• Тарих
  • 09 Желтоқсан, 2010

Желтоқсан – жалау

Тәуелсіздік таңы атқанына он тоғыз жыл толып қалды. Азаттығымызды жақындатқан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ешқашан да ұмытылмақ емес. Қазақ халқы сол уақытта дүр сілкінді. Тұтас ұлтты, ел мен жерді қорлауға, тұқыртуға, еңсесін басуға болмайтындығын тағы бір байқатты. Қазақтың осы қаһарлы үні бүкіл әлемді жаңғыртты. Ел болғасын ер шығармай қоя ма? Желтоқсан қаһармандарының бірі – Жұбан аға Молдағалиев десек, қателеспеспіз. Ол алаңға шыққан жастарға араша түсті. Орталық саясатының жөнсіздігін ешқандай тайсалмастан сол уақыттағы басшылықтың бетіне басты. Қызыл империяның қаны тамып тұрған кезде де «Мен – қазақпын» деп бар даусымен үн қатқан айбынды азамат бұл жолы да қаймықпады. Айтатынын айтып, қыран мінез танытты. Желтоқсан – бұл ерлік жыры, азаттық аңсары. Бисмиллаһир Ирахманир Рахим Мен – Желтоқсанмын, Қазақтың бақытымын, Байлығымын, Ұмыттырған – ғасырлар қайғы, мұңын. Қайғы, мұңды архивке атып ұрған, Алдаспан – Айбынымын! Мен – Желтоқсанмын, Қазақтың сарғайып күткен – сағынышымын, Құдіретін ұғындырар Тәңір ісінің. Тәу етер жерде Тәңірге тәу етпеу – күнә, Тартуы Егемендік болса – Тәңір күшінің! Лә илаһа Иллаллаһ, Мұқаммадин Расул Аллаһ! Мен – Желтоқсанмын, Қазақтың тілегімін, Үш ғасыр күткен, Қайта соққан дүрсілдеп жүрегімін. Жүрегімін, жүректің лүпілімін, Құрыш қайрат, сом болат білегімін! Мен – теңіздің он екі балдық толқынымын, Шарлаған бүкіл әлемге Жойқын үнім. Бодандықтың бұғауын бырт-бырт үзген, Шежіре – Абызымын, Желтоқсан – революциялық толқуының. Мен – желтоқсан айымен жеткен, Қазақтың арымын. «Еркек тоқты – құрбандық», «Арым – жанымның садағасы!» – Ұстанған қаруым. Көрді әлем – Ұлтына – шаһид ұлдармен бірдей Жанарын жебе етіп атқан Қазақтың қайран аруын... Мен – желтоқсан айымен жеткен Қазақтың намысымын, Елінің тізгінін ұстар – Орынын жоқтап шыққан арысының. «Ұлтымды ұлт көсемі бастасын!» – деп Жігерім жасымаған, Астында жатсам-дағы, Аязда... қамшының. Мен – желтоқсан айымен жеткен Қазақтың қанында бар ерлігімін, Ерлігіммен – Назарын аударғанмын жер жүзінің. Ерлігіммен – Одақтың мысын басып, Ерлігіммен – Тізгінін талап еттім Теңдігімнің! Мен – желтоқсан айымен жеткен Қазақтың қанымын, Қан деген – ҚАҺАРМАН тыңдар, Жүректің ғана әмірін. «Отан!» деп, «Ұлт» деп сол жүрек ұран салғанда – Оққа ұштым. Жаназам шықпай жазықсыз, Қазылды түнде қабірім. Мезгілсіз сөнді жарығым... Мен – Қайратпын, Қыршын жасымда, Қылша мойнымды қидырған, Айылымды жимай, Революциялық қимылдан. Өлдім демеймін, Өлмейтін тірлік артымда Тәңірім маған – Егемен елімді сый қылған. Мен – желтоқсан айымен жеткен Сүйінші – жұбанышпын, Үш ғасыр күткен қазақ, Теңдессіз, баға жетпес қуанышпын. Қуанышпын – бұла күшпін! Қуаныш – құрбандықсыз келген емес – Сәбиі – тірлік атты ұлы ағыстың. Мен Жұбан болып, Қазақтың жүрегі болып бұлқындым, Мінбелерден намысын жырттым ұлтымның. Көлгірсіген жоқпын, Келімсек Колбин алдында, Көзін шұқып аштым, Көр соқыр болған шіркіннің. Мен – Олжас болып Көтердім Семей тағдырын, Быт-шыт қып әлем алдында Кремльдің жойқын Жарлығын. Адамдар тапқан аждаһа Жалмады қанша пендені, Жара сап жердің тәніне, Жандының жалмап барлығын. Мен Мұхтардың жүрегінде – Ту болып желбіредім, Съездер сарайында, Мәскеуде, Кремльде. Мінбеден мәлім еттім, Қазақстандағы Ұлы дүбірді... қан ойнап сұлу реңімде. Мен – өшпеуге келген Ұлы жалынмын, Ұшқыным түсті Кавказға, Балтық бойына Демеуі болар Тәңірдің. Мызғымас одақтың – Ұлы Империяның, Кеудесінде бомба болып жарылдым! Мен қазақтың қайта оралған Тілімін, Дінімін. Шүкір, Аллаға, жетеді Тағдырдан алған – ілімім. Күтіп тұр алда Ұлы істерімен – Ұлы күн!!! Мен – Алтай мен Атырауға дейінгі аралықпын, Аралыққа ие боп жаралыппын. Бабамнан мұра болған байтақ жерге, Желбіреп жалауы боп қадалыппын. Мен – қарға тамған, Қаннан жанған Алаумын, Қазағымның егемендігін жер-әлемге Жария етіп желбіреген жанды жалаумын. Көтеріңдер көкке, Көтеріңдер сүйсін нұрымен, Шығыстан шығар арайланып атар алау күн! Мен – Желтоқсан атты ЖАЛАУМЫН!!! Бақтыбай Айнабеков

3558 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы