• Әдебиет
  • 08 Тамыз, 2019

Өрнекті өріс

Өмірде қарапайым адамдар көп-ақ... Отан мен отбасында, қоғамдық Һәм әлеуметтік салаларда олардың қатары тым қалың. Осы орайда, өзім білетін, байланыс-қатынасымыз берік, болмыс-бітімі мен жүріс-тұрысынан ізгілік пен ілтипат иірімдері танылып тұратын Құныпия Алпысбаевтың адамдық әлемі мен ұстаздық-ғалымдық қырларын алуан әңгімелерге, сыр-сұхбаттарға арқау етуге әбден болады. Ақиқатында, қатар жүрген, өмір-тұрмыста да етене араласқан тұстарға жіті көз жіберсек (мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, т.т.), профессор Қ.Алпысбаевтың ақырын жүріп-ақ алға озғанын, білім-ғылым ісіне де дабыра-дақпыртсыз еркін енгенін айқын аңғарар едік. Ол, әсіресе ҚазҰУ-дың дайындық бөлімінің деканының орынбасары, сырттай оқытатын бөлімнің деканы, кафедра меңгерушісі міндетін атқарған тұстары бар қырынан жарқырай көрінген еді. Үлкен-кішімен тең дәрежеде тіл табысып, ортақ істің мүддесін кеңінен ойлады. Оның, әсіресе білім-ғылым жүйесіне қатысты көзқарасы мен қарапайымдылығынан, сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіндегі ізденіс-әрекеттерінен, бұл бағыттардағы батыл қадамдарынан мол өмір тәжірибесі, еңбек мұратының мәні, ұстаздық ұлағаты, ғалымдық ғибраты, тәлімді қырлары танылып тұрады.

Ақиқатында, профессор Қ.Алпысбаев өмірі мен еңбегін білім-ғылым жүйесінен тыс қарау мүмкін емес. Қазақ әдебиетінің тарихы мен ұлттық аударма теориясынан ұзақ жылдар бойы дәріс оқыды. Осының негізінде оқулықтар мен оқу құралдарын жазды. Оқу бағдарламаларын дайындады (мысалы, Қазақ әдебиеті (көмекші құрал) – 1992; Әдеби шығармашылық негіздері – 1998; Әдебиеттануға кіріспе – 1999; Қазақ әдебиеті (оқулық-хрестоматия) – 2003; Көркем мәтінді әдеби талдау – 2011, т.т.). Бұдан басқа, орта және жоғары мектепке ­арнап оқулық пен оқу құралдарын жазды. Бірқатар зерттеу еңбектері де жарық көрді (мысалы, Қазіргі қазақ лирикалық поэмасы – 1989; Поэма және сюжет – 1992; Тарихи шығарма: таным және көркемдік – 1999; Көркем мәтінді талдау әдістері – 2004; Поэзия парасаты – 2006; Қазақ әдебиетіндегі тарихи шығарма: таным және көркемдік – 2008; Сөз нұры – 2011; Ілияс Есенберлин және ­тарих: таным мен тағылым – 2016, т.т.). Көптеген мақалалары баспасөз беттерінде басылды. Бұдан бөлек, бірқатар мақалалары мен еңбектері Түркияда, Қытайда жарық көрді. Ақиқатында, аталған еңбектердің қайсыбіріне ден қойсақ та ұлттық сөз өнерінің асыл арналарын, танымал тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын, көркем һәм тарихи туындылар табиғатын, образдар жүйесі мен рухани-эстетикалық мұраттарды, тіл-стиль мәселелерін байқауға болады. Баяндау мәнері, талдау жүйесі өзіндік өзгешеліктерімен мәнді. Бұдан басқа да кітаптары, оқулықтар мен оқу құралдары жарық көрді. Профессор Қ.Алпысбаев орта және жоғары мектеп жүйесін байланыс-бірлікте қарайды. Байыпты бағдарлама арқылы тәлім-тәрбие ісіне көп көңіл бөледі. Оқулық-хрестоматиялар арқылы білім беру жүйесінде отандық және шетелдік тәжірибелерді басшылыққа алады. Білім стандарты мен пәндік бағдарламаларға, құзыретті және бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға, оқу құралдарының ғылыми-теориялық, практикалық қырларына зор маңыз береді. Өмірмен байланысына, тәжірибелік қырына жіті назар аударады. Қ.Алпысбаевтың ізденіс, көзқарастары баспасөз беттері мен жекелеген жинақтарға енген мақала, зерттеулерінен кең орын алады. Анық аңғарылатыны, аталған еңбектер іргелі ізденістерден, жүйелі оқу, мәнді танып-талдаулардан тұрады. Автор ұстанымы: әдебиет әлемін тұтас қарастырып, бағыт-арналарды айқындап, тұлға мен түптұлға мәнін ашып, көркемдік танымдар жүйесіне еркін ену. Негізінен алғанда, профессор Қ.Алпысбаевтың оқулық пен оқу құралдары, әдіснамалық һәм хрестоматиялық еңбектері – орта және жоғары мектептің бағдарламасы аясында дайындалған. Білім-ғылым жүйесінің бағыт, ­талаптары толық ескерілген. Оқушы-студенттердің өзіндік ізденісі мен ерекшеліктері, көзқарас-танымы, талап-талғамы да негізгі ­назарда болады. Осы реттен келгенде, профессор Қ.Алпысбаевтың «Тарихи шығарма: таным және көркемдік» атты зерттеу еңбегінде (1999) қазақ әдебиетіндегі тарихи тақырыпқа арналған туындылар, ондағы уақыт пен кезең кестелері, дәстүр мен көркемдік жалғастық, авторлық мұрат пен қабылдау сырлары, мұрағаттық материал мен оны қорыту жолдары жан-жақты сөз етіледі. Тақырып мәні көрсетіледі. Қыр-сыры ашылады. Маңыз-мәні айқындалады. Алдымен автор тарихи тақырып пен оның тағылымды тұтастығына, кеше-бүгін байланысына, уақыт пен кеңістік сырларына ден қояды. Тәуелсіздік кезеңіндегі оң өзгеріс пен ұнамды тәжірибелерге, руханият ісіндегі – Алаш ардақтыларының есім-еңбектерінің ақталуына айрықша мән береді. Абай әлемі мен М.Әуезов дәстүрінің ұлттық сөз өнеріндегі сабақтастық сырларына, білім-ғылым ісіндегі мақсат-мұраттарға, зерттеу мен зерделеудің бағыт-бағдарларына, кеше-бүгін байланысына назар аударылады. Әсіресе, көркем туындылардағы тарихи дәуірлер, танымал тұлғалар тағылымы қазіргі кезеңмен сабақтастықта сөз етіледі. Оның өзі көбінде М.Жұмабаевтың «Батыр Баян», «Түркістан», С.Сейфуллиннің «Көкшетау», І.Жансүгіровтың «Күй», «Күйші», И.Байзақовтың «Құралай сұлу», М.Әуезовтің «Абай жолы», І.Есенберлиннің «Алтын орда», «Көшпенділер», Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», «Жаушы», Ж.Тұрлыбаевтың «Райымбек», т.б. тарихи туындыларды танып-талдау, авторлық ұстаным мен материалдарды жинақтау, көркемдік таным мен шеберлік сырларын ашу, тіл мен стиль төңірегінде кең түрде сөз етіледі. Еске түсірсек, «Поэзия парасаты» (2006) ұлттық әдебиеттегі өлең сөздің үлгілерін, оның ішінде ақындық өнер өлкесін, поэма мен сюжет сырларын ашуға арналған. Асқақ та дара дарын – М.Мақатаевтың өмірдегі өнегесін, өлеңдегі өрнекті өрісін танып-таразылауға да кең орын беріледі. Алғашқы бөлімдегі «Поэма мен сюжет» жанр табиғаты мен тағылымын, даму бағыттары мен жолдарын, өзіндік өзгешеліктерін Абай дәстүрімен, алыс-жақын елдер тәжірибесімен байланыстырады. Айталық, Абайдың «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» поэмаларының сюжеттік желісіне, ақын перзенттері – Мағауия мен Ақылбайдың «Дағыстан», «Зұлыс», «Медғат-Қасым» туындыларындағы гуманистік-романтикалық қырларына, С.Сейфуллиннің «Көкшетау», І.Жансүгіровтың «Күйші», «Құлагер», С.Мұқановтың «Сұлушаш», И.Байзақовтың «Құралай сұлу» сынды сюжеттік шығармалардың тақырыптық ерекшелігіне, құрылымдық жүйесіне, адам характерін ашу мен көркемдік қырларына көп көңіл бөлінеді. Сондай-ақ С.Бегалиннің шығармашылық мұрасы мен ондағы «Қыран кегі», «Қарқаралы», «Айдос», «Бибі ханым», «Баян жүрек», «Алтай аңызы», «Абақ арманы» атты ­поэмалар халық өмірімен, өткен тарихтың тағылымды тұстары арқылы кең өріс алса, Ә.Тәжібаевтың «Ағалар», «Ақын», «Құрдастар», «Майра» сынды туындылары тақырыптық мәні мен жанрлық жағынан, көркемдік мұраттар тұрғысынан байыпты баяндалып, терең талданады. Кітаптың екінші бөлімін құраған «Мұқағали өрнегі» поэзия әлемін, өмір мен өлең өлкесін, азаматтық әуен мен адамдық істің парыз-қарызын жан-жақты ашады. Мұқағалидың өмірдегі өрнектері мен өнердегі өрістері – «Аққулар ұйықтағанда», «Ильич», «Мавр», «Чили – шуағым менің», поэмалары мен «Махамбеттер, Абайлар-ай», «Дариға домбырамды берші маған», «Есенин – Маяковский», «Қасым солай болмаса», «Қара өлең», «Қайдан білсін» сынды өлең-жырлары жанрлық-тақырыптық тұрғыдан, көркемдік-эстетикалық қуаты жағынан, мәдени-рухани әсері мен танымдық-тағылымдық тұстары сияқты қырлары арқылы жан-жақты ашылады. Ұстаз-ғалым Қ.Алпысбаевтың «Ой орамдары» атты кітабы (2006) әр жылдары баспасөзде, түрлі жинақтарда жарияланған мақалалар мен зерттеулерден тұрады. Кітап құрылымы тұрғысынан ұлттық сөз өнерінің алуан арналарын, даму бағыттары мен кезеңдерін, елбасылар мен қолбасыларды, батырлар мен би-шешендерді, ­жыраулар мен жыршыларды, көрнекті тұлғалардың өмірі мен шығармашылық мұраларын, өмір мен еңбек сипаттарын, өнер мен өнерпаз өнегесін, ән мен әнші әлемін, күй мен күйші келбетін, сын мен сыншы сырларын, уақыт пен кеңістік қатынасын, тарих пен танымды, білім мен ғылым жүйесін, тәлім-тәрбие ісін, т.с.с. кең көлемде қамтиды. Сондай-ақ көне кезең куәлары, ежелгі әдебиет мәселелері, Әл-Фарабиден – Абай әлеміне дейінгі кезең кестелері, фольклорлық мұра – мирастар, батырлық-эпостық жырлар, қисса-дастандар, «Абай жолы» эпопеясы мен «Манас» эпосы, т.с.с жеке мақала түрінде де беріледі. Тиісті тұстарда зерттеу мен зерделеулерге де арқау етіледі. Жалпылама айтылатын, баяндау-шолу сипатында берілетін сәттер де кездеседі. Олар, көбінде тану-талдау тұстарынан байқалады. Бастысы, тақырып мәні, сыры айқындалады. Асылы, «Ой орамдары» атты еңбектің бірнеше ерекшелігі, ортақ тұстары бар деп білеміз... Айталық, «Ұлылар ұлағаты» тарауында халық мұрасына, М.Әуезов, С.Сейфуллин еңбектеріндегі өнер мен өнерпаз әлеміне кең орын беріледі. Сол арқылы ұлттық мәдениет пен өнердің арғы-бергі тарихына, танымал тұлғалардың (Әміре, Иса, Қалыбек, Серке, Елубай, Күләш, Қанабек, Құрманбек, т.б.) өмір мен өнердегі орын-үлесіне назар аударылады. Шығармашылық еңбекке, шеберлік пен шешендікке ден қойылады. Қазақ мәдениеті, тарихы мен тәжірибесі кең орын алады. Ал «Өнеге мектебі» – қазақ әдебиеті тарихындағы А.Байтұрсынов, Б.Кенжебаев, Р.Бердібаев, Р.Нұрғали, т.б. еңбек-мұралары мен өзіндік қолтаңбаларын айқындауға арналса, «Талғам таразысы» – халық әдебиетінің үздік үлгілерін, Абай әлемі мен «Манас» эпосының қыр-сырларын, әдеби талдау мен ғылыми-шығармашылық ерекшеліктерін тарихи туындылар тағылымын, сын мен сыншы сипаттарын саралауға бағытталған. Ақиқатын айту керек, Қ.Алпысбаевтың ізденіс, еңбектері арасында ән мен әнші әлеміне, өнер мен өнерпаз бейнесіне жан-жақты көңіл бөлінеді. Өзі де өнерпаз, жеке дауыста көтеріңкі көңілмен шарықтата шалқытып, шырқай салған әндері қалың көпшіліктің назарын аудартқандықтан, өнер тақырыбын кеңінен қозғайды. Автор ән әлеміндегі дара дарын иелері – Н.Тілендиев, Д.Рақышев және Ж.Кәрменовтың өнердегі ­орнын, орындаушылық қырларын, қайталанбас бейне, белгілерін қарапайым да шынайы, шебер де шешендікпен сөз етеді. Демек, «Ой орамдары» өмір мен өнердің өрнекті үлгілерін көркемдік қабылдау мен қорытулар, зерттеу мен зерделеу, талдау мен саралаулар арқылы байыпты баяндайтын елеулі еңбектер қатарына жатады. Қорыта келгенде, әдебиетші-ғалым Құныпия Алпысбаевтың өрнекті өмірі мен үлгі-үрдістерге толы өнегесінен, қарапайым болмыс пен ақырын жүріп, баяу сөйлеген сазды-сәнді сипаттарынан адамдық мұрат пен ізгілік иірімдері, ұстаздық ұлағат пен ғылымдағы ғибраттық қырлары кеңінен көрініс береді. Осы тұста, адам мұратының басым бағыттарынан – елге қызмет ету ісін алабөтен айтар болсақ, профессор Қ.Алпысбаевтың қос қанатты қырынан, яғни ұстаздық һәм ғалымдық сипаттарынан адалдық пен табандылық танылып тұрады. Өрнекті өріс сипаттары терең танылады.

Рақымжан ТҰРЫСБЕК, филология ғылымының докторы, профессор

1139 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы