• Әдебиет
  • 26 Маусым, 2019

Жастарға жол ашық

Ақмола облысындағы «Щучинский» шипажайында тұңғыш рет жас мемлекеттік қызметкерлер арасында «Жас келсе – іске!» атты республикалық форум өтті. Мемлекеттік қызметкерлер күні, Жастар жылы және Халықаралық Еңбек Ұйымының 100 жылдығына арналған іс-шараны Қазақстан Респуб­ликасы Кәсіподақтар федерация­сының «Мемлекеттік, банк мекеме­лері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ұйымдастырды.

Форум жұмы­сына орта­лық және жергілікті атқарушы органдардың жас мемлекеттік қызметкерлері, сондай-ақ ҚР Кәсіподақтар федерациясының, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Ақмола облысы әкімдігінің басшылары, барлығы 200-ге жуық адам қатысты. Шараның мақсаты – мемлекеттік қызметкерлердің әлеуетін арттыруға, өңірлердің озық тәжірибесімен алмасуға, жаңа идеяларды қалыптастыруға, талантты жастардың мүмкіндіктерін ашуға және қызметкерлерді ынталандыруға, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Кәсіподақтар федерациясы төрағасы­ның бірінші орынбасары Біржан ­Нұрым­бетов­ өз сөзінде: «Қазіргі таңда еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымға айналған Кәсіподақ­тар федерациясы мүшелерінің қатары екі миллионнан асты. Соның ішінде 32 пайыздан астамын жастар құрайды. Сіздерді де осы ұйымның аясына топтасуға шақырамын. Кәсіподақтар федерациясы жанынан барлық аймақта құрылған «Келешек» жастар кеңесінің жетекшілері кәсіподақ қозғалысын одан әрі дамыту бағытында идеялар мен жобалар ұсынып, игі іс-шараларды белсенділікпен жүзеге асыруда. Биылғы жылдан бастап Кәсіподақтар федерациясы «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі салалық кәсіподағымен бірлесе отырып, мемлекеттің тарапынан жасалып жатқан қолдауға қосымша ауылдық жердегі жас мамандарды қолдау мақсатында жалпы көлемі 500 000 теңгелік сертификат бере бастады. Жыл аяғына дейін жалпы көлемі 40 млн. теңгені құрайтын 80 сертификат табысталады. Сонымен қатар кәсіподақ қаражаты есебінен жастарға тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаны төлеу үшін 33 жас дәрігер маманға тұрғын үй сертификаты берілді. Бұл ауылдық жерде жұмыс істеймін деген жастарға нақты көмек деп есептейміз» деді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова: «Қазір елімізде ха­лық­тың әл-ауқатын әрі қарай арттыруға, барлық әлеуметтік мәселелерді шешуге, соның ішінде мемлекеттік қызметті дамыту және мәртебесін жоғарылатуға басымдық беріліп отыр. Өйткені қазақ­стандықтар мемлекеттік билік туралы көзқарасын сіздердің елге деген абыройлы қызметтеріңізге қарап бағалайды» деп, жастарға көп көңіл бөлініп келе жатқанына тоқталды. «Үздік мемлекеттік қызметкер» байқауының жеңімпаздары мен «Кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін» белсенді қызметшілер марапатталды. Панельдік алаңдарында басшылар мен атқарушы лауазымдарға арналған тренингтер ұйымдастырылды. Мұнда жастар өзгерістерді тиімді басқару, сондай-ақ еңбек дауларын шешу және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау дағдыларын меңгеріп, білімін арттырды.

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ Ақмола облысы

501 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы