• Әдебиет
  • 20 Маусым, 2019

Жақсының өнегесін үкілеген

Елдің де, жердің де абырой-беделін көтеретін – жақсы-жайсаңдары, көргені бар, көңілге түйгені мол зерделісі, пенделіктен ада зерегі, өнерлісі, төрт жағынан да төмендігі жоқ өрен жүйрігі. Бұл тұрғыдан келгенде, ән әлемінде желмаядай желген, шоқтығы биік шоң Садықожа Мошанұлы ойға оралары хақ. Мұндайда тау суындай таза үнімен баурап алатын «Сары бидай» әні есіңе түседі. Түсіп қана қоймайды, сонымен бірге ол біраз таланттардың талабын ұштағаны да ақиқат.

«Біздің ауыл Кетпеннің етегінде, Ерте шықсам аулыңа жетемін бе? Сары бидай, Сағындым қалқам, Ауылыңды-ай!» дегенде жер бедері, тау сілемі, сағыныш лебі алдыңнан еспей қоймайды. «Қойды басым арылмай бұлттан бір күн, Сенсіз жалған секілді өмір шіркін» деп қайырманы қосып әуелеткенде тағдырдың қия тартар тартысын, бірақ ол от сезімді өшіре алмайтынын сөзбен үнді қатарластырып: «Ат арылтып алыстан барғанымда, Ақмаралдай керіліп шықсаң шіркін» деген үмітті үкілеп, қалаулысының алдына тартады. Біз бұл әнді неге дәйекке келтіріп отырмыз. Себебі бұл ән мұңды естілгенмен, ішкі иіріміндегі рухыңды серпілтіп жіберетін қуаты қаншама ұрпақтың көңіл күйін тербеп, жігерін жаныды, қанат бітіріп, қандай кедергі болса да қырандай алысты болжауға, күйреуік болмауға баулыды. Садықожаның «Сары бидайын» айтқан толқын-толқын ұрпақ өсіп шықты. Алғаш халық әні деп жүрді жұрт. Соны естіген бір қарияның: «Тәйт, бұл әлгі Мошанның баласының әні, аты, жаңылмасам, Садықожа болуы керек» дегенін құлақ шалған. Желпілдеп жүрген балаң кезде қарияның сөзіне терең бойлай қоймадық. «Мошан кім? Садықожа кім?» деген сұрақты қарияға қою ой түгіл, санаға да кірмегені рас. Оқымаса да тоқығаны мол, кеуделері күмбірлеп тұратын ұлттық қасиеті керемет сол асылдар керуені өтіп кеткен соң, «әттең-ай» деп бүгіндері өкінетініміз бар. Өкінгеннен келер пайда жоқ. Мына елең-алаң заманда қолдағы барды қолдыратпай сақтай алсақ, есеміз кетпес еді. Несін жасырамыз, ұлт руханиятының алтын діңгегін әнсымақ нөпір басып барады. Талғам таразысы жеңілдеп кетті ме, соған қол соғып, мәз болатынымыз да ақиқат. Бұл ойлы жанды ойландырса, қане? Сол Садықожадай саңлақтың өнерінен өркен жайған бір азамат – Молдасан Шәпиұлы. Қазақ жақсының атын кейде тура атамайтыны бар. Оған бір дәйек, Молдасанды ел-жұрты Мотан деп кеткен. Өзіндік болмысқа бай Шәпиұлы негізгі мамандығы бойынша – ұстаз. ҚазМУ-дың филология факультетінің түлегі. Бүкіл саналы өмірін ұрпаққа білім беруге, тәрбие үйретуге арнаған. Қарапайым мұғалімдіктен мектеп басшылығына дейінгі жолдан өткен. Мыңдаған шәкірттің қалаулысы, ақылшысы болып саналады. Ал өлең мен өнер оның қос қанаты секілді. Кезінде Садықожаның «Сары бидайын» Шәпиұлы шырқағанда өзгеше шырай беретінін талай естігенбіз. Үлгі тұтқан өреннің өмірін жұртқа жеткізіп, артында қалған «Сары бидайдан» өзге «Ахау, Айым», «Ахау, қалаулы-ай», «Ей, ахау» әндерін де әрін кетірмей, сыры мен сынын бұзбай өз қалпында айтуға қосқан үлесі ерекше деп білеміз. Табиғат бір өңірде өскен соң ба, оның да бойынан Садықожаның рухы, туындыларындағы болмыс менмұндалап тұрады. Молдасан Садықожадай саңлақ композитордың әндерін орындап, насихаттаумен қатар, көркем дүниеде де оның тұлғасын сомдап келе жатқан қаламгер екенін де айта кетелік. Садықожаның тек-тамыры, өнердегі өзіндік жолы, соқпақтары Шәпиұлы шығармаларында әдемі суреттеледі. Ондай дүниелер мерзімдік басылымдарда шығып қана қоймай, жеке кітаптарынан да орын алып келеді. Кітап дегеннен шығады, өлеңге де олжа салған ұстаз-қаламгердің «Ақтілек» деген жыр жинағындағы өлеңдерді бейжай оқи алмайсың. Бүгінгі өмірдің көрінісімен қатар, өткен жылдардың түрлі соқпақтарын, әсіресе жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарындағы алапат аштықты, қуғын-сүргінді поэмаларында нақты мысалдармен көрсетіп отырады. Азапты күндерді бастан кешкен әке тағдыры жайлы поэмасында әкесінің: «Үзіп-үзіп естіліп демі мүлдем, Үзік-үзік сыр айтып өмірінен» деп бір түйіп тастап, «Ұзамас байқағанда күш шамасын, Қасына шақыратын үш баласын» дейтін әкем: «Байлыққа қызықпаңдар, Қарақшы ұры-қары сұқтанатын» деп дүниенің құлы емес, ұлттың ұлы болуды өсиет еткенін есіне алады. Сол секілді жезтаңдай әнші, үні бөлек, көпте кездесе қоймайтын сыршыл сазгер Дәнеш Рақышевқа арнаған «Мақпал-ау, Мақпал!» поэмасы да – соқталы дүние. «Мақпал-ау, Мақпал! Мақпал-ау, Мақпал! Әй-әй бөпем, Үкілі қоңыр ала үйрек секілдім-ау! Көре алмай дидарыңды өкіндім-ау!» деп аспандағы аққумен қанаттаса отырып ән әуелеткен Дәнеш үнін құлағыңа әкеліп, одан кейін болмысы бөлек әншінің арғы-бергі кезеңдегі жүрген жол, кешкен дәуренін тізбектей келіп, «Сайрам көлдің суы көк, көктен де көк, Төрт жағын тау қоршаған дөп-дөңгелек. Аз толмаған кеседей орталанып, Көрінер көзге әсем шеттен бөлек» деп шекараның арғы бетіндегі қазақтың бір шұрайлы жері, сулы-нулы жері Сайрам көл сағасын, оны төңіректей қонған ұлт ұрпағының ұланын келістіре бейнелеген. ­Молдасан Шәпиұлы ­проза жан­­рынан да құралақан емес. Оған оның «Бессала» атты көлемді кітабы мысал бола алады. Кітаптағы әңгімелер мен хикаялардың қай-қайсысы да тартымды. Ел суреттерін ескірмейтіндей етіп баяндайды. Әсіресе, «Аңшының әңгімелері» деген бөлімдегі шығармалардың тілі көркем, оқиғасы тартымды. Жақсының шарапаты кімге де болса шуақ шашады, қадірін білмей бітеп алған бастау болса – көзін ашады. Шәпиұлының бойындағы әншілік өнермен қатар, ән шығару талабына Садықожаның әсері аз болмағаны анық. Оны өзі де мойындайды. «Садықожадай дара дарын есіме түскенде небір әуен ойыма оралып, құлағымның түбінде бір сырлы сарын тұрады. Соның нәтижесі шығар, Хан-Тәңірінің қыран ұлы Мұқағалидың «Дариға жүрек» деген өлеңіне ән туды, оны қазір белгілі әншілер орындап жүр» дейді. Ал «Жанымдасың», «Керімсал», өзге де әндері жұрт аузында жүр. Ұстаздық жолын өнерге, одан өлеңге, одан көркем сөзге ұштастырған Молдасан Шәпиұлының соқпағы өз қадамынан басталғанымен арғы жағында Садықожадай саңлақтың үлгісі жатқаны, соны сабақтағаны анық. Мұны жақсының өнегесі, жалғасар жолының бір торабы десек жарасады.

Сүлеймен МӘМЕТ

1040 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы