• Тұлға
  • 06 Маусым, 2019

Еркін ОҢҒАРБАЕВ, «Отандастар қорының» басқарушы директоры: ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫ ТУРАЛЫ ЗАҢ КЕРЕК

Дүниежүзі қазақтарының V Құрыл­тайында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев шетелдердегі этникалық қазақтарды қолдау мақсатында «Отандастар қорын» құруды тапсырған болатын. Бұл игі бастама бүгінгі таңда жүзеге асырылып, «Отандастар қоры» құрылып, жұмысын бастап кетті. Болашақта қандастар мүддесі үшін келелі істер атқарылады деген үміт зор. Осы орайда, қордың мақсаты мен алдағы жоспары жайында «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның басқарушы директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымының докторы, ­профессор Еркін ОҢҒАРБАЕВ мырзамен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Еркін Әнуарұлы, Елбасының тапсырмасы негізінде құрылған «Отандастар қорының» басты ерекшелігі қандай? – Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры және басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Сондықтан, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» деп жазған болатын. Ұлт көшбасшысының әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталған шақта, қазақ халқының бірлігін дамыту қажеттігі жөніндегі үндеулері қазіргі уақытта өте өміршең және өзекті болып отыр. Өздеріңіз жақсы білетіндей, ­Қазақ­стан – өз аумағынан тыс өмір сүріп ­жат­қан қандастарын атажұртына жинап жатқан әлемдегі төрт-бес елдің бірі. 2017 жылы өткен 5-ші Дүниежүзі қазақтары құрылтайында Елбасы Қазақстанның қоғамдық жаңаруы аясында шетелдегі қазақтарды қолдауға бағытталған бірқатар тапсырмалар берген. Осы негізде Үкімет 2018-2022 жылдарға арналған шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөнінде іс-шаралар жоспарын бекітті. Жоспарда шетелдегі этникалық қазақтардың білім алуы, ана тілін сақтауы және атамекенге оралған қандастарды қолдау, шетелде тұрып жатқан қазақ диаспорасымен байланысты ақпараттық-үйлестіруді қамтамасыз ету мәселелері қамтылды. Сонымен бірге 2018 жылдың қазан айынан бастап Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жұмысын бастады. «Отандастар қорының» басты міндеті – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, әлем қазақтарын бір шаңырақ астына топтастыру болса, мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтау, еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу, қазақ ­диаспорасы б­ойынша мемлекеттік саясатты қалыптастыру. – «Отандастар қоры» жұмысын қалай үйлестіреді? Осы жайында айтып берсеңіз? – Біздің жұмысымыз үш бағытта үй­лестіріледі. Бірінішісі – шеттегі қандаста­рымызға ана тілімізді, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді танып, сақтап қалуда жан-жақты қолдау көрсету. Екінші бағы­тымыз – тарихи отанына көшіп келген ағайындардың бейімделуіне және көшуге ниетті бауырларымызға көмек беру. Үшіншісі – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен тығыз байланыс жасай отырып, аталған жұмыстарды заң­намалық тұрғыдан қамтамасыз ету. «Отандастар қоры» жұмысын жобалық кеңсе форматында отандастарға қызмет көрсетудің бірыңғай операторы ретінде ұйымдастырады. Қордың барлық жұмысы Елбасының 5-ші Дүниежүзі қазақтары құрылтайында берген тапсырмаларының аясында бірнеше бағытқа үйлестірілген. Атап айтқанда, диаспоралық саясат бағдарламаларын әзірлеу, Байланыс орталығы мен қоғамдық қабылдау жұмысын үйлестіру, ­диаспора саясаты мәселелері бойын­ша қоғамның түрлі көзқарастағы ағымдарын ұштастыратын диалог алаңдарын құру, білім саласында шетелде қазақ тілін үйрету бойынша білім беру инфрақұрылымын құру, шетелдегі қазақ диаспораларының балаларына Қазақстанда оқуға жағдай жасау, қазақ диаспорасы мен қазақстандық бизнес өкілдерінің іскерлік байланыстарын орнатуға және нығайтуға ықпал ету, бүкіл әлем қазақтарын бір ақпараттық ортаға тарту үшін бір интернет-платформа негізінде қазақтардың бірыңғай экожүйесін құру, мемлекеттік және басқа да құрылымдармен өзара ықпалдастық орнату, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен ынтымақтастықты нығайту. Мысалы, түрлі ақпараттарға сүйенсек, шеттегі қазақтар саны 5 миллионнан 8 миллионға дейін жуықтайды. Бұл ­фактор диаспора саясатына ерекше назар аударуды талап етеді. Бұған Елбасының өзі де аса назар аударып отырғанын білесіздер. Сондықтан, біздің басты қызметіміздің бірі – қандастар ­туралы жинақталған мәліметтерді өзектендіріп және жүйелендіріп, елдер бойынша қазақ диаспорасының және елге оралған ағайындардың мәселелерін қосымша зерттеп, халықаралық тәжірибені зерделей келе, қорытындысында мемлекеттік диаспора саясаты бағдарламасына ұсыныстар әзірлеу. Бұл дегеніміз диаспора саясатына мүдделі мемлекет­тік органдардың қызметін тиімді үйлестіру, саясат саласының тұжырымдамасын әзірлеу, бизнес-модельдеу негізінде экономикалық тұрғыдан өлшенген, әсіресе ауылшаруашылық, оның ішінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына ұшталған, демографиялық, этнологиялық, миграциялық мүдделерімізді қамтыған және статистикалық мәліметтерге негізделген мемлекеттік бағдарлама әзірлеу сынды күрделі жұмыстарды меңзейді. Бұған қоса қолданыстағы ұлттық және халықаралық заңнаманы зерттеу негізінде диаспоралық мәселе­лерді реттейтін құқықтық дербес сала қалыптастыру міндеті тұр. Яғни шетел­дегі қазақ диаспорасын қолдау туралы заң жобасын әзірлеу қажет. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар тарапынан қолдау бар. Осы орайда сарапшылар, ғалымдар, ғылыми-зерттеу ұйымдарын тарту арқылы бұл бағыттағы жұмыстарды бастап кеттік. Жылдың аяғында нәтижесі көрінеді деген сенімдеміз. Сонымен бірге, біз үшін бүкіл қыз­меті­міздің ашықтығын қамтамасыз ету өте маңызды. Жоғарыда айтылғандай, диаспора саясаты мәселелері бойынша қоғамның түрлі көзқарастарын ескеретін диалог алаңдары құрылуда. Кез келген күрделі мәселелер қоғамдық комиссия, ғылыми-сарапшылық кеңес сияқты құрылымдарда қоғамдық талқыға салынып, сүзгіден өтетін болады. Комиссияның негізгі міндеті – отандастарды қолдау мәселелері бойынша республикалық деңгейде талқылау ұйымдастыру және шешім қабылдау кезінде жұртшылық мүддесін білдіру, пікірін ескеру, жалпы отандастарды қолдау мәселелеріне қатысты мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдеріне мониторинг жүргізу. – Шетелде білім алып жүрген жастармен қатар сол елдерде білім алуға ынта-ықылас танытатындар аз емес. «Отандастар қоры» олардың оқу-тоқуын қаржыландыра ма? – Білім беру саласына келетін болсақ, шетелде қазақ тілін үйрету бойынша білім беру инфрақұрылымын құру, шетелдегі қазақ диаспораларының балаларына отандық ЖОО-да оқуға арналған және шетелде білім алуы үшін стипендиялар тағайындау, Назарбаев зияткерлік мектептері негізінде қазақ халқының дәстүрлері мен тарихын қамтыған қазақ білім беру турларын ұйымдастыру қарастырылған. Қазіргі таңда шетел қазақтары үшін жыл сайын еліміздің оқу орындарына бөлінетін квота 4 пайызға өсті. Одан бөлек, жыл сайын ЖОО негізінде өтетін дайындық курстарына 1000 орын бөлініп келді. Дәл қазір 18 жоғары оқу орын­дарында 992 бала дайындық курстарында оқып жатыр. Сондай-ақ алғаш рет қан­дастарымыздың жоғары білім алуы үшін әлемдік тәжірибе негізінде стипендия­лық бағдарлама әзірленуде. Келесі бір үлкен жоба – сырттағы қандастарымызға қазақ тілін оқытудың онлайн сыныптарын ұйым­дастыру. Одан басқа диаспора арасын­дағы қазақ тілі мұғалімдерін арнайы дайындық курстарынан өткізу жұмыстары жүргізілуде. – Бұл жерде айтпасқа болмайтын тағы бір дүние – оралмандардың құқықтық мәселесі. Құжат рәсімдеу барысында қандаста­рымыз жемқорлық, түрлі бюрократиялық кедергілерге тап болып жататыны жасырын емес. Осындай келең­сіздіктерді болдырмас үшін қор тарапынан қандай іс-шаралар атқарылады? – Мұндай мәселелерді шешу үшін «Байланыс орталығы мен қоғамдық қабылдаулар» деп аталатын жоба іске қосылды. Мақсаты – «Бір терезе» қағидаты негізінде барлық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету. Осы бағытта мүдделі мемлекеттік мекемелермен басқосулар өткізіп, бірлесіп жұмыс атқарудамыз. Бірегей байланыс орталығы қызметі бар. Оған мына байланыс түрлерімен хабарласуға болады: 1404 (барлық қазақстандық мобилді операторлар үшін тегін); 8 800 080 1404 (барлық қазақстандық қалалық қоңырау­лар үшін тегін); +7 (7172) 981404 (барлық қазақстандық қалалық қоңыраулар үшін тегін, халықаралық қоңыраулар үшін шетелдік операторлар белгілеген ставкамен); 8 701 000 1404 (WhatsApp, Telegram хабарламалар үшін). Қытай, Моңғолия, Иран сияқты елдерден келген қандастар негізінен орыс тілін білмейді. Сондықтан да «Отандастар қоры» әр өңірлердегі көші-қон бөлімдерімен тығыз байланыс орнатып, этникалық қазақтармен мүмкіндігінше қазақтілді мамандардың жұмыс жасауын қадағалап отыратын болады. Олардың тұрақты тіркелуі, «Оралман» мәртебесін ұзарту мерзімі, ықтиярхат немесе Қазақстан азаматтығын алу мәселелері біздің тікелей бақылауымызда болады және бұл мәселелер бойынша мемлекеттік құзырлы органдармен тығыз байланыс қалыптасуда. – «Халықтық көші-қон» туралы Заңда «шетелдегі қазақ диаспорасы мәселесімен елшіліктер айналысады» делінген. Қор елшіліктермен бірігіп жұмыс істей ме? – Сыртқы істер министрлігі біздің құрылтайшыларымыздың бірі екенін ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстар кең ауқымды түрде жүргізіледі. Бірқатар елдерде шетелдегі диаспораларға қолдау көрсететін әртүрлі институттар бар. Осы ретте өзара ынтымақтастық туралы шетелдік серіктестермен, атап айтқанда Россотрудничество (Ресей), ТИКА (Түркия), Гете институты (Германия), Достық қоры (Израиль), Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ, ­ЮНЕСКО және тағы басқалармен меморандумдар жасау көзделген. Бұдан бөлек, Сыртқы істер министрлігімен бірлескен іс-шаралар жобасы әзірленіп, еліміздің барлық елшіліктерінде диаспорамен жұмыс жөніндегі кеңесшілер белгіленген. – Шетелдерде этникалық қазақтардың ұйымдары, этно-мәдени орталықтары, одан қалса Дүниежүзі қазақтары қауым­дас­тығының бө­лімшелері бар. «Отандастар қоры» осы­ларға қаржылық-рухани қолдау көрсете ме? – «Отандастар қоры» шетелдегі қазақ бірлестіктері, ұйымдары, этно-мәдени орталықтарымен тығыз байланыс құруды көздейді. Олардың бірқатарымен қазір арнайы меморандумдарға қол қойылып, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мақсат – шетелдік қазақтарға білім, спорт, мәдениет, ана тілін үйрету, бизнес-бастамалар және т.б. бағыттар бойынша қолдауды қамтамасыз ету. Жырақтағы қандастарымыз – қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі. Сондықтан, қор отандастарымыздың салт-дәстүрін, жөн-жоралғысын сақтауға, шығармашылық потенциалын арттыруға бағытталған шараларын, жобаларын әлбетте қолдайды. Шетелдегі қазақстандық ұйымдар негізінде Абай мәдениет үйі деп аталатын орталықтар құрсақ дейміз. Барлық мәдени шаралар сол орталықтар арқылы жүйеленетін болады. Сондай-ақ, отандастарымыздың көбі Қазақстанмен шекаралас аумақтарда тұратынын ескере отырып, біз облыстық әкімдіктермен де ынтымақтастық орнатуға кірісіп жатырмыз. Бұл желі бойынша Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия және Түрікменстан елдеріндегі немесе осы елдерден тарихи Отанға оралған қандастарды қолдау тұрғысында жұмыс жүргіземіз. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз» деген сөздері мемлекеттің ресми ұстанымын білдіреді. Қорыта айтқанда, шетте жүрген қа­зақ­­­тардың тарихи Отаны, атамекені – ­Қа­зақ­стан! Сондықтан елге келген әрбір қазақты бауырым деп біліп, мейірбандық танытуымыз керек. Олардың еліміздің экономикалық дамуына, демография­лық серпілісіне, мәдениетіміздің жаңа белестерді бағындыруына қосар әлеуеті өте зор. – Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

1037 рет

көрсетілді

37

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы