• Тұлға
  • 15 Тамыз, 2019

Талғат Нұрғожин, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры: БІЛІММЕН БІРГЕ МЕЙІРІМ ДЕ ҚАЖЕТ

– Дәрігер – адам өміріне жауап­ беретін маман. Сұхбатымызды осы ­мамандарды даярлау жүйесінен бастасақ. Ол қаншалықты жолға қойылған? Университеттің негізгі ұстанымы қандай? – Әр университеттің алдына қойған негізгі мақсаттары бар. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ұстанымдары еліміздегі денсаулық сақтау саласына қатысты ­реформалармен, бағдарламалармен үндес. Ол – білімі мен білігі келіскен ­маман даярлау. Сондай-ақ білімгерлердің кәсіби шеберлігінен бөлек, рухани бай, адамгершілігі мол, мейірімді болып қалыптасуын да назардан тыс қалдырмаймыз. Себебі дәрігер болуды қалаған адамның жүрегі мейірім мен сүйіспеншілікке толы болуы тиіс. Ондай қасиеттерден қалыс адам қанша жерден білімді болса да, қоғамға пайда әкеле алмайды. Сол себепті де университет студенттерінің негізгі бейнесін жасап шығардық. Ол он түрлі сипаттан тұрады. Біздің студент алдына мақсат қоя білетін, адамгершілігі мол, зиялы, кәсіби тұрғыда шебер, ақпараттық технологияларды меңгерген, бәсекеге қабілетті, салауатты өмір салтын ұстанатын, кәсіпкерлікке икемі бар және адал ғалым болып шығады. Неге ғалым? Себебі ол аурулардың қалай пайда болатынын, оның механизмін толық түсініп, ғылыми тұрғыда тексеріп қарап, науқасқа түсіндіріп бере алуы керек. Дәрігерге кәсіпкерлік бейіннің қажеті қанша деуіңіз мүмкін. Ол денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражатты дұрыс басқарып, оған жауапкершілікпен қарауы үшін керек. Қазір елдердің мәдени шекарасы ашылып, жаһандану басталғалы бері маман даярлау ісіне қойылатын талаптар да күшейді. Жалпы тарихта екі үлкен мәдениет көші болды. Біріншісі – Еділ батырдың (Аттила) Батыс Еуропаны жаулап, Римге дейін баруы. Екіншісі – Шыңғыс ханның жорығы. Соның салдарынан Еуропаның мәдениеті бізге келді, біздікі Еуропаға барды. Содан бері де дүниежүзілік бірлестіктердің, адамдардың көшіп-қонуы, білім алуының арқасында мәдени ғана емес, кәсіби тәжірибе алмасу процесі жүріп жатыр. Үш мыңға жуық қазақстандық студент шетелде білім алып жатыр екен. Ол жақтан бізге келетіндері қаншама. Қазір біздің университетте 20 шақты ұстаз шетелден келіп жұмыс істеп ­жатыр. Бұның өзі бәсекені арттырады. Ұстаздарымыздың үнемі өзін жетілдіріп отыруына әсер етеді. Ал студенттердің бәсекеге қабілетті болып, жан-жақты дамуы үшін көптеген университеттермен тығыз байланыс орнатып жатырмыз. Олардың ішінде Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы, Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚБТУ бар. ­Мысалы, ҚБТУ-мен бірігіп екі мамандық бойынша ­магистратура аштық. ҚБТУ-да ІТ технология, бізде биология бар. Сол екі мамандық қосылып, биоинформатика деген мамандық пайда болды. Ол – биологиялық деректерді сақтау, жинау, ұйымдастыру және талдау үшін әдістерді дамытып, кемелдендіретін пәнаралық сала. Негізгі тақырыбы – генетикалық тiзбектердi талдап, мәлiметтерін өңдеу. Бұл мамандықты бір университет оқыта алмайды. Әлем біртіндеп осыған келе жатыр. Болашақта білімгер бір университетке байланбай, бірнеше оқу орнынан қатар тәлім алатын күн туады. Мысалы, бір-екі пәнді біздің университеттен, тағы екі пәнді ҚБТУ-дан, тағы үшеуін ҚазҰПУ-дан аласыз. Сөйтіп, бағдарламаны толықтай алып, соңында бір диплом алып шығасыз. Студентті адал қылып тәрбиелеу мақсатында академиялық саясат құрдық. Онда білімгердің университетте өзін-өзі алып жүруі туралы негіздеме жазылған. Академиялық тазалық лигасының мүшесіміз. Әр келген адам сол құжатқа қол қояды. Ол не? Біріншіден, студентті ештеңе ұрламауға тәрбиелейді. Плагиат жасамауға шақырады. Қулық жасамай, емтиханды адал тапсыруға итермелейді. Бүкіл ғылыми немесе басқа да жұмыстардың барлығы антиплагиаттан өтеді. Бұл тек студенттерге ғана емес, мамандарға да қойылатын талап. Биыл менен, ректордан бастап, соңғы бес жылда жазған ғылыми жұмыстарымызды плагиатқа тексертіп жатырмыз. Жұмыстарынан ұрлық табылған маман орнын босатуға тиіс. Себебі ол өзі ұрласа, балаға қалай тәлім береді?! Осының бәрін ескере келе, 2017 жылы университетімізге ребрендинг жасадық. Логотипін жаңарттық. Түлектермен байланысымызды қолға алдық. Университет іргетасы қаланғанына биыл 89 жыл болыпты. Осы уақыттың ішінде түлектеріміздің екеуі – Кеңес Одағының Батыры, алтауы – Социалистік Еңбек Ері, екеуі – Олимпиада чемпионы, екеуі – генерал, он төрті – Парламент депутаты, сегізі министр болған екен. Одан басқа облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарып отырғандар, ­департамент басшылары бар. – Еліміздегі кей жоғары оқу орындарында теория басым болғанымен, тәжірибе жетіспей жатады. Ал сіз басқарып отырған университетте теория мен тәжірибе қаншалықты ұштастырылған? – Бізде әр сабақта теориямен бірге тәжірибе, ғылыми жоба қатар жүреді. Одан бөлек, интернатура мен резидентурада оқитындар алты айға, бір жылға облыстарға, аудандарға барып, сол жақтағы ауруханалардан тәжірибелік сабақтан өтеді. Төменгі курстағылар хосписке, моргке, патологиялық-анатомиялық тексеру орталықтарына да барады. Болашақ маман оны көріп, бойын үйретуі керек. Одан қорыққан адам маман бола алмайды. Осылардың барлығы негізгі тәжірибе жүзінде өтеді. Сосын әр курстың соңында жазғы тәжірибе бар. Ол бір айға созылады. Онда мейірбикелік көмек көрсету бейінін арттырады. Қаладағы жүзден астам клиникада кафедраларымыз орналасқан. Олар біздің дәріс беретін орталықтар болып саналады. Сондықтан теориядан тәжірибеміз қалыс қалып жатыр деп айта алмаймын. – Дәрігерлердің тапшылығы әлі де сезіліп келеді. Әсіресе, шалғайдағы ауылдық елді мекендерде білікті маман жетіспейді. Бұл тапшылықты қалай шешуге болады? Бұл жастардың осы мамандықты аз таңдауынан ба? Әлде ауылдық жерлерге жұмысқа барудан жалтаруынан ба? – Дәрігерлікке қызығып келетін балалар аз дей алмаймын. Біз ұлттық университет болғандықтан, үнемі квота бекітеміз. Ал квотаны алып тастаса, талапкерлер саны межеден асып жығылады. Мысалы, 2017 жылы бізден квотаны алып тастап, 1200 студент оқуға түсті. Бірақ мұнша студент оқытуға университеттің материалдық-техникалық базасы мүмкіндік бермейді. Кітапхана қоры, аудиториялар, технологиялар да сай болуы керек. Сондықтан біз барлық факультетке квота бойынша 500 білімгер аламыз. Көбінесе, Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте жоғары балл жинаған балалар түседі. Мысалы, ­былтыр жалпы медицинаға жалпы конкурс бойынша 131 балл, ауыл квотасы бойынша 128 балл жинаған балалар қабылданды. Ал биыл жалпы конкурс­тан – 132, ауыл балаларынан 130 балл жинағандар түсті. Стоматология сияқты факультеттерге тіпті 138, 139 баллмен құжат тапсыратындар бар. Бұл нені білдіреді? Студенттердің дәрігер болуға деген қызығушылығы жоғары. Алыс аймақтардағы дәрігер тап­шылығын шешу мәселесіне келетін болсақ, биыл Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен 541 түлегімізді түрлі облыстарға жібердік. Оның ішінде Алматы облысына – 230 адам, Атырау облысына – 28, Түркістан облысы мен Шымкент қаласына – 45, Жамбыл облысына – 44, Батыс Қазақстанға – 13, Қызылорда мен Маңғыстауға да солай, Солтүстік ­Қа­зақстан облысына 11 адам аттанды. Соның ішінде 450-ден астамы ауылдық жерлерге дәрігер болып орналасты. – Бұл түлектердің өз таңдауы ма? Әлде ауыл квотасымен оқығандықтан, міндеттелгені ме? – Мұның ішінде ауыл квотасымен оқығандар да, квотасыз оқығандар да бар. Жақында, осыдан үш жыл бұрын, университетімізді бітірген түлектеріміз резидентураға тапсыруға келіпті. Үш жыл Еңбекшіқазақ ауданындағы бір ауылда жұмыс істеген. Енді білімін ары қарай ұштамақшы. Бұның өзі, менің ойымша, қоғамға деген жәрдем. Өйткені кезінде қоғам оларға жәрдем көрсетті ғой. Себебі мемлекеттік грант – қоғамның ақшасы, жұрттың салық ретінде төлеген қаражаты. Демек, қоғамнан қарызға ақша алған екенсіз, қайтаруға міндеттісіз. Болашақ мамандар мұны түсінуі керек. Тек дәрігерлер ғана емес, педагогика, аграрлық сала мамандары да ауылға барып, көрген-білгенімен бөлісіп, еңбек етуі керек. Қазір көптеген жас ауылдық жерге барып қызмет етуден қашады. Бірден қаладағы үлкен мекемедегі үлкен бір қызметті алғысы келеді. Олай болмайды. «Тегін ірімшік тек қақпанда болады». Қызмет жолында төменнен бастап көтерілген адамның ғана жұмысы берекелі, абыройы­ асқақ болмақ. Мен өзім де қызмет жолымды ауылдан ­бастадым. Елімізде айтулы профессор, Қазақстанда ең бірінші докторлық қорғаған балалар анестезиологы Төлеген Алтайұлы Жұмабеков деген кісі бар. Білікті де білімді маман. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Қазір 82 жаста болса да, сенбі, жексенбіге қарамастан, ауруханаға шақырған уақытта бара береді. Көмек қолын аямайды. Бұл кісі де еңбек жолын ауылдан бастаған. – Интернатура мен резидентураға оқуға тапсыратын түлектердің қай салаға маманданғаны жөн? Қазіргі кезде қай саладағы дәрігерлерге деген сұраныс жоғары? Жалпы оған тапсыру үшін қандай талаптарға сай болу керек? – Осы тұста менің көңілімді түсіретін бір нәрсе бар. Біздің оқу жүйесіне ­байланысты бес курсты бітірген ­студент диплом алады. Бірақ ол дипломмен ешқайда жұмыс істей алмайды. Биология пәнінің мұғалімі болып та қызмет ете алмайды. Дипломын алған соң, барлығы интернатураға кетуі керек. Ол екі жыл. Оны оқымаса, толық мамандық ала алмайды. Интернатураны бітіргеннен кейін ғана жұмыс істей алады. Сосын резидентураға баруына болады. Осының бәрін ескере келе, біз алты жылдық кіріктірілген медициналық білім жүйесін қолға алдық. Қазір интернатураға түсу үшін студенттің дипломының орташа балы 3,67 болмаса, түсу мүмкін емес. Ал оның ең жоғары көрсеткіші – 4 балл. Сондықтан көптеген балалар бізде оқып бітірсе де, орташа балы төмен болғандықтан, басқа университеттерге кетеді. Ал біздегі интернатураны бітіргендер емтихан тапсырады. Оны еліміздегі Ұлттық тәуелсіз емтихан­ орталығы алады. Бұл университет ­базасында берілетін білімнің деңгейін, сапасын анықтауға көмектеседі. Ол екі кезеңнен тұрады: бірінші кезеңі – тест сұрақтары болса, екіншісі – симуляциялық орталықта науқастың негізгі картинасымен аурудың диагнозын анықтау арқылы тапсырады. Бұл тестілеу резидентурада да бар. – Ал резидентураға тапсыру үшін міндетті еңбек өтілі болуы керек пе? – Резидентураға тапсыру үшін заң жүзінде ондай талап жоқ. Бірақ биыл біз дайын мамандарды жан-жаққа бөлген кезде, қай мамандықтың жетіспейтінін, қайсысының артық екенін көрдік. ­Тапшы мамандықтардың ішінде: жанұялық дәрігер, психиатрия, пульмонология, анестезиология, реанимотология, соның ішінде балалар анес­тезиологы, педиатрия, неонатология, неврология, терапия, реабилитация, клиникалық фармакология бар. Үкімет осы он бес шақты мамандықты белгілеп, осыған ғана грант бөлді. Ал қалған профицит мамандықтарды оқығысы келген интерндердің ақылы оқуына мүмкіндік бар. – Жаңа сөз арасында алты жылдық кіріктірілген медициналық білім беру ­туралы айтып қалдыңыз. Ол қалай? – Ол Еуропа елдерінде, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдердегі негізгі стандарт. Біздің университет әлемдегі 116 оқу орнымен байланыс орнатқан. Олардан бізге Академиялық ұтқырлық бағдарламасымен студент алмасу туралы ұсыныс келеді. Бұл жақсы тәжірибе. Бәсекеге қабілетті маман даярлауға үлкен көмегін тигізеді. Бірақ бұл жерде бір гәп бар. Біздің білім беру стандарты Еуропаның немесе басқа елдердің стандартына сәйкес келмейді. Оқу бағдарламалары алшақ болғандықтан, шетелде оқып келген балалар мұндағы жабылмаған оқу кредиттерін жазда жабуға тиіс. Бұл білімгерге артық ауыртпалық. Сондықтан біз еуропалық негізгі стандартқа көшіп жатырмыз. Сонда біздің негізгі оқу жоспарымыз олармен бірдей болады. Сосын студент алты жылды оқып біткеннен кейін, ары қарай резидентураға оқуға түсе алады. Ал резидентура негізі оқу емес, тәжірибе. Білімгер жұмыс істей жүріп, оқуы керек. Мысалы, шетелдерде ­резидент дәрігер деген түсінік бар. Оның құқықтық жауапкершілігі бар. Біздің резиденттердің ешқандай құқықтық жауапкершілігі жоқ. Ал олар жұмыс істесе, тапшы мамандықтар да азаяр еді. – Түсінікті. Білуімізше, университетте студенттер үкіметі құрылған екен. Оның негізгі қызметі қандай? – Дұрыс айтасыз, университетімізде студенттік үкімет бар. Оның басшысы, әр факультетте деканы, орынбасар­лары қызмет етеді. Олардың бәрі студенттердің өз арасынан сайланған. Биыл олардың екі үлкен жобасы басталғалы отыр. Біріншісі – «Болашақ дәрігер». Оның мақсаты – мектеп оқушыларының дәрігер болуға деген қызығушылығын арттыру, мамандығын дұрыс таңдауына септігін тизігу, қиыншылығымен бөлісу. Ол профессор С.Асфендияровтың 130 жылдығына байланысты қолға алынды. Студенттер қаладағы мектептерді аралап,­ оқушылармен кездеседі, университет, оқу жүйесі туралы ақпарат береді. Түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Екінші жобасы – «Парасат мектебі». Ол жемқорлықпен күресу мақсатында қолға алынып жатыр. Мақсаты – парақорлықтың, ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүрудің дұрыс емес екенін студентке түсіндіру. Кез ­келген мәселені университетте ақшасыз шешу керек, ақшасыз шеше де аласыз. Мұны неге студенттік үкімет қолға алды? Себебі студенттер парақорлықпен кездессе, оны бізге айтуға жасқануы мүмкін. Студенттік үкімет қатарындағы өзі қатарлы балаға айта алады. Ал олар бізге жеткізеді. Солайша, біз білімгерлеріміздің барлық мәселелерін дер кезінде шешіп беруге тырысамыз. Университет қабырғасында одан басқа да зияткерлік клуб, пікірталас клубы,­ «Демеу» студенттер кәсіподағы, «Мейірімді жүрек» сынды түрлі ұйымдар қызмет етеді. Бұл білімгерлердің кәсіби біліктілігімен бірге, қоғамға пайдалы, жан-жақты азамат болып қалыптасуына септігін тигізеді. – Дәрігерлердің этика нормаларын сақтамайтыны жөнінде шағымданып ­жататындар бар. Науқасқа дөрекі сөйлеу, немқұрайды қарау, бір-біріне сілтеп жіберетіні туралы. Осыған қатысты сізден сұрайық, жоғары оқу орнында студенттерге науқаспен қалай қарым-қатынас жасау керектігі үйретіле ме? Оған арнайы пән қарастырылған ба? – Әрине, студенттерге науқаспен қарым-қатынас ережелерін оқытатын пән бірінші курстан бастап өткізіледі. Дегенмен, бұл жерде сыртқы факторлардың да бар екенін естен шығармау керек. Мысалы, мен әскери дәрігер болып қызмет етіп жүргенде бір күнде 300 адам қабылдауға келетін. Олардың шұғыл көмекке зәрулерін бір бөлек, терапия қажет ететіндерін бір бөлек бөліп, қабылдауымыз керек. Мұның бәрі шыдамды қажет етеді. Осындайда науқастар да түсіністікпен қараса екен. Жуырда Ақтауда сондай бір жағдай болды. Дәрігер кабинетінде науқас қабылдап отырған. Бір кезде есіктен анасы мен баласы кіріп, айқай шығарады. Кейін анықталғанындай, олар кезек күтуге шыдамаған. Бұлай болмайды. Дәрігер де ерігіп отырған жоқ. Қызметін атқарып отыр. Оның үстіне, ол да пенде. Түртпектей берсе, оның да шыдамы таусылады. Қазір адамдардың дәрігерге деген көзқарасы, қарым-қатынасы құнсызданып кеткен. Біз жас кезімізде дәрігер болып жүргенде ауылдың халқы жасымызға қарамастан қалай сыйлайтын еді! Ем-домын жасап берсең, алғысын айтып, риза болып қалатын. Ал қазіргі адамдар ашушаң. Қандай қызмет көрсетсең де, кемшілік іздеп тұрады. – Қорытынды сауал болсын, жаңа оқу жылына дайындықтарыңыз қалай? Қандай жоспарлар, міндеттер қойылып отыр? – Жаңа оқу жылына дайындығымыз өте жақсы. Биыл Елбасының, Президенттің тапсырмасына орай, клиникаларымызда қызмет ететін дәрігерлердің айлығын көтергенбіз. Енді оқытушыларымыз бен профессорларымыздың да жалақысын 60 пайызға көтермекпіз. Одан бөлек, бағана айттым, магистратурада жаңадан мамандық ашылды. Сондай-ақ былтыр қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы бойынша Нью-Йорк университетімен қосдипломдық оқыту келісім-шартына қол қойғанбыз. Енді соған шәкірт ­жинап жатырмыз. Олар оқудың үш ­жылын бізде, бір жылын сол жақта оқиды. Бітіргенде екі диплом ала алады. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Әсел САРҚЫТ

1461 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы