- Тарих
- 30 Мамыр, 2019
Тарихтан тағылым – өткенге тағзым
Алматыда «Ашаршылық пен үлкен террордың тарихи сабақтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. ҚР Ұлттық кітапханасы мен «Әділет» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің тарихшы ғалымдары және қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, жазушылар, мәдениет қайраткерлері қатысты. «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бүкіл халқымызды сарсаңға салып, жапа шектірген зобалаң қазақ халқының тарихында айрықша мағынаға ие. 1931-1933 жылдардағы ашаршылықта 2 миллионнан астам адам опат болды, бір миллионға жуығы босып кетті. Саяси қуғын-сүргінде Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қудаланды, 25 мыңы ату жазасына кесілді. Жиынды ашқан филология ғылымының докторы, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің меңгерушісі Ғарифолла Әнес халқымыздың тарихындағы орны толмас қаралы бет саналатын Ашаршылық мәселесін жаппай репрессия тарихымен бірге қарастыру керек екендігіне тоқталды. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Қабылдинов кейбір елдерде саясаткерлер сталинизмді ақтауға тырысатынын атап айтты. Ғалым 70 жылдық Кеңес өкіметінің ХХ ғасырдағықиянаты Қазақстан үшін адам айтқысыз болғанын айта келіп, «Егер де бір мемлекетте бір адам жазықсыз жапа шегетін болса, ол мемлекет өркениетті мемлекет қатарынан орын алмауы тиіс» деген Дж.Нерудің сөзін келтірді. Сөзінің соңында ол ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына арнап музей салуды, осы тақырыпты зерттеушілер үшін мемлекеттен грант бөлуді және құпия архивтерді ашуды ұсынды. Белгілі тарихшы М.Қойгелдиев 1930 жылдардағы ашаршылық жай ғана асыра сілтеу емес, Кеңес өкіметінің мақсатты түрде бағытталған іс-әрекеті екенін мәлімдеді. «Большевиктер саясаты Орта Азия халықтарының ұлттық бірегейлігін жоюды көздеді, оларға қарсы зиянкестік әрекеттермен айналысты. Оқу-білім тек Еуропа халықтарында болуы керек деп санады. Бүгінгі Ресей – Кеңес одағының тікелей мұрагері. Өйткені олар ашаршылық пен қуғын-сүргінге қатысты архивтердегі мұрағаттық істерді Қазақстан мен Орта Азия елдерінің тарихшылары үшін жауып тастады. Сондықтан біз, осы елдердің тарихшылары бірлесіп жұмыс істеуіміз керек» деді М.Қойгелдиев. Айта кетерлігі, конференцияға Қырғыз елінен тұтас делегация келді. Тарих ғылымының докторы, З.Құрманов «Бауырлас елдер ретінде біздің мақсаттарымыз да, идеяларымыз да ортақ» деп атап өтті. Ғалым 70 жыл бойына жабық болған ашаршылық пен қуғын-сүргін тақырыбын зерттеу мәселесі әлі күрделі екенін айтты. Тарихшы Ресей тарапынан архив деректерінің 2069 жылға дейін жабылғанына тоқталып, осы елдер арасында тиісті заңнамалық шешімдер қабылдау қажеттігін ұсынды. Ашаршылық тақырыбын терең зерттеп жүрген тарихшы Талас Омарбеков бұл мәселеге қызығушылық танытып жүрген шетел ғалымдарына табынып, көзсіз сенудің қажеті жоқ екенін алға тартты. «Қазақстанның архивтеріндегі құпия қорларға шетелдіктердің рұқсаты жоқ, сондықтан олардың деректері үстірт болуы заңды. Ашаршылық – айтыс-тартысқа айналдыратын, ұпай жинайтын тақырып емес. Бұл біздің ұлтымыздың қайғы-қасіреті» дей келе, Т.Омарбеков зобалаң жылдар тарихын қозғағанда тек мамандарға жүгіну керектігін жеткізді. «Ашаршылық жайлаған үш жылда Қазақстан халқының саны 3 миллионға кеміген, оның бір миллионы өзге елдерге босып кетті. Бірақ, ашаршылық құрбандарының нақты санын ешкім дәл айта алмайды» деді тарихшы. Жиында сөз алған жазушы, «Әділет» қоғамының басшыларының бірі Бейбіт Қойшыбаев ашаршылық пен репрессия құрбандарының ар-намысын аяққа таптатпай, әділеттілікті қалпына келтіру маңызды екенін тілге тиек етті. «Жаңалықтағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейін зобалаң жылдар тарихын зерттеу орталығына айналдыру керек. Ашаршылық құрбандарының әрқайсының есімдерін тауып, ескерткіштерге жазу, қаралы кітаптар шығару – біздің міндетіміз. Бүгін біз еліміздің тәуелсіздігі үшін ашаршылық құрбандарының алдында мәңгі борыштармыз» деп түйіндеді жазушы. Баяндамалардан кейін конференция жұмысы жарыссөзбен жалғасты. Дәулет Тынышбаев, Айман Байтұрсынова, Клара Сейітова, Орынша Қарабалина және басқа репрессия құрбандарының ұрпақтары сөз алып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, конференция барысында ашаршылық пен үлкен террорға қатысты шығарылған жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімі жасалды. Жиынды қорытындылаған Алматы облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының басшысы Марлен Көлбаев маңызды жиын барысында айтылған ұсыныс-пікірлер облыс әкімдігі тарапынан ескерілетінін және тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді. Екі күнге жоспарланған конференция жұмысы Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде жалғасады.
Дина ИМАМБАЕВА
1806 рет
көрсетілді0
пікір