• Білім және ғылым
  • 08 Тамыз, 2019

Бабадан жеткен емшілік мұра

Алматы қаласындағы №4 кітапханада Нұр-Сұлтандағы «Шипалы» емдеу орталығының бас дәрігері, денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина ғылымының кандидаты Қайрат Айдарханұлының үш томдық кітабының тұсаукесері болды. «Қазақ емшілігі энциклопедиясы», «Қазақ емшілігі: төрт түлік мал өнімдері», «Қазақ емшілігі: аң-құс, жәндіктердің емдік қасиеті» атты кітаптар – Қайрат Айдарханұлының ұзақ жылғы еңбектері мен зерттеулерінің нәтижесі. Онда қазақ емшілігінде ұдайы қолданылатын дәрілік заттар, табиғи емдеу жолдары топтастырылған. Белгілі ақын-жазушылар, БАҚ өкіл­дері мен қалалық кітапханалар меңгерушілері қатысқан шараны­ Қазақстан Жазушылар одағының және Еуразия Жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлы тізгіндеді. Ғалым, ­медицина ғылымының докторы, академик­ Мақсұт Темірбаев, жазушы-этнограф, ғалым Баяхмет Жұмабай, кітапхана меңгерушісі Сағын Иманбаева салтанатты түрде үштомдықтың лентасын кесті. «Бұл еңбектер – қалың қазаққа ­керек кітаптар. Шыны керек, біз көптеген өсімдіктердің, аң-құс, жәндіктердің, төрт түлік малдың емдік қасиеттерін біле бермейміз. Қайрат Айдарханұлы осының бәрін жеке-жеке талдап, түсіндіріп жазған» деді М.Темірбаев. Ал Б.Жұмабайдың айтуынша, кітап барлық оқырманның пайдасына жарайды. «Қазақ медицинасына қатысты осы кітаптарды парақтап қараған әр адам одан өзіне пайдалы ақпарат алады. Мысалы, етті қалай жеу керек, қай шөпті қалай қолдану керек дегеннің бәрі бар. Тек оқы да, пайдалан. Осындай ұлтымыздың құнды дүниесін бүгінге жеткізіп отырған Қайрат бауырымның еңбегіне тәнтімін, рақмет айтамын» деді ол. Өзге қонақтар да ­авторды құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Әсел САРҚЫТ

714 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы