• Тұлға
  • 16 Мамыр, 2019

Марал ЫСҚАҚБАЙ, Қазақстан авторлары қоғамының төрағасы: Авторлар құқығы аяққа тапталмауы керек

– Қазақстан авторлары қоғамы қалай құрылды? Мақсаты қандай? Әңгімемізді осы сауалдан бастасақ... – Кеңес өкіметі кезінде Мәскеуде авторлардың құқығын бақылайтын «Всесюзное агентство по авторским правам» дейтін қоғамдық мекеме болатын. Қазақстанда соның кішкентай бөлімшесі бар еді. Одақ тараған кезде Мәскеудегі ұйым да тарап кетті. Қазақстандағы бөлімше қаржысыз, иесіз қалды. Сол кезде мені өкімет шақырып, авторлық құқық дегеннің не екенін сұрады. Кезінде Компартияның Орталық Комитетінде бірнеше жыл қызмет атқарғанмын, баспалардың директоры болғанмын. Хабарым бар еді, білгенімді айтып бердім. Қазақстанның дамыған елдермен жасалатын шарттарға қол қойып жатқан кезі: басшылар қайда барса да елдегі авторлық құқықтың жағдайы ­туралы сұрайды екен... Содан не керек, маған авторлық құқыққа қатысты ұйым құруды ұсынды. Ол кезде Кеңес өкіметінің құлағаны өз алдына, экономика құлдырап, халық ертеңгі күніне үрейлене қарап отырған еді. Өте қиын заман болды ғой. Содан әлгі ұсынысты жан-жақты ойластырып қарасам, ұйымды бұрынғыдай қоғамдық мекеме етіп құруға болмайды екен. Өзіміздің бұрынғы одақтас елдердің тәжірибесіне көз жүгірттім. Орыстар бұрынғы агенттікті мемлекеттік мекеме етіп қайта құрыпты. Өйткені мемлекеттің қарамағына алмаса, сол кездегі берекесіз заманда ештеңе жасау мүмкін емес еді. Сөйтіп, мен де 1992 жылы министрлік дәрежесіндегі мемлекеттік мекеме құрдым. Жеті жылдай өнімді жұмыс істеді. Алайда 1996-97 жылдары елімізде тағы да қиын жағдайлар туындады: қаржының жоқтығына, экономиканың құлдырауына орай «оптимизация» дейтін басталды. Бұның мағынасы – қысқарту деген сөз еді. Министрліктер, облыстар, ­аудандар бір-біріне қосылып, қысқартылды. Сол кезде біздің мекемемізді де сегіз министрлікпен бірге Экономика және сауда министрлігінің қарамағына берді. Елуден астам қызметкері бар орталық аппаратта 20 адам ғана қалдырылып, облыстағы бөлімшелер жойылып кетті. Сөйтіп, авторлар құқығы мүлдем қорғаусыз қалды. 1996 жылы Авторлық құқық туралы Заң қабылдап үлгергенбіз. Әлемдік тәжірибе бойынша автордың құқығын мемлекет емес, қоғамдық мекемелер басқаруы керек. Себебі авторлардың жазған дүниесі – олардың жекеменшігі. Мәселен, үстімдегі жейдем, галстугім секілді менің кітаптарым да – менің жекеменшігім. Оған ешкімнің билігі жүрмеуге тиіс. Тіпті мемлекеттің де. Мысалы, мемлекет келіп жейдеме жармас­пайды ғой. Сол сияқты еңбектеріме де ешкім жармаспауы керек. Оның тағдырын мен ғана шеше аламын. Осыған байланысты енді әлемдік тәжірибеге орай қоғамдық ұйым құру керек болды. Оны авторлар өздері құрады, өз еріктерімен мүше болады және өздерінің бүкіл құқығын келісімшартпен сол қоғамға тапсырады. Сөйтіп, 1997 жылдың басында осындай қоғам құрдық. Содан бері 21 жыл үзіліссіз жұмыс істеп келеміз. Бұл мекеменің атқаратын қызметі – авторлардың мүліктік құқығын қорғау. Мүліктік құқық деген не? Сенің жазған-сызғаның бір жерде жарияланатын болса, саған, яғни авторға қаламақы төленуге тиіс. Өйткені менің кітабымды ешкім тегін шығармайды, пайда табу үшін шығарады. Телеарна, радио, театр, концерттік ұйымдар болсын – барлығында орындалып, пайдаланылып жатқан шығармалар – авторлардың туындылары. Демек, авторлардың еңбегін пайдаланып, табыс тауып жүрген мекемелер туынды иесіне қаламақы төлеуі керек. Мысалы, бір телеарна бізге айына 13 миллион теңге ақша төлеп тұрды. Бұл – олардың айлық табысының 3 пайызы ғана. Ойлап көріңізші, сонда олар қандай табыс тауып отыр? Ол табыстан авторға да бірдеме тиюге тиіс емес пе?! Басқаны былай қойғанда, мейрамханалар да авторларға қаламақы төлейді. Өйткені оның ішінен музыкасын алып тастаса, оған ешкім де бармайды. Той да жасалмайды. – Қай автордың қай шығармасын қандай жерде пайдаланғанын қалай анықтайсыздар? – Біздің қоғамға үш жарым мыңдай автор тіркелген. Автор шығармасын пайдаланушылар саны да бірнеше мың. Сонда олар қай театрға, қай мейрамханаға, қай телеарнаға барып бақылап жүреді дейсіз ғой. Мәселен, біздің ең жиі орындалатын авторымыз Шәмші Қалдаяқов қой. Оның әндері бір мезгілде сонау Өскемендегі, Аты­раудағы, Оралдағы театрларда, концерт­тік залдарда, мейрамханаларда орындалып жатуы мүмкін. Соның бәрін мұрагері қалай бақылай алмақ? Демек, оны мүмкіндігі бар мекеме бақылауы керек. Сондықтан олар құқықтарын бақылауды біздің мекемеге тапсырады. Біз қалай бақылаймыз? Біріншіден, әр облыста бөлімшеміз, арнайы қызметкерлеріміз бар. Екіншіден, шығарманы пайдаланатын әрбір мекемемен арнайы шартқа отырамыз. Шартта негізгі екі мәселе қамтылған. Пайдаланған шығармалардың тізімін көрсетіп, бізге есеп беріп отыруы тиіс. Әрі тиесілі ақшасын да аударып отыруы керек. Ал біздің міндетіміз – сол түскен қаржыны авторларға әділ бөліп, қолдарына тапсырып отыру. 21 жылдың ішінде қоғам небір заманды басынан кешірді. Жұрттың бәрі жұмыссыз қалып, қаламақыдан жұтап қалған заманда авторларды осы мекеме асырады. Сол үшін де біздің мекемені шығармашылықпен айналысатын тұлғаның барлығы құрметтейді. – Қоғамның мүшелері кімдер? – Бізге композиторлар, ақындар, драматургтер, хореографтар, суретшілер мүше болады. Жазушылар да бар. Бірақ композитор мен жазушының құқығын қорғауда айырмашылық бар. Мысалы, мен жазушымын. Кітабымды үйде отырып жазамын, баспаға өз қолыммен тапсырамын. Демек, құқығымды қорғау мүмкіндігім өз қолымда тұр. Яғни қаламақым мөлшерін белгілеу, кітап көлемін анықтау сияқты мәселені өзім шеше аламын. Композиторлардың мүмкіндігі басқаша. Олардың шығармасы ұядан ұшып шыққан балапан сияқты. Бір жарияланған соң ұстатпайды. Бүкіл елге тарап кетеді. Авторларда енді оны бақылау мүмкіндігі болмайды. Сондықтан да Заңда: «Құқығын қорғау мүмкіндігі жоқ авторлар өздерінің қоғамдық ұйымдарын құра алады» деген ереже ескерілген. Біздің қоғам шетел авторларының да құқығын қорғайды. Қазір біз Қазақстан аумағында 151 елдің авторларының атынан өкілдік етеміз. Біздегі базада тіркелген шетелдік авторлардың жалпы саны 7 миллион шамасында болса, шығармаларының саны – 23,5 миллиондай. Олай болатын себебі – біз 1999 жылдан бері «СИЗАК» деген халықаралық ұйымның бірден-бір мүшесіміз. Соның арқасында Қоғамымызды барша әлем таниды, бәрімен екіжақты келісімшартымыз бар. Өздерің білесіңдер, біздің теледидарда да, радиода да қазақтың әні ғана емес, дүниежүзі авторларының шығармасы жүр. Олардың бәрінің құқығы қорғалуға тиіс. Себебі біздің мемлекет Берн конвенциясының, Фонограммалық конвенцияның, т.б. – жалпы бес түрлі конвенцияның және екі халықаралық келісімнің мүшесі. Мәселен, өзім Женевада халықаралық конференцияға ҚР Өкіметі атынан қатысып, екі келісім-шартқа қол қойдым. Демек, бүкіл дүниежүзі авторларының құқығын Қазақстан аума­ғын­да қорғауға міндеттіміз. Солардың тиесілі қаламақыларын жинап алып, біздікі сияқты ұйымдарына аударамыз.

– Басқа елдер де біздің авторлардың құқығын дәл солай қорғай ма? – Әрине, басқа елдер де біздің авторлардың құқығын қорғайды. Алайда қазақ авторларының шығармаларын пайдаланатын елдер аз. – Қаламақы қалай есептеледі? – Айталық, радиолар айлық табы­сының 1 пайызын бізге аударады да, бір айдың ішінде кімнің қандай шығармасы орындалғаны жөнінде есебін береді. Мысалы, табысының 1 пайызы – 100 мың теңге, ал бір айда 50 автордың 100 шығармасы орындалған дейік. Біз сол 100 мың теңгені 50 автордың 100 шығармасына бөлеміз. Оның ішінде қазақтың да, шетелдің авторларына да мөлшер біреу. Өзіміздікіне көп берейік деп бұра тарту жоқ. Себебі біздегі ішкі бақылау өз алдына, халықаралық деңгейде бақылау бар. Ақшасын аударып беріп қана отырмаймыз, оның кімге, қай шығармасына тиесілі екенін көрсетеміз. Бәрі айқын. Сол сияқты эфирлік арналар айлық табысының 1 пайызын, кабельдік арналар 3 пайызын, спутниктік арналар – 4 пайызын, концерт ұйымдастырушылар табысының 4 пайызын авторларға төлейді. – Біздің елде авторлық құқықтың мәртебесі қандай? Сақтала ма? – Бұл қиындау мәселе. Әсіресе 90-жылдары заңсыздық көп болды. Ал 1996 жылы заң қабылдағаннан 2009 жылға дейін жақсы жұмыс істедік. Заң бар, талап бар. Жұмыстың ретін білеміз. Ал 2009 жылы заңға қате өзгеріс енгізілді. Нақ айтқанда, 46-1 деген бап енгізілді. Онда: « Аккредиттеу туралы куәлікті алған мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым құқықтарды басқару туралы шарттар жасасқан құқық иеленушілердің құқықтарын басқарумен қатар мұндай шарттар жасаспаған құқық иеленушілер үшін де сыйақы жинауды жүзеге асыруға құқылы» деп жазылған. Бұл бүкіл әлемде жоқ нәрсе. Бұрын «бланкетная лицензия» деп аталатын бап болушы еді. Ол бап бойынша да Қоғамдар «пайдаланылған шығармалардың бәрінің ақшасын жинауға құқығы бар» еді. Оның мәнісі былай: мысалы, сен жаңа жазып жүрген композиторсың. Әлі авторлар қоғамы бар екенін де білмейсің, тіркелмегенсің. Бір ән жазып, өзің танитын адамға үйретесің. Ол танымал болып, теледидарға да, радиоға да шықты. Ал сен әніңнің орындалып жүргеніне мәзсің. Бірақ оған тиесілі ақша бар екенінен хабарсызсың. Ал мұндай жағдайда сенің қаламақың далада қалып қоймауы керек. Жиналып тұруға тіис. Соңғы өзгеріске дейінгі аралықта да соны жинап жүрдік. Сенің бар екеніңді біз де білмейміз. Бірақ радиодан не телеарнадан түскен құжаттардың ішінде сенің әнің мен аты-жөнің жүреді. Сонан соң сені де тіркеп қойып, іздеу салатынбыз. «Қазақ әдебиеті» газетіне «Іздеу саламыз» айдары бойынша тізім беріп отыратынымызды көрген шығарсың. Сөйтіп, авторларды тауып, ақшасын береміз. Ал заңға енген әлгі өзгеріс берекесіздікке алып келді. «Аккредитация алса ақша жинай беруге болады» деген сөз кез келген пысықайды шақырып тұр ғой. Сонымен, мұндай ұйым да көбейді. Қазір бізден басқа 7 қоғамдық ұйым авторлардың қаламақысын жинап жүр. Сол жеті қоғамның қайсысы кімге ақша төлеп жатқанын ешкім білмейді. «Абырой» деген ұйым бар. Кезінде менің қарамағымда істеген жігіт құрған. Бірақ сол қоғамда береке жоқ. Үшінші ме, төртінші ме адам басқарып отыр. 200 миллиондай ақшаны жұртқа таратып жіберген деген, бұрынғы бастығын 14 миллион теңге жеп қойған деген ақпарат тарап жүр. Шымкентте «САП» деген ұйым бар. «Союз авторов песен» деп орысша қойыпты. Соларды осыдан 3-4 жыл бұрын бас прокуратура тексерсе, 95 пайыз ақшаларын өздері жұмсап жіберіпті. Ол туралы көптеген баспасөз жазды. Мұндай жағдайда оны жауып тастау керек қой, бірақ олар әлі жұмыс істеп келеді. Алайда авторлардың ақшасын төлеп жатқан жоқ. Себебі ол ақша жинап жүрген жердің бәрінде бізде тіркелген авторлардың да ақшасы жиналып жатыр. Өйткені қоғамның ең көп мүшесі де бізде, ең атақты авторлар да бізде. Олардың шығармасы Шымкентте орындалмай қалуы мүмкін емес. Бірақ олар бізге ақша аудармайды... Осылай құқықтар бұзылып жатыр. Қазақта «дәніккенен құныққан жаман» деген сөз бар. Құнығып алғаннан кейін тоқтамайды, біреудің маңдай тері, табан ақысы екенін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Негізі әлеуметтік тұрғыдан ең төменгі сатыда тұрған қауым – интеллигенция ғой. Біздің қолымыздан пеш салу, кірпіш құю келмейді. Үй сала алмаймыз. Қолымыздан келетіні – қаламымызға сүйену. Сол қаламымызбен табуға тиіс ақшамыздың өзін біреулер қағып алып кетіп жатқан соң... Осындайға жол беріліп отыр. – Біреудің ақысын жеумен қатар, бір-бі­рінің шығармасын ұрлап алатын авторлар бар. Қоғам мұндай жағдайларды қарастыра ма? – Авторлардың құқығы – ешкімнің араласуына болмайтын құқық. Оны ұрлап алуға да, өзгертіп алуға да болмайды. Мысалы, Гомердің жазған шығармасы сол күйінде жетіп отыр. Ешкім Гомердікін ала алмайды, алса жауап береді. Бұл автордың жеке құқығы деп аталады. Ал біздің қоғамның айналысатыны – мүліктік құқық. Сен сұрап отырған нәрсе мүліктік емес құқық. Ол автордың өзінде болады. Біз сұрағандарға тек пайдалануға ғана рұқсат беріп жатамыз. Ал оны өзгертуіне, аранжировка жасауына, пайдаланып кетуіне рұқсат бермейміз. Мәселен, бейнебаян деген нәрсе бар ғой. Біз оны бақылаймыз, соған тиесілі ақшаны авторға алып береміз. Бірақ бейнебаян түсіргісі келетін адамға оның құқығын автордың өзінен ал дейміз. Оған рұқсатты автордың өзі беру керек. Өзгеріс жасауға бере ме, өзгеріссіз бере ме, автор өзі біледі. Ол – автордың мүліктік емес құқығы. Ұрлап алушылық анда-санда болады. Үлкен кісілердікін ұрлау қиын. Ал жастардың шығармаларын ұрламау үшін оларды арнайы тіркейміз. Нотасын, мәтінін, нота білмейтіндер дискісін тапсырады. Тіркеу куәлігін алады. Әнін ұрлап алған жағдай болса, сол куәлігі арқылы сотта дәлелдей алады. – Қайтыс болғанына 70 жыл өткен авторлар құқығы қалай қорғалады? – Авторлардың құқығы көзі тірісінде және қайтыс болған соң 70 жыл бойы қорғалады. 70 жылдан соң ол халықтық мұра болып кетеді. Мысалы, осыдан 4-5 жыл бұрын атақты «Қорлан» әнінің авторы Естайдың қайтыс болғанына 70 жыл болды. Сондықтан біз газетке жазып, Естайдың мұрагерін іздедік. Екібастұз қаласында тұратын бір журналист жігіт хабарласты. Естайдың 80 жастағы немересін таниды екен. Немересімен хабарластық. Құжат­тарын сұраттық. «Бұдан былай авторлық құқығы тоқтайды, қорғалмайды» деп, осы уа­қытқа дейін жиналған 1 миллионнан астам теңгесін бердік. Солайша, іздеп тауып алып тұрамыз. Жамбыл Жабаевтың да шы­ғар­машылығы енді халық мұрасына айналды. Ал әншілердің құқығы басқаша. Олар­дыкі әннің алғаш айтылған кезінен бастап 70 жыл бойы қорғалады. – Әңгімемізді қоғамның тыныс-тіршілігіне қарай бұрсақ. Бүгінде қоғамға қатысты даулы мәселелер орын алып жатқанынан хабардармыз. Кей ақпарат құралдары бұл туралы жазды да. Наурыз айында өткен жиынға сіз қатыспаған екенсіз. Даудың басы қайдан шықты? – Ол жиын біздің қоғам мүшелерінің жиналысы емес, заңсыз жиын. Мәселе мынада: 2008 жылы жасым 70-ке толғанда қоғамның кезекті жиналысы өтті. Сол кезде босанғым келіп еді, бәрі қарсы болып, босатпады. «Қартайып тұрған жоқсыз, тағы 5 жыл істеңіз. Бүгінгідей қиын жағдайда ешкімге сенбейміз» деді. Бес жыл істедім. бірақ қашанғы жүремін, жазушы болғандықтан, жазатын дүниелерім бар деп, Байғали Есенәлиев деген жігітті қасыма алып, басшылыққа алдын ала дайындадым. Онымен 70-ке толған кездегі тойымда танысқанмын. Асаба болды. Негізі екі-үш әні бар, біздің қоғамға тіркелген екен. Өзі «аға»-лап тұрады. Жақсы жігіт болып көрінді. Соған үйреттім. Бас директор қылып бекіттім. Сонан соң кезекті 2013 жылғы жиналыста жұртқа таныстырдым: «Мына жігітті дайындадым, қазір бас директор болып қызмет істеп жүр. Осы жігітке жұмысты берейін» дедім. Авторлар тағы да қарсы болды. Ақыры қоймаған соң, мені құрметті төраға қылып сайлады да, «қоғамның жұмысын бақылап отырыңыз» деді. Мен кабинетімді де, жалақымды да, көлігім мен жүргізушімді де – бәрін Байғалиға бердім. Ол бес жыл қызмет етті. Мен көмектесіп, бақылып жүрдім. Бірақ біреудің үстінен бақылау мен өзің істегеннің екеуі екі бөлек. Оның басқарған кезінде біраз қиындықтар мен құлдырау болды. Бағана айтқанымдай, бәсекелес 7 қоғам да қарап жатпай, зиянын тигізді. Радио, телеарна, майрамхана сынды пайдаланушылар төлейтін «ставканы» төмендетіп, оны «демпинг» дейді, біздегі 28 телеарна мен радионы алып кетіпті. Соның салдарынан қоғамға түсетін қаламақы азайған. Қаламақы қысқарған соң, қоғамның табысы да қысқарған. Сосын Байғали қызметкерлерді қысқартады.Онымен қоймай бүкіл қызметкерлердің айлығын 20 пайызға төмендетті. График жасап, бәрін бір-бір айдан ақысы төленбейтін демалысқа жіберді. Ең қиыны – Швейцария­дан алған, соңғы он жыл бойы пайдаланып келген, «Косис» деп аталатын компьютерлік бағдарламадан айырылып қалдық. Өйткені оған төлейтін ақша жоқ. Қазір бәрін баяғыдай қолмен істеп отырмыз. Сонан соң Байғалиға: «Сен мына жұмысты істей алмадың. Орныңа Серікті қояйық, саған басқа жұмыс берейін. «Ғалам music» бас­пасына директор бол. Ондағы айлығың қазіргіден 20 мыңға артық болады» дедім. Келіспеді. Сөйтсе, ол «мені орнымнан алады» деп, маған қарсы жұмыс жасай бастаған екен. Бұл 2018 жылғы кезекті жиналыстың қарсаңы еді. 7 қараша күні жиналысқа бардық, бас директор ретінде бәрін Байғали жүргізді. Құрметті төраға ретінде баяндама жасадым. Сол кезде біраз адам: «Сен Байғалиды жұмыстан шығарайын деп жатыр екенсің» деп маған қарсы сөйлей бас­тады. Негізі, бұл тек Байғали екеуміздің арамыздағы әңгіме болатын. Мына жұрт оны білуге тиіс емес. Сөйтіп, жиналыс екіге жарылып кетті. Авторлар кеңесін сайладық. Мені қайтадан төраға сайлады. Ертеңінде жұмысқа келдім де, Байғалиға кабинетті босатып беруін, өзіне басқа кабинет тауып алуын ескерттім. Сәлден кейін, «Ғалам music»-ке баруға келісетінін айтып келді. Бердім қызметті. Бірақ ол онда барған соң, маған қарсы жұмысты бастаған. Былтырғы жиналысты «заңсыз өтті, кворум болмады» деп жариялаған. Композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбекке осы қоғамға да төраға болуды ұсынған. Өзі бас директор болмақ болған. Сонымен олар «27 ақпанда авторлар кеңесінің отырысы болды. Сол отырыс­та «авторлардың жиналысы 27 наурызда қайтадан өтсін» деген шешім қабылданды» деп хаттама жасаған. Соған авторлар кеңесінің қолын жинаған. Дулат Исабековке: «Өткендегі жиналысты министрлік бекітпеді. Қайта өткізсін деп жатыр. Соған қол қою керек» деп қол қойдыртыпты. Әркімге ыңғайына қарай өтірік айтып, қол жинаған. Тізімдегі 17 адамның оншақтысы қол қойыпты. Оны әкеліп бізге тапсырды. Жиналыс өтетіні туралы ресми ескерту келді. Сосын авторлар кеңесін шақырып сөйлестім. «Білмейміз» деп айнып шықты. Бәріне қолды қалай, қашан қойғанын жазбаша жаздыртып алдым. Сосын олар жарғыға өзгеріс енгізіпті. Заң білмегеннің кесірі сол. Біздің жарғы бойынша оған өзгеріс енгізу үшін ол өзгерістердің жобасы дайындалып, авторлар кеңесіне алдын ала берілуі керек. Кеңес онымен танысып, бекітуі керек. Онысы жоқ. Хаттаманы он күн бұрын жасап қойған да, қолды кейін жинаған... «Жиналысқа келіңіз» деп шақырту жіберген соң, бас директорды қосып, 8 кісі жібердім. Өзім бармадым. Бірақ ол жиынның жарғының қай баптарына қайшы екенін көрсетіп, заңсыздығы туралы мәлімдеме жазып бердім. Біздің өкілдер соны оқып беріп, пікірлерін айтқан да, кетіп қалған. Ал олар өздері қалған соң, өздерінше бөлек авторлар кеңесін сайлаған, жарғыға өзгеріс енгізген. Жиналысқа 70-80 адам қатысқан көрінеді. Кворум жоқ. Мәселе мынада. Кезектен тыс жиналыс деп отыр ғой. Ал кезектен тыс жиналыс өткізуді Авторлар кеңесі ғана шешеді. Ол – бір. Авторлар кеңесі оны жасамаған жағдайда, халықтың өзінің де құқығы бар. Бірақ оны қоғам мүшелерінің тең жартысынан көбі қолдауы керек. Олай болатын болса, бұл жиналысқа 1700-ден астам адам қатысу керек еді. Ол да жоқ. Осындай заңсыз, біздің жарғыға да сыймайтын нәрселер жасады. Осы мәселе туралы жазамыз деп, «Жас алаш» газетінен хабарласты. Жағдайдың қалай болғанын ақ-қарасын ажыратып айтып бердім. «Құрметті төраға және оның үш қызы» деген тақырыппен мақала жазыпты. Үш қызы деп отырғаны – осында екі қызым жұмыс істейді. Біреуі – бас директордың орынбасары. Екіншісі – инспектор. Қаламақы төлейтін мекемелерді аралап, тексеріп жүреді. Кісі қызығатын шаруа емес, қысқасы. Тағы бір қызым «Ғалам music»-те бухгалтер. – Сонымен бұл даудың соңы не болды? – 22 наурыз күні жұмыста отыр едік, Балнұр Қыдырбек, қасында Байғали және композитор Марат Ілиясов бар, келді. «Біз 27 наурыз күні жиналыс өткіземіз. Соған келіп, өз еркіңізбен жұмысты маған тапсырыңыз. Сонда ары қарай мазаламаймыз. Ал олай болмаса, 20 жылғы қояңызды қазамын» деді. «Қаза бер» дедім. Жиналыстан соң тағы бір күні келіп, «3 күннің ішінде қоғамның бүкіл құжаттарын, қаржылық құжаттарын, мүліктің есебін, шоттың есебін, сейфтер мен офистің кілтін тапсырасыз» деп қағаз беріп кетті. Адвокат шақырып, қағазға анализ жасаттым. Ол қорытынды шығарып әкелді. Оны Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша қарастыруға болады екен. Біріншіден, рейдерлік жасауға жататын сияқты. Оның бәленбай мың штрафы, бас бостандығынан айыру жазасы бар. Сосын «өз білермендігін жасау» (орысшасы «самоуправство») дейтін бапқа жататын көрінеді. Онда да айыппұл салу, абақтыға жабу қарастырылған. Үшін­шісі, алғашқы екеуі іске аспай қалған кезде, сондай бұзық ниетің болғаны үшін де бап бар екен. Сосын ол қағазын полицияға бердім. Балнұрдың телефонын сұрады. Менің көзімше хабарласып еді, «шетелде жүрмін, сенбі күні келемін» деді. Кейін барған-бармағанын білмедім... Осы уақытқа шейін біздің Қоғамды 14 рет тексерді. Екі рет бас прокуратура, екі рет Әділет министрлігі, бір рет антимонополия комитеті, қаржылық полиция, қалалық прокуратура бір-бір реттен бүкіл құжатымызды сапырып тексерді. Ешуақытта бетімізге шіркеу түскен емес. – Қазір қоғамның тыныс-тіршілігі қалай болып жатыр? – Мен қызметке 7 қарашадағы жиналыстан кейін келдім. Содан бері бізден кетіп қалған барлық телеарна мен радионы қайтардым. Солардан түскен қаражат есебінен қызметкерлердің айлығынан кесіп тастаған 20 пайыз ақшасын қайтарып бердім. Қысқарып кеткен адамдардың орнына қызметке 3 адам алдым. Биыл бірнеше жылдан соң бірінші рет қызметкерлеріме бір айлық көлемінде сыйақы бердім. Сосын бағана құнды бір компьютерлік бағдарламадан айырылып қалғанымызды айттым ғой. Соның орнына Ресейден «Гиперграф» деген бағдарлама алғалы отырмыз. Себебі қазір есеп-қисаптың бәрін қолмен жасап отырған соң, қаламақыны бөлу жұмысы төрт айдай кешігіп жатыр. Бағдарламаны алсақ, бәрі орнына келеді. Онда әр авторға жеке кабинет ашып береміз. Сол арқылы ол қай шығармасына қай жақтан қанша ақша түсіп жатқанын көре алады. Сосын «Фонмикс» деген құрылғы алдырттық. Оны мейрамханаларға, сауда орталықтарына қоямыз. Олар сол музыкаларды пайдаланады. Оның бәрі автоматты түрде бізге көрініп тұрады да, тиесілі ақшамызды алып отыратын боламыз. Интернет сайт та ашып жатырмыз. Онда таза қазақ авторларының шығармашылығын насихаттамақпыз. – Қоғамның жұмыстарымен жүріп, өзіңіздің шығармашылығыңыз шет қалып қойған жоқ па? Не жазып жүрсіз? – Лидия Обухова деген ресейлік атақты прозаик менің аудармашым еді. Бір жолы оған «Көршім болған оқжылан» деген шығармамды жібердім. «Мына әңгімеңізді оқып шықтым, тамаша. Сіздің орныңыз директордың үстелінде емес, жазу үстелінде» деп жазып жіберіпті. Ол кезде «Жазушы» баспасының директоры едім. Орыстардың ұғымы бізден басқа. Біздің күнкөрісіміз басқа ғой. Қаламақымен күн көре алмаймыз, қызмет етуіміз керек. Өмір бойына қызмет етіп келе жатырмыз, арасында ғана жазып тұрамын. Бұрынғыдай белсенді жазбаймын. Көбіне мақалалар ­жазамын. Таяуда Серік Ақсұңқарұлы ­туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Көкжал ақын, көкшулан жырлар» деген эссе жазып жарияладым. Өзі де, басқалар да риза болды. Баяғыдай прозаны көсілтуге уақыт та, денсаулық та жоқ. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Әсел САРҚЫТ

1042 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы