• Тарих
  • 20 Маусым, 2019

ҰЛЫ ДАЛА МҰРАГЕРЛЕРІ

Жуырда «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының «Ұлы Дала мұрагерлері» атты экспедициясы ұйымдастырылды. Экспедиция құрамында өлкетанушылар, суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Бекжан Жұмабаев, қазақ ұлттық музыкалық аспаптарын жасау шебері Жанпейіл Сейтақов, Саратов қаласының тұрғыны, «Легкий казахский» кітабының авторы Артур Нұрмұхамбет болды. Сапар барысында зерттеушілер Ресей Федерациясының Астрахань, Пятигорск, Ялта, Бахчисарай қалаларына барып, Қазақстан тарихында орын алған Бөкей (Ішкі) Орда тарихына қатысты деректерді түгендеп, тарихи маңызы бар көптеген материал жинап қайтты. 

Экспедицияға тарих магистрі, өлкетанушы ­Айболат Құрымбаев басшылық етті. Оның айтуынша, Жәңгір ханның балалық шағы өткен губернатор Степан Андреевский­дің үйін Астрахань қаласынан іздеп тауып, үйді суретке түсіріп алған. Бұл үйде Жәңгір хан тәрбиеленді деген дерек алғаш рет жарияланып отыр. Астархань қаласының ғалымдары мен тарихшылары осы үйде Жәңгір хан еуропаша тәрбиеленіп, білім алды, бірнеше тілді меңгерді деген болжамды жоққа шығармайды. Сондықтан нақ осы мәселе алдағы уақытта архив құжаттарымен дәлелденбек. – Бөкей сұлтаны өзінің дипломатиялық шеберлігімен Еділ мен Жайық арасындағы жерді алып, кең жайлады. Сол өңірде алғашқы қазақ мектептері, ауруханалар, баспахана және өзге де алғашқы нысандар ашылды. Бөкей қайтыс болғаннан кейін таққа Жәңгір отырады. Ел аузындағы әңгіме бойынша, 1840 жылы Фатима ханша ауырып, оны емдету үшін Пятигорск қаласына барады. Сонда Пятигорсктағы генералдың жесірі Екатерина Мерлинидің үйіне тоқтаған. Сол үйді таптық, ол үй жөнінде мәлімет Қазақстан тарихында бұған дейін жарияланбаған. Қазір ол үй тарихи ғимарат санатында, өйткені онда тарихта ізі қалған тұлғалар А.Пушкин, М.Лермонтов болған. Фатима мен Е.Мерлинидің жазысқан хаттары архивтің мұрағаттарында сақтаулы, – деді экспедиция басшысы Айболат Құрымбаев. Зерттеушілер сол хаттарды Пятигорск музейіне табыс етіп, музейден өзімізге қажетті тың мәліметтер алған. Екатерина Мерлини өзінің қарауындағы ­Семен есімді орыс баласын Жәңгір ханның отбасына сыйға тартқан екен. Ол баланың кейінгі тағдыры белгісіз. Бұл үйге тоқтаған адамдардың тізімі тіркеліп отырған, бірақ зерттеу барысында ондай құжат табылмаған. Аталған құжат Ставрополь қаласындағы немесе Грузиядағы мемлекеттік архивте болуы мүмкін екенін айтады зерттеушілер. Сонымен қатар зерттеушілер Жәңгір ханның тікелей ұрпағы мен сарғайған тарихи фотоға қатысты деректерді де тауып қайтқан. Жәңгір ханның тікелей ұрпағының тағдыры белгісіз. 1909 жылы Ғұбайдолла, 1914 жылы Ахметкерей дүниеден озады, екеуі де Ялтаның қасындағы ауылдағы мұсылмандар бейітіне жерленген. Алайда ол жерге қазір үй салынып кеткен. 1919 жылы Зугра қайтыс болады. – Сол Ялтадағы готика стилінде салынған үйдің жоғары тұсында бөкейліктердің, екі терезе арасында төре таңбасының сақталғаны анық көрінеді. Кеңес одағы тұсында оны білсе, кетіріп тастайтын еді, шамасы оны декордың бір түрі деп қабылдаса керек. Тарихи құжат болмаған жағдайда бұл үйде Шыңғыс ханның ұрпағы тұрғанын осы таңба арқылы білуге болады. Осы үйдің алдында тақия киген Ахметкерейдің бір кісілермен шай ішіп отырған суретін Қазаннан алдырдық. Үйдің ағаш есік-терезесі сол уақыттардағыдай сақталған. Бұл фото алғаш рет жарияланып отыр, – деді А. Құрымбаев. Сондай-ақ зерттеушілер Бақшасарай қаласындағы (Бахчисарай) орналасқан музейден Бөкей хан мен Жәңгір ханның таққа отырғанда сыйға тартылған қылыштарын (Орал қаласының Хан тоғайында табыс етілген болу керек) тапқан. Сонымен қатар тарихи құжаттар, фотосуреттер мен кітаптарды елге әкелген. Бүгінде экспедиция нәтижесі бойынша кітапша әзірленуде.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА Батыс Қазақстан облысы

2491 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы