Жер бетіндегі жанды дүниенің үйлесімділігін ретке келтіріп отыратын айдың орбитасы. Ғалымдардың пайымдауынша, ай болмаса жылдың төрт мезгілі болмас еді, бір жерде ғана өмір болып, қалған жерлердің бәрін мұз басып қала берер еді. Ай 365 күнді ығыстырып, реттеп отырады. Сондықтан ата-бабаларымыз айды Құдай деп атаған. «Құт ай» деген сөзді жандандырайын. Егер біз ата тектің рухын сыйлап, дәстүрді сыйласақ, бізге әр ай сайын құт ай болып тұрады. Адам қайтыс болғанда денесі суыйды, яғни рух денеден бөлініп шығады. Ошақтағы отпен бірге көтеріледі. Ол айға барады деп есептейді. Екіншіден, нәресте пайда болғанда Ұмайдың көмегімен әйелдің құрсағында жаралған шақаға рух енеді. Яғни ата-тектің бір рухын қайтарып әкеледі. Сондықтан мен өзімнің мақалаларымда «шаңырақ – екі дүниенің есігі» деп атадым. Жерден көтеріліп кететін, сосын рухтың қайтып келетін есігі – шаңырағы. Сондықтан «үйің қираса да, шаңырағыңды сақта», «отыңды сөндірме», «түтінің түзу шықсын» дейді. Ал дауыл болып, оттың жолын олай-бұлай қозғай бастаса, бұл «жаудың, жынның бізге жасап жатқан әсері». Ал егер біз рухтың дәстүрін сақтамасақ, «жұт ай» келеді. Жұт ай біздің ата-бабаларымыздың бізге жіберетін жазасы. Біздің қазақта жаңа ай туғанда келіндерге «сәлем қыл» дейді. Өйткені ескі ай мен жаңа айдың арасында үш күн ай көрінбейді. Оны «өліара» деп атайды. Осы ай туғанда келіншектер ғана емес, ер адамдарға да қатысты ұмы­тылып кеткен дәстүр болған. Ерлер де жаңа айға қарап, маңдайын жерге тигізіп тағзым еткен. Маңдайы тиген шөпті отқа салған. Соның түтіні (иісі) арқылы аруақтарға тағзым ­еткен. «Ахура Мазда», «ахұра» – басынан құрушы, маздаушы от. «Ахұра» деген басынан құратын жылу болмаса, жерде жан жоқ, өсімдік өспейді. Мал мен тіршілік жоқ. Ертеде ошақтағы отты «көктегі күннің баласы» деп қараған. Көк пен жердегі дәнекерші деп білген. Сондықтан «ошақтағы отыңды сөндірме» деген. Қазақта «от ала келдің бе?» деген сөз бар. Бір үйге кірсең, ол шаңырақта адам болсын-болмасын аруақтарға тізе бүгуің керек. Келіншектер сәлем салып, ерлер тізе бүгіп нан ауыз тиеді. Бір ғана жағдайда тізе бүкпей кетуге кешірім бар. Егер біреудің оты сөніп қалса, сол үйдің келіні асығыс от алуға жүгіріп келіп, шоқ алып кетсе, оған кешірім бар. Өйткені ол өз үйінің отын сөндірмеуге асығып барады. Сол үшін ата-бабамыз келе салып кеткен адам­ға «от ала келдің бе?» дейтін болған. Тәңірліктің кезіндегі дүниетаным өзгеше болған. Тәңірлікте жұмақ пен тозақ жоқ. Өйткені аруақ айға барады, келесі ұрпаққа рухы қайтып келеді. Неге кішкентай бала секіріп, өзінің денесіне қуанып секіреді? Өйткені рух жаңа денеге ие болғанына қуанады. Мен докторлықты «Зороастризмдегі онтологиялық идеялар» деген тақы­рыппен қорғадым. Оның ішінде көп дүние тәңірлікпен байланысты болған соң, «Арғы текті тану негіздері» деген кітап шығардым. Бұл жерде тәңірлік пен «Авестаның» арасындағы байланысты қарастырдым.

Жазып алған Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

3932 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы