• Тұлға
  • 04 Шілде, 2019

Гүлжамал ҚАЗАҚБАЕВА: ТЕАТР ҚҰМҒА СІҢГЕН СУ СЕКІЛДІ...

Алматыда әйдік ­жазушы Ғабит Мүсіреповтің атындағы театр бар. Балалар мен жасөспірімдер театры. Аты жастардыкі болғанымен, заты – ұжымы тек жастардан ғана тұрмайды. Бәйділда Қалтаев, Әмина Өмірзақова, Сәлима Саттарова, Мұхтар Бақтыгереев, Мәкіл Құланбаев, Айтжан Айдарбеков­тер сынды театр корифейлерінің ізі қалған бұл киелі сахнада. Бүгінде сол саңлақтардың көзін көрген, кезінде солар сомдаған рөлді абыроймен алып келе жатқан өнер иелері де аз емес. Солардың бірі, әйгілі актриса, өмірінің елу жылын өнерге арнап келе жатқан талант иесі – Гүлжамал Қазақбаева. Ол кісі биыл мерейлі 70 жасқа келіп отыр. 

«Ана тілі»: Өзіңіз ойнайтын «Жусан иісі» қойылымындағы кейіпкердің ­«Алыста қалған балалық шағым ойымнан бір кетпейді» дейтіні сияқты, әңгімемізді ба­­ла­лық шағыңыз, отбасыңыз туралы бастасақ... Гүлжамал Қазақбаева: Мен соғыстан кейінгі сонау 1949 жылы Алматы облысы, Кербұлақ ауданы (бұрынғы Талдықорған облысы Гвардия ауданы) Көксай ­деген кішкентай ауылда өмірге келгенмін. ­Ауылымыз атына заты сай, Көксай десе, Көксай енді! Таудың етегінде орналасқан, табиғаты жап-жасыл, мың түрлі гүл өседі. Кішкентай күнімізде тауға көп шығатынбыз. Қызғалдақ теретінбіз. Ал қыстыгүні қар қалың түседі. Онда сырға­нақтың түбін түсіреміз. Сірә, табиғаттың осы бір әсемдігі адамдардың да болмысына әсер ететін болуы керек. Тұманбай Молдағалиев айтпақшы, «тау баласы тауға қарап өседі» екен. Біздің ауылдың тұрғындары жайсаң мінезді жандар еді. Біз бір әке-шешеден жеті бала – бес қыз, екі ұл өсіп-өндік. «Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ» деген ғой, қазір әрқайсымыз әр жақта өмір сүріп жатырмыз. Отбасымыз қарапайым, ата-анамыз адал адамдар болды. Ата-әжеміз бүкіл ауылға сыйлы адамдар еді. Жетім-жесірлерге қарайласып, қолдан келгенше қол ұшын созатын, жарықтықтар. Қолымызда талай сондай кісілер тәрбиеленіп, еншісін алып кетіп жататын. Әжеміз ауылдың бәріне киім тігіп беретін қолы шебер, ісмер жан болды. Ал атамыз оқымаған болса да, көзі ашық, көкірегі ояу адам еді. Кешкі астан кейін бәрімізді дөңгелек үстелдің айналасына жинап, әкемізге майшамның жарығымен батырлар жырын оқытатын. Сол кезде «Батырлар жыры» деген қалың кітап болды. Ішінде әр жырдың: Қамбар батырдың жолбарысты өлтіріп жатқан шағы, Қыз Жібектің күймеден шығып тұрған сәті бейнеленген керемет суреттері болатын. Кейін хат танып, есейген шақта біз оқып беретін болдық. Атам сол жырларды өзі жатқа білсе де, ғұмырының соңына дейін немерелеріне оқытып кетті. «Ана тілі»: Өнер жолын таң­дауыңызға атаңыздың сол оқытқан жырлары әсер еткен болар? Гүлжамал Қазақбаева: Иә, шынында да, сол шақ менің өнерге, сұлулыққа деген құштарлығымды оятқан болар. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосындағы Баян, «Қара қыпшақ Қобыландыдағы» Құртқа, «Ер Тарғын» жырындағы Ақжүніс бәрі-бәрі көз алдымда кино болып өтіп жататын еді. Солар сияқты болғым келетін. Сөйтіп, бала күнімнен актриса болып, киноға түсуді армандадым. «Ауылға кино келіпті» дегенді естігенде-ақ, қалмай баратынбыз. Ол кезде ауылымызда клуб жоқ. Сырты әктелген жалғыз дүкен бар еді. Сол дүкеннің артқы қабырғасын экран қылып, кино қоятын. Небір фильмдерді солай көрдік. Ескі кинолардың бәрі керемет еді ғой! Есімде қалғаны – «Дала қызы» мен «Ән шақырады» деген фильмдер. Кейін арман қуып Алматыға келіп, Мұхтар Әуезов театрының қасынан ашылған актерлерді оқытатын екі жылдық студияға оқуға тапсырдым. Сол кезде «Дала қызын» ойнаған актриса Зәмзәгүл Шәріпова екенін, ал «Ән шақырады» фильміндегі басты әйел бейнесін Раиса Мұхамедиярова сомдағанын білдім. Бала кезімде жасаған образдарына тамсанып өскен мен өскенде сол кісілердің өзімен қатар жүремін деп ойламаған да едім... «Ана тілі»: Білуімізше, өзіңіз айтып отырған екіжылдық студияға оқуға тапсыруға келгеніңізде құжат қабылдау уақыты бітіп кеткен екен... Гүлжамал Қазақбаева: Иә, ондай қызық болған. Оқуға тапсыруға жездем ертіп әкелген еді. Келсек, құжат қабыл­дайтын уақыт бітіп кеткен. Бірақ, Алланың бұйыртқаны шығар, сәті түсіп, оқуға қабылдандым. Сол екі жылдың ішінде біз керемет мектептен өттік. Әйгілі актер, театр өнерінің корифейі Қа­либек Қуанышбаев сырқаттанып жүргеніне қарамастан, бізбен, жаңадан оқуға түскен студенттермен кездесу өткізді. Сонау Қоянды жәрмеңкесінде қалай актер болғанын, қалай қыздың сыңсуын айтқанын, сол сияқты ғажайып естеліктерін айтып берген еді... Одан бөлек, Серке Қожамқұлов, ­Елубай Өмірзақов, Қапан Батыров, Сәбира Майқанова, ­Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова сынды сол кездегі атағынан ат үркетін актерлердің бәрімен бір сахнада ойнадық. Ол кісілер басты рөлдерді сомдайды, студенттер көпшілік сахнасына қатысамыз. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп, сол аға-апаларымыздың өнеріне тамсанып әрі еліктеп жүріп, екі жылымыздың қалай өткенін де аңғармай қалдық. «Ана тілі»: Бірақ сіз негізгі актерлік қызметіңізді Шымкенттегі қазіргі Жұмат Шанин атындағы театрда бастадыңыз ғой? Гүлжамал Қазақбаева: Сол студия­ның соңғы курсында оқып жүргенде өзіммен бірге оқитын Мырзагелді деген жігітпен бас қостық. Екеуіміз де дипломдық жұмысымызды үздік қорғаған соң, бізді осы Әуезов атын­дағы академиялық театрға жұмысқа алып қалатын болды. Бірақ мен оқу бітірген соң, аяғым ауыр болғандықтан ауылға кеттім. Жолдасым қалып, осында алты айдай жұмыс істеді. Қанша дегенмен, үй жоқ, күй жоқ, мен ауылда болған соң, ол да Шымкентке ауысты. Өзі сол өңірдің тумасы болатын. Сөйтіп, екеуіміз ­Шымкент театрына жұмысқа орналастық. Сол театрда үлкен-үлкен рөлдер ойнадық. Ең бірінші ойнаған рөлім – Мұстай Кәрім деген башқұрт драматургінің «Ай тұтылған түн» трагедиясындағы Зүбәржат деген жас қыз. Ал екінші ойнаған рөлім – Құртқа. Сөйтіп-сөйтіп, баяғыда кіш­кентай күнімде армандаған, көз алдымда кино болып елестеген Баянды, Құртқаны, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» Ақтоқтыны, Шыңғыс Айтматовтың «Арманым Әселімдегі» Әселді, Тахауи Ахтановтың «Ант» драмалық дастанындағы Бопай ханшаны ойнадым. Бұл театрда үлкен бір тәжірибеден, мектептен өттім деп айтсам болады. Ол кезде мұнда да небір талантты актерлер қызмет ететін. Көбісі арнайы оқу бітірмесе де, халықтың ішінен шыққан нағыз туабітті өнер адамдары еді. Баяғыда Шәкен Айманов студенттермен кездесу өткізіпті. Сонда бір бала: «Сіз артистің қандай оқуын бітірдіңіз?» деп сұрапты. Сөйтсе Шәкен аға: «Мен Қалибек Қуанышбаев деген университет бітірдім» депті ғой... Актер болу үшін адамда ең бірінші туабітті талант, жанында, жүрегінде түйсік болуы керек. Төлеген Айбергеновтың өлеңі бар ғой: «Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның. Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін, Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын» дейді. Сол сияқты, актер болу оңай дей­місің, қарағым. Жұрт «артист дегенді біреу жазып берген сөзді жаттап айтып жүре беретін жеңіл жұмыс» деп ойлайтын шығар. Ал шын артист суарылған болаттай болуы керек. Сенің жан дүниең, сезімің домбыраның күйі келтірілген шегіндей тартылып тұруы тиіс. Сонда ғана рөлді дөп басасың, сонда ғана жүрегіңнен шыққан дүние халықтың жүрегіне жетеді... Шымкент театрында сегіз жылдан астам уақыт қызмет еттім. Содан кейін өнердің қайнаған ортасына – Алматыға ауыстым. «Ана тілі»: Сол Шымкент театрында қызмет етіп жүргеніңізде «Қобыланды» қойылымын қоюға келген Шолпан ­Жандарбекова сізге Құртқаның костюмін тарту етіпті... Гүлжамал Қазақбаева: Ол кезде сондай үрдіс бар еді. Театрлардың репертуарында бірдей қойылымдар болса, артистер тәжірибе алмасып, шеберлік сағатын көрсету үшін бір-бірімен алмасып ойнап жататын. Сонда Шолпан ­Жандарбекова келді. Ол кісі өзі Оңтүстік өңірдің келіні, Құрманбек Жандарбеков деген ұлы актер, әнші, режиссер өткен өмірден, сол кісінің жары. Ол кезде біздің театрда «Ажар мен Ажал», «Жат елде», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымдары жүретін. «Қара қыпшақ Қобы­ландының» тұсаукесеріне дайындалып жатқанбыз. Шолпан апа сондағы басты әйел образдарын жасауға келді. Сонда апай біздің дайындығымызды көріпті. Репетициядан кейін қасымызға келіп: «Мен Құртқаны ойнамаймын. Жастың жолын кескендей болмайын, Гүлжамал өзі ойнасын. Батамды берейін» деп, өзінің Құртқаға киемін деп алып келген костюмін сыйлап кетті. Сол менің өмір бақи есімнен кетпейді... Бұл кісінің Құртқаны ойнағанын студент кезімде Әуезов театрын­да көргенмін. Әзірбайжан Мәмбетов қойған. Ол бір керемет спектакль болды. Ұзақ жылдар бойы репертуар­дан түскен жоқ. Мен негізі біреудің іші-бауырына кіріп кете алмайтын, тез шешім қабыл­дай алмайтын адаммын. Ылғи кейінге қал­дырып, ұят санап жүретінім – мінезімнің өзіме ұнамайтын тұсы. Осы Шолпан апама: «Сізге ризамын. Кезінде сөйтіп мерейімді тасытып едіңіз ғой» деп айтпадым. Алматыға келгенде талай мәрте оқталдым, бірақ батылым жетпеді ме, әлде сондай үлкен адамның мазасын алғым келмеді ме, тартыншақтап қалдым. Соған қазір өкінемін. «Ана тілі»: Алматыға Мүсірепов атын­дағы театрға қашан, қалай ауыстыңыз? Гүлжамал Қазақбаева: Алматыға 1978 жылы ауыстым. Арманым – академиялық театрға орналасу болатын, бірақ оған баруға батылым жетпеді. Алланың жазуымен осы Мүсірепов театрына орналастым. Мен оған еш уақытта өкінбеймін. Керісінше, қуанамын. Алла сол кезде дұрыс жолға бастап тұрған екен. Бәйділда Қалтаев, Әмина Өмірзақова, Сәлима Саттарова, Күләй Мұратәлиева, Роза Әшірбекова, Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжебеков,­ Мәкіл Құланбаев, Айтжан Айдарбеков...тізе берсең көп, қандай актерлер еді, шіркін! Сол кісілердің қасында жүріп, сахнада бірге өнер көрсеттік. Өзімнің сол кездегі тұстастарым: Ғазиза Әбдінәбиева, Досхан Жолжақсынов, Нұрғанат Жақыпбаев, Лидия Кәденова – бәріміз бірге сахналас болдық. Мен сол үшін де бақыттымын. Өміріміздің жарқын сәттері, жастық шағымыз осы театрда өтті. Алпыс күндеп гастрольдік сапарларда жүрдік. Қарақалпақстанның 60 градус ыстықтарында өнер көрсеттік. Соның бәрі көрген түстей өте шықты. Қазір ондай гастрольдер жоқ. Қазір тек оншақты күнге қалаларға барып келеміз. «Ана тілі»: Баян, Құртқа, Ақтоқты, Әсел, Бопай ханша, Шолпан, Офелия, Алуа... «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» дегендей, өзіңіз үшін қымбат рөліңіз қайсы? Гүлжамал Қазақбаева: Бөліп-жарып айтпаймын, Құдайға шүкір, барлық рөлдерім сәтті шықты. Ауызға ілініп, баспасөзде жазылып-айтылып жатты. Дегенмен, кейін Алматыға ауысып, об­лыстық театрдан республикалық театрға ауысқанда жаңа ұжымға сіңісіп, өз ор­ныңды алу өте қиын екенін ұқтым. Оң жам­басыңа келетін рөл бірден бұйыра қалмайды. Сөйтіп жүргенде, бағыма қарай, осы театрға талантты актер, режиссер, педагог Райымбек Сейтметов келді. Сол кісі Мұхтар Әуезовтің отыз жыл бойы еш жерде сахналанбаған «Алуа» пьесасын алып, мені басты кейіпкер – Алуаның рөліне бекітті. Алуа – болыстың есігінде күң болып­ жүрген 13 жасар қыз. Тезек теріп, қолға су құйып жүрген оны болыс өзіне тоқалдыққа аламын дегенде қашып, Кеңес өкіметінен пана іздеп келеді. Сөйтіп, ол оқып, білім алып, ғылым жолына түседі, ел басқарады. Ең соңында Азия, Африка елдері әйелдерінің конгресінде әйелдің намысын қорғап, бейбітшілікті сүйетін ананың жоғын жоқтап, сөз сөйлейді. ­Пьеса осылай аяқталады. Сонда екі сағаттың ішінде бір адамның өмірбаяны арқылы қазақ елінің басынан өткен ұжымдастыру, ашаршылық, Ұлы Отан соғысы сияқты қадау-қадау оқиғалар көрсетіледі. Осы қойылым өте сәтті шықты. Мемле­кеттік сыйлыққа ұсынылып, режис­серім, ұстазым Райымбек аға, қойы­лымда ­болысты ойнаған Мұхтар Бақтыгереев, қойшы шалды ойнаған Мәкіл Құланбаев – төртеуіміз Мемлекеттік сыйлық алдық. Сонда мен 32-ақ жастамын. Осы мені биікке шығарған, жұлдызымды жаққан, сол уақытқа дейінгі жинаған тәжірибемнің нәтижесіндей рөл болды. Ал одан кейін менің Алуадан төмендеуге қақым жоқ еді... Бикен Римова жазған «Қос мұңлық» деген пьеса бар. Онда жесір қалып, тағ­дыр­дың тауқыметін тартқан аналар­дың тағдыры көрсетіледі. Күйеуі үлкен қызметте істеген, бірақ өкімет берген үш бөлмелі үйін қанағат тұтқан адал адам болған. Қызы тұрмысқа шыққанда оны алмастырып, бір бөлмелі пәтерге көшеді. Бірақ ұлы өсіп, университетті үздік тамамдағанымен, жұмысқа тұра алмайды. Қайда барса да пара сұрағандарға беретін тиыны жоқ. Үйленейін десе, жалғыз бөлмеде анасы екеуі тұрады, не үйлене алмайды. Сосын ол анасына: «Жағдай жасай алмасаң, мені неге тудың?» дейді. Сөйтіп, анасы соңында баласының бақытты болуы үшін қарттар үйіне кетпек болады. Бірақ оған жетпей, жүрегі ұстап өмірден өтіп кетеді. Бұл да көрермен жақсы қабылдаған, лайықты бағасын алған жақсы рөл болды. Райымбек Сейтметов ағай Семей полигоны жайында «Заманақыр» деген қойылым қойды. Онда Салиха деген жесір әйелді сомдадым. Ол – күйеуі соғыстан қайтпаған, Абыралыда бір ұл, бір қызымен қалған ана. Сынақ бомбасы жарылғанда баласы соған қараймын деп, көзінен айырылып, зағип болып қалады. Бүкіл ауылды көшіреміз дегенде «Күйеуім соғысқа кеткен. Ол қайтып келсе, бізді таппай қалады. Мен ешқайда көшпеймін» деп, жалғыз үй болып қалып қояды. Күнде қырға шығып, шалын күтеді. Ал қызы тұрмысқа шығады. Бірақ жеті құрсақ көтерсе де, жетеуі де мүгедек болып туады. Ең соңғысы өмірге томар бала болып келеді. Соған шыдай алмаған күйеу баласы өзіне қол салады, қызы жынданып кетеді. Соңында кемпір жұртта тас мүсінге айналып жалғыз қалады. Сондай трагедиялық бейнені сомдадым. Одан кейін У.Шекспирдің «Гамле­тіндегі» Офелияны, Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуындағы» Қарагөзді, «Ай-Қарагөздегі» Мөржанды сомдадым. Бәрі де мен үшін ыстық, бәрі де – шоқтығы биік образдар. «Ана тілі»: Сахнада кейіпкердің өмірін сүресіз. Солардың ішінде өміріңізде із қалдырғандары болды ма? Өзіңіз айтып отырған «Заманақыр» қойылымындағы Салиханы сомдаймын деп, шашыңыз ағарып кеткенін естігенбіз... Гүлжамал Қазақбаева: Ол – ұлт тағ­дыры, халқыңның трагедиясы туралы қойылым. Үстірт ойнай алмайсың. Бүкіл жан дүниеңді соған қоспасаң, кейіп­керіңнің барлық қайғы-қасіретін өне бойыңнан өткізбесең, образ шықпайды. Сол қойылымды бір ай ма-екі ай ма, қанша уақыт дайындағанымыз есімде жоқ, бірақ сол кезде шынында да шашым ағарып, самайыма ақ түсті... Сахна деген – айна ғой. Онда өтірік айта алмайсың. Өтірігің көрерменге көрініп тұрады. ­Сондай болғаны рас. Актер қандай рөл ойнаса да, бәрін өзінің жан дүниесінен қазып шығарады. Сенің өмірдегі көрген қуаныш-қиындықтарың, мұңайған сәттерің – бәрі жаныңа жиналып, жүрегіңдегі жүгіңе айналады. Сол жүгің бейне жасарда көмекке келеді. Владимир Машков деген орыс актері бар. Сол: «Актер – чемодан ­неприятностей» дейді. Сол сияқты актер деген – мұң-қайғысын жүрегіне жинаған адам. «Ана тілі»: Сіз Мүсірепов театрына кіргелі төрт буын ауысыпты. Әмина Өмірзақова апалармен бірге талай гастрольдік сапарларға шықтыңыз. Сол кісілерді еске алғанда ойыңызға не оралады? Небір жылы естеліктер қалған болар... Гүлжамал Қазақбаева: Әмина апамен Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» деген қойылымында ойнадық. Сол қойы­лыммен Жамбыл облысын аралаған едік. Киноның құдіреті сол ғой, ауылдағы адамдар «Тайлақтың шешесі келіпті» деп, кішкентай балаларын арқалап, біздің түскен үйімізге келетін. Сол кезде халық­тың Әмина апаға деген ыстық ықы­ласының, махаббатының куәсі бол­ғанбыз. Әмина апа басынан небір қиын жағдай өтсе де, мойымай, өмірде жарқылдап жүретін... Ол кезде ауылға келген атақты адамға сыйлық ретінде конверт беретін дәстүр бар еді. Қазіргілердің шапан жабатыны сияқты ғой. Сонда Әмина апа қойылым біткен соң, өзіне берілген конвертті ашып, бәрімізге таратып беретін. Мәре-сәре болып қалатын едік. Сөйтіп ол кісімен талай керемет гастрольдерде бірге жүріп, тәлім-тәрбие алдық. Қасында Жамал Бектасова деген апамыз болған. Ол кісі де керемет адам еді. Өкінішке қарай, бәрі өмірден өтіп кетті ғой... Кейін сол «Күшік күйеуді» араға қанша жыл салып, Жанат Хаджиев қайтадан қойды. Классика – бағасын жоймайтын туынды ғой. Айтар идеясы, өзектілігі ешқашан өлмейді. Сол кезде мен баяғы Әмина апам ойнаған рөлді алдым. Сол үшін Жанатқа ризамын. Өкінішке қарай, ол да қазір арамызда жоқ, жаны жәннатта болсын. Ал Жамал апа ойнаған рөлді – құрбысын Лидия Кәденова алды. Бұл Лидия екеуіміздің бір-бірімізді қас-қабағымыздан түсініп, үндестік тапқан керемет рөліміз болып шықты. Он жылдай ойнадық. Кейін жастарға табыстадық. Буын ауысу деген – осы. «Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деп... Бәрі сол баяғыдай көрініп... Театр деген құмға сіңген су сияқты ғой. Сенің жаныңмен, жүрегіңмен жасаған рөліңді көрген адам көрді, көрмеген адам сол күйі білмей кетеді. Бітті... Рөл жоқ... Ал кино болса, тасқа басылған таңбадай таспасында қала береді... «Ана тілі»: Сұхбаттарыңызда алдыңғы толқын апаларыңызды аузыңыз­дан ­тастамайсыз. Бір сұхба­тыңызда «Оларға сөйлемек түгілі, беттеріне тік қарауға жүрек­сінетінбіз» депсіз. Қазіргі жастардың сіздердің буынға деген құрметі сол деңгейде ме? Гүлжамал Қазақбаева: Ол кісілерді сыйлағанымыз сонша, алдарынан кесе-көлденең өтпейтінбіз. Өнеріне табынып, адамгершілігіне бас иіп өстік... Қазіргі жастар да осал емес. Олардың талабын ұштап, талантын ашатын небір керемет қойылымдар жүріп жатыр. Мысалы, ­Сайын Мұратбековтың екі шығармасынан біріктірілген «Жусан иісі» қойылымы бар. Режиссері – Жұлдызбек Жұманбай. Жұлдызбек бұрын осы театрдың актері болған. Кезінде екеуіміз Нұрлан Әбдіқадыров деген қырғыз режиссерінің «Қайдасың, бақыт?» қойылымында бірге ойнағанбыз. Сосын «Пияз бала» деген спектакль болды. Жемістер патшалығында болып жатқан оқиға. Сонда мен – Шие графиняны, ол Апельсинді ойнайды. Бірде шымылдықтың артында бәріміз шығатын уақытымызды күтіп отырғанбыз. Жұлдызбек, қалжыңбас, айналасын күлдіріп жүретін тамаша бала ғой, маған: «Апай, мен болашақта режиссер боламын. Мына шие деген немене? Мен сізге кейін картошканың рөлін беремін» деп күлдірген. Айтқандай-ақ, Мәскеуде режиссерлікті оқыды. Елге оралғанда маған «Жусан иісіндегі» әженің рөлін берді. Сұм соғыстың қазақ ауылдарына қандай күш салғанын, тылдағы өмірді, қазақ әйелдерінің тауқыметін, өрімдей жас балалардың тағдырын көрсетеді. Керемет қойылым! Сол спектакльді ойнағанда жаным рақат табады. Одан кейін Жұлдызбек қазіргі қоғам­ның дертін көрсететін «Ұмы­тыңдар оны» деген қойылым қойды. Басты рөлді «Алашұлы» тобындағы Мақсат Рахмет ойнайды. Мен Құдайлар үйінің шырақшысы – Эританың бейнесін жасадым. Заманмен бірдей қадам басып келе жатқан жастарға ілесіп рөл ойнау деген – оңай шаруа емес. Сонда да жастардың мені таңдап алғанына рақметімді айтамын. «Ана тілі»: Бір сұхбатыңызда: «Сахна үшін туған талай саңлақ есімі еленбей өмір­ден өтті. Өнерді өрістету жолында қалт­қысыз қызмет етсе де, ешкімнен атақ-даңқ сұраған жоқ» депсіз. Сіз осы сөз­дерді айтқан кезде кімдер ойыңызда болды? Кімдердің еңбегі еленбей кетті деп ойлайсыз? Гүлжамал Қазақбаева: Бізде ­Бибиза, Мәкіл, Ақыл Құланбаевтар деген ағайынды үш артист болды. Олар – осы театрдың ең бірінші кірпішін қаласқан адамдар. Мәкіл Құланбаев ағаны айттым ғой. Комедияны да, трагедияны да кемеріне жеткізіп ойнайтын талантты актер еді. Жаны тап-таза сәби сияқты, өзі қожанасырлау, сенгіш адам болды, жарықтық. Сол кісінің әпкесі Бибиза Құланбаева деген актриса өткен өмірден. Мінезді рөлдерді күшті ойнайтын. Соғыс жылдары «Алтын сақа» деген қойылым болған. Сондағы Мыстан кемпірді ойнағанын жұрт аузынан тастамай, тамсанып айтып жүретін. Кейін де талай образдарды, аналардың бейнесін жасады. Сол кісінің еңбегі еленбей кетті.

Әуезов атындағы академиялық театрда Раушан Әуезбаева деген актриса қызмет етті. Студент кезімізде талай рөлдерін көрдік. Ол кезде қойылымдарды оркестр сүйемелдеп отырушы еді. Раушан апай «Абай» спектаклінде романстарды орындайды. Сонда дауысының кеңдігі сондай, оркестрді басып кететін. Бізге екі жыл сахна тілінен сабақ берді. Қалай сөйлеу ­керек, тынысты қалай алу керек, даусыңды ең соңғы қатарға қалай жеткізесің – бәрін үйретті. Сол кісінің де еңбегі еленбей, өмірден озып кетті. Айта берсек, ондай тасада қалып қойған таланттар көп... Өнер деген – картаның ойыны сияқты. Қолың жүріп, оң жамбасыңа келетін рөл шықса, сені аша білетін режиссер кездессе, бағың жанып, жұлдызды сәтің туады. Ал рөлің, режиссерің кездеспесе, уақыттан ұтыласың... «Ана тілі»: Ел анасы жасына келіп отырсыз. Сізді қазір ана ретінде, әже ретінде не алаңдатады? Не мазалайды? Гүлжамал Қазақбаева: Біз асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Мен өзімді бақытты адаммын деп ойлаймын. Алланың осы бергеніне ризамын. Ал ұлтымыздың болашағы жарқын болса екен деген аналық тілек бар. Балаларымның, немерелерімнің ертеңіне алаңдаймын. Қоғамда болып жатқан түрлі түйткілдер көңілге алаң салады... Біз саясаттан алыс адамдармыз. Бірақ өзіңді саясаттан қанша алыс ұстағанмен де, қоғамнан бөліне алмайсың. Қоғамның ауруы сені де ауыртады... Қазір жас-кәрі демей, телефонға «кіріп» кеттік. Бұл да – заманның бір дерті. Жақында осы туралы әзіл оқыдым: «Бүгін интернет істемей қалып, бәріміз отырып шай ішіп едік, жақсы адамдармен бірге тұрып жатыр екенмін ғой» депті бір жазған. Сол айтпақшы, жанымыздағы жақсы адамдарды көрмей, бағаламай кетеміз бе деген қауіп бар менде.

Сұхбаттасқан Әсел САРҚЫТ

1220 рет

көрсетілді

66

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы