• Тіл
  • 20 Маусым, 2019

Қос сөздерді қалай жазып жүрміз?

Әлемдік аударматануда аударудың амал-тәсілдері мен аударма процесі туралы пікірлер өте көп. Алайда олар роман-герман тілдерінен орыс тіліне (немесе керісінше) аударудың тәжірибесіне сүйенген. Орыс тілінен түркі тілдеріне, оның ішінде қазақ тіліне тәржімалаудың практикасының қорытылуында аударманың амал-тәсілдерін таратуда аталған тілдерге негізделген жалпы теориялық көзқарастар басшылыққа алынады. Ал әлемдік аударматанудағы аударудың жолдарына орай айтылған түйін-тұжырымдардың бірқатары орыс тілінен қазақ тіліне тәржімалаудың теориясы мен практикасына сәйкес болмай жатады. Мұның себебі түпнұсқа тіл мен аударма тілдің әртүрлі тілдер типологиясына жатуына байланысты. Кез келген жанрда бастапқы мәтінді аударуда, сөзбе-сөз, құрылымдық калькамен аударылатын ресми құжат болғанның өзінде де балама аударудың қажеттігі туындап отырады. Мағыналары, символдары және осы символдарды сөйлемде ұйымдастырудың қағидалары бойынша бір-біріне дәлме-дәл келетін тілдер жоқ әрі тілдердің әртүрлі типологиялық сипатына байланысты нақты, сөзбе-сөз, дәл аударма болуы қиын. 

Тіл біліміндегі терминжасам тәсілдердің бірі – калькалау. Калькалау дегеніміз – өзге тілдердегі сөздердің, сөз тіркестері мен сөйлемдердің құрылымдық-семантикалық қалпын қазақ тілі заңдылықтарына мүмкіндігінше сәйкестендіріп көшіру. Калькалау барысында жаңа сөз ­туындайды, бұрыннан бар сөздерге жаңа мағына үстеледі, т.б. Ал ғылыми мәтіндерде, әсіресе жаратылыстану саласы мәтіндерінде терминдердің тым созылыңқы сипатта келуі, терминге қойылатын талаптардың бұзылуы (созылыңқылану, сөздердің, атаулардың қандай да болмасын грамматикалық формалар арқылы байланысуының сақталмауы, яғни сөздердің тізбекті түрде берілуі) белең алуда. Мысалы, химиялық, физикалық элементтер түзілуі реакцияларының үрдісіне сәйкес атауларының тым ұзақ (жарты беттік, тіпті одан да ұзақ) болуы; терминком бекіткен терминдердің үнемі қолданылмай, жекелеген авторлық қолданыстардың мәтіндерде жиі қолданылуы – бар құбылыс. Сонымен қатар ғалымдар айтып өткендей, «техника саласы мәтіндерінде шет тілдік қысқарған терминдердің сол күйінде қолданылуы» да орын алып келеді. Жалпы қысқарған сөздердің өзгетілдік нұсқасының берілуі (публицистикада, ғылыми мәтінде, ресми қағаздарда) көбейіп отыруы алаңдатады. Сондай-ақ аударма барысында терминдер құрамындағы сөздерді тек ықшамдау ғана емес, керісінше, артық сөз қосып, көбейту де кездеседі. Аудару барысында молынан кездесетін сөздердің қосарлануы арқылы жасалған терминдерге орыс тіліндегі нұсқаның жазылу тәртібі негіз болады. Қосарлану тәсілімен жасалған терминдердің басым бөлігі анықтауыш ретінде басқа атау сөздермен тіркесіп келеді. Мұндай көп компонентті терминдерде атауға сындық мағына беретін қосарланған сөздерге негізінен сын есім тудырушы жұрнақтар жалғанады. Кейде қазақ тіліндегі қос сөздердің барлығы дерлік орыс тілінде қос сөз түрінде кездесе бермейді. Орыс тілінде қос сөз күйінде болмаса да, қазақ тіліне қос сөз түрінде аударылатын сөздер қатары мол. Мысалы, пешком – жаяу-жалпылап, уважение – сый-құрмет. Осындай қарапайым мысалдардың өзінен-ақ қазіргі кездегі қос сөздердің жасалуына қарай белгілі бір құбылыстарға тәуелді екені байқалады. Олар: калькалау арқылы термин жасалған кезде кірме терминнің шыққан тілінде дара, күрделі сөз ­болуына қарамастан, терминдік сипаты мен мәтінін жеткізу үшін көбіне күрделі сөз түріндегі баламасын қалыптастырудың жиі орын алуы, оның ішінде қос сөздермен балама жасау жиі кездеседі; қос сөздердің сыңарларының арақатынасы туралы қалыптасқан көзқарастар­дың сөздердің жасалу барысында өзгеріске ұшы­рауы; терминнің, сондай-ақ өзге тілден еніп жатқан жаңа сөздердің мән-мағынасын, семантикасын жеткізу мақсатымен формасына көңіл бөлмеу, т.б. Сөзіміз жалаң болмас үшін орфографиялық сөздіктен және газет-журналдардан жинақталған бірнеше мысалдарды келтіруге болады. Оның ішінде екі сыңары да аударылмай, сыңарларының негізіне қазақ тілінің қосымшасы жалғанып жасалып жүрген қос сөздер: экономикалық-географиялық, физикалық-географиялық, интеллект-карта, математикалық-картографиялық, математикалық-графикалық, ботаникалық-минералдық, коммуникациялық-энергетикалық, анатомиялық-биологиялық, инженерлік-геологиялық, блок-диаграммалар, ландшафтық-генетикалық, штрих-код, музыкалық-драмалық, факторлық-балдық, консультативтік-диагностикалық, онлайн-бизнес, робот-техника, онколог-хирург, т.б. Мұндай терминдер немесе терминдік қолданыстар жүздеп саналады әрі аудармашылар үшін тиімді амал ретінде өте өміршең. Осындай құрылыммен келген терминдері бар мәтіндерді сала мамандары жазады және бұл сөздер публицистикадағы жартылай-ғылыми, ғылыми-көпшілік түріндегі мәтіндерде кездеседі. Келесі орынға бір сыңары ғана қазақ тіліне аударылған қос сөздерді шығаруға болады. Бұл сөздерді соңғы кезде ғылыми ортада күрделі сөздің қай түрінде келмесін, будан (гибрид) сөздер деп атап жүр. Аталмыш сөздер туралы кеңірек жеке сөз қозғауға болады. Мұндай сөздерге: әлеуметтік-экономикалық, тәжірибелік-эксперименттік, кітап-альбом, салыстырмалы-географиялық, ғаламтор-портал, ендік-зоналылық, тұрғын үй-коммуналдық, сараптамалық-техникалық, жобалау-сметалық, тауарлы-сүт, медиа-жоспар, интернет-алаңдар, ақпараттық-имидждік, ген-реттеушілер, ғалым-селекционер, бизнес-кеңесші, кристалды-түйіршікті, банк-тұқымқойма(сы), т.б. жатады. Ал екі сыңары да қазақ тіліне аударылған қос сөздер тиімді тәсілмен туындаған сөздер болып саналады. Осы тәсілмен аударылған сөздерге мұрағат-жәдігер, табиғи-аумақтық, қатпарлы-тасжақпарлы, түпнұсқа-нысан, таулы-қатпарлы, ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-эксперименттік, көлді-батпақты, шоғырлы-қабықты, тесікті-жарықшақты, үйлестіру-әдістемелік, мем­лекеттік-қазыналық, музей-кешен, үзінді-көшірме, т.б. жатқызуға болады. Тіпті мал, өсімдік атауларының осы тәсілмен аударылуы да көңіл аудартады, мысалы: АҚШ-та шортгорлық мал мен өркеш-сиырды (зебу) шағылыстыру жолымен жаңа етті мал қолтұқымын Сантагертрудты шығарды. Аталған құрылымдар жасалғанда, сын есім тудырушы -лық,-лік,-дық,-дік,-тық,-тік жұрнақтарының үлесі мол. Мысалы, мате­матикалық-графикалық – екі сыңары да –лық қосымшасымен; тұрғын үй-коммуналдық (екінші сыңары ғана -дық арқылы аударылған); үйлестіру-әдістемелік (бірінші сыңары қимыл есімін тудырушы – у, ал екінші сыңары -лық (-лік) арқылы); ақпараттық-түсіндіру (бірінші сыңарына -тық жалғау арқылы, ал екінші сыңарының қимыл есімі қосымшасы келген сөздер қарасы мол. Сын есім тудырушы -лы, -лі,-ды,-ді,-ты,­-­ті жұр­нақтары арқылы жасалған қос сөздер де аз емес. Қолданбалы-сәндік, гидротермалды-шөгінді, кристалды-түйіршікті, тауарлы-сүт, қат­парлы-тасжақпарлы, көлді-батпақты, тесікті-жарық­шақты сияқты қос сөздер – осы тәсілдің жемісі. Сондай-ақ түбірдің өзгеріссіз келуі арқылы жасалған: интеллект-карта, блок-диаграммалар, ойым-карталар, географ-лимнологтар, штрих-код, бизнес-модельдер, жер-атмосфера, интер­нет-дүкен, онлайн-бизнес, робот-техника, онколог-хирург, шеберлік-сабағы, кітап-альбом, ғалам­тор-портал, бизнес-кеңесші сөздерді атауға болады. Мұнда, әсіресе түбір күйінде қазақ тіліне мүлдем аударылмаған және аударылған қос сөздердің ғалымдар арасында дау тудыруы әбден мүмкін. Мәселен, «Онда Питтсбург университеті Медициналық орталығының жетекші онколог-хирург дәрігері, профессор Дэвид Бартлет өткізген шеберлік-сабағында» да біраз әңгіме айтылып, медицинада жаңа технологияларды пайдаланудағы жетістіктер сөз болды» деген сөйлемдегі «шеберлік-сабағы» деген күрделі сөз – орыстың «мастер-класс» сөзінің тікелей аудармасы. Алайда дәл орыс тіліндегідей арасына дефис қойып, қос сөз түрінде жазудың ешқандай қажеті жоқ. БАҚ-та бұл күрделі сөз арасына дефис қойылып та, кейде қойылмай да жазылып жүр. Келтірілген мысалдардағы «үзінді-көшірме» сөзі орыстың «выписка» сөзінің аудармасы ретінде қолданылып жүр. Осы қос сөздің әр сыңарының мағынасын жеке алып қарайтын болсақ,үзінді орыстың «отрывок, фрагмент, обрывок» сөзінің аудармасы болса, ал «көшірме» сөзі орыс тіліне «копия, выписка, репродукция» деп аударылады. Сонда, үзінді-көшірме сөзі орыс тілінде отрывок из выписки түрінде келеді. БЖЗҚ сайтында «үзінді көшірмені алу жолдары» деп дефиссіз жазылған. «Мұрағат-жәдігерлер» қос сөзіндегі «мұрағат» сөзі орыс тіліне «музей» деп аударылса, «жәдігер» «памятник, экспонат» деп аударылады. Сонда бұл сөздің мағынасы орыс тілінде «музейный экспонат» тіркесімен жеткізілді. Қос сөзді қолданыстың болуын міндеттемейді. Осы ретте С.Исаевтың қосарлы айқындауышқа қатысты айтып кеткен мына сөздерін келтіру жөн: «Қанша айтылып, ғылыми жағынан қателігі дәлелденіп келсе де, әр кезеңдегі әр автордың оқулықтарынан түспей, бірде екеуі бірдей қатар аталып, бірде кезектесіп жүрген қосалқы және қосарлы айқындауыштар. Қосарлы айқындауыш деп, алынып жүрген телефон-автомат, мектеп-интернат, ұшқыш-ғарышкер, мүше-корреспондент сияқтылар – тікелей орыс тіліндегі «приложение» деген құбылыстың тұп-тура өте біліксіз көшірмесі. Орыс тілі мұндай құбылысты амал жоқтықтан қабылдады (бірінші сыңары – анықталушы да, екінші сыңары анықтауыш мәнінде). Орыс тілінде түбір тұлғадағы екі зат есім қатар келіп, атрибуттық қатынаста қолданыла алмайды, оның анықтауышы көбіне қосымша арқылы қатыстық сын есім болады. Ал жалпы түркі тілдерінде, соның ішіндегі қазақ тілінде жай мүлде бөлек: екі зат есім атрибуттық-анықтауыштық қатынаста препозитивтік орын тәртібінде (анықтауыш-анықталушы сөз) қолданыла береді, ол – әдеттегі құбылыс. Жоғарыдағы тіркестер ешбір дефиссіз автомат телефон (автоматты телефон, интернат мектеп (интернаты бар мектеп), ғарышкер ұшқыш (басты мән ұшқыш, бірақ әдеттегі ұшқыштан бөлек, орыс тілінде де солай), корреспондент мүше (толық мүшеден басқа мүше екенін баса көрсету), т.б. Сондықтан тіліміздің таби­ғатында мүлде жоқ құбылысты орыс тілінің ық­палымен барлап енгіземін деу қиянат болар еді». «Музей-кешен» – қос сөз. Тілдік тәжірибеде «кешен» сөзі, әдетте, өзі тіркескен зат есімдермен ешқандай дефиссіз бөлек жазылады. Мысалы, Балуан Шолақ атындағы спорт кешені, «Бәйтерек» кешені, т.б. Дәл осы жерде де «музей-кешен» дегеннен гөрі жай ғана «музей кешені» немесе «мұражай кешені» деген дұрыс көрінеді. ­Сонымен қатар «интеллект-карта» дегенді «интеллектуалды карта», өркеш-сиыр дегенді «өркешті сиыр» деген қазақ тілі заңдылығына сай деп санаймыз. Қаншама қажет десек те, жасанды үнемдеу тәртібін жөн-жосықсыз енгізу дұрыс деп есептемейміз. Ал, тауарлы-сүт, шеберлік-сабағы дегендерді дефиссіз жазған дұрыс. Ескере кететін жайт, осы беріліп отырған мысалдардағы қос сөздердің біразы кейбірі кейін пайда болуы, енді бірі қолданысқа енді еніп жатуы себепті он бес томдық түсіндірме сөздікте берілмеген. Бірақ болашақта латыннегізді жазумен шығатын сөздіктерде реестр сөздер құрамын толықтырады деп ойлаймыз.

Б.МОМЫНОВА, филология ғылымының докторы, профессор А.ОМАРОВА, лингвистика магистрі

3196 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы