• Тарих
  • 20 Маусым, 2019

ҚАЙСАР ХАТШЫ НЕМЕСЕ СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫ ТУРАЛЫ ЕҢ АЛҒАШ ДАБЫЛ ҚАҚҚАН КІМ?

Биылғы жылы Семей полигонының ауыр қасіретті зардаптары туралы тұңғыш жанайқайға алпыс жыл толып отыр, көпшілік бұл тарихты біле бермейді, тіпті «Невада-Семей» қозғалысының басшылары да ауыздарына алмайды... Осы сәтті пайдаланып, Абай, Шәкәрім, Мұхтар мекен еткен қасиетті рухани өңір тарихында өшпес із қалдырған, ғасыр зұлматына қарсы алғаш үн қатқан, сол үшін биік лауазым – облыстық партия комитетінің І-хатшылығынан кеткен Мұхамедғали Әленұлы Сужиков туралы бір үзік сыр шерткім келеді. М.Сужиков Семейге 1958 жыл­дың қаңтарында ауысты. Саяси еңбек жолын 1938 жылдары Сталинград және Астрахань облыстарының партия-кеңес органдарында басшы қызметтерден бастап, 1945-1948 жылдары БК(б)П Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болған еді. Соңғы қызметі ­Қы­зылорда облыстық партия коми­тетінің І-хатшысы болатын. Әр кезде халыққа етене жақын болып, содан рухани күш алған, Орталық Комитетте мәселелерге республикалық дең­гейде баға беріп қалыптасқан, Сыр бойында нағыз кемеліне келіп шыңдалған жаңа басшы өзгеге ұқсай бермейтін жаңа өңірдің жұмысына ерекше жігермен кіріседі. Бірақ күндердің күні қызметінен кетуіне негізгі себеп осы Семейдің сынақ по­ли­гоны болатынын ол кезде өзі де, өзге де білмеді.

Патшалық отарлық жүйені саяси жағынан жалғастыра түскен Кеңес өкіметі 1947 жылы ежелгі қазақ жерін сынақ алаңына айналдырып, жергілікті халықты тәжірибе нысаны еткен еді. Әрине, жаңа басшы бұл жөнінде нақты біле қоймаса да, хабарсыз болмады. Бірде, әдеттегідей, түн ортасына дейін отырып қалады да, таң атысымен қызметке оралғанда өз көзіне өзі сенбейді: обком ғимаратында бірде-бір әйнек сау қалмаған. Бұл жер бетінде кезекті сынақ өткізілгенде болатын дағдылы құбылыстардың бірі еді. Қызметкерлер де мұны ақырын айтып, жан-жағына сақтана қарап мәлімдейді екен. Сірә, олар осыған дағдыланса керек. Ал үйлерде бұл түн­дері өрт шығатын көрінеді. Себебі сол бір құпия қарудың нәтижесінде пайда болатын қысым пештегі шоқ­тар­ды сыртқа лақтырып жіберетін көрінеді. Арада біраз уақыт өткеннен соң академик Сайым Балмұхановтың радиацияның адам ағзасына әсерін зерттеген экспедициясынан мағлұмат алады. Зерттеу нәтижелері аса құпия ұсталған. Бұл М.Сужиковке Орталық Комитеттің мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болғаннан кейін ғана құпия күйде тиеді. Кейін С.Балмұхановтың өзімен кездескенде ол ақ қан ауруының, қатерлі ісіктердің, әсіресе полигонға жақын Абай, Мақаншы, Үржар аудандарында адам төзгісіз дәрежеде кең тарағанын айтады. М.Сужиков 1991 жылдың 20 шіл­десінде «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Үшінші дүниежүзілік соғысқа арналған бомба» деген көлемді сұхбатында жұмыс барысында, аудандарды аралағанда адамдардың денсаулығымен танысып, өз бетінше ақпарат жинағанын айта келіп, былай дейді: «Жағдайды көбірек білген сайын, іштегі қауіп те ұлғая түсті. Өйткені жүздеген мың адам радиацияның шектен тыс мөлшеріне душар болғанымен тұрмай, еліміздегі аса ірі Семей ет комбинатының өнімдері, оның ішінде балалар гема­тогені де залалданған күйде шар­тарапқа жөнелтіліп жатты». Академик С.Балмұханов өзінің «Атомный полигон моими глазами» деген мақаласында Семей облыстық партия комитетінің І-хатшысы М.Сужиковтың кабинетінде бірінші кездескендерінде Полигон өкілі бұрын дайындалған мәліметтерін айтып, сол кездегі байқалған симптомдар мен синдромдардың негізгі себебін витаминдердің жетіспеушілігімен, тұрғындардың бруцеллез, туберкулез, т.б. аурулардың ауыр күйімен түсіндіріп, сынақтың тікелей зардабына шаң тигізбейді. Қарсы жақтың бұған ол кездері дәлелдері бола қоймады. Өйткені қолда тұрғындардың тамақтарындағы витаминдердің жетер-жетімсіздігі туралы ешқандай мәлімет жоқ болатын. Кейін Ғылым академиясымен бірігіп арнайы құрылған, бірақ жоғарғы жақтың қысымымен таратылған экспедицияның арқасында Қарағанды облысының Шұбартау ауданы және Ақтоғай ауылымен салыстыра отырып, Саржал, Қайнар, Қарауыл елді мекендеріндегі сыртқы даланың, тамақ өнімдеріндегі радиоактивтілікті зерттегенде, оның, әсіресе қой еттерінде, сүт өнімдерінде ерекше жоғары екендігі байқалды. 1959 жылғы мамырда өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессия­сында М.Сужиков КСРО Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының маршалы Р.Малиновскиймен арнайы жолыққан. Ол өтініш иесінің азаматтық бейнесін танып, әрі оның депутат екенін ескеріп, әдеп сақтап, осындай кездесуге мәжбүр болады. Әңгімеде әскерилердің ­Абыралы мен Май аудандары тұрғындарының тұрақты мекендерінен қуылып, баспанасыз қалғандары, ешқандай көмек берілмей, тұрмыстарының әбден нашарлағаны айтылады. Академик С.Балмұханов экспедициясының мағлұматтарын келтіреді және өзіне полигонға баруға жол ашуын сұрайды. Арада біраз уақыт өткен соң атом бомбасын сынаумен айналысып жүрген әскери бастық обкомға келеді. Содан М.Сужиков Семей ядролық сынақ полигонының орталығы Курчатов қалашығына келгенде түсінде көрмегенді байқап, жағасын ұстайды. Осы заманғы үлгіде салынған тамаша қалада ондаған мың адам миллиардтаған қаржыны шығындап, сынақ үшін қызмет етіп жатыр. Олар «Бұйым» деп атайтын қару сақталатын орындарда да болады. Ғалымдармен, офицерлермен әңгімелеседі. Сөйтіп, сұрақтарға тек нұсқау бойынша және аға бастықтың қатысуымен жауап алынады. Ең құпия деген әңгімелердің өзінен де біраз нәрсе белгілі болады. М.Сужиков обкомға қайтып оралысымен бюро мүшелерін шақырып, академик С.Балмұхановтың экспедиция­сының нәтижелерін де, маршал Р.Малиновскиймен кездескенін, полигонда көргендерін түгел баяндайды. Олар мұның бәрін өзіміз де білеміз деседі. Туған мекенінен қуылған адамдардың қандай халде екенін де, ақ қан ауруы, қатерлі ісікпен ауырғандардың пайыз мөлшері жөнінде де, іштен кемтар болып туу оқиғаларының жиілеп бара жатқанын да білетін көрінеді. Бірақ бұл іске араласа алмайтынын обком бюросының бірқатар мүшелері айтып, оның ішінде ІІ-хатшы мен облаткомның төрағасы: «бұл біздің мәселе емес, құпия іс, үлкен басшылар өздері білсін» деседі. Содан обкомның құпия секторының меңгерушісін шақырып, Семей полигонына қатысты қандай да бір мәселемен кімнің кімге өтініш не хат жазғаны жөнінде мағлұматтың бар-жоғын анықтауға тапсырма береді. Бір апта іздейді, ештеңе табылмайды. Қайсар басшы істі кейінге қалдыр­май, Семей полигонындағы атом және тер­моядролық қаруды сынаудың зар­даптары туралы КПСС Орталық Комитетінің І-хатшысы Н.Хрущев пен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің I-хатшысы Н.Беляевке құпия хат жолдайды. Оған байланысты КСРО Министрлер Кеңесі хатты қарап, жергілікті халыққа аз да болса материалдық және медициналық көмек көрсету жөнінде құпия қаулы қабылдайды. Бұл алғашқы бомбаны сынағаннан он жыл өткен соң ғана қабылданған тұңғыш шара еді... Алайда көп ұзамай мәлім болғаны – жоғары жақтағылар, Мәскеу де, Алматы да хатты мейлінше теріс қабылдайды. І-хатшы М.Сужиков жөніндегі көзқара­сын күрт өзгертеді. Оның көрінісі 1959 жылы Семей облысы мемлекетке ет және басқа ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру мен сатуда жоғары көрсеткіштерге жетіп, социалистік міндеттемесін орындап шыққанда байқалады. Облыстағы еңбек ерендері түрлі дәрежедегі ордендер алып жатқанда КСРО Жоғарғы Кеңесі М.Сужиковті «Еңбектегі ерлігі үшін» («За тудовую доблесть») медалімен ғана марапаттайды. Ол кезде мұндай жетістіктер үшін облыстың партия ұйымдарының бірінші басшылары ең кемі Еңбек Қызыл Ту орденіне ие болатын... Біз осы аса құпия хатты көп іздедік. ­Республика мұрағаттарынан таба алмадық. Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси және Ресей мемлекеттік жаңаша ­тарих мұрағаттарының директорларының аттарына сұрау салдық. Бірақ олардан мұндай құжаттың жоқтығы туралы ­жауаптар алдық. 2009 жылы Мәскеуде болғанда Ресей мемлекеттік жаңаша тарих мұрағатының бөлім меңгерушісі маған «Бұл құжаттар Президенттің мұрағатында құпия сақталуы мүмкін. Ол біздің қолда жоқ» деді. Сонымен, хаттан үміт жоқ болды, іздегеніміз таптырмады. Бірақ оның жазылғаны туралы М.Сужиковтің 1991 жылы «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Үшінші дүниежүзілік соғысқа арналған бомба» және 2001 жылғы 23 тамызда «Ана тілі» газетінде басылған «Хрущевке хат жазған себебім...» деген сұхбаттарында айтылған еді. Осы хаттың тарихы туралы әңгімені академик С.Балмұханов ағамызбен арнайы әңгімелескенде де естігем. Семей сынақ полигоны туралы хат арқылы Мұхаң өз тағдырын өзі шешетінін білді, бірақ жергілікті халықтың жағдайын көріп, үнсіз, әрекет етпей отыра алмады. Дегенмен, құпия мәселемен қайсар хатшыны орнынан босата салудың ол кезде реті келмеді. Мәскеу де, Алматы да алақандарын уқалап, осының сәтін күтті. Оның орайы Қазақстан Магниткасы аталған Теміртаудағы құрылыста болған атышулы оқиғамен байланысты келеді. Мұнда сырттан, оның ішінде сотталғандарды, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарды мыңдап әкеліп тыққан болатын. Адам хәлінің қиындығы сондай бір стакан судың өзі проблемаға айналады. Қала бір апта көтерілісшілердің қолында болып, олар мәселенің бәрін өздері шешіп, барлық дүкендерді, ресторандарды, азық-түлік қоймаларын ашады. Бұл «Теміртау трагедиясы» 1960 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы жабық Пленумында «Қарағанды металлургия зауыты құрылысындағы істің жағдайы туралы» деген күн тәртібімен қаралады. Пленумда сөз сөйлеген М.Сужиков Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ­бюросын принципті мәселеде партия­лық пайымдылық танытпағаны, басты мәселені екінші дәрежедегі мәселемен алмастырғаны үшін қатты сынайды. Ол бюроның басты кінәсі, ең алдымен, облыстық партия комитетінің І-хатшысын сәтсіз таңдауда болғанын айта отырып, Қазақстанның аса ірі аймағының басшылығы тиісті мектептен өтпеген, бірінші басшылық қызметте тәжірибесі жоқ екенін, басқа ұйымнан шақырылғанын, республиканың ерекшеліктерін білмейтінін айтып, таза функционердің басшылыққа қалай және кімнің ықпалымен келгенін түсіндіру ­керек еді дейді. Осындай жағдайлардан ­облыс басшылығында І-хатшы П.Исаевтың кінәсінен бюро мүшелерінің арасында алауыздық пен жікшілдік пайда болғанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросы кезінде тиісті шешім жасай алмағанын да атап көрсетеді. Пленумнан кейінгі келесі күні-ақ Мәскеуге «Семей обкомы хатшысының ұлтшылдық сипаттағы сөзі» жайлы хабар жедел жетіп үлгереді. Апта өткенде тиісті нұсқау алған КПСС Орталық Комитетінің нұсқаушысы Мәскеуден асығыс ұшып келіп, «ұлтшылды» қырына алып, оның бұрынғы қызмет істеген Ақтөбе, Қызылорда облыстарында болады. Орталық Ко­ми­тетінде хатшылық қызметімен танысады. Осылай үш айға созылған тексерістен М.Сужиковты айыптауға, жұмыстан босатуға негіз болатындай ешнәрсе таба алмайды. Қайда барса да алдынан халық ықыласын танып, қызметтес болғандардың оң пікірлерін естиді. Содан мәскеуліктер мен алматылықтар қайта-қайта жиналып, қайта-қайта ақылдасып, дәл осы кездегі облыстағы мал шаруашылығы саласындағы социалистік міндеттеме­лердің орындалу барысын негізгі нысана етіп алудан басқа амал таппайды. Қисынсызды қиыстыруға тура келеді... Расында, 1959 жылдың жазы да, 1960 жылға қараған қыс та жалпы облыс ауылшаруашылығы үшін өте қолайсыз болған еді. Жауын-шашынның аз болуына байланысты қуаңшылықтан көп аудан, шаруашылықтар малға тиісті жем-шөп дайындай алмады. Қыстың аса қатал болуы­нан мал басының шығыны да аз болмады. Ол тіптен көп болуы да мүмкін еді, бірақ М.Сужиков қыстың зардаптарына қарсы жан-жақты ұйымдастырушылық шараларды жүзеге асырады. Тынбай, малшылар ауылын түгел дерлік аралап, мамандармен кездесіп, күш беріп, облыстың мүмкіндігін толық пайдаланады. Дегенмен, қатал қыстан шыққан малдың өнімділігі де дәл тексеріс кезінде жоспардағыдан төмен болды. Оның үстіне, маусым-шілде-тамыз айларында мал да тойынып, тиісті өнім бере алмаған еді. Міне, осы факторлар дәйекті болмаса да, М.Сужиковты орнынан босатуға лаж етуге болатын. Сондықтан тексерістің қорытындысы дереу КПСС Орталық Комитетінің органы «Правда» газетінде «Сөзі ісіне сәйкес емес» деген мақаламен бағаланып, күн ілгері үкім айтылды. Ертеден қалыптасқан дәстүр ­бойынша, онда шыққан мақаланы ешкім терістей алмайтын. «Правдаға» шықсаң болды, «Бастық болсаң, орынтағыңды босата бер, ауру болсаң, көрге түсер киіміңді ­дайында, басқа жол жоқ» деген қатаң принциптің жүзеге асып тұрған кезі. Аты «Правда» болғанымен жазғанының барлығы шындық болмайтын. Бұл кеңес көсемдеріне қызмет ететін, солардың дегенімен жүретін, соларды мақтап, олардың салқын назары түскендерді даттап отыратын партиялық басылым еді. 1960 жылы 27 тамызда өткен ­Қа­зақ­стан Компартиясы Орталық Коми­тетінің бюросы «Семей облыстық партия комитетінің ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруді көбейту жөніндегі және облыс колхоздары мен совхоз­дарының 1960 жылға қабылдаған социалистік міндеттемелерін орын­даудағы қанағаттанғысыз жұмысы туралы» және осы мәселе жөніндегі КПСС Орталық Комитеті аппараты­ның қызметкерлерінің хаттарын қарап, облыстық партия комитетінің ауыл­шаруа­­шылығын басқарудағы елеулі кем­шіліктері мен қателіктері үшін М.Сужиковты обкомның І-хатшысы және бюро мүшесі міндетінен босатады. Бюро осы шешім мен «Правда» газетіндегі «Сөзі ісіне сәйкес емес» атты мақала облыстық партия комитетінің Пленумында талқылансын деген қаулы қабылдайды. Бұл іле-шала қыркүйектің 3-інде Семей облыстық партия комитетінің Пленумында қаралады. Пленумға жоғары орган қатты дайын­далады және оны жан-жақты жүргізеді. ­Аудан басшылары мен Пленум мүшелерінің қатарынан қатаң талапқа шыдас бермей, кемшіліктен қорытынды шығарудың орнына өкпелілерді іздестіріп, сондай «тісі қышып» жүрген кісілерге күні бұрын қатаң тапсырма, айқын бағыт-бағдар береді. Айла-сұмдықтың бәрін білетін партия органы осындайда сөз сөйлеуге ретін тауып, шындықты белден басатын, қосып айтқанда жүзі жыбыр етпейтіндерді таңдайтын. Мысалы, 1959 жылы облыста социалистік міндеттемесін орындай алмаған жалғыз аудан болғаны үшін І-хатшының қатал сынына ұшыраған И.Машинцев сияқтылардың құдайы беріп қалады. Осындай сәтті көптен күтіп жүрген ол өзінің 10 минуттай сөзінің басынан аяғына дейін Сужиковты барынша қаралайды. Ал М.Сужиковтың байсалды, нақты, дәлелді, түсінікті сөзін Мәскеу, Алматыдан келген жоғары орган өкілдері оның екі жылдан астам қажырлы қызметін жақсы білетін жұртқа тыңдатқысы келмеді. Реті келсін, келмесін жоғарыдан келген басшы «по существу сөйлеңіз» деп ескертіп отырды. Компартия жеке билеген заманда оның айтқанынан басқа болмайтын. Сөйтіп, кеңестік идеологияның түсінігі бойынша ұлтын сүйген, сол үшін ештеңеден тайынбайтын «ұлтшыл» Мұхамедғали Әленұлы Сужиков ердің жасы елуге толуына оншақты күн қалғанда қызметтен кетеді. Анығында ол Семей полигонындағы сынақтарға қарсы шыққаны үшін босатылған еді. Өйткені облыс колхоздары мен сов­хоз­дарының 1960 жылға қабылдаған социа­листік міндеттемелерін орындаудағы қанағаттанғысыз деген баға аймақта қа­лыптасқан жағдайға тіпті сәйкес кел­мейтін. Осы оқиғадан үш айдан соң республикалық, облыстық газеттер Семей облысының социалистік міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындағаны жөнінде рапорт жариялап жатты... Ал әділетіне барсақ, мұның негізі М.Сужиков бас­шылығы кезінде қаланған еді. Аз уақыт ішінде экономикалық секірістердің болуы қиял-ғажайып ертегілер мен киноларда ғана болатыны әркімге түсінікті. Бірақ кешегі кеңестік кезде өмірдегінің барлығы тек саясатпен өлшенетін, саясат қана баға беретін. Басқа адами өлшем, шындықты қастерлеу партиялық билікте бола қоймайтын. М.Сужиков жұмыстан босардан екі ай ғана бұрын, яғни 21 маусым­да өткен Қазақстан Компартиясы Ор­талық Комитетінің Пленумында сөйлеген сөзінде облыстың алдында тұрған үлкен міндеттерді орындау мүмкін­дік­терін жеткілікті жеткізген. Қолай­сыз қыс, әсіресе мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге үлкен зиян келтірген қиын­шылықтарға қарамай Сужиков Пленум мүшелеріне мемлекетке ет пен жүн тапсыру жөніндегі өздерінің міндеттемелерін 1 қарашаға, болмаса 15 желтоқсанға орындаймыз деген. Бұл жай ғана сөз емес, облыстағы жағдайды толық сарапқа сал­ған, мүмкіндіктерді жан-жақты ойлас­тырған, шындыққа негізделген мәлімдеме болатын. Сонымен балалық кезі Ресей мен Қазақ­станның шекарасында өтіп, жігіттік шағы орыс-қазақтың арасындағы қай­наған өзгеше өмірде қалыптасқан М.Сужиковтың ешкімнің бет-жүзіне қарай бермейтін турашылдығы мен қатаң принципшілдігі, оның үстіне оның өз хал­қын шынайы сүйетін «ұлтшылдығы» Мәскеуге де, соның көлеңкесіндей болған кешегі Алматы басшылығына да ұнамады. Кемеліне келген кезде партиялық биік лауазымынан айрылды. Бірақ ол мұның барлығын парасат пайыммен түсінді, өз мүмкіндігін саяси дәрежесі төмендеу болса да кейінгі қызметтерінде барынша көрсете алды. Сөйтіп, ел есінде адал еңбегімен қалды. Рас, өз заманынан оза туған текті тұлғалардың көбінің тағдыры қайшы­лықты, кейде қым-қуыт, қуғын-сүргінде өтетіні ежелден мәлім. Ең қиыны ондай қайсар тұлғаларды сол кездегі билік түсінбейді, көбіне түсінгісі келмейді. Оның себебі билік басындағының немесе белгілі бір топтың өздерінің жеке бастарына лайықтап құруға тырысқан саяси жүйесі ондай тұлғаларға тарлық етеді. Сондай-ақ ондай түсінбеушіліктер билік басындағы тұрлаусыздардың кемтар ой-өрісінен де болып жатады. Бірақ билікпен сәйкес келе бермейтін халықтың да таным-болмысы болатыны аян. Оны ешуақытта, ешкім жұрт жадынан өшіре алған емес. Сол себепті халық өзі үшін күрескен үлкенді-кішілі қайраткерлерді олардың өз биіктеріне сәйкес қастерлейді, қадірлейді. Тарихтың қолайлы кезінде атын қайта жаңғыртады. Арада 60 жыл өткенде Алаштың анасы аталған Сыр бойының Астрахань тумасын жатсынбай, жергілікті басшыларының ұсынысымен қала орталығындағы орта мектепке М.Сужиковтың атының берілуі жайдан-жай емес. Бұл осы кезге дейін аңыздай әңгіме ететін жұрттың шынайы ықыласының көрінісі! Уақыт алыстаған сайын мұндай кесек тұлғалар биіктей түседі. М.Сужиковтың соғыстан кейін Ақтөбеде атқарған сан салалы қажырлы істерін былай қойғанда, бір ауданның аштыққа ұшырайын деп отырғанын көріп, бірінші басшының ырқына көнбей Мәскеуге хат жазып, халықты ашаршылықтан сақтап қалғаны, сондай-ақ шаруашылығы әбден титықтап, кадрлары дауға түсіп, тіпті арнайы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросында қаралған Қызылорда облысын өрге сүйреп, экономикасын арттырып, мәдениетін көтергенін ел әлі аңыз етіп айтады. Семейдегі қасіретті іште сақтай алмай, жергілікті халыққа жасалып отырған қиянатқа төзбей, бұл үшін өзін Мәскеудің кешірмейтінін біле тұра саналы әрекетке барды. Өйткені Мұхамедғали Әленұлының ар-ожданын әркез халық қамы, соның мүддесі мен мұраты басқаратын. Ол өз ойларын Мәскеуге де жеткізіп, тиісті орындар алдына жергілікті, бірақ тағдырлы мәселелерді қоя білді, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумдарында да бүгіп қалған жоқ. Осындай батылдықтары мен ерен еңбегін, халық атын биік ұстанғанын кейін еліміздің үкіметі де мойындады. Осы арада 1999 жылы М.Сужиков 89 жасында қайтыс болғанда жарияланған ҚР Үкіметінің мәлімдемесінен үзінді келтіре кетейік. Онда оның Ұлы Отан соғысы жылдарында Сталинград облысында соғыс аймағы жанындағы қорғаныс мақсатындағы құрылыстар мен ұшқыштар батальонының қалыптасуын ұйымдастырғанын айта келе былай жазылған болатын: «Соғыстан кейін М.Ә.Сужиков Астрахань, Қостанай облыстық партия комитетінде хатшы, Ақтөбе, Қызылорда, Семей облыстық партия комитеттерінің І-хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болып сайланды. Ұзақ уақыт бойы республикамыздағы Баспасөз ісі жөніндегі мемлекеттік комитетті үздіксіз басқарды. Осынау барлық жауапты орындарда оның мемлекет қайраткері ретінде позициясы, шебер ұйымдастырушылық таланты жарқырап көрінді». Иә, Қазақстанның мәдениеті мен экономи­касының дамуына үлкен үлес қосқан, қандай жұмыста болсын биік жауапкершілік пен қажыр-қайрат танытқан, халқының мүддесі үшін еш нәрседен бас тартпаған, іркілуді білмеген, еліне қызмет етудің ерен үлгісін көрсете алған қайсар хатшы – Мұхамедғали Әленұлы Сужиков осылай үлкен лауазым­нан айрылған болатын. Мемлекеттің қоғамға және жеке адамға толықтай әрі тұтас бақылау орнатуымен сипатталып, айқындалатын тоталитарлы саяси жүйеде басқаша болмайтын, басқаша болуы да мүмкін емес еді...

P.S.

Мұхамедғали Әленұлының атасының қазақша есімі – Шөжік. Сол Шөжік ныспылы тұлғаның құжатын тілінің «мүкісі» барлар Сужиков деп жіберген, өмір бойы Сужиков болып өтті, амал жоқ... Шөжік – теңіз жағасындағы көлдер мен бұғаздарды бөліп тұрған аққұмда өсетін бидайға ұқсас шөп. Кезінде оны астрахандық қазақтар орып, әбден кептіріп, диірменге тартып, ұн ретінде пайдаланған.

Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылымының докторы, профессор

1662 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы