• Тұлға
  • 03 Шілде, 2019

БІЛІМГЕ АКАДЕМИЯЛЫҚ ЕРКІНДІК ҚАЖЕТ

Елімізде қазіргі заман талабына сай білім беретін оқу орындарының қатары күн санап артып келеді. Соның бірі – КИМЭП университеті Білім беру және гуманитарлық ғылымдар факультеті. Осы ретте факультет директоры, PhD докторы, профессор Жұлдыз Смағұловамен тілдесіп, оқу орнының стандарттары, білімгерлерге жасалған мүмкіндіктер туралы сұраған едік.

– Әңгімемізді Білім беру және гумани­тарлық ғылымдар факультетінің тарихынан бастасақ. Қай жылы, қандай мақсатта ашылған? Осыған дейін қанша түлек тамамдады? – Біздің факультет 2018 жылы ашылған. Оған дейін Тілдер Орталығы болды. Ол КИМЭП университеті ашылған күннен бері жұмыс істеп келеді. Осы орталық факультет болып қайта құрылды, қызмет аясын кеңітті десек те болады. Ашылу мақсаты – Қазақстанның білім кеңістігін жаңа кадр­лармен толықтыру. Білім саласындағы бәсекеге қабілетті, жаңа технологияны жетік меңгерген, шетелге шықпай-ақ өз елімізде оқып, батыстық біліммен қарулан­ған жас мамандарды даярлау. – Бүгінде нарықта білім беретін мекемелер көп. Сіз басқарып отырған факультет несімен өзгеше? Жаңалығы, артықшылығы неде? – Біздің факультеттің ағылшынша атауы – College of Humanities and Education. Соған қарап, адамдар оны колледж деп ойлап қалады. Бұл жерде бір мәселені түсіндіріп кеткенді жөн көріп отырмын. Колледждің мәртебесі кәсіптік білім беретін колледж­дерден жоғары. Батыстық білім беру жүйесінде колледждер – факультет немесе институт дегенді білдіреді. Демек, бұл колледж – КИМЭП университетінің бір факультеті. Түлектеріміз университеттің бакалавр дипломын алып шығады. Артықшылығы мен өзіндік ерекшелігіне келетін болсақ, оқу тілі – ағылшынша. Біз білімгерлерге жаңаша мазмұндағы заманауи,­ элиталық білім беруге тырысамыз. Оқыту барысында батыстық озық оқулықтар мен соңғы оқу құралдарын, жаңаша технологияны, әдістерді қолданамыз. Мысалы, грамматика тақырыбын өткенде «сөйлемде бастауыш, баяндауыш және толықтауыш бар» деп сөйлем мүшелерімен шектелмей, тілдің ерекшеліктеріне, мимен, ойлану процесімен байланысына, неге сөйлем дәл солай құрылатынына да назар аударамыз. Оқытушыларымыз тек дәріс оқумен шектеліп қалмай, теорияны тәжірибе жүзінде сынап, бекітеді. Білімгерлеріміз түрлі жобалар жасап, командамен жұмыс істеуге колледж қабырғасынан бейімделеді. Мысалы, Тіл білімінің негіздері курсының соңында студенттер «Тақтар ойыны» фильміндегі Дотрак тілі сынды жасанды тіл жасап шығуы керек. Әдебиет пән­дерінде тек шетелдік шоқтығы биік әдебиет және мәдениет туындыларының шежі­ресімен ғана танысып қоймай, оның жазы­луының саяси, әлеуметтік, мәдени мәнін де қарастырады. Одан бөлек, риторика, креативті жазу, сценарий жазу шеберлігі сынды элективті курстар бар. Көпшілік гуманитарлық сала мамандарын нақты ғылыммен айналыспайтын, қиялға берілген адамдар деп ойлайды. Ал шынында, дәл осы сала мамандары тіл, ойлау, коммуникация, білім үдерісі, адами қарым-қатынас, мәдениет тарихы сынды күрделі тақырыптарды сараптап-талдай алады. Себебі лингвистика – жүйелі және аналитикалық ойлауды қажет ететін нақты ғылым. Қорыта айтқанда, бізді бітірген түлек лингвист, әдебиеттанушы, тарихшы, ­редактор, аудармашы, әдіскер болып шығады. Аудармадан басқа көптеген салада жұмыс істей алады. Бұл – жалпыға бірдей білім беру талаптарына сай. – Білім алушыларға қандай жағдай жасалған? – Жалпы КИМЭП университетінде студенттерге қажетті барлық жағдай бар. Университет солтүстік америкалық кредиттік жүйемен оқытады. Студенттер сабақ кестесін өз ыңғайларына қарай жасап алады. Элективті пәндерді өздері таңдайды. Тіпті оқытушыны таңдау да – өз құқығы. Әр семестр басында бір апта бойы таңдаған пәніне, қалаған оқытушының сабағына қатысып көреді. Егер оның әдіс-тәсілдері, беріп жатқан дәрісі ұнамаса, басқа пәнді, басқа ұстазды таңдай алады. Әрине, оқытушы жайлы пікірді өз араларында, түрлі форумдарда ашық талқылау, пікір білдіру де көмекші рөл атқарады. Сосын грант пен жеңілдіктер жүйесі өте икемді. Оқу барысында үздік нәтиже көрсетіп, білімділігін дәлелдей алған студенттің университеттің қаржылық қолдау комитетінің грантын иеленіп, тегін оқуға немесе жеңілдік алуына мүмкіндігі бар. Сонымен қатар бір үйден екі бала оқитын болса, оларға да жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ студент басқа факультеттен қосымша мамандық (minor) ала алады немесе біздің факультетте оқып жүріп, екі мамандық алып шығуына да (double major) болады. Академиялық ұтқырлық бағдарламасымен шетелдік оқу орындарында білім алу да қарастырылған. Қазір шетелдік студенттер көп. КИМЭП университетінің тағы бір ерекшелігі – басқа жоғары оқу орындарында оқу процесі екі семестрден тұрса, бізде төрт семестрге құрылған. Сонда төрт жылдық бака­лавриатты­ 3-3,5 жылда бітіріп кете алады. Жалпы біз шәкірттерді білім алушы тұлға деп тар шеңберде қарастырмаймыз. Олар студенттер үкіметіне мүше болу арқылы оқу ақысы, көлік тұрағы, асхана мәселесі сынды барлық әкімшілік шараларға пікір білдіріп, өзгертуге, сөйтіп, оқу орнын барынша қолайлы әрі сапалы етуге атсалысатын белсенді тұлға. Бұл ретте КИМЭП демократия 100% сақталатын жоғары оқу орны деп сеніммен айта аламыз. Білімгер барлық арыз-шағымын президентке, вице-президентке, деканға еш кедергісіз, ашық білдіре алады. – Оқытушылары кімдер? Олардың студентпен қарым-қатынасындағы бірінші құндылық қандай? – Ұстаздардың 75%-ы шетелдік оқытушы профессорлар, қалғаны шетелде білім алып келген, ағылшын тілінде еркін сөйлейтін мамандар. Олар Гарвард, Нью-Йорк, Гонконг,­ Блумингтон, Манчестер, Солтүстік Каролина университеттері, Лондондағы патша колледжі сынды әлемдегі ең озық оқу орындарында тәлім алған. «Болашақ» бағдарламасының түлектері де көп. Бір сөзбен айтқанда, өз ісінің нағыз кәсіби мамандары. Мысалы, оқытушымыздың бірі – ақын әрі сценарист. Тағы бір профессорымыз деректі фильм түсірумен айналысады. Қарап отырсақ, біздің факультет ұстаз­дары он екі тілде сөйлейді екен. Сол себепті студент екінші тіл ретінде қазақша, орысша, ағылшыншадан бөлек, испан, итальян, араб, грек, қытай, корей, неміс тілдерін таңдай алады. – Бүгінгі күні дипломды маманның жұмысқа орналасуы да күрделі. Кей жерлер тәжірибесі жоқ жас маманды жұмысқа алмайды. Осы ретте факультет түлектерін жұмыспен қамту мәселесі қаншалықты жолға қойылған? – КИМЭП – түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші бойынша еліміздегі алдыңғы қатарда тұрған оқу орындарының бірі. Біздің студенттердің 90%-ы оқу бітіре салып, жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар олардың оқып жүріп-ақ тәжірибе ­жинауына мүмкіндік жасалған. Оқу уақытынан тыс кезде кафедрада көмекші маман, профессордың көмекшісі болып қызмет етуіне болады. Ол үшін арнайы жалақы төленеді. Екі шет тілі мамандығының студенттері колледж қабырғасынан бастап, тіл курстарында сабақ бере алады. Ал аударма бағдарламасының студенттері көркем және техникалық аударма дағдыларын, аударма бюросы, баспа үйлері мен компаниялар үшін нақты мәтіндерді аударумен айналысады. Солайша, диплом алар сәтке дейін әр студенттің жұмыс портфелі қалыптасады. Бұл білімгерлердің ертең университеттен түлеп шыққан кезде жұмысқа еш қиындықсыз орналасуына мүмкіндік береді деп сенеміз. Кәсіби біліммен қатар, олардың бойындағы жауапкершілік, тәртіп, көшбасшылық, сыни ойлау, тіл білімі сынды soft skills, яғни құнды дағдыларды дамытуға тырысады. Бұл да түлектің еңбек жолында көмегін тигізетін таптырмас қабілет деп білеміз. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Әсел Сарқыт

3373 рет

көрсетілді

115

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы