• Әдебиет
  • 15 Желтоқсан, 2010

Байқазақ батыр

Тарихи деректер бойынша Байқазақ батыр 1839 жылы Ырғыз ауданы, Темірастау болысында дүниеге келген. Байқазақ батырдың туған және өмір сүрген дәуірі, бір жағынан, патшалы Ресей, екінші жағынан, Қоқан, Хиуа хандықтары бытыраңқы қазақ ұлыстарын қыспаққа алған уақыт еді. Хиуа ханы Сыр бойында – Қазалы жерінде бекініс салып, оған Бабажан сартты отырғызса, Ресей бүкіл қазақ даласында бекіністер орнатып, уездер ашып, қазақ елін бөлшектеп билей бастаған. Бабажан сарттың Сыр бойы қазақтарына жасаған озбырлықтары шектен шығады. Хиуа бектері Әйімбет пен Бабажан сарт бастаған басқыншыларға қарсы жергілікті халық көтеріледі. Бабажан сарттың қашатынын сезген қызметші қазақтар оның атының ерінің тартпаларын бос қылып тартады. Бабажан жасақтарымен қамалды айнала қоршаған қорғаннан атымен қарғып өтемін дегенде ерімен сыпырылып, аттан түсіп қалады. Бабажан сартты қаракесек Ақтан батыр найзамен түйреп өлтіреді.

Бұл кезде Байқазақ – жас­өспірім бала, нағашысы Жанқожа батырдың үйінде жүреді. Үлкендердің айтуымен Бабажанның атының ер-тоқымын бос іліндіріп қойған балалардың бірі осы Байқазақ деген де әңгіме бар. Сөйтіп, Байқазақ батыр жатжұрттықтардың езгісіне қарсы күресті бала күнінен бастағанға ұқсайды. Сол дәуірде Кіші жүз қа­зақ­тарын жан-жақтан қыспаққа ал­ған жауға көтерілісті кішкене, шекті Нұрмұханбетұлы Жанқожа, қа­ракесек Ақтан батырлар бастаған. Жасөспірім бала Байқазақ Жанқо­жа, Ақтан батырларға еліктеп өскен. Тұрғанбай Жаңабайұлының “Қа­зақ шежіресі Кіші жүз” (“Білім” бас­пасы, Нөкіс қаласы, 1997ж.) кітабын­да былай деп жазылған: “Атақты Жанқожа батырдың Итжемес деген баласы болған. Жанқожаның әйелі шөмекейдің қызы екен. Итжемес пен Байқазақ қарын бөле болып, Байқазақ көп уақытын Жанқожаның үйінде өткізген. Бір күні Итжемес екеуі сәл нәрсеге ерегісіп қалады. Сонда Жанқожа баласына: “Тәйт, Байқазаққа тию­ші болма, оның қолынан келген іс сенің қолыңнан келмейді”, – деген екен. Расында, Жанқожа әулие адам ғой. Жанқожаның кегін алған – осы Байқазақ батыр». Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Берекет Кәрібаев «Ана тілі» газетінде жарық көрген “Ақтан батыр” атты мақаласында: “Ақтан батырдың іс-әрекеттері оның досқа адал бол­ғандығын дәлелдейді. Төртқара ба­тырларының бірі – Байқазақ батыр Жанқожаның талай жорықтарына қатысқан адам екен. Ақтан батырмен де жақсы сыйластықта болыпты. Жанқожа батырды өлтіргендерден кек аламын деп Байқазақ батыр орыс әкімшілігінің құрығына ілініп, Елек абақтысына қамалған. Досының қиын жағдайға түскенін естіген Ақтан батыр түрмеге шабуыл жасап, Байқазақты босатып шығарады. Сонда батырға риза болған Байқа­зақ: “Аузынан арыстанның алып шық­ты, қатын туса ұл тусын Ақтан­дай-ақ!” – деп қарулас досына әбден риза болған екен” дейді. Байқазақ батыр қаракесек Ақ­тан батырдан 54 жас кіші. Байқазақ батыр Жанқожа, Ақтан батырлардан үйренген. Атақты батырлардан тәрбие алған. Байқазақ батыр жас болса да Есет Көтібарұлы, Өмір Әзберген, Қарағұл батырлармен бірге Ресей патшалығына қарсы жорықтарға қатысқан. М.Оралбаевтың «Атамұра – асыл қа­зына» кітабындағы дастанда тө­мендегідей жыр шумақтары бар: Жалаңтөс билік айтып, қол бастаған, Әмір боп Самарқанда ел басқарған. Елу мың әскер ертіп, жоңғар шауып, Жәңгір ханға есепсіз олжа салған. Беріде Байқазақтай батыр шыққан, Жауларын қарсы келген жерге тыққан, Көбек би, Сапақ пенен Былшық билер, Қарсыласып уәжді сөзбен ұтқан. Осы шумақтарда Байқазақ ба­тырдың аты Жалаңтөс баһадүрмен қатар аталып тұр. Бұл да Байқазақ батырдың тарихқа белгілі батыр, қолбасшы болғандығын білдіреді. Байқазақ батыр бірыңғай қара күштің адамы болған емес. Ол қайратымен бірге досқа да, дұшпанға да рақымы мол, ақылгөй дана да болған. Оның бір мысалы: Ресей әскерлерімен болған ұрыстарда қолға түскен орыс жасақтарының жауынгерлерін өл­тірмеген. Кейін құн алып, болмаса басқа бір келісімдермен құтқарып жіберген. Бір қақтығыста орыс әскерінің генерал шеніндегі адамын қолға түсірген. Бірақ оны өлтірмей, біраз күн тұтқында ұстап, боса­тып жіберген. Ол генералдың кейін Байқазақтың өзі Сауқым батырды өлтірді деген арыз-шағымдардың себебімен түрмеге қамалғанда түрмеден босап шығуына пайдасы тиеді. Ол туралы Байқазақ: Мен жаттым Орынбордың түрмесінде, Жолығар өлі балық өлмешіге. Генерал уәдеге берік екен, Жеткізді екі жылда ел шетіне, – дейді. Түрмеге түскен уақыттарда Бай­қазақтың түсіне Жанқожа батыр кіріп, аян береді. Жанқожа батыр жиырма төрт рет санайды да, ғайып болып кетеді. Байқазақ мұның не жиырма төрт екенін түсіне алмайды. Күн бе, апта ма, ай ма... біле алмайды. Ақыры түс көрген күннен бастап жиырма төрт айда босап шығады. Жәкемнің санағаны болды рас, Барсың ба сау-саламат, құрбы-құрдас. Айтамын өздеріңе бар сырымды, Болған соң бірің сырлас, бірің мұңдас, – деген жыр шумақтары осыдан туған. Байқазақ батыр – төрт­қа­раның жаншұқыр тар­мағынан тарайтын Қа­сым бабамыздың ұрпағы. Қасым бабамыздың ел аузындағы аты – Қаракісі. Қаракісі атанатын себебі, жоңғарлармен болған бір соғыста нар тұлғалы қара кісі жауды жапырып көзге түскен. Атын білмеген шартараптан келген жауынгерлер «Жауға қирата соққы берген бір ірі денелі қара кісі болды» деп айтып жүрген. Содан Қасым бабамыздың лақап аты Қаракісі болып кеткен. Қасым батыр, Қаракісі – екеуі бір адамның аты. Қасым бабамыздың ұрпақтары: Байрақ, Олжай, Мазы, Кенжеқара, Бесбай – бес Қасым. Байқазақ батыр бес Қасымның ішіндегі Мазы­сынан тарайды. Мазыдан – Қасқатай, Құмар, Сары, Дүкен. Қасқатайдан – Бекбауыл, одан Құдайсүгір, одан Қаратай, Қаратайдан Жолдасбай. Ал Жолдасбайдан Байқазақ, Қазақбай, Садақбай, Қаптағай, Шуақбай, Қарсақбай, Шала деген жеті ұл, Көлдей деген бір қыз өсіп-өрбиді. Жолдасбайдың балалары шетінен жауынгер, батыр-палуан, суырыпсалма ақын, әнші болған. Ақын қыз Көлдей: Қызы едім Жолдасбайдың, атым Көлдей, Өлеңді мен айтамын соққан желдей. Мына жұрт несін айтып мақтанады, Алдымда жеті ағам бар асқар белдей, – деп жырласа, Біз Жолдасбайдан туған жеті едік, Жетеуміз қабылан-бөрі едік. Белдесе кеткен дұшпанды, Бөрідей басып жеп едік, – деп Шуақбай батыр жырлайды. Байқазақ батырдың елін, же­рін жатжұрттықтардан қорғаған ба­тырлық істерінің жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге маңызы зор. Сондықтан да Байқазақ батыр туралы ел аузындағы әң­гімелерді, тарихи деректерді жи­нақтап, кітап шығарса, нұр үстіне нұр болар еді. Елемес Жұмаұлы

5601 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Жарқ етті жастар жұлдыздай
Келесі мақала Желтоқсан оқиғасының тарих таразысы

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №48

26 Қараша, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор