• Әдебиет
  • 23 Мамыр, 2019

Құс жолы (немесе 6-сынып оқушысының Шыңғыс әлемімен қалай танысқаны жайында)

Бұл оқиға өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының бас кезінде болған еді. Марат есімді менің кішкентай кейіпкерім арманшыл, қиялшыл бала ретінде аса зеректігімен қоса, оқу-білімге құмарлығын да анық байқатып өсіп келе жатты. Сондықтан әкесі оның талабын қолдап, ауыл мектебінің бастауыш сыныбында оқып жүрген жерінен Түркістандағы Саттар Ерубаев атындағы №7-ші мектеп-интернатқа әкеліп, табыстайды. Киелі шаһар – Түркістан оған үлкен әлемнің есігін ашқандай болды. Ол сол әлемнің ішінде жүріп есеюге, өсуге ұмтылып, жақсы оқуға тырысты. Бірақ айтпағымыз – ол емес, оның басынан кешкен оқиға туралы болғандықтан, ендігі әңгімені де кейіпкеріміздің өз аузынан естиік.

1

...Әкем сенім артқан соң мен Түркі­с­тандағы мектеп-интернатқа келіп, оқуымды жалғастырдым. Бірақ бұл бұрын ауылдан ұзап шықпаған, алысқа бармаған бала үшін оңай да емес екен. Оқуға пейілімді бергенмен, алыстағы үйімді, ата-анамды, бауырларымды ойлап, сағынамын. Сағынышымды басу үшін әрбір тоқсанның аяқталуын асыға күтіп, аз күнгі демалыста ауылға тартып отырамын. Біздің үй ол кезде Түркістаннан жетпіс шақырымдай жерде, Арыс-Түркістан кана­лының бойында орналасқан Төрткүл селосында болатын. Қаладағы Әзірет Сұлтан мав­золейінің жанынан Төрткүлге апаратын жол шығады. Сол жерге келіп ауыл жаққа баратын көліктерді күтеміз. Бұл жолы менің жаныма келіп тоқтаған жүк машинасының жүргізушісі кабинасының есігін ашып: – Балақай, қайда барасың? – деп сұрады. – Ағай, Төрткүлге дейін ала кетесіз бе, – дедім. Ол «кел, отыр» деп ымдады да, мені қасына алып алды. «Мендегі бары – осы-ақ» деп оған қалтамдағы тиындарды ұсынбақ болып едім. Ол басын шайқап, ештеңе алмайтын білдірді де: – Ол ақшаны қалтаңа салып қой, сен маған жолсерік болдың, қарап отырғанша мына әңгімелерді оқып бер, – деп умаждалып, ескірген, шофырдың май қолының исі сіңген журналдарды ұстатты. Бұл – «Жұлдыз» журналының 1963 жылғы 6-шы, 7-ші сандары еді. Онда мен бұрын атын естімеген қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» повесінен үзінділер жарияланған екен. – Міне, осыларды парақта да, оқи бер. Ал мен тыңдаушың боламын. Өйткені менің екі көзім – жолда, екі қолым – рульде ғой, ал құлағым сенде болады, – деді ол. Журналдағы жазбаларға көз жүгіртіп, оқи бастадым. Төрткүл ауылына дейінгі қашықтық – шамамен екі жарым сағаттық жол. Осы уақыт аралығында бәрін оқып бітірсем, жарар еді деп қоямын. Соны аңғарғандай ол: – Сен, асықпай оқы, мазмұнын, мәнін түсінетіндей болайық, – дейді. Мен басымды изеп қойып, шаруама кірісіп кеттім. Машинаның шуылынан ағай естімей қалмасын деген оймен барынша дауыстаңқырап оқи бас­тадым. Ал шығар­мадағы алғашқы диалогтар төмендегідей еді. – Амансың ба, қасиетті Далам?! – Аманшылық. Келдің бе, Толғанай? Өзің былтырғыдан да қартайып кетіпсің ғой. Шашың қудай аппақ, қолыңда таяқ. – Өмір деген зымырап өтіп бара жатқан жоқ па, Жер-ана. Арада тағы бір жыл өте шықты. Бүгін менің мінажат ететін күнім. – Білемін. Келеріңді біліп жатқанмын, Толғанай... Сен бері келіп, мына тасқа отыршы, аяғың ауырады ғой. Сонан соң бәрін басынан бастап есіңе түсірші («Жұлдыз», 1963 ж., 6-шы саны, 76-77-беттер). Шығарманың барлық құрылымы ­Тол­ғанай ана мен Жер-ананың кездесіп, тіл қатысуларынан, сырласуларынан, ­Тол­ғанайдың толғаныстарынан тұратын еді. Бірақ мен 6-сыныптың оқушысы ретінде шығарманың құрылымына емес, мазмұнына, ондағы оқиғаларға көңіл бөліп, әрі қарай не болар екен деп қызыға оқи түстім. Келесі диалогтарды тыңдау жүрекке алдыңғысынан да ауырлау тиді. – Эх, енді несін айтайын, кесепатты соғыс қаншалардың кендірін қиды. Жайнағым аман болғанда қандай адам болатын еді? Мінезіңнен, қылық-қасиетіңнен айналайын, жан балам, қайдасың, қайдасың? Он екіде бір гүлің ашылмай жатып, қай жерге барып жалп ете қалдың екен? О, дүние, о, жан жаратқан Жер-ана, бір сәтке ғана, көзді ашып жұмғанша ғана баламды тірілтіп, бір ғана рет көлеңкесін көрсетіп қойсаңдаршы!.. – Толғанай, сабыр ет, жүрегіңді басшы. Өйтпе, өзіңді өзің аясайшы... Жүрегіңнің әрбір соққанын сақтасаң нетті («Жұлдыз», 1963 ж., 7-саны, 45-бет). Бұл жолдар соғыс салған қасіретті басынан өткізіп жатқан, тағдыры бар қиындықты мойнына арта салған аяулы ананың аянышты халі мен мұң-наласын көз алдыңа әкеледі. Ал Жер-ана болса, ол да барлық қиындық пен зұлматтың куәгері ретінде тіл қатады, сол жамандықты жасаушыларды айыптай сөйлейді. Шығарманың осы тұсында менің де жас жүрегім елжіреп, көңілім босап кетті. Бағанадан бері бас көтермей оқып келе жатқандықтан журналдың біраз беттерін еңсіреп тастаппын. Бір сәт үзіліс жасап, шопыр ағамның жүзіне қарап қоямын. «Ол, не, жылап отыр ма?!» дейді ішкі түйсігім. Иә, солай сияқты. Ол көзінен ыршып түскен жас тамшыларын жеңімен сүртіп қойып отыр. Шығарма оқиғасы толқытып, көңілі әбден босағандай. Өйтпегенде-ше?! Соғысқа жары – Субанқұлды, үш бірдей бауыр еті – балаларын: Қасымды, Майсалбекті, Жайнағын шығарып салып, соның бәрінен қаралы хабар әкелген «қара қағаз» алған ананың жағдайынан ауыр не бар дейсің? Шығарманың бұл тұсында Толғанай ананың осы халі оның өз сөзімен былай беріледі: – Қайран азаматтар, тау құламай неғып тұр, көл сарқылмай, неғып тұр?! («Жұлдыз», 1963 ж., 7-саны, 46-бет). Мен бала болғандықтан, бұл сөзге онша мән бермеппін. Оның мағынасын ұққан шопыр ағамның екі көзінен тағы да жас парлап, кәдімгідей булығып жылап алды. «Дүние-ай, десеңші, неткен ауыр тағдыр иесі еді. Ең болмағанда соғыстан бір баласының қайтпағаны-ай» деді ол күрсініп. Сонан соң маған қарап: – Жазушының бұл ойын, не айтпақ болғанын түсіндің бе, інім, – деп сұрады. Мен иығымды қиқаң еткізіп, ұқпаға­нымды білдірдім. – Ә... ол былай ғой, – деп әңгімесін сабақтай түсті шопыр ағам. – Иә, иә... Толғанай ана қан жұтып, көзінің жасын құрғата алмаған бұл тұста, бір үй ғана емес, бүкіл ауылы боздақтарынан айырылып, шерменде болған елі де қасірет тартып жатқанда, шынында, «тау құламай, неғып тұр, көл таусылмай, неғып тұр?». Олар неге бұлармен бірге болмайды, бірге қайғырмайды деп сұрауымыздың реті бар. Бірақ солай болғаны да хақ. Адам табиғатпен туыс емес пе? Ендеше тау күңіренбеді дейсің бе, құяр көзі таусылып, көл де сарқылмады дейсің бе? Сырын ішіне бүккен тылсым табиғат Толғанай ананың зарын тыңдап, онымен және оның елімен бірге болып, ауыр қайғыны бөліскені де сөзсіз. Жазушының айтпағы осы ой ғой, – дейді ол. Мен оның шығарманы өзі оқымаса да, пейілмен тыңдаған әңгімеден бойына осыншама азық алып, әсерленгеніне, ондағы оқиғаларды саралай білетіндігіне, сөз төркінін танитындығына қайран қалдым. Алдымда қарапайым жүргізуші емес, журналист не жазушы отырғандай көрінді. Біраздан соң ол аптығын басып, бойын тіктеді де өз қызметіне кірісіп кетті. Тағы да екі көзі – жолда, екі қолы – рульде. Маған қарайды да: – Тоқтама, оқи бер, құлағым – сенде, – дейді. Біз мінген Газ-51 машинасы жүйткіп келеді. Машина табанындағы жолдың екі жағы да тақтайдай тегіс жазық дала, колхоздың мақта егістігі. Бұл өңірге каналмен су келгелі мақталы алқапқа да өң кіріп, жайнап, құлпыра түскен. Сол ақ алтынды аймақтың бірі – менің туған ауылым Төрткүл селосы. Әне ауылдың іргесіндегі қоңыр төбенің де жотасы көрінді. Ал менің оқып келе жатқан шығармам таусылар емес, оның соңғы беттеріне дейін әлі біраз бар. Машина жүргізушісінің жүзіне қарасам, ол бар пейілін сала әңгімеге құлағын тосумен келеді. «Әттең-ай, тағы біраз бірге болсақ қой, жол ұзара түссе ғой» деймін. Ондағы ойым – оқып келе жатқан шығарманы толық аяқтап, оның ризашылығына ие болу, рақметін алу. Бірақ амал не, қоштасудың да сәті келді. Төрткүл ауылының өкпе тұсындағы жолайырықта мен машинадан түсіп қалдым. Біз екі жарым сағаттық жолда бір-бірімізге үйренісіп, жақын бола түсіппіз. Көңілде қимастық бар. – Балақай, саған рақмет, – деді ол. – Не үшін, – деймін мен таңданысты жүзбен. – Сен маған жақсы жолсерік бол­дың, қырғыз жазушысының тамаша шығармасын шын пейіліңмен, мазмұнын жеткізе отырып оқу арқылы ұзақ жолда еш жалықтырмадың, қайта мені жылатып отырдың. Ауылыңа келіп қалғандықтан, аяғына жетпедің. Әрі қарай да маған сендей бір бала кезіксе, жақсы болар еді, – деген ойын білдірді. «Жолың болсын, жақсы аға. Сізге мен сияқты бір жолсерік табылса екен» деп мен де оны көз ұшымен ұзатып, шығарып салдым.

2

Таныс та, бейтаныс ағамның атын да сұрап алмаппын. Бірақ менің оған қызыққаным – қарапайым жұмысшының, қолы рульден босамайтын шопырдың әдебиетке құмарлығы, қырғыз еліндегі жазушыны білетіндігі, оның қызық сюжетке құрылған, шиеленісті тағдырды суреттеген терең ойлы шығармасына деген ынтызарлығы, «соны оқысам, білсем» деген ой-ниеті еді. Оның бұл әрекеті мені де Айтматов әлеміне жетелеп, ол жайында көбірек білуге тырыстым. Үйге келіп ата-анаммен қауышып, ­бауырларымды көріп, сағынышымды басқан соң, ертеңінде ауыл кітапханасына бардым. Кітапханашы апайдан: – Сіздерде Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» деген кітабы бар ма? – деп сұрадым. Кітапханашы кітап сөрелерінен бірдеңелерді іздеген болып еді, таба алмады. Сонан соң қайыра сұрақ қойып: – Ондай жазушы бар ма еді өзі? – дегенде, бүртүрлі болып, таңдана қарадым. Кітапханашы апайым ол жайында білмейді екен. Бірақ оған ренжуге де болмас. Ол кезде Шыңғыс Айтматовтың бұл шығармасы кітап болып басылып шықпаған да еді ғой. Біздің оқығанымыз да «Жұлдыз» журналындағы жарияланымдары болатын. Сөйтіп, бұл жайында ауыл кітап­хана­сынан мәлімет ала алмаған соң, демалыстың аяқталуын күтіп, үйде жаттым. Бір аптадан кейін Түркістанға оралып, мектеп-ин­тер­наттағы оқуымды жалғастырдым. Әдебиет сабағын күтіп жүріп осы пәннен дәріс оқитын Тоқтасын ағаймен кездесуім мұң екен, оған сұрақтарды жаудыра бастадым. – Сіз қырғыз жазушысы Шыңғыс ­Айтматовты білетін бе едіңіз? – Сабақта оның «Құс жолы» повесінен неге әңгіме айтпадыңыз? – Жазушының тағы басқа қандай шығармалары бар? Тоқтасын ағай бастапқыда абдырап қалды да, сонан соң мені тұрғызып қойып: – Сен оны қайдан оқыдың, «Құс жолын» айтамын, – деді. Мен бұл шығармамен «Жұлдыз» журналында жарияланған үзінділері арқылы танысқанымды айттым. – Әне, бұл журналдағы жарияланымы ғана, ал кітап болып басылып шыққан жоқ, – деді ол. Тоқтасын ағай әрі қарай жазушы жайында, оның шығармалары туралы бәрімізге қысқаша әңгімелеп берді. Мұғаліміміз оның «Құс жолы» повесінен басқа да бірқатар шығармаларын атады. Бірақ бұлар қазақ мектептеріндегі әдебиет пәні бағдарламасына енбегендіктен, бізге айта алмаған екен. Оның үстіне аталған шығарманың мәнін толықтай түсіну үшін 6-сынып оқушыларына әлі де өсу, көп оқып, іздену қажет те болар. Мен солай түсіндім. Сондықтан осы мақсатқа жету үшін Шыңғыс әлемімен танысуды, оның шығармаларын іздестіріп, оқуды әрі қарай жалғастырдым. Мен Түркістандағы мектептің сегізінші сыныбын үздік бітіргеннен кейін жолым бо­лып, Алматыдағы республикалық №2-ші мектеп-интернатында оқуды әрі қарай жал­ғастырдым. Алматыға келу, оның ең озық орта оқу орындарының бірінде білім алу менің қиялыма қанат байлап, талабымды ұштай түсті. Жақсы оқуға, барлық пәннен де терең білім алуға тырыстым. Ал әдебиетке құмарлығым бұрынғыдан да арта түсті. Тағы да Шыңғыс ағаның шығармаларын іздеймін. Оның да сәті түсіп отырды. Әкемнің ағайын інісі, белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, жазушы ­Нысанбек Төреқұлов Алматыда тұратын еді. Сол жылдары көктемгі бір демалыста ауылға бармай, Нысанбек ағаның үйінде бір аптадай тұрдым. Оның бай кітапханасынан Шыңғыс Айтматовтың да біраз кітаптары табылды. Соның ішінен «Первый учитель», «Тополек мой в красной косинке», «Прощай, Гулсары», «Жамила», «Белый параход», т.б. орыс тіліндегі шығармаларын қызыға оқып шықтым. Алған әсерлерім көп. Мен бұл кезде 10-сыныптың оқушысы болғандықтан, оқыған кітаптарымның мәнін, мағынасын түсініп, ондағы оқиғаларды талдап, саралай алатындай болып қалғанмын. Сондықтан Шыңғыс аға шығармаларынан біраз ой түйіп, зердеме салдым. Жазушы сомдаған кейіпкерлер – алуан тағдырдың иесі, олардың көбінің өмірі, ісі тартыспен өтіп келе жатқан қарапайым да аяулы жандар. Олар маған адалдығымен, тазалығымен, жанының пәктігімен ұнайды. Бұл – менің пікірім. Ал үлкендер оған өз бағасын бере жатар. Мен баяғыда Түркістаннан Төрткүлге бара жатқан жолда кезіккен, маған «Жұлдыз» журналын беріп, жазушының сол бір шығармасын оқып беруімді сұраған, өзі соны қолы бос еместігіне, машина жүргізіп келе жатқанына қарамай, жан дүниесімен беріліп, елжірей тыңдаған шопыр ағамның бейнесін көз алдыма қойып, оны тағы да сүйіспеншілікпен еске аламын. Маған қырғыз елінде Шыңғыс ­Айтматов деген үлкен дарын иесінің бар екендігін де, оның шығармалары миллиондаған оқырмандардың жүрегін жаулай бастағанын да алғаш білдірген сол еді. Сондықтан оған деген ризашылығым аса зор. Ол Шыңғыс ағаның қарапайым оқырманының бірі ретінде және оның шығармаларына соншалықты ынтызар, құмар жан болуымен есімде қалды.

P.S. 

Бұл оқиғаның куәгері әрі менің шығармамның кейіпкері болған сол бала – бүгінде ғылым әлеміндегі белгілі есімдердің бірі, техника ғылымының докторы, физика профессоры, Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім беру саласындағы Мемлекеттік Сыйлығының лауреаты Марат Құлбекұлы Құлбек еді. Жастық шағын еске алып, бала Марат жайындағы әңгімені маған айтып берген де оның өзі. Бұл оқиға өмірінің ұмытылмас бір сәті болып есте қалғаны да сөзсіз. Ал ғалым Марат бүгінгі дәрежеге жету үшін өмірдің талай асуларынан өтіп барып, ғылым жолында алдына қойған мақсатқа ұмтыла отырып, тек оқумен, ізденумен келеді. ...Ол кезінде Алматыдағы респуб­ликалық №2-ші мектеп-интернатты үздік бітіріп, ҚазМУ-дың физика факультетіне оқуға түседі. Жоғары деңгейлі білім алуды бұдан әрі Киев политехникалық институтында жалғастыра отырып, ғылымға ден қояды. Әрі қарай ғылыми ізденулер басталады, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалады. Ал ғылым әлемінде «Құлбек сақиналары» деген атқа ие болған жаңа құбылысты ашып, оны ғылыми айналымға қосуы өз алдына бөлек әңгіме. Бұл ашылған жаңалықтың негізінде түрлі-түсті керамикалық материалдарды жасау тәсілдері жүзеге асырылып, сол бойынша он шақты авторлық куәліктер мен патенттер алынған. «Құлбек сақиналары» ғылым әлеміндегі әйгілі «Ньютон сақиналарына», «Лизеганг сақиналарына» ұқсас жаңалық ретінде белгілі болып отыр. Оның бала кезден көкейде қалған бір арманы – сәтін салса Шыңғыс Айтматовпен кездесіп, сөйлессем, әңгімесін тыңдасам, кітаптарына қолтаңба жаздырып алсам ба деген ой болды. Оған баяғыда, 6-сыныпта оқып жүрген кезінде басынан өткен осы оқиға туралы да, өзінің ұлы қаламгердің атын алғаш естіп, оның шығармашылығымен қалай танысқаны жөнінде де айтпақшы еді. Ол кездесу Алматыда бола ма, жоқ басқа жерде реті келе ме деп күтумен де жүрді. Бірақ ғылым жолы да оңай емес қой, қол тие бермейтіні белгілі. Сөйтіп жүргенде жылдар зымырап өте шықты. Енді сол ұлы адам – Шыңғыс аға да өмірден озды. Ал бүгінде самайын қырау шалған Марат болса, өзінің онымен жолығып, сөйлесе алмаған, сыр бөлісе алмаған өкінішін былай білдіреді: – Ол енді кездеспей кеткен бір бейне болып көз алдымда елестейді де тұрады. Орындалмай қалған бір арман – осы.

Болат АСАНБАЕВ, журналист, баспагер

2242 рет

көрсетілді

46

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы