• Тіл
  • 20 Маусым, 2019

БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Ана тілі! Осынау сөзде қаншама мән-мағына жатыр десеңізші. Санамызда тұнып тұрған ойларды әспеттеп жеткізу, ойымызды анық айту – осының бәрі тіл арқылы жүзеге асады. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де рас. Бұл – нағыз патриоттың қазақ жеріне,  мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді. Осы орайда ұлттың жаны болған тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің пікірін білген едік. 

Симузар КУРБАНОВА, Алматы облыстық сотының судьясы: – Қазақ мемлекетінде тұрып қазақ тілін білмегеніме қатты ұялдым. Сондықтан тілді меңгеруге барынша тырысып бақтым. Қазақ тілі – өте бай, әуезді, әдемі тілдердің бірі. Тілін біліп, сол халықтың салт-дәстүрі мен дініне құрмет көрсету – ең басты құндылық деп санаймын. Алғашында қазақ тілін үйрене бастағанымда дыбыстардың үндестігі ұнады. Мағыналық стилі де өте маңызды. Қазір өз ойымды қазақша еркін жеткіземін. Біздің кезімізде орыс тіліне басымдық беріліп, қазақ тіліне көңіл бөлінбегені жасырын емес. Елбасы Н.Назарбаев үш тілді білуді міндеттеді. Болашақта жастарымыз үшін бұл үлкен бәсеке болмақ. Өз басым, өзге тілді білетін адам бай адам деп ойлаймын. Себебі тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, танымы кеңейеді. Өзімнің балам да қазақ мектебін тамамдады. Немерелерім міндетті түрде қазақ тілінде сөйлейтін болады. Оған кәміл сенемін.

Олеся ТАДЖИЕВА, блогер: – Мемлекеттік тілін меңгермеген ел толыққанды мемлекет бола алмайды деп ойлаймын. Қазақ тілін біліп, түсінуім қоғамға бейімделуіме көп көмектесті. Көбі тілді түсінбейтін шығар деп ресми сөйлеседі. Бұл, өз кезегінде, біздің халқымыздың татулығы мен кеңпейілдігін көрсетеді. Мен қазақ тілін түсініп қана қоймай, ойымды да жеткізе алатынымды мақтан тұтамын. Баламды да қазақ тіліне үйретудемін. Енем қазақ ұлтынан болғандықтан, немересіне қазақша сөйлеуін сұрадым. Қорыта айтқанда, баланың жастайынан тілге деген құштарлығын ояту қажет. Бұл олардың болашақта қымсынбай, еркін тіл табысуларына ықпалын тигізері сөзсіз.

Михаил ЦОЙ, «Ж.Жанекенова атындағы жобалау институты» ЖШС инженер-жобалаушысы: – Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен дарып, қалыптасатыны белгілі. Қазір көптеген жастар ана тілін дұрыс білмейді. Ауылдық жерде жақсы, қалалық жерлерде тіл құнарлылығы сұйыла түскен. Өз басым қазақ тілін түсініп, адамдармен қарым-қатынаста еркін қолдана аламын. Менен қазақша сұраған жандарға қазақ тілінде жауап қайтаруға тырысамын. Сөзімнің түйіні: әрбір азамат мемлекеттік тілді білуі тиіс емес, міндетті.

ТҮЙІН: Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстандықтардың басын біріктіруші фактор — қазақ тілі, сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін баршамыз бірігіп көтеруіміз керек» деген болатын. Сондықтан да қазақпен қазақша сөйлесіп жүрген өзге ұлт өкілдері – туған тілінде шұбарлап сөйлеп, ана тіліміздің қасиетін түсіне алмаған жандарға үлгі.

Е. ҚАБДЕШ

Алматы облысы

769 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы