• Әдебиет
  • 06 Мамыр, 2019

ЗАМАН және ҒЫЛЫМ

Серік ҚИРАБАЕВ, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

...Мен ұзақ жылдар оқу-әдістемелік кеңестің қазақ әдебиеті секциясын басқардым. Педагогикалық ғылымдар институтының Ғылыми кеңесіне мүше болып араластым. Осылардың бәрі 1967 жылы КСРО Педаго­гикалық ғылымдар академиясы құрыл­ған кезде, сол академияның құрамына ұсыны­луыма себеп болғаны даусыз. Оның үстіне академияның алғашқы хабарлауында мүше-корреспонденттікке елу жастан аспаған ғалымдар ғана ұсынылатыны жазылды. Тек бұрынғы РСФСР Педагогикалық акаде­миясының мүшелері мен одақтас рес­публикалардағы педагогикалық ғылым­дар институттарының директорларына жеңілдік жасалды. Олардың жас мөлшері саналмайтын болды.

Орталық комитетте мен ұзақ істегем жоқ. Бас-аяғы бес айға толмайтындай ғана – сәуірдің (1958) басында барып, тамыздың аяғына таман кеттім. Онда үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің мәдениет мәселелері жөнінде орынбасары болдым. Ол кезде партия жүйесінде мәдениет туралы арнаулы бөлім болмайтын. Оның қызметін үгіт-насихат бөлімі атқаратын. Ол үшін бөлім меңгерушісінің орынбасары (мен), сектор меңгерушісі (Зейнолла Қабдолов) және бірнеше нұсқаушы бөлінген. Мен осы қызметке кірісіп, мәдениет мекемелері мен шығармашылық ұйымдардың жұмысымен таныса бастағам. Мекеме басшыларымен сөйлесіп, олардың кейбір жиындарына қатыстым. Мәдениет министрлігінің (министр Әмір Қанапин) коллегиясында, Суретшілер одағының пленумында болдым. Жазушылар одағы өзіме жақындау. Оның да бір пленумына қатыстым, президиумдарына да барып тұрдым. 1958 жылы Мәскеуде өтетін қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне дайындық жүріп жатқан. Осы іске ұйытқы болуды хатшы Нұрымбек Жанділдин де, бөлім меңгерушісі М.Беленов та арнайы тапсырған. Бірқатар уақытты соған арнадым. Онкүндік өткізу жөніндегі комиссияны жинап, Д.Қонаевта (Министрлер кеңесінің төрағасы) бір рет кеңес өткіздік. Театрлардың онкүндікке алып баратын репертуарын іріктейтін комиссия құрып (төрағасы Ахмет Жұбанов), соның жұмысына қатысқаным бар. Басқа да күнделікті жұмыстар бастан асады – белшемнен батып, жұмысқа кірісе бастаған кезімде қызметімнен қалай босап қалғанымды өзім де байқамадым. Сөйтіп, мен ҚазПИ-ге, кеше ғана өзім оқыған, аспирант болған, жылы ұяма қайттым. 

Лауазымды қызметтен түстім деп ренжігем жоқ (Аллаға шын – лауазымды қызметке қызығып, мансап қууды мақсат еткен адам емеспін), шын ықыласыммен келдім. Ойыма келгені – сырт көз «мынау бір қолынан ештеңе келмейтін жігіт екен» демесін, «докторлық диссертация қор­ғайын» деген талап болды. Сәкен ақталған соң соның шығармаларын оқып, «Сәкеннің поэзиясы» деген үлкен мақала («Лениншіл жас», 1958 ж. маусым-шілде) жазып бастырғам. Соны оқып бүкіл шығармашы­лық жолын зерттейтін еңбекке айналдыруды ойладым. КазПИ-де сабақ бере жүріп, соны жылжыта бастадым. ҚазПИ-де мені жылы қарсы алды. Кезінде өзіме ұстаз болған, сыйласқан ағалардың түгел кезі. Оларға өзіммен қатар оқыған жастар қосылған. Бәрі де жылы кейіп танытты. Қазақ әдебиеті кафедрасы­ның адамдары да түгел таныс. Қажым Жұмалиев айдаудан қайтып келіп, жұмы­сына қайта кіріскен. Келгенінде барып сәлем­десіп шыққам, кейін де кездесіп жүре­тінбіз. ­Кафедра меңгерушісі – сол кісі. Мәлік Ғабдуллин кафедрада сабақ береді, негізгі қызметі – институт ректоры. Қай­некей ­Жармағам­бетов басқа жұмыстар­дың бәрін қойып, осында орны­ғыпты. Төкен Әбдірахманов, Шайхы Кәрібаев та осында істейді. Бірен-саран бірде кетіп, бірде келіп жүрген жас жігіттерді қоспағанда, кафедраның тұрақты мүшелері – осылар. Мен осыларға келіп қосылдым. Факультет тарих-филология болып біріккен екен. Қазақ мектептері жабылып, қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімдерге орын жетпейтін болғандықтан, институт бітірушілерді әрі тарихшы, әрі тіл маманы және әдебиетші етіп дайындайтын болыпты. Оның үстіне қазақ мектептерінде орыс тілінен сабақ беретін мұғалімдер дайындайтын бөлім (РКО) ашылыпты. Шет тілдер институты бізге факультет болып қосы­лыпты. Оларда қазақ бөлімдері жұмыс істей бастапты. Мен алғашқы жылы осы жаңа бөлімдерде (РКО, шет тілі) қазақ әдебиетін оқыдым. «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінде арнаулы курс жүргіздім. Шет тілдері факультетінде дәріс оқып аяқтаған кезімде бір баланың таянып келіп әңгімелескені есімде. Өлең жазатын бала екен. Өлеңдерін оқып, ақыл беруді сұрады. Мен алып кеттім. Үйге барып оқысам, әжептәуір талабы бар. Оның бір топ өлеңіне кіріспе жазып, «Қазақ әдебиеті» газетіне бастырдым. Бір күні ол Гетенің «Фауст» деген шығармасын неміс тілінен тікелей қазақшаға аударып жүргенін айтты. Аударылған тарауларын да қарап, ақыл-кеңес айттым. Ақыры ол сол аударманы аяқтап, іске асырды. Медеубай Құрманов деген «Фаустың» аудармашысымен мен осылай танысып едім. Кейін ол өз тәжірибесі негізінде «Фаусты» қазақ тіліне аударудың проблемалары жөнінде менің жетекшілігім­мен кандидаттық диссертация қорғады. Талантты жігіт еді, өмірден ерте озғаны өкінішті болды. Ұстаздық өмірдің осындай ғибратты үзіктері болады. Қатарлас оқып жүрген көп шәкірттің ішінен біреулері үзіліп шығады. Ұстаз бақытын асыратын да солар. Осы тұста мен сабақ берген алғашқы топтарда кейін көрнекті қаламгерлер мен ғалымдар, қайраткер болған азаматтар – Асқар Сүлейменов, Қадыршат Шүлембаев, Мәнүра Ахметова, т.б. оқыды. Сөйтіп, ұстаздық қызметті қызықтап, екінші жағынан шығармашылық қызмет істеуге мүмкіндік алып жүрген кезімде, мені Министрлер кеңесіне қызметке шақырғаны жөнінде Жұмабек Тәшенов туралы естелігімде жазғам. Әлиямен ақылдасып, оған бармай қалдым. «Қолдан келсе, доктор болуды ойлайын, диссертациямды аяқ­тайын, оның үстіне маған ықыласы түсіп көмектесіп жүрген Қажекеңді де ренжітіп алмайын» деген ой келді. Бұл жылдар менің шығармашылық қызметімнің бірсыпыра өрлеу тапқан жылдары болды десем, артық емес. Сыншы ретінде танылдым. Жаңа шығып жатқан үлкенді-кішілі шығарма­ларды оқып, соларға пікір білдіруді өзімізге парыз санаушы едік. Әдебиет дамуы да ­Сталин кезіндегі ой күйездігінен босап, жаңа қарқын алды. Сынға да көңіл бөлініп, сыншылардың кітаптары басыла бастады. Ертеден сынмен айналысып, бұл саладағы еңбектерін жеке кітап етіп бастыра алмай жүрген жазушылар мен аға сыншылар ­­(М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Қаратаев) алғашқы кітаптарын жариялады. Соларға ілесе 1960 жылы менің де «Өрлеу жолында» деген әдеби-сын еңбектерім басылды. 1961 жылдың аяғында Сәкен Сейфуллин туралы монографиямды аяқтап, баспаға бердім. Ол 1962 жылы басылып шықты. Сәкен ақталғаннан кейінгі аз уақыттың ішінде оның мұрасын жинақтап жазған бұл кітабымды ел шын ықыласпен қабылдады. Бұл тұрғыдағы ел ықыласының бәрін өзіме таңбай-ақ қояйын, онда Сәкенге деген халық көңілі, махаббаты да мол еді. Тілектес ағаларым мен достарым қуана газет-журнал бетінде мақтап жатты. Олар «мұндай еңбек күнде туа бермейді, оны докторлық ­диссертация ретінде ұсыну керек» десті. Оны Қажым, Мәлік сияқты дуалы ауызды ағаларым да айтты. Сөйтіп, 1962 жылдың күзінде ҚазПИ-дің қазақ әдебиеті кафедрасы солай деп шешім қабылдап, жұмысты Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтының Ғылыми кеңесіне ұсындым. Онда бірер жыл жатып, асықпай талқылау­лардан өтіп, қорғауға жіберілді. Қорғау 1964 жылдың сәуірінде Сәкеннің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өтті. Мұқаң (Мұхтар Әуезов) бұл тұста қайтыс болған. Қорғауға Сәбит, Ғабит, Ахмет, Қажым, Есмағанбет, Мәлік, Сейділ сияқты ағаларым қатысып, бәрі де сөйлеп, тілектестік білдірді. Ол кезде Қазақстанда ғылым докторы атағы бар әдебиетші ғалымдар көп емес. Қажым, Есмағанбет, Бейсембай, Темірғали, Мәлік қана. Солардан кейін өз қатарының ішінен бірінші болып шыққан маған да ағалар көңілінде алалық болмағанына ризамын. Бәрінің де жаны жаннатта болсын! Менен кейін сол жылы (1964) маусымда ­­­­М.Қаратаев, келесі жылдың (1965) ақпанында Зәки Ахметов қорғады. Көш қозғалды. 1965 жылы жазда Мұхамеджан екеуміздің ­диссертациямыз Жоғарғы Аттестациялық комиссиясының бір пленумында, бір тізіммен бекіді. Ахаң (Ахмет Жұбанов) марқұмның Мәскеуде жүріп, соны білем деп барып, бекігенін естіп қуанып берген телеграммасы менің архивімде сақтаулы. Диссертациямның бекіген хабарын алған бір жиында мен достарыма: «Ал бізге жол ашылды, енді қорғайтындарың болса, менің көмегім әзір» дегенім есімде. Сонда: «Мен бармын, жұмысым дайын» деп Мырзабек марқұм қол көтеріп еді. Мен оған оппонент болуға уәде беріп қолын алдым. Кейін ол уәдемді орындадым. Содан кейінгі кезеңде доктор болған замандастарым мен інілерімнің (ішінде ағаларым да бар) маған соқпай кеткендері жоқ шығар. Олардың біразына оппонент болып (З.Қабдолов, Ш.Сәтбаева, М.Хасенов, т.б.), біразына Жоғарғы аттестациялық комиссиясының сараптау комиссиясының мүшесі болып көмегім тиді (Т.Кәкішев, Ә.Қоңыратбаев, М.Базарбаев, Н.Ғабдуллин, Е.Лизунова, т.б.). 1966 жылы профессор атағын алдым. 1968 жылы мен КСРО Жоғарғы және орта ар­наулы білім министрлігінің қарамағын­дағы Жоғарғы аттестациялық комиссияның (ВАК) филология мен өнертану саласы бойынша сараптамалық комиссиясының мүшесі болып, 1974 жылға дейін істедім. Бұрын оған М.Ғабдуллин, М.Сильченко мүше болған. Бірақ олар комиссияның ­жиналысына сирек барған. Әрі жауапты қызметтегі адамдар, босай алмай қалып жүріпті. Осыны ескере отырып, ВАК мүшелікке жастау, жүріске жеңіл, жиі келіп тұруға мүмкіндігі бар адам ұсынуды біздің Жоғарғы және орта арнаулы білім министр­лігінен сұрапты. Олар мені ұсынған. ВАК-тың төрағасы министр Елютиннің өзі еді. Сараптамалық комиссияны Мәскеу университетінің профессоры Алексей ­Метченко басқарды. Комиссияның құрамында шығыс халықтарынан өзбек ­Иззат Сұлтанов, татар Хатиф Усманов, башқұрт Ғиламдар Рамазанов, қазақ – мен, төртеуміз болдық. Біз негізінен Орта Азия мен Еділ бойындағы түркі тілді республикалардан түскен жұмыстарды қараймыз. Комиссия айына екі рет жиналады, жол алыс болған соң бізге бір рет қана келуге рұқсат етіледі. Көбіне кезектесіп келеміз, кейде тұтас жиналып қалатын да мезгілдер болады. Ол талқылайтын мәселелердің күрделілігіне байланысты. Түскен диссертацияларды әуелі бір рет рецензияға жіберіп аламыз. Кімге жіберілетіні ақылдасып шешіледі. Көбіне, мәселені хабарлаушы ұсыныс айтады. Кейде диссертацияның тақырыбына байланысты мамандар ізделеді. Жұмыстың қай тілде жазылғаны да ескеріледі. Теріс пікір келген диссертация авторлары комиссия отырысына шақы­рылады. Өзіміз оппонент болған жұмыс­тарды қарауға да, ол жөнінде пікір айтуға да рұқсат етілмейді. Мен оппонент болған жұмыстарды жоғарыда аталған әріптестерім қарайды. Олардікін мен қараймын. Осы жылдар ішінде қорғалған қазақ ғалым­дарының докторлық диссертациялары түгелге жуық менің қолымнан өтті. Қазақ­станда қорғалған диссертацияларға арыз да, жамандап жазған хаттар да түсіп жатады. Соларға дұрыс көзбен қараудың, талқылау кезінде алдымен сөйлеп пікір туғызудың да маңызы үлкен. Ең негізгісі – жақын тартып, ішің бұрып тұрғанын байқатпау. Ондай пиғыл көзге тезірек түседі. Мен бұл жағына мейлінше сақ қарадым. Өздігімнен барып, ешкімнің жұмысын сұрап алмайтынмын. Бір күні ВАК-тың біздің комиссияның жұмысын жүргізетін инспекторы Кира Бахтиярова­ның: «Сіз ешнәрсеге араласпайсыз. Басқалар керек жұмысын сұрап алып, апарып өткізіп жатады» дегені бар. Ондай пиғылдар болғанымен, шыдамдылықпен диссертациялар тізімделіп алдымызға келгенше күтіп жүрдім. Алдымызға келген жұмыстарды қарап, керегін алу сезік тудырмайды. Бірін өзім аламын да, екіншісін көршілерімнің алдына қоям. Осы жолмен бірталай адамдарға көмектескенім – шындық. Әнуар Дербісалиннің, Зейнолла Қабдоловтың, Темірбек Қожекеевтің, Мүсілім Базарбаевтың жұмыстарына теріс пікірлер, арыздар түсіп, олардың ВАК-та көп ұсталып, қиыншылықпен өткені есімде. Бір кешіккен жұмыстың оны-мұнысын анықтау деген сылтаумен созыла беретіні болады. Осылардың көбі осындай себептермен біраз жатып қалды. Әнуар – менің ­институтта бірге оқыған, жатақханада бірге жатқан достарымның бірі. Қорғауында өзім қолдап сөйлегем. Зейнолла да, Мүсілім де қатар өскен, құрдас, сыйлас жігіттер. Зейноллаға өзім оппонент болғам. Мүсілім Мәскеуде қорғаған. Бәріне де қол ұшын бергім келеді. Бірақ реті келгенше, асығыстық жасамау қажет. Сөйтіп жүргенде Әнуар мен Зейнолланы ВАК-қа шақырды. Әлияның туған ағасы хал үстінде жатты да, менің отырысқа бара алмау қаупім туды. Бір күні кешке екеуі үйге келіп, «Сенің бармай қалуың жақсылықтың белгісі емес, бірдеңе ойлап қауіптенетін болуың мүмкін. Сондықтан сен бармасаң, біз де бармаймыз» деді. Әлия: «...мыналардың сөздері жаман екен. Барып қайт. Сейілбек қайтып кетсе, жерлеуін бірер күнге созармыз» деді. Оларға еріп, Мәскеуге кеттім. Комиссияның отырысы, әдетте кешкі 6-да басталады. Оған да үшеуміз бірге бардық. Әнуар бір реті келгенде, «мені алдымен шақырт. Мен сөзге шабандаумын ғой. ­Зейнолла сөзге жүйрік. Одан кейін сөйлеу қиын болар» деп ескертті. Мен солай істедім. Әнуар өз жұмысына жазылған рецензияның ескертпелеріне жүйелі, дәлелді жауап берді. Бәрін де күні бұрын дайындап алыпты. Қойылған сұрақтарға берген жауабы да орнықты. Сөйтіп, рецензенттің қорытынды пікірін түгелдей жоққа шығарды. Комиссия риза болды. Талас туған жоқ. Өзін шығарып жіберіп, ақылдасып алып, Метченко диссертациясын ВАК-тың пленумына бекітуге ұсыныс берілетінін естіртті. Зейнолланың талқылауы қиын болды. Оған да түскен рецензияның бір данасы беріліп, соған ­жауап әзірлеп келу тапсырылған. Ол рецензенттің пікіріне нақты жауап беру орнына комиссияның аты белгілі мүшелерін мақтап, солардың еңбектерін жақсы білетінін айтудан, жалпы әдеби білімінің молдығын байқатудан бастады. Орыстар жағы мұндай мақтаудан бірден секем алып, тыжырына қалды. Маған таяу В.Новиков басқа бір жұмыс қарап отыр еді, аты аталған кезде басын көтеріп алып: «Серік ­Смаилович, мынау не айтып тұр?» деп маған қарады да, Зейнолланың сөзін бөліп, қосымша сұрақтармен көме салды. Зекең оның еңбектерінен кейін Г.Ломидзе, А.Метченко, С.Петров, В.Щербина, т.б. ғалымдардың еңбектеріне тоқталды. Өз тақырыбы далада қалды. Оның диссертация­сы «Қазақ әдебиеттану ғылымының теориялық мәселелері» деп аталатын. Әуелгі кітабы да осылай басылған. Кейін оны Зекең жөндеп, толықтырып, «Сөз өнері» оқулығына айналдыды. Рецензенттің де, сұрақ қойған комиссия мүшелерінің барлығы да «әдебиеттану деген баршаға ортақ ғылым. Оның теориялық негіздері, қағидалары да бір. Әр халық өз әдебиетінен мысал алып пайдаланады. Сондықтан автордың ғылымға қосқан жаңалығы жоқ» дегенге тірелді. Зекең қазақ әдебиетінен мысал келтірген болады. Бірақ ол ешкімді сендірмеді. Диссертанттың ұзақ сөйлеуі, сұрақтың көп болуы, пікірталасы – бәрі созылып, ел шаршап кетті. Сөзді аяқтап, Метченко Зекеңді шығарып жіберді. – Ал кімде қандай пікір бар? Ешкім суырылып шыға қоймады. Тек ұзақ үнсіздіктен кейін В.Новиков: – Жаңалығы жоқ. Теориясының бәрі – белгілі жайлар. Соған қазақ әдебиетінен мысалдар терген, – деді. Басқа ұсыныс айтпады. – Иә, солай, – деп қоштады оны Метченко. – Енді не істейміз? Сол кезде Ломидзе: – Қайта бір рецензияға жіберіп көрейік, – деп үн қатты. Ол оған дейін үнсіз отырған. Өзінің аты аталып жатқанда да ештеңе демеген. Ал Зекең маған «Ломидзеге жолықтым, қолдаймын деді» деген. Мен іштей «қолдағаны осы болар» деп ойладым. Ондай ұсыныс болмаса, жұмысты бекітпей тастауы да мүмкін еді. – Сөйтеміз бе? – деді Метченко. Ол да бір көңілшек, елге мейіріммен қарайтын адам еді. – Сөйтейік. – Онда кімге жібереміз? – Гули-заде, – деді Ломидзе. – Гули-заде – әзербайжан ғалымы, әдебиетші, ғылым докторы, Әзербайжан Ғылым академия­сының толық мүшесі. Сондағы Әдебиет институтының директоры. – Ой, Гули-заде рецензия бермейді, талай жұмысты ұстап, жауапсыз қайтарған, – деді комиссияның жауапты хатшысы Юрий Лукин. – Тағы да бір жіберіп көрейік, – деп осы кезде мен де бір дауыс қостым. Ондағы ойым – ­Гули-задеге Мехти-заде арқылы әсер ету. Мехти-заде – біздің Педагогикалық академияның академигі, Әзербайжанның оқу министрі, беделді адам. Менімен таныстығы мол. Біздің министр Кенжалы Аймановпен дос. Оған Кенжалыны жұмсау да ойымда. Ақыры соған келістік. Гүли-заде кешіктірмей жаңа пікір жіберді. Мен де Мехти-задеге айтып, өтініш жасағам. Кейін Мүсілім Базарбаев­тың (біздің Әдебиет институтының директоры) әзербайжандық әріптесіне айтқаны да белгілі болды. Мен «Қабдоловқа пікір келген кезде маған хабарла» деп, біздің комиссияның жұмысын жүргізетін қызға айтып қойғам. Ол маусымның бас кезінде телефон соғып, айдың аяғында болатын отырысқа келуімді сұрады. Менің Қырымға демалуға алған жолдамам бар еді, Мәскеуге соғып, әрі қарай кетуге бекіндім. Комиссия отырысы басталған соң, ғылыми хатшы Ю.Лукин Қабдоловтың жұмысына сұраған Гули-заденің пікірі келгендігін хабарлады. Пікірді қысқарта оқыды. – Ал қандай ұсыныс бар? – деді Метченко. Ешкім үндей қоймады. – Әуелде жібермей-ақ қоятын жұмыс еді. Енді ұнамды пікір алып отырып, оны бекітпей қоюымыз ақылға сыймайды ғой. Бекітуге ұсыныс жасайық, – деді ол тағы да. Жұрт келісті. Осылай Зекеңнің мәселесі біраз әурешілікпен барып, аман-сау шешілді. Мен «бірінші сатыдан аман-сау өттің» деп телеграммамен хабарладым да, өзім демалысыма кеттім. Осындай ұзақ дауға түскен жұмыстың бірі – Мүсілім Базарбаевтың диссертациясы болды. Акаде­мияның Әдебиет пен өнер институтының директоры болып ұзақ істеген Мүсілімнің өз ұжымы ішінде жақтастары да, қарсыластары да болғаны әдебиет пен ғылым маңындағы адамдарға белгілі. Шиеленіс Шахмардан Есеновтің академияның президенті болып келген тұсында тіпті өршіп кетті. Ш.Есенов қарсы топты қолдап, Мүсілім докторлығын қорғайын деп отырған кезде диссертациялық кеңестің құрылымын өзгертіп жіберді. Одан Мүсілімді қолдаушылар шығарылып, қарсы топтың өкілдері кіргізілді. Егер осы күйінде қорғауға барса, оны құлатып жіберуі де мүмкін еді. Осыны сезген Мүсілім авторефератын таратып қойып, диссертациясын қорғаудан қайтып алды. Сол екі ортада қызмет ауыстырып, Қазақстанның Мәдениет министрі болып кетті. Кейін Мәскеуге барып, шығыстану институтында диссертация қорғады. Сыртта қорғағанына наразы топ арызды көбейтті. Ол кездегі арыздар көбіне үш дана боп жазылатын. Әуелі – КОКП Орталық Комитеттің бас хатшысы Л.Брежневке, содан соң Партиялық бақылау комитетінің төрағасы А.Пельшеге, КСРО Жоғарғы және орта арнаулы білім министрі, Жоғарғы аттестация­лық комиссияның төрағасы Елютинге қабат жіберілетін. Соның бәрі іске тігіледі. Мен көргенде Мүсілімнің ісі осындай үш дана боп келген арыздармен қалың том болған екен. Ақыры экспорттық комиссия Мүсілімді шақыртып әңгімелесті. Істі мен қарап, хабарлама жасадым. Мүсілім арызда қойылған «кінәларға» жауап берді. Олардың көбі ұсақ-түйек, болымсыз реніштен туған мәселелер еді. Диссертацияның мазмұнына байланысты дау туындаған жоқ. Талқылау Мүсілімнің пайдасына шешілді. Кейін бір барғанымда комиссияның ғылыми хатшысы Ю.Лукин менен: – Сіз Базарбаевты көресіз бе? – деп сұрады. – Иә, көрем. – Онда Базарбаевтың жұмысы пәлен күні ВАК-тың пленумында қаралады. Оны біз арнайы шақырта алмаймыз. Егер біреулер қосымша арыз түсірсе, кейінге қалып қоюы мүмкін. Сондықтан ретін тауып, сол күні пленум өтетін залдың алдында болсын. Мүмкін, қажеті де болмас. Дегенмен, сақтық үшін ескертіңіз, – деді. Мен келіп, Мүсілімге телефон соқтым. Оның министр кезі. Сылтау тауып, Мәскеуге ұшып кетті. Эксперттік комис­сияның шешімін пленум даусыз бекітті. Мүсілімнің келуі де қажетсіз болыпты. Әдейі келген соң, пленумды аяғына дейін күтіп, бекігенін естіп қайтыпты. Оны маған кейін өзі айтты. Осыдан да қалың папка – Темірбек Қожакеевтің ісі еді. Универси­теттің журналистика факульте­тінің оқыту­шысы, белгілі сатирик Қожакеев докторлық диссертациясын алыс Әзербайжанға барып қорғады. Республикада оны ешкім білмей қалды. Ол да диссертация қорғаймын деп ешбір кеңеске ұсыныспен келген емес. Мұн­дағы ғалымдарға, тіпті ғылыми кітап­ханаға да авторефератын жіберген жоқ. Кейін бәрі өтіп кеткен соң барып білдік. Сондықтан мен оның ісіне араласпадым. Өзі ұрланып қорғаған адамның шаруасына бейтарап қарауды дұрыс көрдім. Тек сараптамалық комиссиядағы талқылауларда оның үстінен арыз түскенінен, оларды тексеруге жіберіп, қайта-қайта талқылаулар болғанынан, мәселенің шешілуі ұзаққа созылғанынан хабардар едім. Бір күні маған Кәкен Аханов келді. ҚазМУ-дың филология факультетінің деканы, біздің отбасылық досымыз. Көрші тұратынбыз. Үйге келіп отырып, Қожакеев­тің диссертациясының жайын сұрады. Мен оның ұрланып барып қорғағанын, ешкімге авторефератын да жібермегенін, содан кейін оның ісіне араласпағанымды айттым. Ол бұған таңғалды. Дегенмен, менің көмектесуімді сұрады. Ертеңіне авторефератын, кітаптарын алып Қожакеев жетті. «Рефератты кезінде сізге жібергем, қолыңызға қалай тимегенін білмеймін» деген болды. Дегенмен, Кәкеннің сөзін қимай, оған араластым. Комиссияның кезекті отырысына барғанда істі алып қарасам, оның үстінен жазылған арыздар үш данадан жіберіліп, қалың іс құралғанын көрдім және арыздар әр адамның қолымен, әртүрлі мазмұнда жазылыпты. Олардың ішінде автордың орта мектеп бітірмегені, аттестаты жоқтығы, парақорлығы, университетте заңсыз істеп жүргені, тағы басқа «кінәлары» тізіліпті. Осылардың бәрі әр инстанцияда тексерілген. Істі қарап отырып, өзімнің таныс бір шәкіртім қол қойған арызға да кезіктім. Бұл Қожакеевпен қатынасы жоқ жігіт еді. Оның не себепті арызшы болғанына таңғалдым. Бір көзім жеткені – арыздарды тексеру қорытын­дылары, негізінен, диссертанттың пайдасына жазыл­ған. Соны ескере отырып, Қожакеевтің жұмы­сын бекітуге болады деген ұсыныс кіргіздім. Ол үшін әр арыз бен оған келген жауапты салыстыра комиссия мүшелеріне хабарладым. Сөйтіп, ­Қожа­кеевтің доктор­лығы үш жылға жуық сергелдеңнен соң авто­рының қолына тиді. Диссертацияны рецензияға жіберудің де өзіндік сырлары бар. Қалай болса солай қарап, кез келген біреуге жібере салсаң, ол ұзақ ұстап қайтарып жіберуі, не теріс пікір беруі мүмкін. Сондықтан оны қадағалап, керек адамға жіберіп отырудың да маңызы үлкен. Ш.Сәтбаеваның, Т.Кәкішевтің, Н.Ғабдул­линнің, М.Дүйсеновтің, Ә.Қоңы­рат­баев­тың, М.Бөжеевтің, Х.Әдібаевтың жұмыс­тарына менің осы тұрғыда көмегім болды. Т.Кәкішевтің жұмысын Зоя Кедри­наға жіберу жөніндегі ұйғарымды бұзып, мен әзербайжан ғалымы К.Талип-задеге жіберттім. Тұрсынбектің өзінің сұрағаны да сол болатын. Бірқатар қазақша диссертация­ларға менің өзбек досым Лазиз Каюмов пікір жазды. ­­­­­­­­­­Ш.Сәт­баеваға мен оппонент болғам. Оның жұ­мысына жақсы пікір түскенін байқап отырып, комиссияда қара­латын күні әдейі бардым. Оразай мен ­Шәм­шияға хабар беруге уәделестім. Тал­қыланатын жұмыс көп болды және сол отырысқа Сұлтанов та, ­Рамазанов та, Усманов та келмей қалды. Менің оны талқылауға ұсынуға хақым жоқ. Қолыма ұстап отырдым да, мәжілістің аяғында қатар отырған орыстың ғалым әйелі Неупокоеваға қарап: – Ирина Григореевна, мынау бір тәуір жұмыс еді. Хабарлама жасайтын адамдар келмей қалыпты. Талқылаудан қалып қояды ғой. Қолыңыз тисе, қарап жібермейсіз бе? – деп алдына қойдым. Ол алып көрді де: – Сәтбаева ма? Еңбектерімен таныспын, – деп ала қойғаны. Сөйтіп, оны да аман-сау өткізіп жібердік. Мәжілістен кешкі оннан аса шықтық. Мен қонақүйге жеткенше 11 болып қалды. ­Алматыда сағат екі. Келіп Шәмшияға телефон соқсам, ұйықтап қалыпты. – Тоса-тоса, хабар болмаған соң, «енді бүгін болмаған шығар» деп жатып қалып едік, – деді ­Оразай. Қуанышты хабар оларды ұйқысынан оятты. Әди Шәріповтің докторлық жұмысына жасаған көмегім жөнінде Әди жайлы естелігімде жазғам. Сөйтіп, менің ВАК-тағы қызметім Қазақ­стан­дағы әде­биетші ғалымдар дайындау ісіне пайдалы болды ғой деп ойлаймын. Ол кезде ВАК-тың мүшелеріне диплом, аттес­тат дегендерді иелік хатсыз бере беретін, яғни оларға сенетін. Соны пайдаланып, талай адамның дипломы мен аттестатын алып келіп қуантқаным да бар. Менің 50-жылдардың басында орта мектептің 9 сыныбына арналған оқулыққа автор болып кіргенім, ол жайындағы әңгімелер Ә.Сембаев, Ә.Шәріпов жайын­дағы естеліктерде айтылған. Авторлыққа ие болып, қатарға кіргеніміз болмаса, алғашқы оқулығымыз жүдеу, шала жансар болатын. Қазақ әдебиеті материалдарын «ұлтшылдық» деген құбыжықтан қорқып қысқартып, орыс әдебиеті деректе­рімен (мысалы, «Белинский» деген тарау қосқанымыз есімде) толтырғанбыз. ­Заман түзеле келе осы оқулықты қайта жазу қажеттігі туды. Оқу бағдарламасы өзгерді. Біздің оқулықтың біраз мәліметтері 10 сыныпқа ауысты. Жаңа оқулыққа байқау жарияланды. Біз З.Қабдолов, А.Нұрқатов үшеуіміз жаңа оқулықты да бірге жазуға уәделестік. Жазатын тарауларымызды бөлісіп алдық. Айқын екеуміз қолжазбаны тапсыратын уақыт таянған соң, Зейнолланы іздесек, ол Атырауға кетіпті. Роман жазып жүр екен, әзір келмейтін болыпты. Содан оның үлесін екеуміз бөліп жаздық та, қолжазбаны тапсырдық. Сөйтіп, жаңа оқулыққа автор болып Айқын екеуміз қалдық. Оқулығымыз бәйге алып, 1965 жылы басылып шықты. Оқулыққа тұрақты автор болғаным, оқу министрлігінің оқу бағдарламасы, әдістемелік әдебиетпен байланысты тапсырмаларына белсенді қатысуым министрлік басшылығының маған деген ықыласын түсірді. Мен ұзақ жылдар оқу-әдістемелік кеңестің қазақ әдебиеті секциясын басқардым. Педагогикалық ғылымдар институтының Ғылыми кеңесіне мүше болып араластым. Осылардың бәрі 1967 жылы КСРО Педаго­гикалық ғылымдар академиясы құрыл­ған кезде, сол академияның құрамына ұсыны­луыма себеп болғаны даусыз. Оның үстіне академияның алғашқы хабарлауында мүше-корреспонденттікке елу жастан аспаған ғалымдар ғана ұсынылатыны жазылды. Тек бұрынғы РСФСР Педагогикалық акаде­миясының мүшелері мен одақтас рес­публикалардағы педагогикалық ғылым­дар институттарының директорларына жеңілдік жасалды. Олардың жас мөлшері саналмайтын болды. Осының нәтижесінде академия әлгі екі топқа кірмейтіндер есебінен бірсыпыра жасарды. Менің жастығым да академияның осы есебіне дәл келіп, мен Ә.Сембаевпен бірге мүше-корреспондент болып өттім. Мәлік Ғабдуллин үкімет қаулысымен академияны ұйымдастыратын академиктер қатарына кірді. Менің КСРО Педагогикалық Ғылымдар академиясының құрамына сайлануым республикада да, өзім істейтін институтта да, араласып жүрген Жазушылар одағында да жақсы пікір туғызды. Орталық комитеттің мәдениет бөлімінің меңгерушісі Михаил Есеналиев: «Қырыққа келгенше барлық атақты жинап алған жігіт» деп құттықтап кетті. Басқа да құттықтаушылар аз болған жоқ. 1977 жылы «Қазақ КСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер» деген атақ алдым. Бұл кезде Мәлік Ғабдуллин ректорлықтан ауысып, Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтына фольклор бөлімін басқаруға кеткен. Оның орнына Серғали Толыбеков келген. Бұл – 1963 жылдың аяғы болатын.

848 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы