• Тұлға
  • 20 Маусым, 2019

Сәнен ӘЖИЕВА, күйші-домбырашы, білім беру ісінің үздігі: Күйлерімді Шәмші арнайы тыңдайтын еді...

Құрманғазы атындағы оркестрдің тарихынан сыр шертетін суреттерде дәулескер күйші Қали Жантілеуовтің жанында домбыра тартып қаршадай қыз отыр. Бұл – бүгінде атақты оркестрдің ардагері, дүлдүл домбырашы, білім саласының білгірі, қазақ мәдениетінде өзіндік орны бар Андарбаевтар әулетінің талантты перзенті Сәнен Сәмиғоллақызы ӘЖИЕВА. Ол – қазақтың алғашқы кәсіби музыкалық білім алған қызда­рының бірі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, КСРО Орта білім беру ісінің үздігі. Домбыраның құлағында ойнайтын дәулескер күйшілігімен қатар, музыкалық білім беруде өз әдістемесін қалыптастырған Сәнен апамыздың бүкіл өмір жолы қазақ мәдениеті тарихымен тығыз байланысты. Ол жасаған қазақ ұлт аспаптарының домбыра сыныбына арналған бағдарлама әлі күнге қолданыста. «Қазақтың Сәнені» атанған аяулы апамыздан дәріс алған, тікелей шапағатын көрген жігіттер мен қыздар ұстаз мәртебесін асқақтатып, ұлтымыздың мақтанышына айналды. Сәнен Сәмиғоллақызының биылғы 90 жылдық ­мерейтойына орай ұрпаққа берер ұлағаты мол өмірі жайында сыр шерткен сұхбатын оқырман назарына ұсынамыз.

«Ана тілі»: Еліміздің батыс өңірінде дүние есігін ашқан қыздың Алматыға табан тіреуі тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңге сәйкес келеді екен. 1930 жылдардағы бүкіл елдің басына түскен аласапыран кезеңді сіздің әулет те басынан кешкен болар. Сәнен Әжиева: Анамның айтуынша, мен 1929 жылы күзем жүн қырқып жатқанда дүниеге келіппін, содан құжатқа туған күнімді қыркүйектің 15-і деп жазыпты. Ақтөбе облысының қазіргі Байғанин ауданы ол кезде ­Табын аталады, соның Алтыншы ауылында тұрдық. Бала күнімізде «Табын-табын танталы, Табынның қызы қалталы, қалтасына қол салсаң, шығарады талқанын» деп өлең айтатын едік, сол аудан ғой. Атам, әкемнің әкесі Байқұл қажы білімді, діни сауат­ты адам болған. Сол өңірде мұғалім болып бала оқытқан кісі. Қажы атамыздың Маңғыстаудың Бейнеу ауданынан 40-50 шақырым жерде мешіті болған. Күмбезі көк болған соң Көкмешіт деп атап кетіпті. Бай адамдар бала оқыту үшін салдырған ғой. 1930 жылдары ұжымдастыру деп байларды, дін адамдарын қудалайды. Байқұл қажының 4 баласы болған: Әбиболла, Әбутай, Көшмамбет, ­Айдарбай. ­Айдарбайдан – Сапарбай мен Сәмиғолла. Қажының тұқымы деп ұстай бастағанда барлығы бас сауғалап көшеді. Орысша құжат толтырғанда Айдарбайды Андарбай деп жазып жіберіпті. 1933 жылдың жазында әкем ­Сәми­ғолла бастап отбасымыз жаяу-жалпы Аралдың жағасына дейін келеді. Теңізден өту үшін пароходтың кезегін күту керек. Кезегіміз енді жетеді дегенде, түнгі сағат екіде, гүрілдеп су тасиды. Таң атқанда бір-ақ қайтыпты су. Сөйтсе, қарақұрым ел тасқыннан қырылып қалыпты. Ауру-сырқау, аш-жалаңаш, көбісі – кішкентай балалар. Шешемнің айтуынша, су тасқынынан біз әкеміздің арқасында тірі қалыппыз. Қарулы, денелі кісі еді, жарықтық. Кемеге енді мінеміз дегенде әкемнің шешесі Балкен бір күннің ішінде көз жұмады. Апамызды жерлеген соң сол жерде аялдап, әкем балық зауытына жұмысқа тұрады. Анасының қырқын бергеннен кейін, әкем мен анам біреуімізді арқалап, біреуімізді жетелеп Ташауыз облысына келеді. Садық деген Айдарбайдың інісінің баласы тұрушы еді, олар да күнін әрең көріп отыр екен. Сол себепті кідірместен жолға шығады. Ақтөбеден шыққан көп адаммен бірге ашық вагонға мінеді, жолай кейбіреуі түсіп қалады. Біз пойызбен Жамбылға, одан Алматыға келдік. Мұнда келу себебіміз, қуғын-сүргін жылдары Байқұл қажының баласы Әбутайды молда деп ұстап кеткен. Итжеккенге айдады деп естіген ғой. Итжеккеннің қайда екенін кім білген, Алматыға Әбутай ағамызды көреміз деп келдік қой. Әке-шешеміз бала-шағасы­мен бірінші Алматыдан түседі. 1933 жыл­дың мамыр айының соңы екен. Бір жатақханадан орын беріпті. Алматыдағы үйлердің көптеп салынып жатқан кезі, шілде айынан бастап ересектерді құрылыс жұмысына алады. Ауылдан келген ағайын бір ауыз орысша білмейді, әкемнің біраз сауатымен қоса орысшасы бар. Әкем ­ауылдан келгендердің басшысы әрі тілмашы болды. «Ана тілі»: Сәмиғолла әкеңіздің Құрманғазы оркестріне қабылдануы осы жылдар ғой. Сәнен Әжиева: 1935 жылдың күзінде газетке Ахмет Жұбанов домбырашыларды жинап, оркестр құрып жатыр деген хабар шығады. Әкем елде жүргенде домбыра тартатын. Әкемнің шешесі де өнерлі еді, молдалы ауылға келін болып түскен соң домбырасын қапқа салып іліп қойып, ешкім жоқта ғана тартып жүреді екен. А.Жұбанов ағамыз Оралдан, Ақтөбеден, Гурьевтен, жан-жақтан домбырашыларды жинаған, әкем барғанда 40-қа жуық адам бар екен. Бір жылдан кейін Құрманғазы атындағы оркестрдің домбырашысы болып қабылданды. Домбыра, бас домбыра, қобыз, контрабас аспаптарында еркін ойнайтын. Дәулет Мықтыбаев, ­Жаппас Қаламбаев, Қали Жантілеуов, Оқап Қабиғожин, Лұқпан Мұхитовтармен бірге оркестр құрамында еңбек етті. Өзі 1906 жылы дүниеге келдім дейтін. «Ана тілі»: Қазақтың қасиетті күй өнері атадан мұра болып бойыңызға дарығаны анық. Домбыраны ең алғаш қашан қолыңызға алдыңыз? Сәнен Әжиева: Жасы үлкен адамды үйге шақыратын қазақтың әдеті ғой, Дина Нұрпейісованы, Ахмет Жұбановты әкем үйге шақырып дәм татқызған. ­Жамбыл Жабаев, Күләш Байсейітованы да көзімізбен көрдік. Оқап Қабиғожин, Әлмұрат Өтеғұлов сияқты домбырашылар келетін үйге. Мен Дина әжей күй шертсе, ынты-шынтыммен, құлағымды тігіп тыңдап отыратын көрінемін. Сонда күйші анамыз айтады екен, «Мына қыздың аузы ашылып отырысын қарашы, домбырашы болатын бала ғой» деп. Зыр жүгіріп аулаға самауыр қоямыз, қонақ күтеміз. Қазіргі Масанчи мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында №38 мектеп болды. 1937 жылы бірінші сыныпқа бардым. Үйіміз Масанчи көшесінде, моншаның қасында. Мектепке жаяу барып келеміз. 1939 жылы үшінші сыныпта жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесі ашылып, соған қатыстым. Үйірмені ­физик-математик әрі композитор Бақытжан Байқадамов басқаратын. Сол кезде «Октябрь балалары» деген газет бар, 3-сынып оқып жүргенде домбыра тартып отырған суретім газетке шығыпты. Әлі есімнен кетпейді. Газет көпшіліктің құралы ғой, отбасымызбен қуанып қалдық. «Ана тілі»: Балалық шағыңыздың қызықты сәттерін сұм соғыс бұзды ғой. Сәнен Әжиева: Алай-дүлей соғыс басталған соң бір айдан кейін-ақ әкем әскерге кетті. 1942 жылдың көктеміне қарай әкемнің Жамбылдағы ағасы ­Сапарбай науқастанып жатыр деген хабар келді. «Сәмиғолла соғыста, қайтсеңдер де бала-шағасын көшіріп әкеліңдер. Бір жерде болайық» деп ұлы Тәжік пен бір ағайынды жіберіпті. Сапарбай ағамыз Жамбыл облысының Свердлов ауданындағы Буденновка (қазір Сарыкемер) колхозында тұратын. Баласы Тәжік те керемет домбырашы еді. Біз көшіп барған соң 19 жастағы Тәжікті соғысқа алып кетті. Көп ұзамай Сталинград түбіндегі майданда ерлікпен қаза тапты. Соғыс кезінің балалары еңбекке ерте араласты ғой. Ер-азаматтар майданда. ­Ауылда азық-түлік жетіспейді, қиын уақыт. Трактор айдағандарға айына бір пұт бидай береді деген соң Балжан әпкем тракторист-механизатор болып жұмысқа тұрды. Мен оқуымды сол жерде жалғастырдым. Қалада өскен адамбыз, ауыл өмірі таныс емес. Ағайындарымыз бізді қоржын тамына кіргізіп, сауын малы мен біраз қой-ешкісін берді. Мен түске дейін мектепте, түстен кейін сол уақ малды бағамын. Сабағым жақсы, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысамын. Жеке шығып тартатын оншақты күйім бар. «Кеңес» күйі, «Қарабас», «Екінші қосалқа» сияқты жеңілдеу күйлерден бастаймын. Үйдің алдына шықсам көрші апалар шақырып алып домбыра тартқызады. Онымен қоймай, бір-екі қапты беріп «тезек теріп кел», «шай қайнатып бер» дейді. Бас тарту деген жоқ, екі қап тезекті әкеліп, қиюластырып қалап, қазанға от жағамын, үлкен мыс самаурынға шай қоямын. Шай қайнағанда шаруам бар деп кетіп қаламын. Мал бағып жүргенде төбеге шығып алып, «Әніме мен салайын Тілеуқабақ, Керілер өлең айтсам қас пен қабақ. Көңілдің жатсам, тұрсам тілегі сол, Бергей деп маңдайыма бармақтай бақ» деп ән айтамын. Бармақтай бақ дегенім әкем аман-есен келсе деген тілегім ғой. Үлкендер «Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» деген, Алла Тағала тілегіңді береді, сенің тілегің жақсы» дейді. Сөйтіп жүргенде соғыс бітті. Құдай жарылқап, маусымның аяғына таман әкем келді. Қуанышта шек жоқ. Бір күні Алматыдағы ұлт аспаптары оркестрі әскерден аман-есен келген қызметкерлерін қайта шақырды. «Сәмиғолла Андарбаев, бұрынғы орныңызға келіңіз» деп адам жіберіпті. Бірақ әкем баяғыда бізге қамқор болған, басымызға үй, сауынға малын берген адамдарды қимай қалып қойды. Жамбыл драма театрына актер болып кіріп, тоғыз ай жұмыс істеді. 1946 жылдың маусымында ағайындарды шақырып алғысын айтып, қоштасты. Алматыға қайтадан көшіп келдік. Әкем қазіргі Амангелді көшесіндегі үйіміздің ауласында желімнің, ағаштың иісі бұрқырап домбыра жасап отыратын. «Ана тілі»: Адам туғанда негізіне тартпай қоймайды ғой. Тектілік сіздің бойыңызға Байқұл қажы мен Сәмиғолла әкеңізден ғана емес, нағашы жұртыңыздан да дарыған сияқты. Сәнен Әжиева: Анамыз Бөпеханды елде жүргенде әкемнің әкесі өзі таңдап, құдаласып алып берген екен. Анамның Қазтұрған, Ізтұрған, Байтұр, Шөпеғұл дейтін төрт ағасы бар еді. Нағашы жұртымызда Тобанияз Әлниязов дейтін Кеңес өкіметі кезінде саяси қуғын-сүргін құрбаны болған, халқының тәуелсіздігі үшін жанқиярлықпен күрескен айтулы азамат болды. Халық арасындағы аса жоғары абыройы мен беделінің арқасында Тобанияз Әлниязұлы Маңғыстау түбегінен бастап, Ойылға дейін, бip жағы Сам құмдарының оңтүстігіне, одан әрі Арал теңізіне дейін созылған кең байтақ далада «Адайдың ханы» атанған. Анам «14 жасым­да Тобанияз ағамыз ауылға келгенде шай құйып бергенмін» деп отыратын. Алматыда тұрғанда нағашыларымыздың талай баласы оқу оқып, мамандық алып кетті. Нағашы жұртымыз әкемді күйеу деп керемет сыйлайтын. Ол кезде Алматыда жалғыз үй Қараш деуші еді, кейін көбейдік қой, Аллаға шүкір. Анамыз Бөпехан Мұстафаева сауаты жоқ болса да өте зерек, еңбекқор, жады мықты адам еді. Сол 1933 жылы келгеннен құрылыста жұмыс істеді. Абай атындағы опера театрының ғимаратын салуға анамның да еңбегі сіңген. Бөпехан анамыз балаларының қызығын көріп, 1998 жылы сәуір айында 93 жасында өмірден өтті. Әкем Сәмиғолла өмірінің соңғы күніне дейін Құрманғазы оркестрінде қызмет атқарды, бір күн жұмыстан қалмады. Ауылшаруашылығы институтында «Алтын дән» атты домбырашылар оркестрін ұйымдастырды. Әкем көп оқымаса да ұйымдастырғыш қабілеті мықты, еңбекқор жан еді. Қазақстан мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер деген атағы бар. 1983 жылы шілде айында 77-ге қараған шағында өмірден өтті. ­­Кенжебай ­Андарбаев дейтін інім Мәскеу консер­ваториясында білім алған. А.Жұбанов атын­дағы музыкалық мектептің директоры болды. Ердің жасы елуге жетпей дүние салды. Қазақтан топ жарып шыққан алғашқы виолончельші, дарынды музыкант еді. «Ана тілі»: Сәнен Сәмиғоллақызы, сіз қазақ кәсіби музы­касының негізін қа­лаушы ұлы тұлға, академик ­Ахмет Жұбановтың төл шәкіртісіз. Тіпті Лұқпан Мұхитов, Қали Жантілеуов сынды қазақ мәдениетінің майталмандарымен қатар еңбек етуіңіз де үлкен бақыт қой. Әрі консерваторияда оқып, әрі оркестрде жұмыс істедіңіз бе? Сәнен Әжиева: 8-сыныпта оқып жүріп оркестрге үйренуші болып кірдім. Қали Жантілеуов, Лұқпан Мұхитов, басқа да оркестрдің адамдары күй үйретеді, оркестрге дайындайды. 1944 жылы консерватория ашылды. Кішкентай болсам да домбыра тартып жүрген мен 16 жасымда консерваторияға қабылдандым. Бірінші ұстазым – Қали ағай Жантілеуов. Лұқпан Мұхитов та күй үйретті. Әйгілі әнші-композитор Мұхиттың ұрпағы ғой, күйді жақсы тартатын. Бұл ұстаздарымның әрқайсысының өз ерекшелігі бар, Қали ағай дәл тартады, Лұқаң кейде өзінше өзгертіп тартады. Қали ағаның сыныбында оқыдым, кейін сол кісінің мәнерімен тартып кеттік. Қобызшы ­Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев та домбырадан бастаған. Жастайымыздан сол үлкен керуеннің ішінде болдық. Оқу орнында сабақтың көбі орысша өтеді. «Қазақ музыкасының тарихы» деген сабақты Ахаң жүргізеді. Ахмет ағамыздың дәрісін тыңдап қана қоймай, Құрманғазы оркестрінің құрамында жүріп көп тағылым алдым. Ол уақытта кімнің қайдан екенін, ру дегенді білмейміз. Ахаңның Ақтөбенің қазағы екенін кейін білдік қой. Ахмет Жұбанов адамгершілігі мол, жақсылық істеуге құмартып тұратын жан еді. Қай жерде жақсы музыкант бар десе, соларды маңайына жинап жүретін. Техникалық шеберлік пен орындау­шылық деңгейдің арқасында екінші курс­тан бастап жеке орындаушы болып шығып жүрдім. Роза Бағланова, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков бар, әнші-күйшілерден бригада құрып жан-жаққа концерт қоюға жібереді. Аз-маз ақша төлейді. Оркестрдегі 70 адамның ішінен шақырып алып, ­«Андарбаева, бүгін Қарғалыға барасың» десе, әлдеқандай болып концертке кетеміз. Ол кезде қазіргідей әшекей, сырға-сақина жоқ. Роза Бағланова сахнаға шығарда сырға-сақина, алқаларын береді. ­«Мынау саған жарасады, таға ғой» десе мәз боламын. 1951 жылы консерваторияны жақсы аяқтап, оркестрдің солисі және педагог деген мамандық алып шықтым. Консерваторияның тұңғыш түлектері – Шамғон Қажығалиев, ­Фатима Балғаева, Фуат Әбусейітов, Болат ­Сарыбаевтар. Біз Раушан Нұрпейісова бәріміз – екінші түлегіміз. 1949 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне Құрманғазы оркестрі де қатысып, Кремль сахнасында өнер көрсеттік. Делегацияны Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Ілияс Омаров басқарып барды. 1950 жылы Қытай Халық Республикасының бір жылдық мерекесіне қатыстық, 1953 жылы Бухаресте өткен дүниежүзілік студенттер мен жастар фестивалінде 1-орын алып қайттық. Онкүндікке барғанда қазақтың ұлттық киімімен Мәскеу көшесінде жүрдік. Үлкен театрдың сахнасында отырып, айналаға таңғалып қараймыз. Кейін Мәскеу деген үйіміздей болып кетті ғой. Барған сайын балаларға ойыншық әкелемін, бір жылы ұлым Серікке бір шабадан ойыншық әкелгенде әкем «Бұның жинайтыны сүгірет пен ойыншық, дүние керек емес» деп күлетін еді. Сол кезең айтып тауыса алмайтын ғажап уақыт еді. Қазір соның бәрі кино сияқты көз алдымда. «Ана тілі»: Сіздің Шымкент өңірінде қазақ өнерін дамы­туға көп еңбек сіңір­геніңізді білеміз. Алматыдан Шымкентке қоныс аударуға не себеп болды? Сәнен Әжиева: Ол кезде ауылдан қалаға келген қазақ қонақүй дегенді іздемейді, кім таныс, соның үйіне барады. «Үстірттің үстін жайлаған қалың адайдың бір баласы Сәмиғолла әкемізге келдік» деп, үйден адам үзілмейтін. Әкем керемет көпшіл адам, көшеден бір ауылдасын көрсе, үйге ертіп келеді. Шешеміздің де қолы ашық, бәріне жылы қабақ танытып бәйек болады. «Алматыда Сәмиғолланың екі қызы бар» деп сыртымыздан мақтайтын болуы керек. Үйге келіп-кетіп жүретін көп жерлестердің арасында Иса Әжиев те бар. Бойдақ. Қазақ университетінің журналистика факультетін бітірген, соғысқа қатысқан. Бір күні әкем шешем арқылы айтқызып, «осы жігітке барасың» деді. Ол кезде әке айтты – заң, қарсыласу жоқ. 1953 жылы ұзатылдым. Әкем тұрмысқа шыққанда «домбыраңды тастама» деп айтып отыратын. Исекең 1955 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы меншікті тілшісі болып тағайындалды. Содан Шымкентке кеттік. Иса жақсы журналист еді. Тілге жүйрік, ойшыл адам, бірнеше пьеса жазды. «Анардың алқасы» деген пьесасын Қызылорда театры қойып, жүлде алды. Иса әнді, музыканы жақсы көретін. Әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовпен дос болды. Шымкентте жиі болатын Шәмші түннің бір уағында да үйге келе береді, қасында адамы бар. Есікті қаққанда-ақ Иса «Шәмші, кел-кел» деп жатады. Бір уақытта «Сәненнің күйін тыңдайық» деп маған домбыра ұстатады. Күй тартуға да күй керек, астың қамымен жүгіріп жүремін. Сондайда Исекең «Шырақ-ай, ортаңқолдай азамат өтініп отыр, ас піскенше күй тартып бер» дейді. Шәмші өзі де пианиномен ән айтады. «Қайықта», «Арыс жағасында» әндері туғанда алғашқы тыңдаушысы болдық. Филармонияда көркемдік жетекші болып жүргенімде бригадамен концертке барамыз. Барған ауылымызда Исаның ағалары артистерді құшақ жайып қарсы алады. Қыз-келіншектерге көмектесіп шай құйып отырсам, «Келін-ай, шай құйып болсаң енді бізге домбыра тартып берші» дейтін. Сонда оркестрдің адамдары «Біз Сәнен апаға қатты сөйлеуге қорқамыз, мына кісілер бұйырып отыр ғой» дейді. «Қайнағаларым ғой енді» деймін. «Ана тілі»: Әкеңіздің өсиетімен домбыраңызды тастамай жүріп басшылық қызметке де ерте араластыңыз. Сіз ­Шымкент музыка училищесінің директоры болып қызмет атқарған жылдар осы оқу орнының гүлденген кезеңі деп есептеледі. Сабағыңызбен қоса училищенің қым-қуыт тіршілігіне қалай үлгердіңіз? Жалпы жұмыста табысқа жетудің сыры неде? Сәнен Әжиева: Алғашында 1955-1958 жылдары Шымкенттегі №1 музыка мектебінде сабақ бердім. Екі жылдай облыстық филармонияда көркемдік жетекші болып жұмыс істедім. Сол кезде «Шалқыма» дейтін ұлт аспаптары ансамблі дүниеге келді. Осындай жұмыстарымды басшылық байқап жүреді екен. 1958 жылы қалада музыкалық училище ашылатын болды. Байғалиев деген партия хатшысы мені обкомның бюросына шақырып, училищеге басшы болуды ұсынды. Бас тартқым келіп қорқасоқтағаным рас, Исекеңнің ақылымен келісім бердім. Сонымен, 25 жасымда музыкалық оқу орнының тұңғыш директоры болдым. Жанымызды аямай жұмыс істедік, кадр жинадық. Ұжымның ауызбіршілігі мықты еді. Басшы ретінде министрлікке хат жазып, мұғалімдердің қосымша сағат алуына рұқсат етуді сұрадым. Барлығы отбасылы, балалары бар, пәтер жалдап тұрады. ­Содан министрлік рұқсат берді. Училищеге келіп түсетін 14-15 жастағы бозбалалар, әлі оңы мен солын танып үлгермеген. Сол себепті оқу орнында олардың үйін ­алмастыра алатындай жағдай жасау маңызды. Оқу процесіне қажетті құрал-жабдықты, музыкалық аспаптарды қайдан болса да табуға тырысатын едік. Мәскеу консерваториясынан үрмелі, ұрмалы аспаптардың 50 данасын алғыздық. Училищеде Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, Ресейден, Түркіменстаннан жастар келіп оқыды. Шығармашылыққа беріліп, уақытпен санаспай жұмыс істедік. Кейде обкомның хатшысына бағынбай кеткен кездеріміз болды. Жұмыстың реті солай, талапшылдық, табандылық қажет. Үнемі ізденісте жүру, күніге еңбектену керек. Таңдаған мамандығыңа адал бол. Сен өз кәсібіңді сүймесең, бәрі бекер, еш нәтиже шықпайды. «Ана тілі»: Сәнен апа, өнер адамдары ең бірінші ұстазын ұмытпайды ғой. Танымал опера әншісі Нұржамал Үсенбаева «Шымкент музыкалық училищесі менің шығармашылығымда басты орын алады» деген еді. Басқа шәкірттеріңіз де сізден білім мен тәлім-тәрбие алғанын мақтан тұтады екен. Сәнен Әжиева: Училищеге оқуға қабылдарда балаларды тексереміз, есту қабілеті, қол алысы қандай дегендей. Сейдолла Байтереков деген Кентаудың баласы оқыды. Қабілетті, талантты жігіт. Училищені бітіретін жылы «ауылға қайтам, әке-шешемді бағуым керек» дейді. Сөйтіп, оған қол ұшын созып, қалада қалуына жәрдемдестік. Кейін танымал композиторға айналды, әйгілі әндер жазды. Өзінің қабілетімен қоса түр-тұлғасы керемет, адамгершілігі жоғары жігіт болатын. Белгілі дирижер Төлепберген Әбдірашев та біздің училищені бітірді, кейін Алматыға ауысып кетті. «Ұстаздан шәкірт озады» деген, сол Шымкент музыкалық училищесін бітірген түлектер еліміздің әр түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр. Нұрнияз Мұқанов – Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрының директоры. Рахат Мадреев – Абыл Тарақұлы атындағы оркестрдің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жалғасбек Бегендіков – атақты дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі. Жетісайда Бөрі Исаев деген композитор шәкіртім бар. Яков Хан – Алматыда тұңғыш джаз оркестрін ұйымдастырған музыкант. Әнші Лаки Кесоглу, композитор Нұрлан Байкөзов те осы училищеден қанат қаққан. Кәсіби маман болып қалыптасу үшін күнделікті жан-жақты әрі мұқият дайындық керек. Жалпы талантты, қабілетті адам барлық іске қабілетті келеді. Оған өзім көп куә болдым. «Ана тілі»: Сізді шәкірттеріңіз «екінші анамыз» деп атайды. Қаталдық пен талапшылдықты қажет ететін ұстаздық қызметіңізде оларды аналық мейірімге де бөлей білгеніңіз қайран қалдырады. Сәнен Әжиева: Ұстаз әрбір шәкіртіне жеке отырып сабақ береді ғой, содан баласындай боп кетеді. Баяғыда Байқұл қажы атамыз жағдайы жоқ балаларды тегін оқытады екен. Баласына төлейтін ақшасы болмай, басын қасып тұрған қазаққа «неғып тұрсың?» дейтін көрінеді. «Биыл қыс қатты болды, мал жұтады. Мына балаға беретінім болмай тұр» десе, «балаң жақсы оқиды, келесі жылы оқудан қалдырма» дейді екен. Біз де сол атамыздың жолымен шәкірттерімізге көмектесуге тырыстық. Алғашқы түлектеріміздің арасында ­Алексей Ли деген ұлты кәріс балам бар, қазір Қырғызстанда. Әлі күнге дейін үзбей хабарласып тұрады. Соғыс кезінде депортациямен Қазақстанға келген ұлт өкілінің бірі ғой. Балалар үйінен келіп оқуға түсті. Содан бір күні өзімен бірге хор дирижері мамандығында оқитын шешен қызға үйленетін болды. Баспана жоқ, шәкіртақылары болмашы. Содан бәріміз бірігіп Алексей мен Марияның тойын жасап бердік. Екеуіне бір сыныпты босатқыздым. Қиындыққа шыдамай ажырасып кетпесін деген ой ғой. Сол сыныпта қыстап, жазда пәтерге шықты. Анда-санда тамаққа деп ақша беріп кетем. Әйтеуір балалар риза болсын, ренжімей жүрсін дейміз. Ұлтына, нәсіліне қарамастан бауырымызға тарттық, әкемізден жұққан қасиет шығар. Соғыс кезінде колхозда жүріп бақша егуді, жүн түтіп жіп иіруді, киім-кешек тоқуды, қой-ешкі саууды үйрендік. Сол кездегі ұршығым әлі бар. Кейін училищеде жүзім жинауға, мақта теруге барғанда от жағуды, тамақ істеуді балаларға көрсетсем, «мұның бәрін қайдан білесіз?» дейді. «Соғыс үйретті» деймін. Жаратушыға мың да бір рақмет, көзімнің ағы мен қарасындай екі ұл,екі қызым, тоғыз немерем бар. Гауһарым – мәдениет институтын бітірген, музыкант. Алтай – көркемсурет институтын бітірген. Қарлығаш әуелі Шымкенттегі музыкалық училищеде оқып, Алматы консервато­риясында, кейін Мәскеуде білім алды. Қазір белгілі режиссер, ­продюсер. Серігім – құрылыс саласында жұмыс істейді. Серіктің ұлы Жігер өнер жолын қуды. «Ана тілі»: Әңгімеңізге рақмет! Ғиб­ратты ғұмырыңыздың жалғаса беруіне тілектеспіз, Сәнен апа!

Сұхбаттасқан Дина ИМАМБАЕВА

2074 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы