• Әдебиет
  • 20 Маусым, 2019

ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР

1949 жылдың мамыр айында Социалистік Еңбек Ері, Ленин Ордені мен Алтын жұлдыздың иегері Исмагулов Әлімгерей шаңырағын шаттыққа бөлеген қуаныш пен қасірет жамылдырған қаза бір күнде, бір сәтте келген. Дүниеден ертерек өткен алғашқы қыздарынан кейін араға біраз жыл салып бала көтерген жары Минаш арыстай ұлды дүниеге әкеліп босанған сәтінде сәбиін көре алмай көз жұмған. Алланың әміріне қарсы тұрар шарасыздықтан қиналып қайғырған қиындығым мен қайғымның өтеуі болсын деп ұлын Өтепберген атады. Рабиға қарындасы сәбиді бауырына басып бес жасқа келгенше, саулығы сыр беріп хәлі тартпайтын жағдайға жеткенше бағып өсірді. Баласының бабын тауып, үйдің сәнін келтіру үшін екінші рет үйленді. Хайша салмақты, пейілі кең жұмсақ адам болды. Өтепбергенді өгейсітпей тәрбиелеп, қабағына кірбің түсірмеді, Тілекбай сынды ұл, Зәмзам есімді қыз қосылып әулет қуанышы молайды. Өтепберген өте зерделі бала ­болып өсті. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап зерек оқушы атанды. Үздіктер қатарынан табылды. Ойын қуаламай, ой қуалады. Жазғы демалыста ауылының іргесіндегі ­Бекмамбет сарайының аталуы, ол кісінің өнеге жолы, халқына сіңірген еңбегі жөнінде білуге құмартып, Салық тауға жалғас жатқан Қызыл таудың етегіндегі жеті қазының қорымы, оны қоршай қазылған құрының құпиясын білуге ынтазарланды. Қиялымен бабалардың өткені мен көмескіленіп қалған іздерін анықтап білуге құлшынысы артып, болашақ өмірінің мұраты анықталған-ды.

***

1967 жылы қызығы мен қиындығы мол орта мектепті тамамдады. Мамандық таңдауда «Өнер алды – қызыл тіл» деген қағиданы берік ұстанып, қатарынан озып, сынақтан сүрінбей өтіп, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түсті. 1972 жылы филолог мамандығын игеріп, сағыныш пен арман жетегінде болашаққа үлкен үмітпен қарап, еңбекке араласты. Жалындаған жас терең тарихты, табиғаты қатал Маңғыстау өңіріне жолдама алып, екі жылдай шәкірттерге ұстаздық жасады. Өткен оқиғаларға бай, 362 әулиенің қорымы бар ұлы көштің сүрлеуінің бойында сарматтар бастаған бабалардың ат тұяғы дүбірлеткен сахарада қиялымен табысып, қасиетті жерлермен, киелі адамдардың тарихымен танысты. Бала кезіндегі ұлыларға ынтызарлығы артып, өмірінің негізгі мәнін түсінді. Сол заманның қатал бақылауы өз бабаларыңды тануға деген құштарлықты шет санап, ұлтжандыларды ұлтшылдар деп қудалаған тұста бар жиғанын зердесіне тоқыды, оған сыймағандарын қағазға хаттап, жеті қат қымтап көзден таса сақтады. Аз сөйлесе де саз сөйлейтін, ойы терең, қаламы ұшқыр, аңғарымпаз жасты «Коммунистік еңбек» газетінің бас редакторы Түсіп Бисекенов өзі қалап әдеби қызметкер ретінде жұмысқа шақырды. 1973 жылы қатардағы қызметкерден жыл санап баспалдақпен өрлей берді. Тәжірибе жинақтап, оқу орнынан алған білігін шыңдады. Журналистиканың сырын меңгеріп, өзі де талай қырынан көрінді. Жыл емес, әр күнін тиімді пайдаланып, жеке мұрағатын жинақтап қалыңдата берді. Бір кезеңде жарқыратып шығаратынына еш күмәнданбады. Болашағынан үміт күттіретін іскер жасты шыңдау тәжірибесінің жобасына сай, сол тұстағы ең жоғарғы тәрбие беріп, білімін тереңдететін тек қана іріктелген элиталар баратын Алматы жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысы сапына қабылданып, 1987 жылы тамамдап, кәсіби журналист мамандығына ие болды. Туа біткен талантымен өз жұмысының қыр-сырын меңгеруден жалықпады. Қарымды да өнімді, шыншыл да шынайы жазатын қаламгерді билік сатыларымен жоғарылатып, үнжарияның жауапты қызметкері, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, компартияның облыстық комитетінің жетекші бас газетінің бас редактор орынбасары лауазымдарына тағайындады. Өтепбергеннің елдің тарихын, халықтың өткенін зерделеуге ерекше ынтызарлығын байқаған облыс, республика басшылығы оны облыстық өлкетану мұражайы директорлығына тағайындады. Қай салада жүрсе де ұлтының терең мәдениеті мен өркениетіне қызығып, ұлы ғұламалардың, даналар мен батырлардың, саңлақ өнер иелерінің көмескіленіп қалған еңбектерін ортаға оралтуды басты мұратына айналдырған азамат мақсатын орындауға кең өріс алып, тың күшпен құлшына кірісіп, өнімді жұмыс істеді. Көп іс тындырды, білігін тереңдетті. Аймақтағы бірнеше ғасырлар аясындағы ерлікке ұмтылған саңлақтардың ерлігіне қанықты. Өңірдегі салт-дәстүр мен ата-бабалардың бізге жеткен қанатты сөздерін зерделеді. Ғылыми айналысқа түсіп жинақталған жәдігерлерге қанықты, бірақ өңір тарихын терең игеруге ұмтылған ауқымды талапқа тарлық етті. Жаңа дүние, тың деректерге құмартып іздену үшін өз еркімен жұмысын тапсырды. Оның болашақ үшін талап-тілегін дәл түсінген елжанды азаматтар облыстық ескерткіштер мен тарихи мұраларды қорғау инспекциясына басшылыққа тағайындады. Қызметі мен тілегі қабысып, облыс көлеміндегі адамдардың жадында сақталған, аңызға айналған, шындық негізі бар қорымдарды түгел жаяу аралап, қат-қабат деректер жинады. Тек өңірдегі емес, қазақ елінің әр аймағындағы бабалар қорымын назардан тыс қалдырмады. Аудандар мен ауылдарды кезіп жүріп жасы асқан ақсақалдармен, кейуаналармен дидарласып, білетіндерін түгел қағазға түсіруге жалықпады. Жинақталған қазынаны қалтқысыз жарыққа шығарудың да сәті түсті. Жаңадан ашылған Республикалық телерадио корпорациясы АҚ Атырау облыстық филиалының қалыпты қызметін іскер Айтқали Нұрғалиев пен Өтепберген Әлімгереевке тапсырды. Өтепберген тырнақтап жинаған деректерін өңдеп, телеарнаға шығарды. Бабалар жолын дәріптеп, қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттап, ұлттық өнер жайлы өнерпаздармен экран алдында сұхбат жүргізді. Көнеден жалғасып келе жатқан музыкалық аспаптарды: домбыра, қобыз, шаңқобыз, сырнай және басқаларын елге кеңінен жеткізді. Тұрмыстық қажеттілікке пайдаланған құралдарды да назардан тыс қалдырмады. Халқымыздың өмірлік ұстанымын ұрпақтан-ұрпаққа жалғаған көнекөз қариялар мен бар күш-қуатын сарп етіп зерделеп, зерттеп жүрген жандарға жұртшылық назарын аударды, өзі бірге бағамдап-бағдарлап отырды. Саналы өмірінде, оралымды ойының жетегінде құймақұлақ зеректігі мен аңғарымпаз зердесінің арқасында, қаламын қару етіп, көлемді дүниелерді баршаның игілігіне ұсынды. *** Табысты еңбек өзіңе талап қоюдан бастау алады. «Талап қоймасаң, талапты азар» деген қағиданы басшылыққа алып, өзіне ұдайы сын көзбен қарап, уақытын босқа жібермей туа біткен дарынын ұштап, қалт еткен мезетті жазуға арнады. Білімін үнемі жетілдіріп келеді. «Білгенім тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» деп, терең ілімге жетуге ұмтылады. «Қол жеткен табысым менікі емес, көптің игілігіне жарасын» деген қағидамен еңбегін толассыз оқырманға ұсынды. «Барым Отанға, туып-өскен жеріме» деген қағиданы сөзбен емес іспен айшықтады. Қаламына ілінген, «Ганюшкино», «Атыкөл», «Қызылоба», «Қошалақ», «Лаубай» жас журналистің туған еліне арнаған алғашқы сүйіспеншілікке толы сырлы мақалалары болатын. Қанаты қатая ұлт болып қалыптасуымыздың бастауында тұрған Керей-Жәнібек, Әбілқайыр, Абылай, Бөкей хан, Мөңке Темір, Жәнібек, Қасым хан, Ақназар, Бейбарыс, Жәңгір хан сынды тұлғалар жөнінде ғылыми зерттеу еңбектерін жазды. Ел басқарған хандармен қатар елдің тәуелсіздігі мен теңдігі үшін қан майданда қаймықпай күрескен, қол бастаған Байбарақ, Исатай-Махамбет, Үбі, Пыштанай, Тұрман, Алақай және басқа да батырлардың ерлігін сипаттаған мақалалары жарық көрді. Суырыла сөз бастаған Малайсары, Сырым Датұлы, Бөкен би сияқты күміс көмей шешендердің билік сөздерін өнеге етті. Халқымыздың ежелгі өнеріне бойлай еніп, іштегі мұң-зарын күй тілімен жеткізген дәулескер күйшілерді ортамызға әкелді. Күй өнерінің шыңы болып есептелетін Құрманғазы бабамыздың ұстазы Ұзақ күйші, өз тұсында Боғда Қараұлының шәкірті саналатыны туралы айғақтар жинақтап, күйшілік дәстүрдің үш ұрпағын көркем дәріптеді. Өз зерттеуімен, энциклопедиялық деректерге сүйене отырып, Соқыр Есжан, Баламайсан, Дина Нұрпейісова, Түркеш Қалқаұлы, Сейтек Оразайұлы, Мәмен Ерғалиұлымен қатар, халыққа кеңінен танылып үлгермеген Есжанов Ерғали, Хайрошев Ғилман, Қонаш Айсаұлы, Мұқатов Сабыр, Сүлейменов Меңдіғали, Меңдіғалиев Қисмет, Зәмзәм Есжанов және басқалары туралы мақала мен кітаптарды дүниеге әкелді. Біздің замандасымыз, Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры Бақыт Қарабалина жөнінде зерттеуін ұсынды. Бодандық бұғауында бұлқыныспен күрескен батырлар мен даралар да қаламынан тыс қалмады. Уәлихан Танашев, ағайынды Шынтаевтар, Республиканың алғашқы прокуроры Шапхат Бекмұханбетов, Сталинге хат жазған бесеудің бірі Мүтәш Дәулетқалиев, Бөкей ордасының комиссары Бақтыгерей Құлманов сынды Алаш азаматтарын ашқан. Қазақ елінің өнегелі тұлғасы, Еділ-Жайық арасында ХІХ ғасырда басқару жүйесіне белсене араласқан этнограф, ғалым, ағартушы Мұхамбетжан (Мақаш) Бекмұхамедов жөніндегі зерттеу еңбегі заманымыздың дара туындыларының бірі десек, артық айтқанымыз емес. Шығармашылық жолында 150-ге тарта аса құнды ғылыми-зерттеу мақалалары жарық көрсе, Қазақ хандығының ұйысу тұсындағы орталығы Сарайшық қаласын зерттеуі – ғылыми айналысқа алғашқы енген еңбек. Терең ой, қалтқысыз беріле атқарған азаматтық парызының айқын бедері – мазмұны терең, маңызы жоғары 40-қа тарта кітап. Олардың қатарындағы оқырманды еліктіріп, бас алдырмай оқуға жетелейтін «Еңбек зейнеті» (1980 ж.), «Мақаш-әкім» (1992, 2001, 2005, 2010 ж.ж.), «Өтті ғой соғыс» деректі повесть (1995 ж.), «Құныскерей» (2002 ж.), «Парыз» (2006 ж.), «Аналар асыл жандар» (2009 ж.), «Алаш аңсаған азаттық» (2011 ж.), «Еділ жайлаған қазақтар» (2012 ж.), «Құрманғазы» (2013 ж.), «Із тастап аққан жұлдыздар» (2013 ж.), «Сибағат» (2013 ж.), «Атырау қаламгерлері» (2014 ж.), «Қаһарлы жылдар» (2015 ж.) «Бөкей хан» (2015 ж.), «Шекара асқан ағайын» (2018 ж.), «Шабыт» (2018 ж.) және басқалары. Қаламгерге тән ерекшелік: шұбалаңқы сөздер мен пікірден ада, баяндар мәселесі анық, суреткерлік шеберлігі жоғары. Оқиғалар бір-бірімен үйлесіп, қоғам мен адамдар арасындағы байланыс жымдастырылған. Негізгі желіден аумай, ұзын-сонар жалықтыратын теңеулерге бой алдырмай, жеңіл иірімдермен толық баяндайды. Ұлтжанды азамат ұлтымыздың әлем­дегі уәкілдерімен кездесіп, сырласты. Әр қиыр­дағы халқымыздың тіршілігі мен өмірлік ұста­нымдарын зерделеді. Дүниежүзі қазақта­ры­ қауымдастығының мүшесі, Атырау облысындағы басшысы ретінде Ресейдің бес облысы Қалмақ республикасындағы туыстарымыздың тұрмы­сымен танысты. Олардың дәстүрімізден ажырамай, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, ежелгі мәдениетімізден қол үздірмес үшін белсенді қызмет атқаруда. Бабалар жолының көмескіленген тұстарын жаңғыртып жеткізді. Терең де мазмұнды әдебиетімізбен сусындатып, жаңарған мәдениетімізді насихаттап күнделікті қолданысқа енуіне септігін тигізіп келеді. Қарыштап дамыған тәуелсіз қазақ елінің қол жеткен табыстарын паш етіп, мерзімді басылымдарды жеткізуде жазушы, ақындарымыздың тың туындысымен таныстыруда. *** Өтепберген мырза келбеті келіскен, көңілі кең, дария пейіл, ізгілікті жан. Онысын берік ұстанымымен, байсалды бейнесімен дәлелдеп келеді. Мақаш әкім жөнінде тұңғыш кітап Мақаш Бекмұхаммедов атындағы ұжымшардың тапсырмасымен кейіннен 3 мәрте толықтырылды. Сол кітаптың желісінде кей тұстары өзгеріссіз көшіріліп, бірнеше автор жеке еңбектерін шығарды. – Өтеке, мына азаматтар сізден толық көшіріп алғандай емес пе? – деген сауалға: – Оған реніш жоқ. Баршамыздың мақсатымыз – Мақаш әкімді халқына кеңінен таныстыру ғой. Ол кісі жөніндегі деректерді ел аузында жүрген әңгімелерден жинақтадым. Ортақ құндылық, бірақ менің еңбегімнен алғанын ескертуге жарамағандығын түсінбедім, – деп риясыз пейілмен жауап берген. Ол өзінің ықыласпен зерделеп жүрген тақырыбына ортақтасқан жанға таршылық жасамайтын. Қолындағы бар ақпаратпен бөлісіп, басқаның да шабытын шыңдағанының талай рет куәсі болдым. Ол ұлыларымызды дәріптеу арқылы өз атын шығаруға ұмтылмай, еңбегі арқылы өткен даналарымыздың мерейін көтеріп, халқына таныстыруды мақсат тұтты. «Өзіме болған өзгеге де болсын» деп тұратын, іштарлықпен қызғанатын емес, кеңдікпен қызығатын жан екенін айғақтамай түсінесің. Ондай шарапатын көргендердің бірімін. Дамылсыз ізденіс пен қажырлы еңбегі ескерусіз қалмады. Оның қарымды еңбегі көптеген марапаттармен атап өтілгенін де айта кетейік. Солардың кейбіріне ғана тоқталсақ, ол Н.Жантөрин, Х.Доспанова атындағы медальдің, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің, «Құрмет» ордені және өзге де мәртебелі марапаттардың иесі. Сонымен қатар Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының ­лауреаты, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар мен Журналистер одақтарының мүшесі. Әр марапат пен атақтың астарлы баяндары бар. Ең бастысы қай-қайсы да ұйқысыз өткізген түндердің, тер төккен ерен еңбектің нәтижесінде берілген дүниелер болатын. «Жақсы әйел – ырыс» демекші, жан-жары Назира азаматының күйін келтірді, бабын тапты. Алған асуына, тындырған ісіне бірге қуанды. Жақсы жандармен үйірлесуге жағдай жасады. Мазасыз күндердің, ұйқысыз түндердің жүгін бірге көтерді. Әке атандырып, сәбидің балғын иісіне құмарын қандырып Жаннұр сынды ұл, Әсел, Айнұр есімді қыздарын дүниеге әкелді. Олар да жетіліп, өз еңбегімен өмір-өзенінде еркін жүзіп келеді.

***

Академик-жазушы Өтепберген Әлімгереев «Білгенім тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» деп жасы 70-ке келсе де ізденуден жаңылмауда. Шежірелі елдердің, ірі қалалардың мұра­ғатында болып зерттеу жүргізбесе де ұлан-ғайыр даладағы бабалардың қорымын ерінбей-талмай жаяу аралап жүріп өзіне белгілі тәсілмен зерделеуді тоқтатқан жоқ. Лайым, ұлт руханиятына жасаған игілікті әрі сүбелі еңбектері қазақ дейтін қалың елдің келешегі жарқын болуына қызмет ете берсін деп тілейміз.

Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

Құрманғазы ауданы Атырау облысы

819 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы