• Ақпарат
  • 20 Маусым, 2019

Мәні жоғары сұхбат

Қазақстан билігіндегі өзгерістер, жуырда өткен Президент ­сайлауы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан тыс қалмағаны белгілі. Кешегі өткен сайлаудың өзінде көптеген шетелдік БАҚ өкілдері жұмыс істеді, еліміздегі саяси науқаннан әлемнің түкпір-түкпіріне ақпарат таратты.

Еліміздің саяси өміріндегі соңғы өзгерістерге шетелдік журналистер әлі де қызығушылық танытып отыр­ғаны байқалады. Мұның дәлелі – жуырда жаңадан сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Euronews» телеарнасы мен «The Wall Street Journal» басылымына сұхбат берді. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауда жеңіске жетіп, өз міндетін атқаруға ресми түрде кіріскеннен кейінгі алғашқы сұхбаты десек те болады. Салиқалы әңгіме барысында еліміздегі билік транзитіне байланысты, Президент сайлауына, елдің қоғамдық өмірін­де орын алған наразылық шерулеріне қатысты нақты сауалдар қойылды. Әңгіме ашық өрбіді. Қасым-Жомарт Тоқаев та нақты әрі салмақты жауап беріп отырды. Елімізде ашық сайлау өткізуге барлық мүмкіндіктер жасалғанын, егер де кемшіліктер, заң бұзушылықтар анықталса, ұйымдастыру шаралары қа­былданатынын айтты. Халықтың на­разылығы, көшедегі протестік көңіл күйлерге байланысты олардың талап-тілегі міндетті түрде тыңдалатынын, ес­керусіз қалмайтынын атап өтті. Бұл талаптар әлеуметтік сипатқа ие екенін, өзінің мақсаты мұндай талаптарды талдау әрі халықтың сөзіне құлақ асу екенін жеткізді. Билік пен халықтың диалогын қалыптастыру мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғанын тілге тиек етті. Жүргізетін саясатының басым бағыты – жастарды билікке, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге тарту екеніне назар аударды. Қоғамдық өмірге нұқсан келтіретін заңсыздықтарға жол берілмейтінін, егер де наразылықтар ­ке­зінде заңсыз қамалған азаматтар болса, олар тез арада бостандыққа жіберілеті­нін айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы ал­дағы уақытта халықтың өз талап-тілегін білдіріп, шерулер өткізуіне рұқсат беретін тиісті заң қабылданатынын, мұндай шерулер белгіленген орындарда өткізілетінін дәйектеп жеткізді. Сұхбат барысында Президент Қазақстанның саяси жолы, көршілес елдермен әріптестік байланыстары қалай өрбитініне қатысты мәселелер­ді түсіндіріп, өз позициясын білдірді. Стратегиялық мәселелер бойынша Тұңғыш Президент Нұрсұлтан ­Назарбаевпен кеңесіп, ақылдасып тұратынын айтты.

368 рет

көрсетілді

42

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы