• Мәдениет
  • 21 Тамыз, 2019

«Арманым – Олимпиада чемпионын көру»

Сырт қарағанда, кітапханаға бас сұғып көрмеген адам оның іші толған кітап, мамандар ертелі-кеш уақытын тек кітап оқумен өткізеді деп ойлап қалуы мүмкін. Алайда бір апта уақытын кітапхана ішінде өткізген адам қайнаған еңбектің үстінен түсері даусыз. Мен зағип азаматтарға арналаған республикалық кітапхананы айтып отырмын. Тамыз айының үшінші аптасы Спортшылар күні қарсаңында зағип жандардың республикалық кітапхана оқырмандары қонаққа Жақсылық Үшкемпіров келетінінен хабардар болып, кездесу кештері өтетін орын – оқырмандар залы алдын ала лық толды. Көрермендер мен тыңдармандар, яғни кітапхана оқырмандарының басым көпшілігі – зағип жандар. Жақсылық аға, қасында ек-үш серігі бар, залға өткенде оқырмандардың жүрегі лүпілдеп, қонақтарды ду қол шапалақпен қарсы алды.

Жақсылықтың қасындағы серіктері – еркін күрестен спорт шебері, еркін күрестен қыздар құрамасының бас бапкері, халықаралық дәрежедегі төреші Еркін Қосақынов, Елбасы сыныптас­тары ұйымының жетекшісі Бақытжан ­Серкековтер еді. Өнер және спорт бөлімінің кітап­ханашысы Назым Момбекова кештің тізгінін қолына алды. – КСРО халықтарының жазғы спартакиадасының чемпионы, екі дүркін КСРО чемпионы, алты рет КСРО біріншілігінің жүлдегері, Бүкілодақтық ауыл спортшыларының тоғыз дүркін чемпионы, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, Мәскеу Олимпиадасының алтын жүлдегері, әлем чемпионы, әлем кубогының иегері, 37 дүркін түрлі турнирлердің жеңімпазы болған Жақсылық аға, біздің кітапханамызға қош келдіңіз! – деді жүргізуші. Шапалаққа алақан аямаған зағип оқырмандардың қуанышында шек жоқ. Себебі оларға Жақсылық Үшкемпіровпен оқырмандар залында бірге болып, дауысын естіп, емен-жарқын сұхбаттасудың сәті түсті. Жүргізушінің алғашқы сұрағы Олимпиада чемпиондығына қол жеткізгенге дейінгі белестерді бағындыру барысында болды. Жақаң өткен өміріне ой жіберді. – Кеңес кезіндегі 15 одақтас респуб­лика қазір әрқайсысы өз алдына бір-бір мемлекет. Сол он беске Мәскеу мен Ленинград облыстарын қосыңыз. Осылардың ішінен топ жарып, КСРО құрамасына өту қиынның-қиыны еді. Оның үстіне орыс ұлты бізді, өзге республикалар спортшыларын, шетқақпайлап тұратын. Орыс ұлтынан балуан шықпай қалса ғана бізді амалдың жоқтығынан құрамаға алатын. Сол кезде менің салмағымда орыстың атақты балуандары­ Поддубный­ атындағы халықаралық турнир жеңімпазы, үш дүркін КСРО чемпионы, Еуропа чемпионы В.Аникин, Монреаль Олимпиадасының чемпионы А.Бозин, КСРО халықтары спартакиадасының чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері А.Шумаковтар бар еді. Бұл жігіттердің барлығының жауырынын әйгілі Румын балуаны Константин Александру жерге тигізді. Орыстар не істерін білмей қалды. Румын балуаны тек орыстарды ғана емес, әлемдегі алтын жүлдеден дәмелі көптеген балуандардың жамбасын жер иіскетті. 1979 жылы Александру Алматыда өткен Сұлтан Баймағанбетов атындағы турнирге келіп, менен жеңіліп қайтты. Осыдан кейін КСРО құрамасы басшылары шындап ойлана бастады. Олардың Мәскеу Олимпиадасына мені жіберудан басқа амалдары қалмады. – Боз кілемде бағыңыз жанып жүрген жылдардағы замандастарыңыз бен бапкерлеріңізді есіңізге түсіріңізші? – деді Амангелді Сәрсенбаев, дойбыдан спорт шеберлігіне кандидат, зағип оқырман. – Менің замандастарым аса мықты балуандар еді. Ол кезде атағы жер жарған бірнеше дүркін әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы А.Назаренко, Олимпиада және әлем чемпионы А.Быков, әлем чемпионы В.Бакуллин, әлем және Олимпиада чемпионы Ш.Серіковтер еді. Ал бапкерлердің ішінде ең озық тұлға Вадим Псарев нағыз еңбекқор адам еді. Кеш барысында зағип өнерпаздар күйшісі Мирас Қожахметов, әнші Айнұр Тайжанова, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдениет үйінің басшысы, режиссер Ғазизхан Әділханов чемпионға жүрекжарды тілектерін айтып, өнерлерін ортаға салды. Сөз тізгіні тағы да жүргізуші Назым Момбековаға тиді. – Жақсылық аға, сіз қазір белгілі кәсіпкерсіз. Кешегі спортшы – бүгінгі кәсіпкер. Айналысып жүрген кәсібіңіздің қыр-сыры туралы не дер едіңіз? – Мен өткен ғасырдың соңғы жылдарынан бастап, мал шаруашылығымен айналысамын. Жиырма жыл уақытым «Жақсылық» шаруа қожалығын аяғынан тұрғызуға кетті. Қазір, Құдайға шүкір, еткен еңбегіміз өз нәтижесін бере ­бастады. Менің шаруа қожалығым ­Алматы облысының Жамбыл, Балқаш аудандарында оналасқан. 35 мың гектар жер қожалыққа тиесілі. Жайлауымыз Үшқоңырда. Жылқы бағамыз. Қымыз өндіреміз. Ірі қараны етке өткіземіз. Қой басын көбейтіп жатырмыз. Тынбай істеген еңбектің игілігін ауыл халқы көре бастады. 100 орындық балабақша, 34 пәтер пайдалануға берілді. Үлкен спорт кешені салынды. Оған жалпы саны 5000 тұрғыны бар ауыл халқы ғана емес, көрші ауылдардан да балалар келіп тұрады. Жаттығушылар саны мыңға жетті. Кезінде колхоз-совхоз директорлары бізге, спортшыларға азық түлік беріп тұратын. Демеушіліктің осы түрін қазір мен өз қолыма алғам. Жарыстарға дем беріп отырамын. Еңбегім бағаланбай қалған жоқ. Елбасы өз қолымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Осы кезде оқырмандар арасынан төтесінен тағы бір сұрақ қойылды. – Жақа, өзбектер боксты көтерді. Бразилияда өткен Олимпиадада үш бірдей өзбек жігіті алтын алды. Олимпиа­дада алтын жүлде алғалы қырық жылдан астам уақыт өтіпті. Артыңыздан бір қара ермеді. Себебі неліктен деп ойлайсыз? Бұл бапкерлердің кінәсі ме? – Мен олай ойламаймын. Бапкерлер еңбек етіп жатыр. Қазір елімізде Олимпиадада чемпион болған адамға 250 мың доллар ақша береді. Оның сыртында жергілікті әкімдер мен кәсіпкерлер ­тарапынан коттедж, автокөліктер сыйға тартылады. Жарыстар ұйымдастырылып жатыр. Мемлекет тарапынан бұдан басқа қандай қолдау керек? Мен Олимпиаданы ұтқанда 5000 сом ақша берді. Ол ақша сол кездегі жигули автокөлігін сатып алуға жетпейтін еді. Бірақ бізде намыс болды. Менің ойымша, біздің қазіргі қазақ жігіттеріне тек намыс отын қамшылау жағы жетіспей жатқан шығар, бәлкім... Менің арманым – күрестен Олимпиада чемпионын көру. Жиынды Зағип азаматтарға арналған Республикалық кітапхана директоры Асхат Байұзақов қорытындылады. Ол Жақсылық Үшкемпіровтің қазақ халқының мерейін үстем еткен жастық жылдарына тоқтала келе, кәсіпкерлік жұмыстарына табыс тіледі. Жақсылық аға жетпістің ауылына ат шалдыруға дайындалып жатыр. Ақсақал, қария болды. Ол кісінің осынау ізгі арманының орындалуына оқырмандар тілектестік білдіріп тарасты.

Нұрлан ӘБДІБЕК, Кітапханаға қарасты «РБНСГ – ВЕСТИ» газетінің редакторы

1460 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы