• Руханият
  • 20 Маусым, 2019

ЖАҚСЫ ТӘРБИЕДЕН АРТЫҚ СЫЙЛЫҚ БОЛМАС

Еркінбек қажы ШОҚАЙ, ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы

Атам қазақтың: «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөзін өмірлік ұран еткен халқымыз қашан да ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағына үлкен жауапкершілікпен қараған. Әсіресе, жас жеткіншектеріміздің ерте бастан, тіпті жөргегінде-ақ үлкен азамат болып қалыптасуына қам жасап, жол көрсете білген. Осы ретте Хәкім Абайдың: «Баланың жақсы болмағы бірінші – ата-анасынан, екінші – ұстазынан, үшінші – құрбысынан» дегенін ескерсек, еркін ойлы, асқақ рухты, білімді де тәрбиелі, бәсекеге қабілетті, ұлтжанды ұрпақ тәрбилеуде аталған үш негіздің маңыздылығын көреміз. Әрине, ең алдымен, баланың тәрбие бесігі – отбасы мен ата-анасы екені мәлім. Бала үшін ата-ананың тәрбиесін ешнәрсе алмастыра алмайды. Мұны дана халқымыздың: «Алты аға бірігіп, әке болмас, жеті жеңге жиылып, шеше болмас» деген ұлағатты сөзінен аңғарамыз. Ал екінші кезектегі тәрбие бесігі – мектепке дейінгі тәрбие мекемелері мен орта және жоғары білім беру ошақтары, сондай-ақ ұстаздар. Абай айтқан «баланы жақсы қылатын құрбы» болса, ол өмір сүру кезеңінде ауадай қажет фактор екені рас. Сондықтан баланы жастайынан жан-жақты дамытып, жақсы қасиеттерге баулу – мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен әлеуметтік құрылымның ең маңызды міндеттеріне жатады. Осы орайда біз мектепке дейінгі тәрбие бесігі болған балабақшалардың баланың тұлға ретінде қалыптасуына, ақыл-ойы мен интеллектуалдық қабілетін дамытуға, ерік пен сезім белсенділігін қалыптастыруға үлкен әсері барын айтсақ болады. Хәкім Абай жетінші қара сөзінде баланың өмірге екі түрлі болып келіп, екі түрлі мақсатта өмір сүретіндігін айтады. Яғни бір бала тек ішсем-жесем деп, нәпсі мен тән қажеттіліктерін ғана өтеп, «жүректе қайрат болмай, ұйықтаған ойын оятпай, ақылына сәуле қонбай, хайуанша жүріп күнелтетінін» тілге тиек етеді. Бұл – тән құмары. Ал екінші бала білсем екен, танысам екен деп тұрады дейді. Ал мұны ол жан құмары деп атайды. Сонымен, баланың жан құмарын қанағаттандырып, толық адам, кемел азамат, жан-жақты толысқан тұлға етіп қалыптастыруда отбасы мен ата-ананың тәрбиесінен бөлек, мектепке дейінгі мекемелер мен балабақшалардың орны ерекше. Өйткені қазіргі таңда балалар тез жетілу үстінде. Сондықтан балалардың заман талабына сай, бәсекеге қабілетті болып өсулері үшін үздіксіз даму үдерісі қажет. Ал мұндай қызметті қазіргі таңда, белгілі бір мөлшерде, соңғы үлгідегі білім инновацияларымен жабдықталған, баланы жастайынан қоршаған ортамен қарым-қатынасын реттейтін, еңбек пен жасампаздыққа үндейтін, қоғамда өз ойын ашық айтуға үйретіп, жан-жақты дамытатын балабақшалар атқарып келеді. Ал енді елімізде осындай балабақшалардың көптеп салынуы, әрине, құптарлық іс, сауапты амал. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам дүние салған соң оның үш амалынан басқасы тоқтатылады: (олар) жүріп тұратын садақасы, пайдалы білімі және өзіне дұға ететін перзенті» деп өсиет айтқан. Ал мұндағы жүріп тұратын садақа дегеніміз – адамның көзі тірі кезінде бір Алланың разылығын тілеп, өзінен кейінгі ұрпақтардың қажетіне жарайтын, ел игілігі үшін соққан мешіт пен медресесі, көтерген мектеп пен балабақшасы, яки салған жол мен отырғызған ағашы, көзін ашқан бұлағы және т.б. қайырымды амалдарды айтсақ болады. Сондықтан да өскелең ұрпақтың саналы тәрбие мен сапалы білім алуы үшін балабақша сынды мекемелердің көптеп бой көтеруіне атсалысу – азаматтық борышымыз бен келешек алдындағы міндетіміз. Адамзаттың екінші ұстазы ретінде мойындалған бабамыз, ғұлама-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деген сөзі – әрбір тәлімгер мен білім берушінің жүрегінде жазылып тұратын сөз. Мұндағы тәрбие деген сөзден үлкен-үлкен ұғымдарды аңғаруға болады. Яғни тәрбие дегенде біз адамгершілік пен әдептілік, ар мен намыс, ұят пен ождан, ізгілік пен қайырымдылық, төзімділік пен сабырлылық сынды жақсы қасиеттерді түсінеміз. Сонымен қатар балабақшалар – орта мектеп пен жоғары оқу орындарының алғашқы баспалдағы іспетті. Тіпті мектепке дейінгі мекемелерде тәлім алған балалар бірден бастауыш мектепке барған балалардан ерекшеленіп тұрады. Әрі балабақша нарықтық замандағы жұмысбасты отбасылар үшін де өте тиімді. Сондықтан соңғы үлгідегі стандарттар мен түрлі гигиеналық және санитарлық талаптарға толық жауап бере алатын, балаңның тағдырын сеніп тапсыра алатын, балаңа тәлім-тәрбие беру арқылы жарқын болашаққа жетелейтін балабақшалардың саны көбейгені нұр үстіне нұр. Сондықтан да еліміздегі балабақшалар тәлім-тәрбиенің алтын бесіктеріне айналып, бақытты ұрпақты сонда мәңгі тербетуге тиіс. Бала тәрбиесі – ата-ананың ұрпақ алдындағы ең қасиетті борыштарының бірі. Мәселен, жануар екеш, жануар да төлін дүниеге әкелгеннен кейін, оны қараусыз қалдырмайды. Оны түрлі қауіп-қатерлерден аман сақтауға, баласын өмір сүруге бейімдеуге, сол арқылы ұрпақ жалғастығын сақтауға барын салады. Ал Алла Тағала ардақтап жаратқан адам баласы ұрпақ тәрбиесіне келгенде, үлкен міндеттерді атқаруға бұйырылған. Ибн Омар (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрқайсыларың бақташысыңдар және (барлықтарың) қол астындағыларың үшін жауаптысыңдар. Ел билеуші бір бақташы және қол астындағылары (халқы) үшін жауапты. Ер адам жанұясының бақташысы және солар үшін жауапты. Әйел ерінің шаңырағы мен бала-шағасының бақташысы және сол үшін жауапты. Қызметші де қожайынының дүние-мүлкінің бақташысы және сол үшін жауапты. Қысқасы, әрқайсыларың бақташысыңдар және қол астындағыларың үшін жауаптысыңдар» деп айтқанын естідім» деген. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы болмас» деген. Бұдан шығатын қорытынды: асыл дініміз ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, балаларымыздың иманды да адамгершілігі мол болғанын, ел мен жерін сүйгенін, Алла мен ата-анасының разылығын алып, екі өмірде де бақытты болғанын қалайды.

832 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы