• Білім және ғылым
  • 15 Тамыз, 2019

Бүлдіршіндер қуанышы

Есімі елге белгілі азаматтардың игілікті іске ұмтылуы – көпшіліктің олжасы. Халыққа арналған қандай жұмыстың да жемісін жергілікті тұрғындар көретіні белгілі. Осындай еліне жанашыр азаматтың бірі – қазақ күресінен әлем чемпионы, үш дүркін «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев. Бекең жақында ­облыс орталығынан 200 орындық бөбекжай бақшасын ашып, үлкен іске бастамашы болды.

«Жақсыны көрмекке» деп ­«Қа­зақстан барысы» салып берген ­«Барыс» бөбекжай бақшасына біз де бардық. Екі қабатты еңселі ғимарат әсемдігімен алыстан көз тартады. Сәл бейнелеп күншілік жерден көрінеді десек те, артық болмас. Ауласының өзі атшаптырым. Кәдімгі мемлекеттік балабақшадан ешқандай кемдігі жоқ. Аталған бөбекжай бақшасының меңгерушісі, ҚР Білім беру ісінің үздігі Айша Ниязбекова мұнда 1 жастағы бөбектер тобынан бастап, 6 жастағы мектепалды даярлық тобына дейін қабылданатынын айтты. Әзірге 50-ге жуық бала 4 топ бойынша қабылданып, жұмыс басталып кетіпті. Негізі, ғимарат 200 орынға арналған, осынша балаға барлық жағдай жасауға мүмкіндіктері бар. 8 топ болады, осында 35 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде бұл мекемеде 15-ке жуық адам еңбек етеді, бірқатар мамандар қосымша тізімде тұр. Жаңа топ ашылса, солар жұмысқа қабылданатын болады. Бөбекжай меңгерушісімен бірге ғимаратты аралап көрдік. Топтардың аты да ерекше, қазақы. «Еркетай», «Жұлдыз», «Айгөлек» деп аталыпты. Балабақшадағы Нұрқанат, Ерқанат, Ерсұлтан Мадияр­лар – бір үйдің балалары.­ Бір үйден бірнеше бала бергендерге де жеңілдік бар. «Былтыр Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжін тәрбиеші мамандығы бойынша бітірген едім. Бір жыл мамандығым бойынша орын табылмай, басқа жұмыстарда жүрдім. Бұл бөбекжай бақшасының ашылуының нәтижесінде жұмыс тауып отырмын. Балалармен жұмыс жүргізу көңілді» дейді тәрбиеші Нұргүл Шекербек. Ал Мейірбике Жанар Әбдіхалықова осында облыстық ауруханадағы жұмы­сынан ауысыпты. Ол жалақыдан сәл айырмашылық болғанымен, бұл жақта бірыңғай, жүйелі жұмыс екенін айтады. Бөбекжайдың асхана, мәжіліс залы, үйірме залдары да көз тартады. Кең, заман талабына сай. Төсек орын, ыдыс аяқ, қажеттіліктің бәрі жеткілікті. Мұнда тәулігіне 5 мезгіл тамақ беріледі. Күніне әр балаға жұмсалатын тамақтың шығыны 10 мың теңге көлемінде. — Бұл бөбекжай бақшасын барлық талапқа сай ашып отырмыз. Құрылтайшы Бейбіт Ыстыбаев та істің сапалы болуына мән берді. Ағылшын тілі, хореография (би), күрес, таэквондо, гимнас­тика үйірмелерін ашу жоспарда бар. Өмірге бейімдеу сабағын да өткіземіз. Жоғары топтарға 15 минуттық сабақтар жүреді. Алдағы уақытта балабақша ­ауласына түрлі тал, гүл егіп, абаттандырамыз. Бізге келетін балаларға барлық жағдайды ­жасап отырмыз, –дейді аталған мекеменің меңгерушісі Айша Бердешқызы. «Барыс» бөбекжай бақша­сы­ның ресми ашылуына Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қатысып, лентасын қиыпты. Көпшілікке белгілі сахна­ актері, «Алдараспан» театрының директоры Нұржан Төлендиев, қазақ эстрадасының жұлдызы Еркін Нұржанов келіп өнер көрсеткен. Алдағы уақытта 200 баланы қабылдап, оларға жоғары деңгейде қызмет етуге «Барыс» бөбекжай бақшасының мүмкіндігі мол.

Есет ДОСАЛЫ Тараз

770 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы