• Әдебиет
  • 24 Шілде, 2019

Күтпеген қоңырау

Ақұштап Бақтыгерееваға

Нұрқанат көзін ашқанда ғана бағанадан бері өзінің түс көріп жатқандығын бір-ақ ұқты. Өз түсінен өзі шошып оянды. Тұла бойы түгел қара терге малшынып, денесін ауырлық басыпты. Дүрсілдеп соққан жүрегі аузынан шығып кетердей болып ентігі басылар емес. Қос жанарынан парлап аққан көз жасы жүзін шайып, жастығын малмандай су етіпті. – Апыр-ай, ұзақ жыладым ба екен? – деп таңырқаған ол қатты ұйып қалған оң қолын зорға қимылдатып, алақанымен бетіндегі жасты сүртті. Саусақтарын жүзіне апарғаны сол еді, екі аптадан бері қаулай әрі қатқыл өскен сақалы мұның алақанына тікенекше қадалды. Сақалының алақанына батқанына қарамай екі бетін кезек сипай бастап еді, көзі ашылған жылғадай жасы мойнына құйылды. – Түсім екен ғой, – деп күбірледі ол. Ауызы осылай деп күбірлегенімен, түсі екендігіне әлі сене алар емес. Өңіндегідей бәрі ап-айқын болған жоқ па?

Ота жасайтын үстелде жатыр екенмін дейді. Қол-аяғы сол үстелге аяусыз бай­ланған. Үстінен төне қараған ақ халатты дәрігерлер мен мейірбикелер. Тас ­тө­бесінен­ тура қойылған аспалы шамның ұсақ жарықтары жоғарыға тура қарауға мүмкіндік бермейді. Әлгі ақ халаттылардың да түрлерін анықтап көруге кедергі ­болып тұрған – осы шам. Бөлменің есігі ашылып,­ ішке тағы бір ақ халатты енді. Оның да бет-әлпеті анық көрінбейді. Тек дауыс­ ырғағынан танығандай болды. Бас дәрігер. Ұлты татар болғандықтан оны дауыс­ ырғағынан бірден шамалауға болады. Есіктен кіріп келді де, жанындағыларға «Бастайық!» деп белгі бергендей болды... Одан әрі не болғаны есінде жоқ. Ойланып-ақ жатыр. Үзіліп қалған түсін жалғауға тырысып-ақ жатыр. Өз ойымен өзі ұзақ арпалысып бақты. Бір кезде есіне түскендей болды. «Қолымыздан келмеді» деді бас дәрігер ауыр күрсініп. Сөйтті де, теріс бұрылды. Жанындағы мейірбике мұның бетіне ақ мата жапты. Әуелі не болғанын түсінбей абдырап қалған ол санаулы секундтардан кейін ғана мән-жайды ұққандай болды. – Жоқ! – деп айқайлады ол. – Жоқ! Мен тірімін! Қайда кетіп барасыңдар? Ешкім жауап қатпады. Мұны естімегендей кейіп танытқан олар еденді тықылдата басып, ота жасау бөлмесінен бір-бірлеп шығып бара жатты. – Тоқтаңдар! – деп тағы айқайлады. Жауап жоқ. Артына бұрылып қараған жан болмады. Әрлі-берлі бұлқынғанымен, мықтап байланған қол-аяғын үстелден босата алмады. Тағы бұлқынды. Ештеңе шықпады. Бұл әрекетін тағы қайталады. Болмаған соң, барлық күш-жігерін жинап, жан дауысымен айқайға басты. Ешкім естімейді. Бір кезде еріксіз көз жасына ерік берді. Өз-өзін тоқтата алмай әлек. Осылайша талықсып жатып, ұйықтап кеткен екенмін дейді. Қанша жатқаны белгісіз. Бірақ бетіне түскен жарық оянбасына қоймады. Сол жарықтан көзін әлсіз ғана сығырайтып ашты. Алғашында оны төбесіндегі аспалы шамның жарығы болар деп ойлаған. Сөйтсе, терезеден­ төгілген күннің сәулесі екен. Қос жанарына­ шағылысып, көздерін толық ашуға мүмкіндік бермей тұрған күннің сәулесінен басын алып қашқандай болып­ еді, қарсы алдында тұрған бейнеге көзі түсті. Жүрегі аузына тығылды. Бір сәт ойын жинап, анықтап, дұрыстап қарады. Басына үлкен ақ кимешек киген, келбетінен нұр төгілген жан бұған қарап қолын созып тұр. Жүзі сондай таныс. Әуелі әжесіне ұқсатқан еді. Жоқ, әжесі емес екен. Бажайлап, зер салып қарап еді, бірден тани кетті! Өзінің Ақ апасы, ақын апасы екен! Сол жақ иек тұсындағы меңінен жазбай таныды. Ақ апасы мұның жанына жақындап келіп, тарамысты саусақтарымен бетіндегі жасын сүртті. Алақаны неткен жұп-жұмсақ әрі ыстық еді! Артынша басынан сипады. – Бәрі жақсы болады, балам! Сен тірісің, – деп күлімдеді ол басынан сипаған қалпы. Одан арғысы тағы есінде жоқ. Тек қара терге мал­шынып, шошып оянғанын біледі. – Бұл не болды екен? – деп күбірледі ол көрген түсін неге жоритынын білмей дал болып. – Бұл не болды екен?! Әлде ер­тең жасалатын отаға байланысты ма екен? Осылай деп ойлауы мұң екен, дыбыссыз күйде тұрған телефоны безілдеп қоя берді. «Апыр-ай, кім болды екен? Мұнда қазақстандық нөмір «ұстамаушы» еді ғой» деп жастығының астында жатқан қалта телефонын алып, бетіне үңілді. «Ақ апа» деген жазуды көріп тағы да таңданысын жасыра алмады. Өңі ме, әлде түсі ме? Жаңа ғана түсінде көрген ақын апасы енді қалта телефонына қоңырау шалып тұр. Анау-мынау емес, «WhatsApp» желісі арқылы! «Бәсе, нөміріме қоңырау келмеуші еді ғой» деп күбірлеген ол не өңі, не түсі екендігіне сене алмай, ақыры қоңырауға жауап қатты. – Алло... Нұрқанат! Балам? – Сәлем бердік, апа! Қалыңыз қалай? – Сәлем алдық, балам. Мен жақсымын. Мені қойшы. Өзің қалайсың? Сен қайдасың? Телефоның неге өшірулі тұр? Неге хабарсыз кеттің? – деп апасы сұрақтың астына ала жөнелді. – Аллаға шүкір, апа. Емделуге кеткен­мін. Бұл жақта қазақстандық нөмір... – дей бергені сол еді Ақ апасы сөзін бөліп жіберді: – Қашан кетіп қалдың? Неге маған айтпадың? – Мұнда келгеніме бүгін 12 күн болды. Сіздің мазаңызды алмайын деп... – Немене, менің мазамды алып жүрсің деп пе едім саған? – Жоқ-қ.. – Иә, дәрігерлер не деп жатыр? Өзгеріс бар ма екен? Елге қашан қайтасың? – Бұйыртса, ертең ота жасатқалы жатырмын,­ апа. Өзгеріс содан кейін болуы керек... – Не дейді?! Бұл жолы Ақ апасының дауысы қаттырақ шығып кетті. – Отасы несі? Қызық екенсің ғой! Алдын ала неге ескертпейсің? Үн-түнсіз кетіп қалғаны несі? Мұндай да болады екен ғой! Осындай шешімді адам жалғыз өзі қабылдауға бола ма екен?! Сұрақтарды қарша боратқан Ақ апасы ұзақ ұрысты. Бұл үнсіз ғана тыңдап жатты. Көз алдына Ақ апасының ашуланып отырған сәттері келді. Ақын апасы кейігенде кесек сөйлеп, кесіп айтатын. Алыстан орағытпай, ойындағысын нығарлап жеткізетін. Бір айтады. Сонымен әңгіменің нүктесі қойылады. Арасында сүйріктей саусақтарымен көзілдірігін көтеріп-көтеріп қоюшы еді. Сосын біраз үнсіздіктен кейін: «Мен саған жаным ашыған соң айтамын ғой» деп мейірлене қарайтын жүрегі жұмсақ, кеңпейілді апатайы. Әуелі ұрсып алып, артынан еркелетуші еді. Бұл жолы да солай болды. – Ештеңені білмеймін. Ешқандай ота жасатпа! Жинал да ауылға қайт! – деп Ақ апасы бір кезде әңгімені шорт кесті. – Апа, алаңдамаңыз! Бәрі жақсы болады.­ Дәрігерлер отаның сәтті өтетініне 75 пайыз кепілдік беріп отыр. Оның үстіне, мен отаның қаржысын төлеп қойғанмын. Шегінуге жол жоқ. Не де болса,­ нар тәуекел! – Кепілдік беріп отыр дейді? Олар кепілдік беретін Құдай емес қой! Сен секілді адамның баласы! Басқа-басқа, миға ота жасату оңай деп пе едің?! Ақшаңды төлеп қойсаң, қайтарып аларсың кейін. – Апа, уайымдамаңыз! Осы ауруханада менікіндей диагнозбен қаншама адам ота жасатып, жазылып шығып жатыр. Мен де жазылып шығамын! Көр де тұрыңыз! – Жарайды, жасаттың делік. Содан соң не болады? Ең болмаса жаныңа біреуді неге ертіп әкетпедің? Самсаған достарың қайда? Ертең отадан кейін есіңді жиғанда аузыңа бір жұтым су тамызатын бір адам болуы керек қой жаныңда! Өздігіңнен жүріп-тұра алмайтының белгілі. Сенің ана орыстарыңа «екі қойың – бір сом». Ең болмаса осыны неге ойламадың? Маған айтқаныңда жаныңа бір немеремді қосып жіберетін едім. – Оның бәріне қаржы қайда, апа? – Айтқаныңда көмектесетін едік. «Ләм-мим» деместен үн-түнсіз кетіп қалған өзің емес пе? Әлі де кеш емес. Бас тарт. Елорда мен Алматының мықты деген дәрігерлерімен тағы бір мәрте сөйлесейік. Тағы бір рет тексеріп көрсін. Мүмкін, ота қажет емес болар. – Жарайды, апа. Бір жөні болар. Уайымдамаңыз. Бәрі оңынан болуы тиіс. – Сенің ойланатын түрің жоқ қой, балам. Бағанадан бері не айтып отырмын саған? Ол Ақ апасының бұл сөзіне жауап қатпады. Екеуі де үнсіз қалды. – Жүрегім сезеді ғой, балам, – деді бір кезде Ақ апасы үнсіздікті бұзып. – Менің де ана екенімді ұмыттың ба? Жүрегім бірдеңені сезбесе бағанадан бері шыр-пыр болмас едім... Нұрқанат тағы үнсіз қалды. Ақ апасының «Жүрегім сезеді ғой, балам» деген сөзі бұған қатты әсер етті. Әсіресе, «Менің де ана екенімді ұмыттың ба?» деп айтқаны терең ойға батырды. Ақ апасы тағы да бірдеңелерді айтып жатыр. Бірақ бұл ол сөздерді естіп те, байыбына барып та жатқан жоқ. Өз ойы өзінде. – Жарайды, апа, – деді бір кезде бір шешімге келгендей болып. – Дегеніңіз болсын! Қазір бас дәрігермен сөйлесіп көрейін. – Сөйте ғой, балам. Отбасым, аналарым қарсы болып жатыр де. Жассың ғой, әлі-ақ жазылып кетесің. Ауылға кел. Мұнда оқудан сені іздеп жатыр дейді. Келіп емтихандарыңды тапсыр. Мен саған бірер сағаттан соң тағы хабарласамын. Сонда жауабын айтарсың. Айтпақшы, қарның аш емес пе? Беріп жатқан тамақтары дұрыс па? – Бәрі жақсы, апа... – Лайым жақсы болсын, балам! Ал, онда барып дәрігеріңмен сөйлес. Жағдайыңды түсіндіріп айт. Ал, жақсы. Хабарласамыз. Күтпеген қоңырау осылайша оны тығырыққа тіреді. Басқа-басқа, Ақ апасы хабарласады деп күтпеген. Қарызданып-қауғаланып осы отаға қаржыны әзер тапқанда одан бас тартқысы да келмейді. Екінші жағынан, Ақ апасының айтқандары да көкейге қонымды. Қайтпек керек? Ол өз ойымен тағы оңаша арпалысқа түсті. Сан-саққа жүгірген ойын жақын маңдағы шіркеуден соғылған қоңырау дауысы­ бөліп жіберді. Есін тез жинап алған ол палатасынан шығып, бас дәрігердің бөлмесіне қарай аяңдады. Оған ота жасату туралы ойынан айнып қалғанын бас дәрігерге ұзақ түсіндіруге тура келді. Бас дәрігер де мұны күтпесе керек, отаға небәрі бір-ақ түн қалғанда одан неліктен бас тартып отырғандығын түсінбейтінін жеткізді. Қорықпау керектігін алға тартып, тыныштандыруға тырысты. Науқастардың өмірінен түрлі мысал келтірді. Сөйтіп, екеуі ұзақ әңгімелесті. Бұл да өз жағдайын барынша түсіндіріп бақты. Дәрігер жеме-жемге келгенде ота үшін алдын ала төлеген қаржысын қайтара алмауы мүмкін екендігін ашық айтты. Бұл амалы жоқтығын айтып, келіскендей кейіп танытты. Нұрқанаттың алған бетінен қайтпауға бел буғанын көрген бас дәрігер оның ертеңге дейін әлі уақыты бар екендігін есіне салып, тағы да ойланып көруге кеңес берді. ...Нұрқанаттың түсіне әжесі Ләтипа жиі енетін. Әсіресе, қатты қиналған, ауырған, өмірден теперіш көріп, күйзеліске ұшыраған шақтарында міндетті түрде түсіне еніп, аян бергендей болатын. Әжесі өмірден өтіп, жер қойнына тапсырылған күннің ертеңіне бұл қызулап қатты ауырған. Сонда дәрігерлердің жасаған ем-домы еш көмектесе алмады. Сол күні кешкілік түсіне атасы мен әжесі енді. Үшеуі шеті мен шегіне көз жеткізбейтін теңіздің жағасында кездесіпті. Атасы мұны өзі әкелген аппақ нарға мінгізіп, теңізді кешіп жетектей жөнелді. Әжесі болса соңдарынан үнсіз еріп келеді. Қанша жүргендері белгісіз, кенеттен әжесі атасының қолындағы нардың бас жібін тартып тоқтатты да, немересін жерге түсірді. «Баланы жайына қалдыр, уақыты келген жоқ» деді де, мұның бетінен сүйіп, түйені әрі қарай өзі жетектеп, атасымен бірге сағымға еніп жоқ болды. Осы түстен кейін ол құлан-таза айығып шыға келген. Таңғаларлығы, Нұрқанат дәл осы түсті өмірінде он шақты рет көрген болатын. Осы дертке душар еткен көлік қағардан бір күн бұрын дәл осы түсін қайталап көрген... Бірде биіктіктен құлап кеткен екенмін дейді. «Бәрі бітті, өлген жерім осы» дегенінде, әжесінің алдына түскен. Денесін жарақаттамақ түгілі, бір тал шашы түспей, әжесінің алдынан тұрып, сап-сау жүріп кете барған. Тағы бір түсінде ну орманда адасып жүріп, жылан толы үңгірдің ішіне түсіп кеткен көрінеді. Жан-жағын қоршаған сол жыландар енді шақты-ау дегенде ойда-жоқта әжесі келіп, қолынан жетелеп жүріп, аман алып шыққан. Сол түстерінің бәрінде әжесі немересімен күлімсіреп қоштасатын. Бір қызығы, бұл жолы түсіне әжесі емес, Ақ апасы енді. Сол ақын апасының күлгенін өмірден ерте кеткен әжесінің күлкісіне ұқсатушы еді. Аппақ келбетті, бидай өңді ақын апасымен алғаш рет Елордада кездес­кенде есіне бірден әжесі түскен. Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында өткен республикалық «Елім менің» патриоттық әндер байқауы аяқталған соң, жанына жақындап, сұхбат алғысы келетінін айтқан. Сонда ақын апасы күлімсірей жауап қатқан. Ертеңіне бітімі бөлек, болмысы биік алты Алаштың біртуар ақын қызымен төрт сағат бойы емен-жарқын әңгіме-дүкен құрған. Қай кезде де турасын айтып, әдiлдiктi сүйетiн ақынның кейде «тура айтам деп, туғанына да жақпай жүретiн кезi» аз еместігіне сонда көз жеткізе түскен. Сұхбатқа арналған сұрақтары таусылған соң, ақын апасы одан өзі туралы сұрастырып, өзінен «сұхбат алған». Сонау Сыр елінен Елордаға арман қуып келіп, бір жағынан еңбек етіп жүрген студент екенін естігенде ақын: «Енді сен менің ұлым болдың» деп үлкен қолдау білдіріп, қадамына сәттілік тілеген. Бір шумақ өлеңін жазып, қолына «Ақ шағала» кітабын ұстатқан. Ақын апасымен жасаған сол алғашқы сұхбаты қоғамда үлкен қолдауға ие болғаны әлі күнге дейін есінде. Міне, осы сәттен бастап Нұрқанаттың Ақ апасымен байланысы үзілмеген. Ақын апасы Елордаға әр келген сайын: «Балам,­ қайдасың?» деп хабарласып, іздеп тұрады. «Жақында мынандай жақсы кітап қолыма түсті. Сенің де оқып шыққаның дұрыс. Артықтық етпейді» деп түрлі кітаптарды ала келеді. Бас қаладағы түрлі жиын-кездесу­лерден қолы қалт еткенде мұны тоқтаған үйіне шақырып: «Әке-шешеңнен, өз үйіңнен алыста жүрген баласың ғой. Ауылдың, үйдің, анаңның тамағын сағынған боларсың» деп, өз қолымен ас та пісіріп беретін. Осылайша, Нұрқанатқа рухани­ ұстазына, қамқор қолдаушысына айналған ақын апа­сы­ның ең алғашқы оқырманы болу бақыты да бұйырған. Қоғам қайраткерінің талай сұхбаты мен пікір­лерін өз аузынан тез арада «тайға таңба бас­қандай» етіп компьютерге түсіретін оған Ақ апасы өлеңдері мен мақалаларының қолжазбасын сеніп тапсыратын. Сөйткен апасы мұны тал түсте көлік қағып, ауруханадан бір-ақ шыққанында да жалғызсыратпаған. Қолдан келген көмегін беріп, аяқсыз қалған оқуына жәрдемдескен. Бір сөзбен айтқанда, туған анасынан кем болмаған. Түнімен ананы-мынаны бір ойлап, ұйқысыз таң атырған Нұрқанатты мейір­бике түртіп оятты. Таңғы астан кейін көзі ілініп кетсе керек. Уақыт та біраз болып қал­ғанға ұқсайды. Мейірбикенің түсі суық, өңі қашып кеткен. – Періштең бар екен, – деді ол орысшалап. – Сен бұлай болатынын қайдан білдің? Отадан бекер бас тартпапсың ғой! Әлде бал аштырып па едің? Бұлай болады деп кім айтты саған?! Нұрқанат түк түсінбеген қалпы мейір­бикенің бетіне бажырая қарады. Ол болса мұның отадан бас тартуын «ғажайыпқа» балап, түсініксіз бірдеңелерді айтудан танар емес. Кейін білді. Сол күні жоспарланған үш отаның екеуі сәтсіз аяқталыпты. Өзімен тағдырлас екі адамның дәм-тұзы ота үстелінде таусылыпты. Ал үшінші ота өзіне жасалуға тиіс болатын... ...Бұл жолы түсіне тағы да Ақ апасы енді. Басында сол баяғы ақ кимешегі. Аппақ келбетінен нұр, жүзінен мейірім төгіліп, күлімдеген ақын апасы Нұрқанатқа емірене қарап, басынан сипап тұр. Оянса, желдей жүйткіген пойыз қайта-қайта «ысқырып» қойып, өзі түсетін бекетке кіріп келеді екен.

***

Осы оқиғадан соң арада есепсіз күндер жылжып, неше айлар артта қалған. Аздап болса да денсаулығы жақсарып, беті бері қарап келе жатқан Нұрқанат жолы түс­кенде Жайықтың жағасында орна­лас­қан қос қабатты зәулім үйге соғуды жиі әдетке айналдырған. Мұнда Ақ апасы тұрады. – Апа, сол жағдай есіңізде ме? Мен үшін күтпеген қоңырау болды. Соның алдында ғана түсіме енгеніңізді айтып па едім? Шынымды айтсам, сіздің арқаңызда бір ажалдан аман қалған сияқтымын, – дейді Нұрқанат сол күндерді мұңая еске алып. – Қалайша ұмытайын? Сол сәтте сені ойлап жынданып кетуге шақ қалдым. Жүрегім сезді ғой, балам. Құдайға тәубе, бүгінде оның бәрі артта қалды. Ал, қане, тамақтан ал, – деп жылы жымиды ақын апасы.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ

Суретті салған Бекжан ЖҰМАБАЕВ

2394 рет

көрсетілді

14

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы