• Әдебиет
  • 20 Маусым, 2019

ӘКІМШІЛІК ЖҮЙЕНІҢ ӘЛЕМІ

Серік ҚИРАБАЕВ, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Бұрын істеп жүрген (Жұмабеков алып келген) проректор М.Арынов министрліктің аппаратына қызметке ауысты. Сөйтіп, мен Құлжабайға орынбасар болып келіп, 1980 жылдан 1985 жылға дейін істедім. Құлжабай ұстамды, алып-қашпасы жоқ, тегі жуас, жақсы жігіт екен. Елдің бәрімен тіл табысуға, мәселені ақылдасып шешуге тырысады. Мен де институт ұжымы мен ректор арасын жалғауға, жарастыруға қызмет еттім. Оқу-тәрбие жұмысымен қатар институтты басқарудың бірқатар міндеттерін қоса атқардым. Құлжабай сенеді. 

Сенімді ақтау өз алдына, бәріміз бірігіп, институтымыздың ­абыройына, өркендеуіне қызмет етсек, негізгі мақсат сол ғой. ҚазПИ-дің азаматтарына ризамын. Бәрі маған келеді, мәселені менімен ақылдасады, менің айтқанымнан шықпайды, абыройы ректорға тиесілі. Бірен-саран ренішпен келген адамдар болса, ренішін басып, шаруасын бітіріп, «дыбыстарың шықпасын, сыртқа бір әңгіме шықса, менен көреді, мен істетіп отыр дейді» деп жіберем. Шынында да, ректорлық қызмет босаған кезде есіне түспей, жаңа ректорға көмектесуге жіберудің өзінен менің үнімді шығармау мақсатын көздегені белгілі болатын. Екеуі де сырттан келіп ұжымға сіңбеген алдыңғы басшылықты еске алып, біреуін іштен қоюдың, оның ішінде мені таңдаудың өзі осы ойға жетелейтін еді.

Біздің институттың тарих факультетінде кезінде менен бұрындау оқыған, бірақ өміріміз осында қатар өткен, алыстан сыйласатын екі қыз бар еді. Екеуі де ұжымында жұғымды болған жоқ. Бірі Толыбековке барғыш, сөз тасығыш болды да, екіншісі тұйық жүрсе де өз ортасына сыймады. Алдыңғысы – мені ректор қою туралы әңгіме шыққанда: «Толыбеков отырған креслоға Серік қалай отырар екен» деп күлкі қылған деп естігем. Алайда оған мән бергем жоқ. Осы екі қыз зейнет жасына жеткен кезде факультет адамдары сөз шығарып, оларды келесі кезекте қайта сайламаудың жолын іздеді. Мен мұны сырттан бақылап жүрдім. Бір күні соның бірі маған келіп, осы жағдайды айтты. Жасып қалыпты. Маған бірге өскендігін салық етіп, күйеуі өліп, тұрмыс салмағы өзіне түскендігін мұңайып отырып әңгімеледі. Бір рет қайта сайлауға жіберуді өтінді. «Мен жалғыз шешетін нәрсе емес қой, ректормен, факультеттің жігіттерімен ақылдасып көрейін» деп шығарып салдым. Алдыма келген адамның өтінішін қанағаттандыру керек болар деп, факультеттің деканы мен беделді, айтқан сөзі өтетін бір кафедраның бастығын шақырдым. – Мына апаларыңды не істейін деп отырсыңдар? Қайта сайлау мерзімі келді ғой, – деймін. – Қайта сайламаймыз, осы жылы құтыламыз, шаршатты ғой бізді, – дейді олар. Мен екеуін үгіттедім. – Қайтесіңдер жесір әйелмен алысып. Жасы келді. Өзі жуасып қалыпты. Бала-шаға асырап отыр ғой, күйеуі де жоқ. Қайта сайлауға жіберіңдер. Реніштеріңді ашық, бетіне басып отырып айтыңдар. Содан соң джентельмендік жасап дауыс беріңдер, – дедім. Олар ойласып жауап беруге кетті. Ертеңіне «Соңғы айтқаныңыз болсын. Барлық істегенін бетін жыртып айтамыз да, дауыс береміз. Қайта сайлайық» десті. Мен әйелді шақырып, факультет жігіттерінің реніші барын айттым. «Егер сынап айтып жатса, шыда, ұрыс шығарма, үндемей құтыл. Дауыс береді, қайта сайлайды» дедім. Рақмет айтып ол кетті. Жаздың бас кезі, өзім демалысқа кетпекші болып жүр едім. Бұл әңгімені ректорға, Фридманға айтып, демалысқа кеттім. Факультеттің Ғылыми кеңесіне Құлжабай мен Фридман екеуі де барыпты. Жігіттер айтқанын істеп, әлгі әйелдің бетін жыртып, барлық істегендерін айтыпты да, бірауыздан дауыс беріп, қайта сайлапты. Қайтып келген соң факультет басшылары да, әлгі әйел де келіп айтты. Бірде кезінде еврейлерге сенімсіздік көрсетілген тұста қазақ университетінен қуылған Александр Жовтисті Орталық комитет бізге жіберді. Ол орыс әдебиеті кафедрасына профессор болып сайлауға түсуге тиіс болды. Фридман оны ертіп маған келді. Мен: «Қарсылығым жоқ. Байқауға құжаттарыңды бер де, сайлауға түс» дедім. Өзім Ғылыми кеңесте бола алмайтынымды, демалысқа кететінімді айттым. Бұл да жаз кезі болатын. Ректор өзі әдетте студенттерді қабылдаудан кейін баратын да, демалысқа мені ертерек жіберіп алатын. Жовтис: «Сіз болмасаңыз, сайлауға түспеймін. Сіздің қолдауыңыз да, даусыңыз да керек» деп ашық айтты. Бұрыннан таныстығы болатын, бірге Рига теңіз жағалауында демалғанымыз да бар. Соны пайдаланып әрі Фридман – менің әріптесім, сол ертіп кеп тұрғанын малданып батыл сөйлесті. ­Фридман: «Онда сайлауды күзге қалдырайық» деді. Мен қарсы болмадым. Екі-үш ай күтті де, күзде аман-есен байқаудан өтті. Менің қолдауым болған соң Ғылыми кеңес те оған сенім көрсетті. Институт қызметкерлерімен сіңісіп істеген мұндайлар бірсыпыра. Жігіттердің қай-қайсысы болса да ынтымақтан шыққан емес. Айтқанды екі етпейтін. Тек нұсқау бермей, дікілдемей, келісіп, түсінісіп істессең болғаны. Ол тұстағы ҚазПИ-де мұндай азаматтар мол еді. Факультет пен кафедра басшылары да, қатардағы мұғалімдер де көп. Қайран ҚазПИ жігіттері-ай! Солармен қызметтес болған күндерімді сағынам. 1977 жылы мен Қазақстан педагогтары қоғамы деп аталатын қоғамдық ұйымға басшы боп сайландым. Содан 3-4 жыл бұрын жастар мен балалар арасындағы оқу-тәрбие жұмысын жақсартуға көмектесу мақсатымен құрылған бұл қоғам одақтық республикалардың бәрінде ұйымдасқан. Қоғамның алғашқы басшысы Мәлік Ғабдуллин болған. Мәлік қайтыс болғаннан кейін, тұрақты қызметкерлері (республикада екі-ақ адам, облыстарда ешкім болмайтын) аз қоғам жұмысы берекесіздене бастады. Оқу министрлігі басшылығы мен Орталық комитеттің ғылым және оқу орындары бөлімінің адамдары қоғамдық ұйым жұмысын жүргізетін бір беделді адам іздеп, оның үстіне Мәлік сияқты КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясының мүшесі болса деп ұйғарыпты. Осы мақсатпен мені айналдырды, мен көнбедім. 1974 жылы ҚазПИ-ге ұсынып барып, тәлкек еткеннен кейін менің Орталық комитетке де, министрлікке де сенімім жоғалған. Содан ешқайсысының есігін ашпағам. Мені сол кезде министр болып келген Қ.Балахметов те, Орталық комитет бөлімі меңгерушісінің орынбасары С.Яренская да шақырды, бармадым. Телефонмен айтқан ұсыныстарын қабылдамадым. Солардан кейін Орталық комитеттің бөлім меңгерушісі Санжар ­Жандосов өзі телефон соғып, келіп кетуімді сұрады. Мен: – Жай ма? – дедім. Ол айта қоймады. – Ақылдасатын шаруа бар. Көптен көріспедік, амандық-саулық білісейік, – деді күліп Санжар. Бұрыннан білем. Атақты революционер Ораз Жандосовтың баласы. Әкесі ұсталған соң жер ауып, жетімдік көріп өскен, қарапайым, чиновниктігі жоқ жігіт. Әкесі ақталған соң партия жұмысына қатыса бастаған. – Барайын, бірақ педагогикалық қоғам жайында болса, оған бармаймын. Орталық коми­теттің ұсынған қызметіне рақмет, – дедім сіресіп. Санжар күліп: – Келсейші, сөй­лесейік, – деді. Санжармен оны-мұны айтысып ұзақ отырдық. Ол бірден айтпады. Уақыттың, заманның тез өзгеріп жатқанын, өзінің балалық шағы, көрген ауыртпалық­тары жайын біраз әңгімеледі. «Сендер біз көргенді көрген жоқсыңдар ғой» деп, менің балалық шағым жайында сұрады. Орталық комитетте істеудің қиындығын еске алды. – Сенен несін жасырайын, бұл жерде демократия тіпті жоқ. Бәрі жоғарыда шешіледі. Біз солардың айтқанын іске асырып, қағаз­дарын дайындаушымыз. Кейде ұсыныс­тар айтқан боламыз, оның көпшілігі қабыл­данбайды. Сондықтан сен өкпелеме. Сенің өкпеңді мен түсінемін. Жеке басшы­лар­ға өкпелеп, партияға көмектеспейміз бе? – Осындай әңгімелермен ұзақ отырғаннан кейін ғана ол мені қоғамға баруға үгіттей бастады. – Одақтас республикаларда өзің сияқты Педакадемияның мүшелері басқарып отыр. Қоғам жұмысын жақсартуға, үлкен қоғамдық ұйымға айналдыруға болады. Үкіметтен ақша сұрап жатқан жоқпыз. Қоғамның өз қаражаты өзіне жетеді, – деді. Мен көндім. Санжардың дипломатиясына, адамгершілігіне, әңгімені бірден бастамай, ұзақ сөйлесіп барып, аяғын ғана соған тірегеніне риза болып, соның көңілі үшін көндім. Ертеңіне ол оқу министрлігінің залына қоғам басқармасының мүшелерін жинап, мені сайлатты. Педагогикалық қоғам жұмысымен таныстым. Екі-ақ штаты бар екен. Бірі – басқарма төрағасының орынбасары, екіншісі – бухгалтері. Оның қаражаты екі саладан құралады. Бірі – қоғамның ұжымдық мүшелері. Мектеп, бала тәрбиесі, оқу-ағарту саласына ыждағатты ұйымдар қоғамға мүше боп өтіп, көп ақша аударады екен. Қоғамның әр ­облыста, ауданда, мектептер мен оқу бөлімдері қасында ақша жинап, мүше тартатын өкілдері бар екен. Олардың жұмыс істеуі де әртүрлі... Ойлана келе қоғам жұмысын көтеруге кірістік. Алдымен, қоғам мүшелерін көбейтуді қолға алдық. Әсіресе, ұжымдық мүшелерді көбірек тартуға тырыстық. Олар ақшаны мол төлейді. Ұжым мүшелерінің бәрінің балалары бар, олардың басшыларын көндірсе болғаны. Осыны айтып, облыстық оқу бөлімдері мен облыстық партия комитеттеріне өтініш жасадық. Өз өкілдерімізді жектік. Үкімет ақша төлеп жатқан жоқ, өз ақшамыздың есебінен штатты көбейту, облыстарда қызмет істейтін штаттағы адамдарды қабылдау жағын ойластырдық. Бұл бір қиын шаруа екен. Қаржы министрлігі штат көбейтуге көне бермейді. Өз ақшаңды есептеп жұмсауға итермелейді. Соны ескере отырып, таныс адамдар арқылы қимылдауға тура келді. Әр облысқа екі адамнан (19 облыс үшін 38 адам), Орталық кеңес аппаратына 5 адам – барлығы 43 адамның штаттық кестесін жасап, Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімовке бардым. Бәйекеңді бұрыннан білем. Бірақ жай телефонды көтере бермейді, Қ.Балахметовке барып отырып, рұқсат сұрап, соның тікелей сөйлесетін телефонымен хабарластым. Ол кісі бірден қабылдады. Бәйекең қағазды қарап, «ақша өздеріңдікі ғой» деп сұрады. Сосын Қаржы министріне бұрыштама соқты. Қаржы министрі Рымбек Байсейітов те білетін адамым. Бәйекең бұрыштамасы біреудің қолына түсіп, теріс шешім алып кетпес үшін, оның да алдын алу керек болды. Алдыңғы жолмен оған да телефон соқтым. – Келе ғой, Серікжан, – деді ол да. Бәйекеңе берген қағаздың бір данасын ала барғам. Ана қағаз әлі келіп түсе қоймаған екен. Өзім апарған қағазды тастап, оның келісімін алып кеттім. Аз күнде сұраған штатымыз бекіді. Сосын облыстық ұйымдарды құрып, қолынан іс келетін­дермен шұғылдандық. Қысқасы Педаго­гикалық қоғам ел есептесетін үлкен ұйымға айналды. Республикада өткен мұғалімдер съезінде президиумда отырып, сөз сөйледім. Мәскеуде өткен одақтық мұғалімдер съезіне қатыстым. Съезд күндерінде марапатталған­дардың ішінде Еңбек Қызыл Ту орденін алдым. Бірқатар республикалар (Ресей, Грузия, Литва, Өзбекстан, Әзербайжан) қоғамдарының съездеріне қонақ боп бардым. Ол кезде КСРО оқу министрлігі мезгіл-мезгіл педагогикалық оқулар өткізетін. Оның қорытынды мәжілістері кейде Мәскеуде, кейде республика астаналарында өтетін. Оларға одақтық министр­ден бастап, республикалар министрлері – бәрі қатысатын. Солардың да біразына (Мәскеу, Украина, Армения) қатысуға мүмкіндік алдым. Қоғамдық ұйымдар жұмысы, негізінен, оның басында отырған адамдар қызметінің белсенділігімен өмір сүреді. Осылай ұйымдасып, оқу-ағарту жүйесінде үлкен жұмыс атқарып жатқан қоғам 1985 жылдан бастап, менің өз еркіммен кетуіме байланысты өмір сүруін әлсіретіп, 90-жылдардың басына қарай жұмысын тоқтатты. Ал менің қоғамнан өз еркіммен кетуім ҚазПИ-дегі проректорлық қызметімнен өз еркіммен кетуіммен тікелей байланысты шешілді. ҚазПИ-ге мен 1980 жылдың күзінде проректор болып барып, 1985 жылдың басына шейін істедім. Жұмысымыз жаман болған жоқ, институт абыройы да жоғары болды. Ректорлар ортасында жиі боламын, проректор деп қарамайды, жасымды, атағымды сыйлайтын болар, бәрі де құрметпен қарайды. Кейде Құлжабай болмай қалған кезде ректорлар кеңесінде сөйлеймін. Өмірбек ­Жолдасбековпен осы кеңесте танысып, кейін дос боп кеттік. Адам танитын, сыйлай білетін, жаны жомарт жігіт еді. Ол тіпті мен қатыспаған бір жиында осындай проректорлар іздеп табу керектігін әңгіме етіпті. Жоғарғы және орта білім министрлігі де, оқу министрлігі де бізбен есептесетін. Бір жылы сурет-графика факультетінің бір студенті жазғы практика кезінде суға кетіп қайтыс болды. Шарын бойының табиғатын, ондағы құм тауларды суретке түсіруге тиіс екен. Бала өз тобынан бір күн бұрын кетіп, суға түскен де, толқын алып кеткен. Осы әңгіме жоғарыға жетіп, тексеріп оқу министрлігі бәрімізді коллегияға шақырды. Факультет деканы В.Власюкті орнынан алуды, оқу жұмысын басқаратын маған сөгіс беруді белгілепті. Коллегия қаулысының жобасымен таныстық. Ақталу да қиын. Бірақ сылтау етерлік саңылаулар бар екен. Баланың топқа қосылмай өз бетімен кетуі және оның практикаға баратын балалардың тізімінде болмай шығуы бізге сылтау болды. Бәрі бізді кінәлап сөйлеп болғаннан кейін, мен сөз алып, шын жағдайды айттым – факультеттің оқу-тәрбие жұмысындағы орнын, деканның атқарып жүрген орасан ұйымдастырушылық қызметін тілге тиек еттім. «Адамды жазалау­ды мақсат тұтпау керек, болған істің жағдайын егжей-тегжей тексеру қажет» деп Власюкті ақтай сөйледім. Өзім жөнінде ештеңе айтқам жоқ. Елдің бәрі үндемей қалды. Министр Қажыахмет Балахметов те төмен қарап ойланып отырғанын байқадым. Бір кезде ол басын көтеріп жинақтады да, бізге ұсынылған жазалау шараларын қабыл­дамай­тынын айтты. Власюкке сөгіс беріп, орнында қалдырды. Мен жөнінде сөз болған жоқ. Рақмет Қажекеңе, сөз тыңдай, түсіне білгені үшін, мені сыйлағаны үшін! Коллегиядан шығып бара жатқанда Власюк маған бұрылып: – Серік Смайылович, қалай батыл сөйледіңіз. Батыр екенсіз ғой, – деді. Өзінше риза болғандығы шығар. Өстіп жүргенде, Балахметов екеуміздің арамыздан қара мысық жүгіріп өтті. Оқу министрінің жоғарғы мектеп жөніндегі орынбасары Лениншіл Рүстемов болатын. Ол Талдықорған пединститутында ректор, кейін Орталық Комитеттің ғылым және оқу орындары бөлім меңгерушісінің орынбасары болған, іскер, талантты жігіт еді. Менімен тікелей байланысып, көп нәрсені бірге шешетінбіз. Жаңа ашылатын бөлімдердің оқу жоспарын ақылдасатын. Оның тұсында біраз институттарда филология мамандықтары ашылды. Таза қазақ филологиясын ашудың реті жоқ жерлерде «Орыс тілі мен әдебиеті», «Қазақ тілі мен әдебиеті» етіп екі мамандықты біріктіріп, кейде оған қазақ мектептерінде орыс тілі мамандығын, орыс мектептерінде қазақ тілі мамандығын беру сияқты бөлімдерді қосатынбыз. Олардың оқу жоспарын жасауға да мені қатыстыратын. Сол ­Ленин­шіл бір күні кезекті әңгімеден соң бір кісінің аты-жөнін айтып (ұмыттым) ҚазПИ-ге, орыс тілі кафедрасына қызметке орналастыруымды сұрады. «Қажекеңнің тапсырмасы еді» деді. Мен: «Ол кісіге хабарлас, маған келсін» дедім. Ертеңіне бір әйел келіп кірді. Сөзге доғалдау, мінезі қырсық­тау, адаммен сөйлесе білмейтін кісі сияқты көрінді. Мен сыпайы сөйлесіп, «Кафедраға тапсырайын. Сабақ беріп көріңіз. Соның қорытындысына қарап, байқаудан өткізейік» дедім. Ол кезде жоғарғы мектепке қызметке орналас­ты­рудың жолы осы ғана, бұйрықпен өткізу деген жоқ. Әлгі әйел сабақ беруден ат-тонын ала қашты. «Ойбай-ау, істейтін қызметіңіздің өзі – сабақ беру ғой. Соны бір рет істеп көріңіз. Қорытын­ды­сын өзіміз шығарамыз. Байқаудан өткізуге ұсынамыз» деймін. Түсінбейді, көн­бейді. Кетіп бара жатып, «Бәрібір мен сіздерге қызметке келемін» деп қорқытады. Әрі тілінің ұшын маған түйреп тигізеді. Мен Ленин­шілге телефон соқтым. Болған оқи­ғаны айттым. Ол Қажекеңе жеткізіпті. Қаже­кең маған ренжіп қалғанын байқатады. Тағы: «Оған менің орным керек қой» деп қалады. Бұл әңгіме маған жетті. Оның шет жағасын бұрын да естіп жүргем. «Бір кезде ректорлыққа жібермеген Қонаев кейін мұны неге проректор қойғызды, біртіндеп министр қойғысы кеп жүрген болар» деуші өсекшілер Балахметовті айналдырып жүргенін естігем. Мен өсек-аяңға мән бермейтін, егер ондай шыға қалса, авторына тіке айтып басып тастауға тырысатын адаммын. Сондай өсекке сеніп жүрген адамдарға ызам келеді. Оқу-ағарту жүйесін білетін, мәселені байыппен қарап шешетін, кішіпейіл, сауатты, жақсы министр деп мақтап жүрген (осылай деп әр жерде айтып та жүрдім) Балахметовтің мына сөзі жаныма тиіп кетті. Мен өзіне тікелей барып айттым. «Кеше мені ректор қоям деп алдап, өз адамдарын тауып алғанда, ішінде болған сіздің қалай жаңа өсекке сенетініңізге қайранмын. Анау әйел институтта қызмет істей алатын адам емес. Адаммен адамша сөйлесе алмайды. Осындай адамдарды қалай тықпалайсыздар? Ол келіп маған айтқан дөрекі сөздері үшін кешірім сұрасын. Әйтпесе, мен оны ҚазПИ-дің маңынан жүргізбеймін. Проректор­лықтан кетсем де, Ғылыми кеңес мүшелеріне сөзім өтеді» дедім. Мен сыйласып, келісіп, әділдікпен мәселе шешуге келгенде, кіммен болса да істесе алатын адаммын. Демократтығым да жетеді. Ал біреу зорлық жасағысы келсе, күштесе, оған көнбейтінім тағы бар. Осы жағын да ескерттім. Негізі адал жігіт қой, Қажыахмет үнсіз тыңдады да, қарсы дау айтқан жоқ. Мен бастырмалата сөйлеген соң, айтқан сөзін айтпадым деп танып та кете алмады. Әйел жөнінде де шешімді ештеңе айтпады. Сонымен, сырттай түсініскендей болып, іштей дүрдараздау тарастық. 1984 жылдың аяқ кезінде бір күні мені Балахметов қайта шақыртты. Сыпайы ғана сөйлесіп, «Кеше сізді проректорлыққа ұсынған өздері еді, енді сізді жұмыстан ­босатуды сұрап Орталық комитет мазалап жатыр. Сіздің үстіңізден түскен үлкен бір арыз бар дей ме, білмеймін, тіл алсаңыз, өзіңіз арыз беріп кеткеніңіз жөн болар» деді. Мен бұл әңгіменің сырын бірден түсінбедім. Арыз! Қандай арыз? Мен өмірде біреудің ала жібін аттаған адам емеспін. Қызмет бабын пайдаланып та пайда көргем жоқ. Тіпті біреуден бірдеңе сұрап баруға да жоқпын. Солай тәрбиеленгем. Әкем марқұм: «Қолыңнан келсе, тіленшілеп ешкімнің алдына барма. «Сұраушының бір беті қара, бермеушінің екі беті қара», бермесе көңілің қалады. Сыпайы сыйластығыңнан айырылып қаласың» дейтін. Осы мінезіме орай, Құдай Тағала жейтін нанымды жет­кілікті қып берді. Өзім де, әйелім де ғылым докторымыз, еңбекақымыз өзімізге молынан жетеді. Оның үстіне мен гонорар табам. Кейінгі жылдары Әлия да кітаптарын шығарып, қаламақы ала бастады. Осыны ойлап отырып, «Мен мән-жағдайды барлайын, оған дейін арыз жазбаймын, егер асықсаңыздар, кінәмді көрсетіп, бұйрық беріп босата беріңіздер» дедім. Бұрын өз адалдығыма сеніп, жан-жағыма қарап көрмеппін. Енді қарасам, мені әр жақтан келіп, тексеріске ала бастапты. Бір күні институттың мен басқаратын оқу істерін тексеруге комиссия келді. Педагогикалық қоғамға да кісілер барыпты. «Жазушы» баспасының жігіттері шыққан кітаптарым мен алған гонорарларымды тексеріп жатқанын хабарлады. Институттың парткомы шақырып, маған 1970 жыл Жазушылар одағы берген саяжайдың бөліну жағдайы мен заңдылығын дәлелдеп түсінік жазып беруімді сұрады. Мені айналдыра бастағаны түсінікті болды. Мәселенің мән-жайын түсіну үшін басшылыққа шығуға мәжбүр болдым. Алдымен Садуақас Темір­бековке бардым. Мені бір кезде шақырып, Қонаев­тың сәлемін айтып, проректор қойғызған сол еді, содан бері сыйлай қарай­тын сияқты көрінетін. Бастықтардың ыңғайына қарай иіле беретін номенкла­тураның заманы ғой, мені Қонаев қойғыз­ғаннан кейін, сірә, сол кісі дұрыс қарайды деп ойлайтын болуы керек. Осы түсінікпен жүріп, академияның бір сайлауында мені өткізуді ұсынғанын, Қонаевпен келіскенін айтып қуантқаны да бар. Бірақ ол басқаша шешіліп кеткен. Ал бүгін барсам, бұрын­ғыдай емес, тіпті салқындап қалыпты. Сөзді мен бастадым: – Сәке, осы менің айналамда толған комиссия жұмыс істеп, менің қатысым бар жерлердің бәрін тексеріп жатқанға ұқсайды. Осы менен не іздеп жатырсыздар? Мен мейлінше таза адаммын. Ішкен-жегенім жоқ. Институтта жүріп не бір танысымды, туысымды жұмысқа орналастырып, біреуінің баласын түсіріп көргем жоқ. Өз күнкөрісім өзіме жетеді. Бір отбасында екі ғалымбыз. Табысымыз жақсы. Оның үстіне менің гонорарым да бар. Алған ақшама партия жарнасын толық төлеймін. Өмірімде қия басып, заң аттаған, тәртіп бұзатын шаруаға жақындаған адам емеспін. – Секе, сіздің ондай мінезіңізден менің де хабарым бар. Шынымды айтсам, өзіңіз арыз беріп, проректорлықтан кетіңіз. Сонда бәрі басылады. Мәселе сіздің қызметіңізге байланысты болып отыр, – деді. – Ойбай-ау, проректорлыққа мен сұранып келгем жоқ. Қонаев айтты деп, қойғызған өзіңіз едіңіз. Бұл қызметке жабысып қалған ештеңем жоқ. Мені проректорлық көтермейді, қайта оны көтеріп жүрген – мен. Керек болса, бүгін де тастап кетуге әзірмін. Бұған ол қуанып кетті. – Олай болса, осыны Қазыбаевқа кіріп айтыңыз. Керек болса, қазір мен ол кісіге қосып берейін. Кәкімжан Қазыбаев – журналист жігіт. Сыпайы сыйластығымыз болатын. ҚазТАГ-та директор болып жүріп, Орталық комитетке хатшылыққа ауысқан. Жиналыстарда бір-екі рет көргем. Арнайы барған емеспін. Бастықтарды жағалап жүрмейтін басым шаруам болмаған соң, босқа мазалаудың ретін таппағам. Садуақас Кәкімжанның телефонын алды да, трубканы маған ұстата салды. – Кәке, саламатсыз ба, мен Серік Қирабаев қой. Сізге бір-екі минутқа кіріп шықсам деп едім. – Қайда тұрсыз? – Осында. – Онда, келе қойыңыз. Кәкімжанға да жоғарыдағы әңгімелерді айттым. – Мәселенің мән-жайын Садуақастан естідім. Егер шаруа менің қызметіме тіреліп тұрса, кетуге дайынмын. Сенің қызмет істегеніңді ұнатпай, айнала тексеріспен қоршап жатқанда, қандай береке болады? Тек алда кезекті демалысым бар еді, соны алып келіп, жаңа жылдан кейін кетейін, – дедім. Ол келісті. – Сіздің атақ-дәреже, абыройыңыз жетеді. Осы бір өсек-аяңы көп, абыройсыз қызметті қайтесіз, – деп жұбатқан болды. Тек мені арызбен таныстырып, соған түсінік жазып беруді сұрады. Онда пәлендей дәлелді кінә жоқ екен. Жалпылама сөз. Менің проректорлыққа баруымды Имашевпен байланыстырыпты. Имашевтің оған қатысы болмағанын Қонаевтан бастап бәрі біледі. Институтты өзі билеп-төстейді әрі Педагогикалық қоғамды басқарады дейді. Кітаптарын қайта-қайта бастырып, бірнеше рет гонорар тапқан, бір жазғанын қайта бастырғанда да толық ставка алған, колхоздың алма бағынан саяжайға заңсыз жер алған. Үш рет заңсыз машина алған, т.б. Мен ертеңіне-ақ түсінік жазып апарып бердім. Проректорлыққа баруға, Педаго­гикалық қоғам кеңесінің төрағасы болуға Орталық комитеттің өзі құштар болғанын, ол жерлерде қызмет бабын пайдалан­бағанымды жаздым. Бір кітабымды, не кітапқа кірген мақалала­рымды екінші қайтара бастырып, екі рет қаламақы алу фактісінің болмағанын, саяжайды Жазушылар одағының төралқа мүшесі болып жүріп алғанымды, бұл жерді одаққа Қонаев пен Бейсебаевтың (Министрлер кеңесінің төрағасы) өздері бөлгенін көрсеттім. Үш рет машина алдым. Бірін – сауда министрі М.Иванов, екіншісін – Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары С.Жиенбаев, үшіншісін Министрлер кеңесінің төрағасы Б.Әшімов бергенін, институтқа бөліп машина кезегінде тұрғандарға зияным тимегенін айттым. Осыны айтқанда, Темір­беков: «Сіздің бастықтарды жағалап, үш рет машина сұрап алуыңыздың өзі заңсыз. Әрі қызмет бабын пайдаланғандық. Ел бір де машина ала алмай жүр» деп кінә­лаған. Бірақ мен одан үлкен күнә тапқам жоқ. Әр ретте машинаны 8-10 жыл мініп, айырбастағам. Ескі машинамды дүкен арқылы өткізгем. Бірақ бұл арызды тексеру аяғына жетпей тоқтады. Түсінік те керек болмай қалды. Бәрі менің өз еркіммен кетуіммен байланысты шешілді. Мәселенің анық-қанығы кейін Қонаев қызметінен кеткен кезде ашылды. Бәрі Бекежановтың ұйымдас­тыруымен болған нәрсе боп шықты. Оның өзі ұйым­дас­тырған арызға Қонаевқа «Қызметі­нен босатылсын» деген бұрыштама қойдырып, Қазыбаевқа да, Темірбековке де тікелей нұсқау бергені белгілі болды. Балахметовтің айтуымен мен арыз жаза қоймаған соң, қызметімнен бір нәрсе табу үшін жаппай тексеріс жүргізе бастаған. Темірбеков пен Қазыбаевқа баруымнан кейін бәрі де тоқтады. Мен демалысыма кеттім. Кетерде болған жайды ректорым Құлжабай Қасымовқа айттым. Ол да хабары бар адам сияқты көрінді. Бекежановпен жерлес болатын. Сол жылдың бас кезінде қыста Мұхамеджан Қаратаевпен бірге «Алматы» шипажайында демалып жаттым. Екеуміз де жалғызбыз. Бірге қыдырамыз. Жатын бөлмелеріміз да қатар. Бір күні кешкі шайдан кейін вестюбльде диванда әңгімелесіп отыр едік, бір ақын жігіт келді. Танимыз. Амандастық. Содан соң Мұхаңда шаруасы барын айтып, оны бөлмесіне алып кетті. Кейін білдім, кітабы шығып, соны Мемлекеттік сыйлыққа ұсынудың қамында жүр екен. Кітабына Ғабит Мүсірепов алғысөз жазыпты. Мұхаңа газетке рецензия жаздыруды сөйлескен. Шынын айтқанда, мұның екеуі де ештеңе жазбаған. Қол қойған. Мұхаң дайын рецензияға қол қойғанын өзі айтты. Оның әкеп берген кітабын көрсетті. Менің көңіліме келгені – Мұхаң мүше болып саналатын Мемлекеттік сыйлық комиссиясына мен де мүшемін. Ол неге маған да бір кітабын беріп, алдай салмайды деген ой болды. Көрейін әуселесін, менсіз өтіп көрсін! Мемлекеттік сыйлық комиссиясы­ның отырысына жиналғанда, менің бұл өкпем әлі де тарамаған еді. Оны мен мен­сінбеу, көзге ілмеу деп ұқтым. Ғабит пен Мұхамед­жанға арқа сүйеген ақынның өркө­кіректігі намысыма тиді. Содан сол ақын­ның кандидатурасы талқыланған кезде бірінші боп сөйлеп, қарсы шықтым. Қарсы болуға сылтау да жеткілікті еді. Жастардың, әсіресе, ақындардың ішіп, әрнәрсеге ұрынып жүретін әдеті ғой. Сол ақын да ішіп келіп, өзінің өгей қызына қол салып, ұсталып сотталған, партиядан, Жазушылар одағынан шыққан. Бір-екі жылдан кейін қайтып келген оны жұрт ақталып келдіге жорыды. Жазушылар одағы мүшелікке алды. Партиялығы қалпына келді. Арнаулы жобамен салғызып, үлкен басшылық бөлген үйден төрт бөлмелі үй алды, «Волга» машинасын мінді. Ақынның Бекежановтың туысы екендігі, оның «ақталуын» соның ұйымдастырғаны, бәрі де заңсыз жасалғаны Бекежанов ұсталған кезде газеттерде жазылды. Тіпті ол босап келсе де, сотталған, лагерьдегі адамдардың тізімінде саналған. Ол кезде бұл жағдайларды біз білмейміз. Бірақ мен оның елдің бәрі білетін сотталуы жағдайын тілге тиек еттім. Соның алдында ғана Л.Брежнев Мемлекеттік сыйлықтардың саяси беті анық емес, моральдық бейнесі кір адамдарға берілетінін сынап айтқанын естігем. Ол әңгімені бір сөйлесіп отырғанда С.Имашев айтқан. Осыны еске сала отырып, мен: «Осы ақынға қалай сыйлық береміз? Ол қанша рет ақталса да, партияға, Жазушылар одағына кірсе де, оның істеген ісі өмірбаянының қара дағы болып қалмай ма?» деп сөйлеп, соны қолдаған екі ағама (Ғабит пен Мұхамеджанға) тиістім. «Не беттеріңізбен ұялмай қолдайсыздар?» деп екеуіне тікелей сұрақ қойдым. Менің дәлелді сөзіме ешкім дау айта алмады. Екі қолдаушысы да үндемей қалды. Кейін екеуі де оған дауыс берген жоқ. Бірауыздан ақын тізімнен шығып қалды. Осы әңгіме Бекежановқа жетіп, ақын екеуі менен кек алуды ұйымдастырғаны өзінен-өзі түсінікті. Арыз жазуға кімдерді тартып, қатыстырғаны да бүгін маған белгілі. Сөйтіп, менің намыс қуған адал сөзім өз пайдама шыққан жоқ. Бірақ оған өкінген де емеспін. Адалдығың, шыншылдығың үшін күйсең, оған неге өкінесің! Қолмен істегенді иықпен көтеру керек. Сол жылы мен өзім қатысып жүрген қоғамдық қызметтердің бәрінен де тазардым. Жазушылар одағында қоғамдық негіздегі хатшы едім. Сол жылғы съезде одан босадым. Жазушылар съезіне делегаттардың тізімінде бар едім – съезд кезінде одан да түстім, бірақ съезге қатыстым. Оған бұрын сайланған орталық тексеру комиссиясының мүшесі ретінде шақырды. Камал Смаилов барып, ондағы съезде бұл тізімнен де шығартып, Орталық сын кеңесінен де босатып қайтты. Оқу министрлігі Тіл мен әдебиет саласындағы оқу-әдістемелік кеңестің төрағалығынан, «Қазақстан мектебі» журналының редакциялық коллегиясының мүшелігінен босатты. Осыдан кейін Педагогикалық қоғамның жұмысынан өз еркіммен бас тарттым. Кезектегі съезге дайындық жүріп жатыр еді, оған араласпадым, съезге де бармадым. Сөйтіп, одан да кеттім. Бірақ кафедрадан кетіру ешкімнің ойына келген жоқ. Бұрынғыша кафедра меңгерушісі болып қызметімді жалғастырдым. Кезінде солардың бәрі партияның, Орталық комитеттің атымен жасалды ғой. Мансапқорлар партияның атын пайдаланып, қара басының қамын күйттеді, айтқанымен жүрмегені үшін таза, адал адамдарды қудалады. Мұндай жағдайдың қайда алып бара жатқаны жұмбақ еді. Менің проректорлықпен бірге барлық қоғамдық міндеттерден тазарғанда да ренішсіз кеткенім осы жағдайларды түсінгендіктен болатын. Негізгі қызметім – кафедрам, ұстаздық, ғылымдағы еңбегім қолымда, өз еркімде. Бала-шағам аман. Оның үстіне Әлиям намысы үшін тырысып, ерлікке қайрайды. Өзі де ғылым жолына беріле еңбек жасады. Сөйтіп, өз ғылымының көрнекті өкілі қатарына көтерілді. Қазір ол – Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының, «Экология» халықтық академиясының, Жоғарғы мектеп Ғылым академиясының академигі. Үлкен балам Нұр Мәскеу университетін бітіріп, аспирантурада қалды. Қазір ғылым докторы, профессор, ­Мәс­кеудің белгілі шығыстанушы, философ­тарының бірі. Халықаралық жоғарғы мектеп Ғылым академиясының, Ресейдің әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі. Бұлар менің отбасымның рухын көтеріп, өз қатарымдағы орынға орнықты отырғанымыздың белгісіндей еді. Сондықтан әкімшілік жүйенің зорлық-зомбылығынан жасымай өттік. 1987 жылы алпысқа толғанда сол тұста ауысқан жаңа басшылықтың ұсынуымен арнаулы қаулымен «Халықтар достығы» орденін алдым. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың қабылдауында болдым. Жазушылар одағында өткен бір кездесуде қабылдауын өтініп хат беріп едім, ол кісі тез қабылдап, менің аты-жөнім таныс екенін, қазақ мектебінде менің оқулығыммен оқығанын айтып, көңілімді көтерді. Адам көңілі аз нәрседен пәс тартады, кішкентай дүниеден көтеріліп қалады. Соның бәрінде тек еңбегіңе сүйенесің. Жас кезімде оқулыққа автор болуым, әдеби сынға араласуым менің есімімді кең таратты, газет-журнал, кітап оқитын адамдарға таныс етті. Мені тіршіліктің қалтарысты өткелдерінен де алып өткен осы еңбегім мен өмірсүйгіштік рухым, адалдығым ғой деп ойлаймын.

751 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы