• Ақпарат
  • 06 Маусым, 2019

Нөсердің хабаршысы

Нөсердің хабаршысы болатындай айрық­ша бұлттар аспанда алдын ала көрініп айқын бедерлене бермейтінін ескеру қажет. Мә­селен, селдете келетін қалың жаңбыр жөнін­де күндіз нөсер бұлтының өзі-ақ хабар береді: алыстан көзге түсетін ұшар басы ұстаның төсінде ұқсап, керегедей боп тұтасып, сақардай қайнап келеді. Тіпті аспанда өзге бұлттар болмағанның өзінде Жердегі бақылаушы мұндай жағдайда нөсер болатынын жарты сағат – бір сағат алдын ала біледі. Өзге жағдайда, жаңбырлы сеңсең бұлттардың төбесі көрінбей, бұлттың тек етегін немесе «мамматус» аталатын мама бұлттарды ғана көруі мүмкін болмағанда нөсерді алдын ала болжау уақыты тіпті кеміп, 20-30 минутпен ғана шектелуі мүмкін. Жедел қаптап келетін суық жаңбырлы қалың нөсерді соның алдында өтетін линза тектес немесе чечевица тектес жаңбырлы ұшпа бұлттарға (Altocumulus lenticularis) қарап бір сағат-бір жарым сағат бұрын біледі. Атмосфералық шеппен қатысы жоқ, күндізгі ішкі массалық нөсерді болжау едәуір жеңіл әрі оңай. Түс ауа нөсер болатынының жалпы белгісі мынадай: таңертең сеңсең бұлттар тез жиналып, сағат 10-11-лерде аспанда неше қабат мұнара бастанып, үйме-жүйме болып тұрады да түске қарай олардың төбесі «ериді», содан соң ыдырағандай боп қанатын жая түседі, «балақтанып» ұстаның төсіне ұқсай береді, яғни түстен кейін немесе кешке қарай нажағайлатып, нөсерлетіп жаңбырлы сеңсең бұлттар пайда болады. Таңертеңгілік аспанда түтелеген ұшпа бұлттардың немесе мұнара тектес бұлттардың (Altocumulus flossus u Altocumulus cas – tellanus) пайда болуы – ішкі массалық жылы нөсердің сенімді жергілікті хабаршысы. Мұндай бұлттар пайда болғаннан соң 4-6 сағаттан кейін нөсер басталады.

Әзірлеген Нұрлан ҚҰМАР 

533 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы