• Әдебиет
  • 20 Маусым, 2019

ЕЛЕС КЕЗГЕН ЕҢСЕЛІ ҮЙ (әңгіме)

Сабырбек ОЛЖАБАЙ – Әже! Әже! Өне бойын билеген қорқыныштан бүкіл денесі діріл қаққан, өңінде қан-сөл жоқ, көзі шарасынан шығып кетердей болып құстай ұшып келіп шыңғыра құлаған ­немере қызын көргенде Балжан әже әлденеден ішін тартып қалды. – Не болды, жарығым? Неден шошындың? Әсемгүлдің тілі байланып қалғандай. Қолдары ербеңдеп, жоғары қабатты көрсете береді. Қасқырдан қашып келіп енесінің бауырына тығылған көжектей әлі де қорқынышы сейіле қоймаған немересіне әжесі үрейлене қарады. Шайтанның шалығы тигендей көздері шапыраштанып, барып-келіп алдында жатқан немере қыздың қосүрейлі түр-әлпеті адам шошырлық еді. – Жаман түс көріп, шошынып қалғансың-ау, күнім. Біссімілда деші, біссімілда деші. Қорқып қалғансың ғой, тіліңді шығаршы, таңдайыңды басып жіберейін, – деп Балжан әже бәйек болды. Осы кезде мың жылқы айдап өткендей зәулім сарайды дүрліктіріп, төбеден жай түскендей шошытып, бүкіл отбасын бықсық ұйқыдан жұлып алған дабырадан сең соққан балықтай мең-зең болып оянған ерлі-зайыптылар ­Балжан апаның бөлмесіне ентігіп келіп кірген еді. Олар әлі де үрейден буынын бекіте алмай былқ-сылқ етіп жатқан Әсемгүлді көріп, зәрелері ұшты. – Апа, Әсемгүлге не болған? – деуге Мәуленнің шамасы зорға келді. Жұпар өне бойын игере алмай жерге сылқ етіп отыра кетті.

Мұндайда адамның ойына не келіп, не кетпейді. Соңғы кездері бай-бағыландардың үйлерін торитын қатыгез қанішерлер көбейіп кетті емес пе? Күні кеше облысқа танымал бір кәсіпкердің үйіне қандықол қарақшылар түн жамылып түсіп, отбасын түгел қырып, дүние-мүлкін үптеп, суға сіңгендей қараларын батырды. Сондай жемтіктес жөйттер мұның үйін аш бөрілердей торуылдап жүрмесіне кім кепіл? Мәулен тап қазір бір бұрыштан қолында тапаншасы бар жауыз атып шыға келердей жан-жағына шошына қарады. Шыбын жан не деген тәтті еді? Әншейінде «осы көл-көсір байлық, шат-шадыман тұрмыстың ұйытқысы өзіммін» деп қоразданып жүретін Мәулен тамағына ажал алдас­паны тірелгенде бауыр еті бала­сын тарс ұмытты. Ажал-аждаһа шап беріп ұстап алатындай жүрегі лоблып, атқақтай соқты. Содырлы сойқан тұтқиылдан бас салатындай көзі ежірейіп, перденің артына барып тығылды. Аула өткір шамдардың жарығымен жерде жорғалаған жәндікке дейін айқындап тұр. Ауладағының барлығы да өз орындарында. Сонда да ту сыртынан жебе кезенген жаналғыш жандәсіл қадалып тұрғандай ­жауырыны мұздады. Күтпеген жерден атылар ажал-оқтан құтылу керектігі кіресілі-шығасылы есіне түсіп, алға қарай жандәрмен ұмтылды. Ебедейсіз секірген Мәулен үстел үстіндегі шыны ыдысты қолымен жерге қағып түсірді. Тарс еткен ащы дауыс онсыз да естері шығып тұрғандардың жандарын кеуделерінен суырып алғандай болды. Тілдерін жұтып қойғандай ешкім үн шығара алған жоқ. Бөлме сілтідей тынды. Аса ауыр зілзала болып, осы үйге заманақыр орнағандай өлі тыныштық еңсені езгілеп, жанши түсті. Әлден соң Балжан бағжаң етіп көзін ашып алып, айқайға басты. – Әй, бәрін де жын бұғаулап тас­тағандай неге ошырылып тұр­сың­дар? Жедел жәрдем шақырмайсыңдар ма? «Солай ету керек екен-ау!». Санасына енді ғана сәуле түскендей селк еткен Мәулен қалта телефонын алып, керекті номерді тере бастады. Қалтыраған қолдары оның әлі де қорқыныштан арыла алмағанын әйгілеп тұрды. Үй ішіндегі аласапыран айқай-шуды есітіп бөлмесінен шыққан үй қызметшісі Сәуле бықпырт тигендей бүгежектеп қалған отбасын көріп ошырылып біраз тұрды да асханаға кіріп, кесемен су алып шықты. Мұздай су барып-келіп жатқандарды селк еткізді. Артынша бұл үйге жедел жәрдем керек болмай қалды. Полиция шақырып үлгермегені мұндай жақсы болар ма? Әйтпесе, дүрлікпелі дүрбелеңнің қашан тыныш табарын кім білген? Енді түн жарымында қойындары­на сайтан кіріп кеткендей неге дүр­ліккендері еске түсіп, барлығы Әсемгүлді содыр сотша сауалдың астына алды. Көрден шыққан адамдай өңі күреңітіп кеткен Әсемгүл әудем уақытқа дейін өзіне-өзі келе алмай отырды. Жұпар қызының қол-аяғын уқалады. Ол шошынып қалған қызына су ұрттатты. Сүт пісірімдей уақыттан соң Әсемгүл тұтығып, бір-екі ауыз тіл қатты. Тілі енді шығып келе жатқан баладай былдыр-былдыр еткен оның сөзінен үлкендердің ұққаны мынау. Сабағын қарап болған Әсемгүл бөлмесіне оралып, шырт ұйқыға кетеді. Қанша уақыт өткенін білмейді, бір кезде ол өзіне тесіле қарап тұрған зәрлі көзден шошынып оянады. Қап-қараңғы бөлмеде шоқтай жанған екі жалмауыз көз мұның өңменінен өтіп, жұтып жіберердей қарайды. Тұла бойы тітіркеніп, жаны қыл үстінде тұрғандай қиналған қыздың санасы бірте-бірте семіп бара жатты. «Өлді деген осы екен-ау» деп ажалға бойұсынып, тағдыр-талайына көндіккелі жатқанында бір тылсым күш оны төсектен жұлып алды. «Қаш! Құтыл мына жалмауыздардан!». Ол қол-аяғы жерге тимей бірінші қабатқа қарай безектеп түсіп келе жатқанда соңынан ақ киімді адамдар қуып кеп берсін. «Бәрі де бітті. Ұстап алтын болды-ау» деп жанұшырып жүгіріп келе жатқан Әсемгүл әжесі жатқан бөлмеге қалай жетіп жығылғанын білмейді. Мәулен «үй иелері болады» дегенді естуші еді. Бірақ олар тірі пенделерге тап бұлайша соқтықпайды. Сонда мына елестер бұларға неге соншалықты өш? Анасы баласының ұйғарымына қарсы шықты. – Балам, бұл үйде аруақтар бар. Ертең бір аруақты молда тауып, үйді аластат. Бір мал сойып, Құран оқыт. Аруақтарды риза еткен соң бұл елес­терден құтыламыз, – деді. – Жоқ, апа, мен аруақтарға сенбеймін. Мұны істеп жүрген Сәбден. Ол Әсемгүлдің екінші қабатқа, өзімен көрші бөлмеге орналасқа­нын қаламаған еді. Соның шығарып жүргені ғой. «Қарындасымды қорқытсам, әжесінің қойнына өзі-ақ барып жатады» деп интернеттен көргендерін жасаған болуы керек, – деді Жұпар әлі де денесінің дірілін баса алмай тұрып. Қорқыныш – ажал қақпасы. Бойын үрей билеген адам ешнәрсені пайымдай алмақ емес. Ол да бір, мәңгүрт те бір. Сондықтан ол ажал қақпанына өзі барып түседі. Сарайдағы сиқырланған сұлбалар қорқыныш иелері еді. Есі шыққан адамнан ақыл сұрау қаңсып қалған шыңыраудан су шығарумен бірдей. Үркек көңілдер үрпиісіп, әркім өз жанының аман қалуын Тәңірісінен жалбарына тілеп тұрған соң дауа бар ма, отбасы мүшелері жоғары қабатта Сәбденнің қалып қойғанын енді ғана естеріне алды. Мәулен батырсынып, екінші қабатқа көтерілу үшін баспалдаққа аяғын салғаны сол, сал болған можы шалдай сылқ етіп отыра кетті. Жұпардың жүрегі ауызына тіреліп, ол да қыл үстінде тұрғандай қалтырайды. Екінші қабатта жын-жыбыр, сайтанның сабалағы, құбыжық құжынап жүргендей. Ақырзаман боларда аспаннан отты шарлар жаңбырша жауады дегенді Жұпардың бір жерден оқығаны бар. Оған дүние-мүкәмбарасының басы, байлығының құты болып көрінетін үйінің екінші қабаты ақырзаман апанындай көрініп, жаны түршікті. Ілгері басқан аяғы кері кетіп, жүре алса-шы. Дүдәмал ойда сеңсоқты болып тұрған үй иелерінің дүмбілездігі мен дәрменсіздігі Сәуленің санасын сансыратып, намысын тілгілеп өтті. Ол өжет қимылға басып, екінші қабатқа қарай өршелене өрлеп бара жатты. Оның соңынан Балжан ілесті. Екі бірдей нәзік жаратылыс иесінің құбыжықтар қамалына қаймықпай кетіп бара жатқаны еркектік намысына тиді ме әлде қорқа-қорқа батырсынды ма, кім біледі, Мәулен мылтығын алып соңдарынан кетті. Ажал апанына аттанып бара жатқан үшеуге Жұпар қаймыға қарап тұрды. Ол Әсемгүлді жалғыз тастамау керектігін сылтауратып, бөгеліп қалды. Сәуле ертегілердегі жеті басты айдаһардың өзінен қаймықпайтын хас батырдың өзі секілді. Екінші қабаттағы әр бөлмені тарс еткізіп ашып кіріп, ішін түгел тексеріп шығады да алға ұмтылады. Осылай олар екінші қабаттағы бөлмелерді түгел тінтіп шықты. Ендігі қалғаны Сәбденнің бөлмесі ғана. Сорлы баланы құбыжық пен жын-сайтандар қол-аяғын боршалап, өлтіріп қоймасын. Дүрс-дүрс еткен секемшіл жү­ректер бұл бөлменің де есігін қол­дары қалтырап, қаймыға, қорқақтай ашты-ау, әйтеуір. О, тоба, Сәбден қауіп-қатерден мүлдем бейхабар, түк те сезбегендей компьютер ойнап отыр. – Әп, бәлем! Сен екенсің ғой, Әсемгүлді қорқытып жүрген, – деп Мәулен баласын бас салды. – О не, папа? Әсемгүлді кім қор­қытып жүр? – деп Сәбден аң-таң болды. Дүрліккен топ «жауды жайратып» болып, бірінші қабаттағы ас бөлмесіне өтті. Сәбден Әсемгүлдің сөзін естіп, мең-зең күйге түсті. – Бұдан былай екінші қабатқа мен де шықпаймын, – деді өз-өзіне келген соң. Бірақ жігіттігі жетектеп, ол өз бөлмесіне жалғыз кетті. Ұлардай шулап таңды атырған отбасы «барлық пәле түндегімен кетсін» деп бет сипасып, әркім өз шаруасына кірісті. Бірақ төбедегі топалаң мұнымен де тыйылмады. Екінші түні түрі боп-боз Сәбден ішкиімімен жоғарыдан сайтан қуғандай зытып түсті. Ол ожар мінезді еді. Анау-мынаудан қаймыға қоймайтын. – Точно, папа, жоғарыда бірдеңе бар, – деді тілі күрмеліп. Сәбденге елес көрініпті. Бір бала төсегінің аяғына отыра бергенде бұл шап беріп ұстап алмақшы болады. Бала сықылықтап күліп, ауаға сіңгендей жоғалып кетіпті. Осыдан шошынған Сәбден дәлізге шықса бастарына бүркеншігі бар плащ киген, жүздері бұлыңғырланып қана көрінетін адамдар әрі-бері кезіп жүр екен. Мұны көріп барлығы ұстап алмақ болып соңынан қуғанда бұл әбжілдік танытып, қашып үлгеріпті. Осыны естіген отбасынан маза қашты. Сәбден алдыңғы түндегі оқиғаны әдейі насырға шаптырып, қопсытып айтып тұр деуге келмейді. Сәбденнің түрі жайдан-жай бозамықтанбайды. Осылай алдыңғы түннен басталған дүрбелең тоқтаған жоқ, асқына берді. Енді жоғары қабаттағы ыдыстар тұрған орындарынан өз-өзінен құлап, жерде тек шашыраңқы сынықтары ғана жатты. Жинаулы жүк таңертең құйын жүріп өткен жердей апалаң-топалаңы шығып шашырап жатады. Мәулен енді шындап ойланайын деді. Жұмысына барған соң таныстарынан сұрап көріп еді, Жұман бір мықты, мықты болғанда да қара суды теріс ағызатын, ішке кіріп кеткен жынды тырқыратып айдап шығатын ғұламаны білетін болып шықты. Аппақ сақалы омырауына түскен дамулла Мәуленге асқан құдірет иесі болып көрінді, көңіліне сенім ұялады. Дамулланың өзі де иманжүзді жан екен. Мұның тауқымет-тақсіретін естіген соң көп бөгелген жоқ. – Үйіңізде аруақтар бар. Бір қошқар сойып, Құран оқытыңыз. Аруақтар разы болған соң, бұл мекенді өздері-ақ тастап шығады, – деді ол. Абдулла дамулла үйді түгел адыраспанмен аластап шықты. Құранды қырағаттап әдемі әуезбен оқиды екен. Мәулен өз-өзінен отырып жылағысы келді. Есіне өмірден ерте кеткен марқұм әкесі түсті. Әкесіне көптен бері Құран оқытпаған еді. Қолына дәулет біткелі ешбір жанға емешегі езіліп жақсы көрмеген ол дамулланы құдасындай күтіп, мол сый-сияпатпен шығарып салды. Келесі күні базардан семіз қошқар алдырып, басын Абдуллаға мүжітті. Осыдан соң екінші қабаттағы елес жоғалып кеткен-ді. Арада бірер ай өтпей жоғарыдағы жаңғырық қайта басталсын. Мәуленнің көңілі май ішкендей бұзылды. Көңіл аспанын қою бұлт торлап, еңсесі көтерілмей-ақ қойды. Үй ішін үрей биледі. Бірақ солай екен деп үйінен безініп қайда барады? Естіген жұрт: «құтты құжыраханасынан есі кете қашқаны несі?» деп күлмей ме? Осы зәулім сарайды салу үшін Мәулен қаншама тер төкті, қаншама қаржы шығармады десеңізші. Мәулен бұрау басын сындырмай жүріп-ақ дүние тапқыш. Сол жан ауыртпай тапқан қаражат мынадай мықты үйге ие етті емес пе. Маңайындағы көңілқос достарының барлығы мұның патша сарайындай зәулім үйіне қызыға қарамаушы ма еді. Енді келіп сол үйден неге безінеді? Әрі-беріден соң бұл баспана Мәуленге құт әкелді емес пе? Қызметі жоғарылады. Ығында жүрер ырықты адамдар көбейді. Осы сарай біткенде үзеңгілес достары, әріптестері ай бойы думандатқан. Қызықса да, қызғанса да қонақтары сыр бермей тарасқан. Тәйірі, түкірігі жерге түспей, дегені болып тұрған Толағайдай тұлғаға аруақ деген сөз болып па? Бүгін ­Абдулла дамулла қайтара алмаса, ертең тағы бірі келіп аруақтармен «келіседі». Құдайға шүкір, дүние-мүлік жетеді. Керек болса, молда-ишандардың, дамул­лалардың әрқайсысын бір түн­нен осы үйге кезекшілікке қоюға құдіреті де, шамасы да жетеді. Аруақ­тар Мәуленмен ойнап көрсін. – Үйіңіздің астында бір аруақты кісінің сүйегі жатыр. Сол сүйекті алып, басқа жерге арулап қайта жерлеу керек. Осы рәсімнен соң сол аруақты кісіге арнап Құран оқытасыз. Сонда ғана аруақтың жаны тыншиды, – деді Сейіткәрім атты сәлделі молда. – Молдеке, осы үйді салдырарда он метр тереңдікке дейін эксковатормен қаздырғанмын. Сүйек көрсем, көзім шықсын. Қайдағы аруақты адам? – деп Мәулен мазасызданды. – Бәлкім, аулаңызда жатқан шығар, – деп молда да шегінер жол жоқ екенін танытты. – Бұл аулада да қазылмаған жер қалмады. Бірақ малдың да сүйегі шықпады ғой, – деп Мәулен қаса­рысты. – Ендеше, өзің біл, қарағым. Біз айтарымызды айттық, – деп молда-ишандар қайтуға қамданды. Өз байламына шеге қаққан Мәуленнің дегені бұл жолы топшысынан қиылды. Абдулланы олқысынып, тағы бірнеше мықты молда-имамды шақырғанымен «домовойлар» дамыл таппады. Тіпті осы үйді меншіктеп алғандай түні бойы барабандарын қағып, сырнайларын сарнатып «концерт» қойып шығатындарын қайтерсің. Үйді емін-еркін жайлап алғандары сондай, шақырылмай келген қонақтар басына да бастады. «Зікір» салушылардан зәрезап болған Мәулен биолокаторлық зерттеулер арқылы елес кезген үйлердің сырын ашумен айналысып жүр­ген ғалымды да тапты. Мұсатілла биолокациялық құралмен үй ішін, ауланы түгелдей тексеріп шықты. Сосын Мәулен бұрын-соңды естімеген әңгіме айтты. – Мұндай елестер үй астынан өтетін су тарамдары мен жер қыртысының жарылыстарынан пайда болады. Мұны геомагнитті толқын деп те атайды. Осы құбылысты неміс ғалымы Густав Фон Поль алғаш болып ашқан. Ол Баварияда жүргізген зерттеулері ­бойынша талдау жасағанда қатерлі ісіктен қайтыс болған 58 адамның жатқан бөлмесі геомагнитті толқын аймағында орналасқан деген тұжырымға келген. 1950 жылы Бавариядағы медициналық-биологиялық институттың директоры, медицина докторы Манфред Курри адамдарда қатерлі ісіктің туындауына бірден-бір әсер ететін геомагнитті жолақтар деген қорытындыға келген. Оның пікірінше, жер асты сулары ғана емес, «Курридің диагональды торы» аталатын жердің ерекше энергетикалық торымен байланысатын «теллурациялық радиация» да қатерлі ісікке шалдырады. Геомагнитті аумақта тұратын адамдардың бес пайызының ғана көп уақытқа дейін денсаулығы сыр бермейді. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, геомагнитті толқындар аумағында ұзақ болған адамдарда әлсіздік, ұйқыдан тұрғанда дел-салдық, қорқынышты түстер көру, бас сақинасының ауруы, жүрек айнуы, болар-болмасқа ашулану, аяғының қалтырауы мен мұз­дауы кездеседі. Сонымен бірге әр­бір адамның төсегі мен жұмыс орны геомагнитті толқындардың активті жолақтары үстінде тұруы түрлі ауруларға ұрын­дырады, – деді Мұсатілла. Оның биолокациялық құралдары үйдің жерасты геомагнитті толқындар үстіне жақын орналасқанын анық­тады. Мазасыздау Мәулен молда мен ғалымның қайсысының сөзіне иланарын білмей дал болды. Біреуі «аруақ» дейді, екіншісі «геомагнитті толқын» дейді. Қайсысынікі дұрыс? Япыр-ау, Мәулен осы үйді саларда қопармаған жері қалмады ғой. Сонда адам сүйегі көрінбеген. Он метр тереңдікте жүргенде де магнитті толқынды неге сезбеген? Мәуленнің мезі ойлардан миы қатты. Әулиелерге әлі келмей әпігі басылып қалды. Енді ол не де болса астам ойлардан бойын аулақ салғысы келді. Желең жел соғып тұрған жаз күн­дерінің бірі еді. Кешкі апақ-сапақта үйге үш-төрт адам «Уа, кім бар-ау?» деп кіріп келді. Мәулен қонақтарды танымады. Облыс деңгейіндегі басшылардан басқасының кәрі жүріп көрмеген Мәулен анау-мынауға сәлем бермеу­ші еді. Керісінше, оған сәлем бере келушілер көп болатын. Сондай сәлемшілердің кезекті тобы шығар. Осы кезде Мәулен анасының: «Шы­рағым, қандай да құдайы қонаққа қабақ шытпа, төріңнен орын бер. Қы­рықтың бірі – Қыдыр. Қонақ ыры­сыңды жеп кетпейді. Олар бақ болып та келуі мүмкін» деп отыратынын еске алды. Шегінерге жер қалмады. Ол күтпеген тосын қонақтарды арнайы бөлмеге бастады. – Жұпар! Қонақ келді, – деп жұбайына қазан көтертті. Анасы Балжан да қонақтарға келіп амандасып, жөн сұрады. – Апа, біз елші едік. «Елдестірмек – елшіден» деген. Екі елді елдестірмекке келіп қалдық. Қыздарыңыз Әсемгүл ауылымызға келін болып түсті. Құдаларыңыз Болатбек – ауыл-аймаққа белгілі, сыйлы адам. Өсіп-өнген жандар. Мынау қыздарыңыздың сіздерге жолдаған хаты, – деп шоқша сақалды кісі қалтасынан әлдеқандай қағаз шығарып, Балжан әжеге ұсынды. Балжан жылан ұстағандай шошынып, хатты Мәуленге ұзатты. – Апа! Қызыңыз тұрмысқа шығыпты. «Қонақтарды жақсылап күтіп алыңыздар. Мен өз ырқыммен келдім» депті хатында, – деді Мәулен. – Әсемгүл-ау, бұл неткенің, – деп Балжан жылап, жаулығымен көзін сүрте бастады. – Әл-әзірге күйеуге шығамын деп жүрген жоқ еді. Оны алып қашқан ғой. Осыдан оларды түрменің тереңіне сүңгітпесем, Мәулен атым құрысын, – деп қыз әкесі тұлан тұтты. Қонақ бөлмеден шыққан ащы дауысты естіп Жұпар да келіп қалды. – Ана қызыңа айтпап па едім, тұрмысқа шығар болсаң түсер жеріңді біліп, той жасап ұзатамын деп. Қандай әзәзіл еліктірсе де ол мұндай сорақылыққа бармас еді ғой. «Қашып кетіпті» деген не сұмдық? Сенен туған қыз емес пе, жерге қаратқанын қарашы, – деп Мәулен әйеліне зілдене қарады. Зіл қабақ, долы ашу, дөкір мінез қонақтарды ықтыра бастады. «Елшіліктің соңы сойқанға ұласпаса нетті» деп ойлап отырды хабаршылар. Шоқша сақалды «Қызыңыздың хатын қайта оқыңыз. Ол өз ықтиярымен келгенін анық жазып отыр ғой» деп үй иесінің алдын кесе сөйледі. Осы мезетті күтіп тұрғандай Жұпардың қалта телефоны шар етті. Ол қонақтардан қымсынып, басқа бөлмеге шығып кетті. Артынша «келіп кетші» деп күйеуін сыртқа шақырды. Есіктің арғы жағынан үй иесінің «Қызым-ау, бұл қай қылғаның?» дегені естіліп тұрды. Әлден соң ерлі-зайыптылар бөлмеге оралды. Дөңбектей үй иесі бір-ақ уыс болып бүрісіп қалыпты. Манағы сорақы сұс, қырғи қабақ, тау қопарар екпін жоқ. – Әлі білісе алмай жатырмыз. Айып етпеңіздер. Ішіп-жеп отырыңыздар, – деп ерлі-зайыптылар қосамжарлана сөйлегенде бөлме көңіл күншуағына бөленді. Қыздары тапсырғандай, үй иелері хабаршы-кешірімшілерді барынша күтіп, шығарып салған соң Мәуленнің көңіл жайлауы ел көшкен жұрттай құлазып қалды. Әсемгүл балтәттісі, еркесі еді. Оны қалай ғана жат жұрт­қа қияды? Ол көңіл құлазуын ви­с­ки арқылы таратқысы келді. Сәуле қорқақтай отырып, екінші қабатқа барып, вискиді алып келген. Сонда ғана барып Мәулен қызының осы үйден неге ертерек кеткенін ұғынғандай болды. Әйткенмен, қыз жүрегі өз қалауын тауыпты. Әлпештеп өсірген әкесі бар жасауын келістіріп қолдан ұзатар еді ғой. Бірақ сұңғыла қыз мұны артық көріпті. Жалғыз қызды құтты орнына той жасап, бар кәде-сыйымен ұзата алмағанына іштей қорланып қалғанымен, ол Әсемгүлдің байламына көлденең тұра алмады. Көңілсіздік пен құбылмалы күйге ірге бермеймін деп жүрген күндерінің бірінде ойда-жоқта Сәбден асылып қалды. Көк күмбезінен жұлдызының бірі ағып түсті. Бірінен өлідей, екін­шісінен тірідей айырылған қос пер­зен­тінің күйігі Мәуленді бүк түсірді. Тағдырдың басқа салғанына көндік­песке шара бар ма? Реңі қуқыл тартып жүдеп жүрген күндерінің бірінде үлкен ұлы Арлен алдына келіп, ой бөлісті. – Пап, мен Көкшетаудағы қыз­метімді осында ауыстырмақпын. Ол жақта сөйлесіп жүрген адамым бар. Келінді боласыз. Осы үйді тағы бір қырсық шалмасын десеңіз, мына сарайды сатасыз. Күні кеше бабалары­мыз лашық пен шайлада да өмір сүрген. Алтын сарайдың барлығы бақыт әкел­мейді. Осыны да түсініңіз, – деген үлкен ұл. Арлен келін түсірсе мына қараша үйде қуаныш көбейеді емес пе? Дүниеге немерелер келмек. Үй бақыттың базарына айналмақ. Ендеше, мына алтын сарайды қимайтындай несі бар? Балалардың бақытынан артық не болушы еді? Олар көп кешікпей басқа баспана сатып алып, көшіп кетті. Алтын сарай иесіз қалды. «Үй сатылады» деп телеарналар мен газеттерге хабарландыру бергенімен, алушы табылмай тұр. Алтын сарай алыстан көз арбаса да былайғы жұрт бұл мекенді «қарғыс атқан үй» деп маңайына жоламады. Бертінде алтын сарай көше кезбелерінің аялдамасына айналды. Маскүнемдердің жұрт көзінен тасаланып арақ ішер жері де осы. Әйтсе де, сол батырлардың мұнда түнеп қалуға жүректері дауаламайтын. Арса-арсасы шыққан, есік-терезелері сынған еңселі үй ысқырынып тұрған зәрлі өшпенділіктің ошағындай соншалықты жат көрінуі неліктен? Қайталанбас өрнегімен, сұлу сымбатымен талайларды тамсандырған алтын сарай қулық пен сұмдықтың, тоғышарлық пен тағылықтың, үстемдік пен үрейдің ордасындай неге суық көрінеді? Бақ бәсекесінде Мәулен талай жанға тізе батырып еді. Бойын кісәпір кесірлік пен топас тоғышарлық жай­лаған ол талайлардың ақысын жеді, жолын кесті. Бәлкім, тағдырдың мына ызалы жазасы сол құнамақорлық қырсықтығының өтеуі ме екен? Кім білсін-ай, кім білсін?! Анығы Аллаға ғана аян ғой...

900 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы