• Қоғам
  • 08 Тамыз, 2019

ҚАРАТАЛ – ЫНТЫМАҚ МЕКЕНІ

90 жылдан астам тарихы­ бар Алматы облысының Қаратал ауданының дамуына аймақтағы өзге этнос өкілдерінің де қосқан үлесі аз емес. Бір кездері ата-бабалары Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен мәжбүрлі түрде көшіріліп әкелінген олардың саны Қазақстан тәуелсіз ел болғаннан кейін 43-тен 32-ге дейін азайған.

– Біздің ата-әжеміз Ресейдің Пенза­ облысында тұрып жатқан жерінен 1928-29 жылдары темір жол арқылы, жүк вагондарымен келген екен. Ол кезде әкем 16 жаста болған көрінеді. Ондағы бүтіндей бір кенттің тұрғындарын мәжбүрлі түрде көшірген. Атам жолда қайтыс болған. Оның қайда жерленгенін әлі білмейміз. Алыстан арып-ашып келген біздің ата-әжелеріміз бен олардың бала-шағаларымен өзінің қолда барымен бөлісіп, аузындағысын жырып берген жергілікті қазақ халқына біздің айтар алғысымыз шексіз. Солардың көмегі мен қолдауының арқасында ата-анамыз тірі қалып, осында дүниеге келген біздер қатарға қосылып, осы күнге аман-есен жетіп отырмыз, – дейді Қаратал аудандық славян мәдени орталығының жетекшісі Валентина Григорьевна. Аймақтық ішкі саясат бөлімі берген мәліметтерге қарағанда, 50 мыңға жуық тұрғыны бар Қаратал ауданы халқының 64 пайызын қазақ ұлты, қалғанын өзге этнос өкілдері құрайды. Оның 16 пайызы­ орыс­тар. Олар өңірдегі ең ірі этнос ретінде ғана емес, өзге диаспора өкілдері арасында бірінші боп өзінің мәдени орталығын құруымен де ерекшеленеді. Бұл қоғамдық бірлестік Үштөбе қаласының тумасы, Қазақстанның танымал боксшысы, КСРО халықтары спартакиадасының қола жүлдегері, ТМД чемпионатының ­чемпионы Михаил Юрченконың бастамасы бойынша Славян мәдени орталығы деген атпен 2001 жылы құрылып, 2003 жылы ресми таныстырылымын жасаған. – Бізде кейін шешен, күрд, корей, ұйғыр, неміс орталықтары құрылды. Қазір мұнда жалпы саны 6 этностың мәдени орталығы бар. Бүгінде бәріміз қуанышымызды да, қайғымызды да бірге бөлісіп, бір отбасының баласындай іс-шараларымызға түгел қатысамыз. Қосылып әнімізді айтып, биімізді билеп, мемлекеттік және өзге де ұлттық мерекелерде концерттер өткізіп, аудандық қана емес облыстық деңгейдегі шараларға да белсенді қатысып жүрміз. Осы елдің суын ішіп, ауасын жұтып жүргендіктен орталықтан Ресей Федерациясының қолдауымен қазақ тілін үйрету курсын­ да аштық. Одан қазіргі күнге дейін 150-ден астам адам тегін мемлекеттік тілді меңгеріп шықты. Тек славян халықтарының ғана емес, қазақ ақын-жазушыларының да шығармаларын оқу, зерттеу, насихаттау мақсатында ­Пушкин, Лермонтов, Достоевский­лерден бөлек, Абай Құнанбайұлы, Олжас Сүлейменов пен Кемел Тоқаевтардың шығармашылығына арналған кеш ұйымдастыруды дәстүрге айналдырдық, – деген А.Григорьевна ауданның болашағына деген алаңдаушылығын да жасырмады. Оның айтуынша, мұнда ірі өндіріс орындары болмаған соң, кәрі-құртаң ғана қалып, мектепті бітірген жастардың көбі жұмыс іздеп жан-жаққа кетіп жатқан көрінеді. Егер бұл мәселеде тығырықтан шығар жол табылса жастар ауданның ары қарай қарыштап дамуына зор үлес қосары күмәнсіз. Өйткені олардың ата-бабалары да кезінде қанша арып-ашып келсе де, қазақ халқының өздеріне деген сенімі мен үмітін ақтап, қоғамның түрлі саласында өздерінің білім мен тәжірибесін сарқа пайдаланып, елдің алғысына бөленді. Олардың арасында тек аудан мен облысқа ғана емес, есімі күллі республикаға әйгілі көрнекті тұлғалар аз болған жоқ. Сондықтан игерген кәсібі бойынша жұмыс істеп, ұрпағын жалғастырып, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне әлі де өз үлесін қосуға өзге қазақстандықтар сияқты олар да мүдделі. Өйткені этностық ерекшелік бүгінде бөлектенудің емес, жалпықазақстандық мәдениеттің құрамдас бір бөлігіне айналды. Ешкім бір-бірінің мәдениетін, салт-дәстүрін жатырқамай, қайта оны бірге дамытып келе жатыр. Бүгінде әрбір отбасының дастарқаны түрлі ұлт пен ұлыстың тағамдарымен толығып, әні мен күйі, биі мен жыры жиын-тойда қатар шырқалады. Бұл – барлық халықтың ата-бабалары аңсап өткен «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт өмірдің аңыздан ақиқатқа айналғанының көрінісі.

М.АЛМАС

Алматы облысы

1767 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы