• Тіл
  • 31 Шілде, 2019

Әр нәрсенің өз жөні бар

Дәуіржан Төлебаев «Ана тілі»

Бүгінде екінің бірі демесек те, ерінбегеннің көбі қазақ тіліне, тіл тағдыры мен оның болашағына байланысты пікір айта беретін болды. Пікірлердің дені – емле мәселесіне, жазуға, латын әліпбиіне, терминологияға және т.б. мәселелерге қатысты болып келеді. Бір таңғалатынымыз, әр пікір айтушы өзінің ұстанымын, ойын дұрыс санайды. Жүз адам пікір айтса, жүзінікі де дұрыс. 

Орыстың ұлы жазушысы Лев ­Толс­той:­ «Тіл – миллиондаған ұрпақ жа­саған жанды зат» деп баға беріпті. Осы тұрғыдан келгенде, туындаған мәселені талқылаған жақсы шығар. Бірақ бір нәрсеге абай болу керек: тіл – ұлттың басты қазынасы, байлығы, «ұлттық рухтың негізі» (М.Шоқай), ­«парасатты тілейтін жұмыс» (Ғ.Мүсірепов), «халықтың қымбат кені» (С.Мұқанов), «дүниедегі ең асылы» (М.Сағди), «лүпілдеген жүректің сығындысы» (С.Торайғыров), «ойшылдық пен ғұламалықтың шыңы» (Е.Букетов), «білімнің кілті» (А.Жұбанов) екенін естен шығармауымыз керек. Демек, түзеймін деп бұзып алмауды да ойлау керек. Тілге байланысты «мынау дұрыс емес, анау дұрыс емес, бәрі қате» деп өзімбілемдікке cалынып, орағыта беру қаншалықты жөн? Әрі-беріден соң, біз қазақ тіл білімінің осы уақытқа дейін ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеліп, оның айналасында мүйізі қарағайдай академиктердің, атағы Алты алашқа мәлім тілші-ғалымдардың қызмет жасағанын, бұл дәстүр өзінің сабақтастығымен бүгінгі күнде де жалғасын тауып келе жатқанын неге ойламаймыз? «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей, әр кәсіптің өз мамандары, бір қауым оқымыстылары барын неге қаперден шығарамыз? Сондай­ мамандар өзара пікір алмасып, кейде бір-бірімен келіспей, айтысып қалып жатса да ­жарасады. Өйткені бірінің білмегенін бірі толықтырып, сөйтіп жүріп түбі ақиқатқа қол жеткізеді. Бізді ойландыратыны – тіл біліміне қатысы шамалы, ғылыми еңбегімен көзге түспеген кісілердің де бұл майданға кірісіп кетіп, бел ортасында жүретіндері. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашудан­ аулақпыз. Олардың арасында да ана тіліне уызында­ жарыған, тілдің табиғатын, мәйегін, саф алтындай тазалығын жастайынан бойына сіңірген, тілдің жайын бір ғалымдай білетін көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар да жетерлік. Мұның барлығы «Ертең туған тілім жоғалар болса, мен бүгін өлуге даяр­мын» деген жанашырлықтан туындап жатса, тек қуануға болады. Бірақ, дегенмен, тіл мәселесінде терең пайым, кәсіби білімділік те ауадай қажет екенін жоққа шығарғымыз келмейді. «Мынау дұрыс емес, анау дұрыс емес» деген пікір айта салу қашанда оңай. Егер дұрыс емес дейтін болсақ, «Ол қандай ғылыми негіздер мен теорияларға сүйеніп айтылып тұр? Қандай заңдылыққа арқа сүйейді?» деген іргелі cауалдарға жауап іздеп алғанымыз орынды болар еді. Бүгінгі тіл мәселелерін талқылау, ұсыныс айту «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарсаға» ұқсап барады. Тіл деген, ең алдымен ғылым екені, ол белгілі бір заңдылықтарға бағынатыны ескерілмей жатыр. ­Саналы ақылдан гөрі эмоцияға бой алдырушылық аңғарылады. Латын әліпбиінің өзін алатын болсақ, мұнда да осы әліпбидің майын ішіп, жілігін шаққан бір топ ғалымдардың еңбектерін елеп-ескермей, әркім өз жобасын ұсынып, «менікі дұрыс» деген позицияны ұстанып кетті. Қазіргі таңда қаріптердің ­жазылуына байланысты пікірлер мен ұсыныстардың көптігінен сау адамның өзі жаңылатын күйге жетті. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегендей, тілдің мәселелерін талқылау көкпар-тартысқа айналып бара жатқандай. Халықаралық терминдердің жай-күйі де осындай кепті басынан кешіретін түрі бар. Бұрынғы атқарылған жұмыстардың бәрін жоққа шығарып, терминология тағдырын оңай шеше салғысы келетіндер де аз емес. Осындай асығыстық, байбаламдықтың салдары мен зардабы, зияны, айналып келгенде, тіліміздің өзіне тиетіні бесенеден белгілі. Қазақ тілінің зерттелу тарихына қарасақ, ол ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталғанын байқауға болады. Н.Ильминский тұңғыш рет қазақ тілінің грамматикалық құрылысы жөнінде қысқаша мәлімет беріп, ­қа­зақша-орысша сөздік жасады. Бұл бағытта М.Терентьев, В.Катаринский, П.Мелиоранскийлердің еңбектерін атап өтуге болады. Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының қазақ тілін әдеби нормаға келтірудегі зор үлесін күні бүгінге дейін айтып келеміз.

Кітәби тілдің элементтерін шыңдай түсуде ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің есімін құрметпен атаймыз. Қазақ тіл білімінің негізін салушы Құдайберген Жұбановтың еңбегін қалай мадақтап, ұлықтасақ та жарасады. Академик Ісмет Кеңесбаевтың жазуынша, қазақ тілін зерттеу мәселесі ішінара 1933 жылы қолға алынып, түбегейлі зерттеу 1936 жылдан бастау алған. Әр жылдары кезең-кезең бойынша қазақ тілінің грамматикалық құрылысы, морфология, синтаксис, фонетика, лексикология мен лексикография, қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы, алфавит пен орфография және т.б. салалары зерттелген. 1950 жылдары қазақ тіл біліміне Ж.Аралбаев, А.Хасенова, К.Аханов, И.Ұйықбаев, Ә.Хасенов, А.Әбілқаев, Р.Сыздықова, Ғ.Қалиев, В.Исенғалиева, Ә.Құрышжанов, Ж.Болатов, тағы басқа жас зерттеушілер келіп қосылған. Бір сөзбен айтқанда, қазақ тіл білімі зерттелу­ден кенде емес. Ғылыми-академиялық мектеп қалыптасқан деп нық сеніммен айтуға болады. Осындай ғылыми мектепті қалыптастыруға сүбелі үлес қосқан, атынан ат үркетін аруақты жер Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – тіл білімін зерттеудің бірден-бір ордасы. Сондықтан тілге байланысты пікір айтқанда, алдымен осында еңбек еткен ғалымдардың мұраларымен танысып, тіл біліміндегі әрбір мәселенің бүге-шігесіне дейін зерттелгенін, ғылыми негіздері, теориясы мен принциптері, әдістемесі мен әдіснамасы қалыптасқанын білуіміз керек. Мысалы, сөздер мен грамматикалық тұлға­лардың шығу, қалыптасу, даму тарихын, олардың өзгеру процестерін, сөздердің этимологиясын, әдеби тілдің күрделі мәселелерін, сөз тіркесінің дамуы мен тіл тарихындағы қостілділікті, атау септік проблемасы, есімше, көсемше, қимыл есім­дерінің сыр-сипаты жөнінде сөз қозғағанда тілші-ғалым Сейілбек Исаевты, көне түркі әдеби ескерткіштер мен қазақ поэзиясының тілі жайында ой өрбіткенде Құлмат Өмірәлиевті, қазақ тіліндегі сын есім мен сан есімнің етістікпен тіркесі, қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестерінің құрамдық-семантикалық типтері, сөз тіркесінің түрлері, олардың өзіндік ерекшеліктері, сөз тіркесінің байланысу тәсілдері, сөйлемнің тұрлаулы мүшелері туралы айтқанда Талғат Сайрамбаевты қалай ұмытуға болады?! Қазақ тілінің мәдениеті, қазақ тілінің стилистикасы, қазақ әдеби тілі және оның нормалары мен жазу мәдениетіндегі олқылықтарды, тілдің түрлі сипаттарын, сөз және шеберлік мәселелерін зерделегенде Мәулен Балақаевты, қазақ тілінің фонетикасы мен фонологиясын, қазақ тілінің грамматикалық құрылымы мен лексика-фразеологиялық жүйесін, қолданбалы тіл білімін, инженерлік лингвистика мәселелерін, фонемалардың құрамы мен құрылымын, екпін мен буын, орфография мен орфоэпия, қазақ тілінің буын құрылысы, қазақ тілінің идиомдары мен фразаларын жүйеге келтірген Ісмет Кеңесбаевты қалай айналып өтуге болады?! Қазақ тілі мен грамматикасының тарихын, морфологиясын, жұрнақ, жалғаулардың шығу тегін, лексикологияның семасиология саласын, емле мәселесін, кішірейткіш жұрнақтар мен жұмбақ тіркестер, қазақ тілінің диалектология­сына тоқталғанда Ғайнетдин Мұсабаевтың, грамматиканың аса күрделі, қайшылыққа толы қиын мәселелерін, тілдік жүйені құрайтын құрылымдарды айқындау, етістіктердің морфологиялық жүйеленуін, түбір, туынды түбір, кіріккен түбір, қос түбір, сөз тудырушы қосымшалар мен жұрнақтарға келгенде Ыбырайым Мамановтың, қолданбалы лингвистика, қазақ тілінің синтаксисі, формальды модельдер, компьютерлік лингвистика, тілдік бірліктердің автоматтанған жиілік сөздіктерді айтқанда Асқар Жұбановтың, аудармадағы фразеологиялық құбылыс, аударма проблемасының күрделі мәселелерін, қазақ терминологиясын, түркі тілдері терминдерін бірегейлестіру мәселелері, терминологиялық лексиканың дамуын, мемлекеттік тілде ғылыми терминологияны қалыптастыру жайында сөз қозғағанда Өмірзақ Айтбайұлының еңбектерін қалай ескермеуге болады?! Тіл білімінің бастауында тұрған ұлы Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл құралын», «Тіл теориясын», «Фонетика» мен «Этимологиясын», «Әдебиет танытқышын», емле, әдістеме, сөз жүйесі мен түрлері, төте жазулы қазақ әліпбиін қалайша негізге алмауға болады?! Қазақ қыздарының ғылымдағы үлгісіне айналған, аса талантты ғалым, академик Рәбиға Сыздықтың қазақтың бірнеше ғасырлық әдеби тілінің тарихын зерттеу, қазақ тілі оқулықтарын жазу, қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, емле мен тыныс белгілері, тіл мәдениеті, орфоэпияға қатысты дүниелерін қалайша назарға алмауға болады? Әлбетте, біз көктей шолып қана айтып отырмыз, әйтпесе тіл білімінің іргетасын қалаған қаншама ғалымдарымыз бар. Мұны көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Ұлтының маңдайына біткен осындай ғалымдардың қадау-қадау еңбектерін көріп, біле отырып, бүгінгі тіл мәселесінде «анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес» деген пікірлердің асығыстықпен, зерттеп-зерделеусіз айтылып жатқанын еріксіз мойындауға тура келеді. Мұның бәрі қазақтың мөлдір тіліне нұқсан келтірмей ме деген ой да толғандырмай қоймайды. Себебі ­ойшыл Г.Лаубе айтқандай, халықтың тіліне қиянат жасау – оның жүрегін жаралаумен тең.

Р.S.

Әрине, бұл сөзіміз қазақ тілі саласында өзекті мәселелер жоқ, барлығы шешіліп, зерттеліп қойған дегенді білдірмейді. Бірақ, тіл білімінде қандай мәселе болса да, ол алдымен тілші-ғалымдардың назарында болатынын ұмытпайық. Сол үшін де ғылымға сенейік, ғылымға басымдық берейік. Сауаттылығымызды танытайық. Не нәрсе болса да, байыбына барып, жан-жақты зерттеп алайық. Еш негізсіз, ұшқары пікір айта салуға асықпайық. Бір сәт: «Ана тілім менің. Сен маған ризасың ба, білмеймін...» (Р.Гамзатов) деп азды-көпті толғанайық. Ең бастысы, тілдің өте нәзік мәселе екенін қаперімізден шығармай, оның толғаулы түйткілдерін аса сақтықпен, «жүз ойланып, мың толғанып» барып қарастырып, мәртебесін биіктетуге күш салайық. Сонда қасиетті тіліміз де бізге риза болатын шығар!  

890 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы