• Руханият
  • 04 Шілде, 2019

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙРАТКЕР ҚЫЗЫ

Биыл қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш инженер-металлург, қоғам және мемлекет қайраткері, қалыңмалға сатылып, қор болған қазақ қыздарының бостандығы үшін күрескен тұлға, қазақ даласындағы қыз-келіншектер құқығын қорғау қозғалысының негізін қалаушылардың бірі – Бегалиева Мәдина Қожбанқызының туғанына 120 жыл толып отыр. Мәдина Қожбанқызы 1899 жылы 18 наурызда (бірақ Уикипедияда және ол туралы жарық көрген бірқатар мақалаларда туған күні 19 наурыз деп көрсетілген. Мәдина апамыз көзі тірісінде туған күнін «Париж коммунасы күнінде» атап өтеді екен. – С.Ш.) Астрахань губерниясына қарасты Бөкей ордасының Қылқанды ауылында дүниеге келген. Адай руынан шыққан әкесі Қожбан Басқұншақ тұз өндіру кәсіпшілігінде жұмыс істеп күнін көрген кедей адам еді. М.Бегалиева әкесінен ерте айырылып, шешесі Әлиманың қамқорлығымен өседі. Әлима апамыз оқымағанымен, көзі ашық, көкірегі ояу, қайратты келіншек болған көрінеді. Олар көп ұзамай Ордаға көшіп келіп, Мәдинаның анасы жалданып жұмыс істей бастайды.

Анасы там-тұмдап жинаған қаражатын жиыстыра жүріп, 1907 жылы Мәдинаны Орда­дағы қазақ қыздарына арналған екі сыныптық орыс-қазақ мектеп-интернатына (1883 ж. Бөкей хандығында ашылған алғашқы қыздар гимназиясы) оқуға береді.М.Бегалиева өзінің мектепте оқыған жылдарын: «Тек аздаған қыздар ғана мектепті бітіретін еді. Бірінші сыныптан кейін оқушы қыз үйіне демалысқа кететін еді де, ол жақта күйеуге берілетін» деп еске алыпты. Ол осы мектепте болашақ қазақтың қайраткер қызы Оразбаева Алма Ділмұхамедқызымен бірге оқиды. Олар Ордада оқи жүріп, шаруашылық қажеттіліктерін өтеу үшін Еділ бойындағы Царицын және ­Владимировка айлақтарындағы, ­Саратов пен ­Астрахань қалаларындағы базарларға барып тұратын еді. Еркіндік пен бостандықты сүйген Адайдың өр қыздары орыс қыздары мен әйелдерінің еркін жүріс-тұрысын, олардың тұрмыс-тіршілігін көре жүріп, солардай болуды армандап өседі. Өзінің күрес жолына түсу себебін М.Бегалиева былай деп түсіндіреді: «Біздің ауылда сұлу қыз деп танылған менің құрдасым Бадиша Сейдалиеваны үлкен қалың мал үшін 60 жастағы бай – әйелі өлген Есқали Сәрсеналиевке сатты. Есқалидың балалары Бадишадан да үлкен болды, ал үлкен ұлының жұбайы онымен жасты еді. Бадиша анасы мен ағаларына қанша жалынып, әкесінің моласына барып жылағанымен, оған ештеңе көмектесе алмады, 14 жастағы Бадиша шалдың әйелі болды. Бүкіл ауыл қарсы болып, әйелдер мен қыздар Бадишаның ағаларын қарғағанымен, оған ешкім көмектесе алмады. Адамға осылайша қорлық көрсету – менің жанымды түршіктірді. Мен осы кезден бастап патриархалдық тәртіпке қарсы күресуге бел байладым». Екіжылдық мектепті бітірген М.Бегалиева мен А.Оразбаева 1913 жылы Хан Ордасындағы (қазіргі Орда а.) үш жылдық педагогикалық курсқа оқуға түседі. Бұл оқу орнында негізінен қазақтың жастары оқыған көрінеді. 1916 жылы ­курсты бітіріп, бастауыш мектеп мұғалімі деген диплом алып шыққан М.Бегалиева мен А.Оразбаева Хан Ордасында мұғалім болып жұмыс істей бастайды. 1917 жылы Орда қаласына Саратовтағы тіс дәрігерлік мектебін бітірген Ниязова (кейіннен ­Танашева) Мубина Ибрагимқызы келеді. Ол М.Бегалиева мен А.Оразбаеваның қатарына қосылып, үшеуі сырлас құрбыларға, пікірлері мен көзқарастары ұқсас армандастарға айналады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісі күллі қазақ даласына, сонымен бірге Ордаға да үлкен дүмпу әкелді. Патшаның тақтан құлауы қазақ даласына үлкен үміт әкелді. Қазақ халқы бұл жаңалықтан үлкен өзгеріс күтті. Ал халқымыздың алдыңғы қатарлы оқыған көзі ашық зиялылары күрес жолына түсті. Олардың арасында А.Оразбаева, М.Бегалиева, М.Ниязова сияқты қазақ қыздары да бар еді. Олар өздері сияқты Ордадағы қазақ қыздарының құқықтарын қорғау үшін күрес жолына түседі. Олар қаладағы қыздар мен әйелдерді жиналыстар мен митингілерге тарту үшін үй аралап, оларды әңгімеге тартып, қаланың қоғамдық өміріне белсене араласады. Осы үш қазақ қызының белсенді әрекетінің арқасында, Орда қаласында қазақтың қыз-келіншектеріне арналған жиналыстар тұрақты түрде өткізіле бастайды. Әрине, ол кезде қазақ даласына большевиктік ой-пікірлер келіп жетпеген болатын. Бұл жиналыстардың барлығында мәдени-әлеуметтік ағартушылық сипатындағы лекциялар оқылып, әйелдер гигиенасы, ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері айтылатын. Ордадағы бұл қозғалысқа қазақ тілін жақсы білетін дәрігер Добронравова­ Прасковья Ивановна да атсалысып, медициналық тақырыптарға лекциялар оқиды. Ал мұғалім Князева Екатерина Ивановна мен М.Бегалиева халыққа білім беру мәселелері бойынша, А.Оразбаева қалыптасқан саяси жағдай мен әйелдер құқығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. 1917 жылы мамыр айында Бөкей ­губерниясы мұғалімдерінің І съезі болып өтеді. Халық ағарту қызметкерлерінің губерниялық комитетін ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған осы съезге А.Оразбаева мен М.Бегалиева да қатысады. Сонымен қатар Ақпан төңкерісі мен Қазан төңкерісінің арасындағы сегіз ай қазақ халқының санасын сегіз сатыға көтерді десек те артық айтқандық болмас еді. Азаттық, бостандық, автономия идеяларымен қатар, адамгершілік, ар-ұждан, адам құқығы, адамдардың теңдігі (Алланың да, заңның да алдындағы) мәселелері де қызу талқыланып, ұлт болып ұйысу үдерісі жылдамдай бастады. Қазақ жастары жер-жерде әртүрлі ұйымдар құрып, азаттық идеясын насихаттай бастады. 1917 жылдың тамыз айында қазақ жастарының осындай ұйымдарының бірі – Ордада құрылған драмалық үйірме болды. Үйірмеге Нұғман Манаев жетекшілік жасаса, Әмірғали ­Менешев, Қайырлы Бекқалиев, Ғабдірахман Кульчурин сияқты тұлғалар жастардың ұйысуына еңбек сіңірді. М.Бегалиева осы үйірме жұмысына қызу араласып, сонда қойылған «Малдыбай» спектакліндегі қазақ әйелдерінің рөлін сомдайды. Мұндай үйірмелердің тәрбиелік мәні жоғары, ағартушылық мазмұны терең болды. М.Бегалиева 1917-1919 жылдары Жаңақаладағы қыздар мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. Ол осында жүріп те драмалық үйірмелердің жұмысына қатысып, сүйгеніне қосылуды аңсаған қазақ қыздарына дем берумен болады. Оның бұл әрекеттеріне қарсы болған жергілікті қазақ байлары губерниялық халыққа білім беру бөліміне арызданып, қызметінен кетуіне түрткі болады. 1919 жылдың сәуір айында М.Бегалиева Орда қаласына бастауыш мектеп мұғалімі болып ауысады. Бұл кездегі Ордада жаңа басталған заманның қоғамдық өмірі қайнап жатты. Ол көп ұзамай, 1919 жылдың күзінде Ордада құрылып жатқан Қазақтың бірінші үлгілі атты әскер еріктілер полкының жауынгерлеріне арналған сауат ашу мектебіне мұғалім болып тағайындалады. А.Оразбаева болса осы полктың үгітшісіне айналады. Ал М.Ниязова полктың сани­тарлық бөліміне тіс дәрігері болып орналасады. Осы кезде Ордада жұмыс істеген коммунист әйел Витте-Грачевамен танысып,­ Коммунистік партияның жұмысы, Ленин туралы естіп-біліп, соның әсерімен комсомол қатарына өтеді.1920 жылы РК(б)П қатарына қабылданып, айрықша тағайындалған бөлім (ЧОН) отрядына жазылады. Бөкей Ордасындағы ерекше қыз­ме­тімен, өжеттігімен көзге түскен М.Бегалиева 1922 жылы РК(б)П Бөкей губер­ниялық комитетінің аппаратына қызметке шақырылып, әйелдер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Әйелдер құқығын қорғау қозғалысын қалыптастырудың Орда мектебінен өткен М.Бегалиева енді Бөкей губерниясы ­бойынша сол жұмысқа басшылық жасайды. Дәл осы кезеңде, 1923 жылы наурыз айында Мәскеу қаласында өткен Шығыс әйелдері арасындағы қызметкерлердің ІІ кеңесіне қатысады. Осы кеңес жұмысы кезінде басқа ұлттық республикалардағы әйелдер қозғалысының белсенді өкілдерімен танысып, олардың жұмыс тәжірибесінен сабақ алып қайтады. 1924 жылы 4-10 қаңтар аралығында Орынбор қаласында өткен ҚАКСР Кеңестерінің төртінші съезіне делегат болып қатысып, 10 қаңтарда ҚазОАК мүшелігіне кандидат болып сайланады. 1925 жылы 1-7 желтоқсан аралығында Қызылорда қаласында өткен РК(б)П қазақстандық өлкелік V конференциясына делегат болып қатысады. 1925 жылы сәуірде Шығыс әйелдері арасындағы қызметкерлердің ІІІ кеңесіне қатысып, Клара Цеткинмен танысады. Ол осы кеңестен көшпелі қазақ аудандарында әйелдерге арналған қызыл отауларды, отырықшы аудандарда әйелдер клубтарын ұйымдастыру туралы тапсырмалар алып келеді. 1925 жылы кеңестен келгеннен кейін РК(б)П Орал губкомының әйелдер бөлімі­нің меңгерушісі қызметіне кіріседі. Дәл осы жылдары қазақ әйелдері үшін қызыл отауларды ұйымдастырып, олардың сауат ашуы мен қолөнерге тартылуына, қалыңмалға сатылудан сақтануына бағытталған кешенді жұмыстарды ұйымдастырады. Алғашында қызыл отауға қазақ әйелдері келе қоймайды. Содан кейін киіз үйлерге тігін машинасын қойып, сол машинаға тігін тігіп алу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік жасайды. Тігін машинасына деген қажеттілік – Қызыл отауларды қазақ әйелдері жиналатын орынға айналдырады. ­Сонымен қатар М.Бегалиева осы жылдары жүргізілген ауылдық кеңестерді ірілендіру, егістік және шабындық жерлерді уақытша қайта бөлу, Қосшы одағының жергілікті ұйымдарын құру, байларды тәркілеу сияқты барлық саяси және шаруашылық науқандарға қатысады. БК(б)П ОК шешімімен 1928 жылы басталған коммунист әйелдерді жетекші әкімшілік-шаруашылық жұмыстарға тарту жөніндегі саясат кезінде Қазақстанда 10 әйел басшылық жұмыстарға ұсынылады. М.Бегалиева – Қазақстан қолөнер кооперациясы одағы төрағасының орынбасары қызметіне сайланады. Осы одақта жұмыс істей жүріп, БК(б)П Қазөлкекомының штаттан тыс нұсқаушысы ретінде ­көпте­ген тапсырманы атқарады. Осындай жұмыстардың арқасында 1931 жылы маусымда БК(б)П Қазөлкекомы хатшы­лығының шешімімен Мәскеу қаласындағы БК(б)П ОК жанындағы марксизм-ленинизм­ курсына оқуға жіберіледі. Ол онда барғаннан кейін БК(б)П ОК-не өзін Ауыр өнеркәсіп халкоматына қарасты Өнеркәсіп академиясының түрлі-түсті металдар факультетіне оқуға жіберу туралы өтініш жасайды. М.Бегалиеваның осы өтініші қабыл алынып, 1931-1935 жылдары Өнеркәсіп академиясында оқиды. Осы жылдары бүкіл отбасы мүшелерімен (жұбайы – Ғали Бегалиев, қыздары – Шолпан, Нахия, Роза және ұлы – Темір) бірге Мәскеу қаласында тұрады. 1935 жылы 29 желтоқсанда «Балқаш мыс қорыту зауытының жобасы» атты тақырыпта диплом жобасын «өте жақсы» қорғап, инженер-металлург біліктілігін алып шығады. Қазақ қыздарынан шық­қан тұңғыш инженер-металлург 1936-1940 жылдары Балқаш мыс қорыту зауытының инженер-металлургі болып жұмыс істейді. 1938 жылы 24 қарашада өзі негізін қалаған үш мұржадан (мұржалар­дың алғашқы кірпішін қалау құрметі М.Бегалиеваға бұйырған екен – С.Ш.) қою түтін будақтап, алғашқы Балқаш мысы алынған еді. 1940 жылдың соңында М.Бегалиева отбасылық жағдайына байланысты ­Алматы қаласына келіп, Қазақ тау-кен институтының ауыр және түрлі-түсті металдар кафедрасының жанындағы лабораторияда меңгеруші болып жұмыс істейді. Өкінішке қарай, бүгінгі Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗИ архивінен М.Бегалиеваның жеке ісін сұрап едім, «ондай жеке іс жоқ» деген жауап алдық. Соғыстың қиын жылдарында қай­тадан әйелдер арасындағы жұмысқа шақырылып, 1942-1944 жылдары ҚК(б)П Гурьев (қазіргі Атырау) облысында әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлім меңгерушісі қызметін атқарды.1944 жылы Қазақстан КП ОК-нің әйелдер арасындағы жұмыс бөлімінің нұсқаушысы қызметіне ауыстырылады. Содан кейін Қазақ КСР Мемлекеттік бақылау министрлігінде бақылаушы қызметтерін атқарған. 1949 жылы одақтық маңызы бар дербес зейнетақы демалысына шығады. 1974 жылы 20 желтоқсанда ұзаққа созылған ауыр науқастан 76 жасына қараған шағында Алматы қаласында дүниеден озды. Қазақ әйелдерінің құқығын қорғаудағы қажырлы күресте қайралып, Балқаш ­мысын алу жолындағы өндірістік жұмыста шыңдалған қазақтың қайраткер қызы, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш ­инженер-металлург М.Бегалиева қазақтың дарынды ғалымы, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы математика және тіл білімі оқулықтарының бірнеше басылымының авторы Ғали Бегалиевпен отау құрып, бір ұл, үш қызды дүниеге әкелді. Ол Отан алдында сіңірген еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Бүгінгі таңда Бөкей ордасы ауданындағы Бөрлі ауылдық орта мектебі және Сайқын ауылындағы бір көше М.Бегалиеваның есімімен аталады.

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты

2834 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы